ДНҚ талдауының таңғаларлық жаңалықтары мен жаңа жетістіктері адамзаттың эволюция тарихын қайта қарап, ата-бабаларымыз Еуропа мен Азияға тараған кезде кездескен жұмбақ «басқа адамдардың» жаңа бейнесін ұсынып жатыр.

Фото: МАРК ТИССЕН
Авторы: Брук Лармер Фото: Джастин Джин мен Марк Тиссен
Лаостың солтүстік-шығысындағы шалғай тауларда орналасқан Кобра үңгірі ішінде Эрик Суззонидің шамының жарығы құрғақ тастың үстімен жүгіріп, кенет ерекше бір нәрсеге түсті: шөгінді қабат пен тас арасынан ондаған сүйек пен тіс шығып жатыр екен. Ұзын бойлы, 50 жастағы спелеолог Суззони қасындағы серігі Себастьян Франжулді айқайлап шақырды. Екеуі Кобра үңгіріне аяқ басқан алғашқы француз зерттеушілері еді. Олар жиырма метрлік әктасты жартасқа өрмелеп, орман табанынан үңгірдің аузына жетті. Үңгірге кірген соң, көп ұзамай зерттеушілер көне тасқалдықтар қазынасына тап болды.

Фото: ДЖАСТИН ДЖИН
Суззони мен Франжул бұл үңгірді жақын маңдағы археологиялық орындарды қазып жатқан халықаралық палеоантропологтер тобы үшін зерттеп жүрген. Ғалымдар осы тауларда 15 жылдан астам уақыт бойы қазба жұмыстарын жүргізіп, адамзат эволюциясының ең терең құпияларының
ізін қуып келеді. Homo sapiens мұнда қашан келді? Бұл жерде олар басқа қандай адамдармен кездесті?
Келесі күні үңгірге зерттеу тобындағы геологтердің бірімен қайта оралғанда, Суззонидің міндеті үңгір қабырғасынан шөгінді үлгісін алу болды. Шапқымен ақырын ұрып жатқанда, адамдікіне қатты ұқсайтын үлкен қоңыр азу тіс шықты. Суззони тіске бір сәтке таңдана қарады да, көйлегінің қалтасына салды.
Базалық лагерьге оралған соң, ол зерттеу тобының жетекшісі, Копенгаген университетінің палеоантропологі Фабрис Деметер мен Бордо университетінің ежелгі тістер бойынша маманы Кламан Заноллимен сөйлесті. Суззони қолын қалтасына созып, шөгінділер арасынан тапқан бірнеше жануардың тісін алып шықты да, күлімдеп: «Сіздерге бір нәрсе әкелдім», – деді. Занолли еңкейіп, жақыннан қарады. «Тіс мүлдем тозбаған, жақсы сақталған, – деп еске алады ол. – Адамның тісі екенін бірден түсіндім». Бірақ бұл қандай адамдікі еді? Тістің үлкен әрі беті бедерлі болды, бұл оны заманауи Homo sapiens-тікі деуге келмейтінін көрсетті. Сырттай неандерталь тісіне ұқсағанымен, оның қалдықтары шығыс Азиядан әлі табылмаған еді. Ғалымдар бір-біріне таңдана қарады: сонда бұл жұмбақ тістің иесі кім болғаны?
Лаостағы азу тіс, Тибет үстіртіндегі жақсүйек, Сібірдегі шынашақ сүйегінің сынығы. Біздің эволюциялық тарихымыз тез дамып жатқан ғылымның, атап айтқанда, ежелгі генетика, ақуыздарды зерттеу және радиоактивті мерзімдеу саласындағы серпінді жаңалықтардың арқасында қазір қайта жазылып жатыр. Бұл жаңа деректер легі біздің шығу тегіміз туралы түсінігімізді түбегейлі өзгертіп қана қоймай, адамның мәні деген ұғымды қайта қарауға мәжбүрлеп отыр.
Біз, жер бетіндегі 8 млрд адам, бір ғана түрге жатамыз. Біз – Homo sapiens – Жердегі соңғы дерміз. Бертінге дейін қазіргі адамзат Африкадан қоныс аудару барысында эволюциялық дамудың салыстырмалы түрде түзу жолымен жүрген, бұл жол басқа түрлерден бөлек әрі олардан үстем деген пікір кең тараған болатын.
Эволюция туралы қазіргі жаңа түсініктер бұл қарапайым әрі біржақты эволюциялық көзқарасты жоққа шығарып, адамзаттың шығу тегінің әлдеқайда күрделі бейнесін ұсына бастады. Зерттеушілердің қазір білетіні шамамен 70–40 мың жыл бұрын, эволюциялық дамуымыздың шешуші кезеңінде, әлемде адамзат әртүрлілігі болған. Homo sapiens Еуропа мен Азияға таралған кезде, олар өзге адам түрлерімен кездескен, тіпті бірге ұрпақ қалдырған. 2010 жылы швед палеогенетигі Званте Паабо алғаш рет неандертальдардың геномын картаға түсіргенде, бұл араласу дәлелденді. Оның жұмысы Homo sapiens пен неандертальдардың ұрпақ қалдырғанын және сол генетикалық алмасудың терең әрі ұзақмерзімді салдары болғанын көрсетті. Бүгінде, неандертальдар жойылып кеткеннен кейін 40 мың жылдан астам уақыт өтсе де, қазіргі адамдардың көпшілігі олардың ДНҚ қалдықтарын тасымалдап жүр. Бірақ біздің планетамызды тағы кімдер мекендеді? Біз олармен қалай қарым-қатынас орнаттық және бұл өз эволюциямыз бен олардың жойы-
луына қалай әсер етті?
Ең маңызды дәлелдердің бірі Ресейдің Қазақстанмен шекарасына жақын Сібірдегі үңгірден табылды. Бұл жерден зерттеушілер бұршақ дәнінен де кішкентай шынашақ сүйегінің бөлшегін тапты. Денисов үңгірінің суық ауа райы сонда табылған неандертальдық қазбаларда ежелгі ДНҚ-ны сақтап қалған. Бірақ 60 мың жылдан астам уақыт бұрынғы бұл сүйек өзгеше болды. Паабо мен оның командасы оның ДНҚ-сына талдау жасап, таңғаларлық қорытындыға келді: бұл қазба мүлдем белгісіз әрі жойылып кеткен адам түріне тиесілі еді.
Денисовтықтар (Паабоның командасы қойған атау) алғаш рет тек ДНҚ арқылы анықталған адамзат тобы болды. Сарапшылар физикалық анықтамасы жоқ осындай топтарды «елес түр» деп атайды. Денисов үңгірінен осы түрдің ДНҚ-сы бар қосымша қазбалар табылды, олардың арасында әкесі – денисовтық, ал анасы – неандерталь қыздың сүйек қалдықтары болды. Бұл – бірінші буынды гибрид-хомининнің жалғыз белгілі мысалы.
Саусақ сүйегі фрагментінің арқасында генетиктер денисов адамдарының ДНҚ-сын бүгінгі әлемнің әртүрлі популяцияларынан, Исландиядан Перуге дейін, ал ең жоғары шоғырын Денисов үңгірінен 8900 шақырым қашықтықтағы Папуа-Жаңа Гуинеядан тапты. Homo sapiens денисовтықтармен де, неандертальдармен де қосылып, ұрпақ жалғастырған, сөйтіп олардың ДНҚ-сын Жер шарына таратқан. Палеоантропологтердің пікірінше, бұл «ген ағыны оқиғалары» аномалиялық құбылыс емес, Homo sapiens-ке жаңа ортаға бейімделуге көмектескен және бізді ежелгі адамдардың жойылып кеткен түрлерімен биологиялық тұрғыдан тікелей байланысты еткен эволюцияның негізгі ерекшелігі болды.
Генетика мен ақуыз зерттеулеріндегі барлық жетістікке қарамастан, денисовтықтардың ДНҚ-сы Папуа-Жаңа Гуинеяға қалай жеткенін немесе 500 мың жылға жуық уақыт бойы өмір сүрген неандертальдар мен денисовтықтар Homo sapiens пайда болған соң, неліктен жойылып кеткенін түсіну үшін ежелгі сүйектер мен тістердің қосымша бөліктері қажет.
Бір ғасырдан астам уақыт қазба жұмыстарының нәтижесінде ең жақсы зерттелген жақын туысымыз – неандертальдардың сүйек қалдықтары салыстырмалы түрде аз, шамамен 400 адамға тиесілі. Денисов адамдарына қатысты деректер тіпті мардымсыз. Табылған денисовтық қазбалардың аздығы соншалық, олардың бәрі қос алақанға сыйып кетер еді.
Тибет үстіртінде, Қытайдың Ганьсу провинциясында, теңіз деңгейінен 3280 м биіктіктегі жартаста ойылып жасалған үңгірдегі буддистік мінәжат орны ғылым үшін керемет жаңалықтардың орталығына айналды. Бұл жерден табылған сүйектер заманауи зерттеушілер үшін құнды дүние болғанға дейін, олар дәрі-дәрмек пен эликсир жасау үшін ұнтақталатын болған. Сондықтан 1980 жылы Байшия Қарст үңгірінен табылған, қазіргі кезде Сяхэ жақсүйегі деген атаумен танылған ежелгі жақсүйектің әлі күнге дейін сақталғаны таңғаларлық. Сүйекті тапқан монах оны өз ұстазы – алтыншы Гун-Таң буддаға тапсырды, ал ол оны қытай ғалымдарына берді. Бірақ жақсүйек жылдар бойы зерттелместен сөреде тұрып қалды. Бірнеше жыл бұрын ғана, Сібірдегі жаңалықтардан шабыт алған Ланджоу университетінің археологі Доңчжу Дзең әріптестерімен бірге сүйектің кімге тиесілі екенін анықтау мәселесін қолға алды.
Дзең Байшия Карст үңгірінде медитация жасап отырған монахтармен бірге мұқият қазба жұмыстарын бастады. Бірақ жақсүйектің нақты қай жерден табылғаны айтылмайтын бұлыңғыр ауызша тарих қазба процесін қиындатты. Оған қоса, жақсүйекте ДНҚ іздері жоқ еді. Бар ақпарат тек оған жабысып қалған карбонат қабығында болды, оны уран-торий әдісімен зерттегенде, сүйектің жасы кемінде 160 мың жыл екені анықталды. Бұл жақсүйек Тибет үстіртінен табылған адамзаттың ең ежелгі іздері болып шықты.
2016 жылдың ортасында Еуропаға іссапармен барған Дзең сүйекті зерттеуде жаңа әдіс әзірлеп жатқан магистрантпен кездесті. 25 жастағы Фридо Вэлкер ежелгі ақуыздарды талдайтын, палеопротеомика деп аталатын салада тың жаңалық ашып жүрген-ді. Вэлкер Дзеңге ақуыздар ДНҚ-ның көлеңкесі іспетті екенін, ДНҚ сақталмаған жағдайда оның орнын баса алатынын түсіндірді. Бірақ ол ақуыздарды алу үшін қазбаны тесіп бұрғылау қажет екенін және бұл жұмыстың сәтті болатынына кепіл жоқ екенін ескертті. Дзең былай еске алады: «Баға жетпес жәдігер үшін үлкен жауапкершілікті сезіндім. Алайда біз оның не екенін қалайда білуіміз керек болды, бұрғылаудан басқа амал қалмады».
Дзеңнің соңғы үміті ақырында Вэлкердің жаңа ғылым саласындағы алғашқы үлкен жұмысына айналды. Өзі мұны «ғылыми мүмкіндік» деп атады. Ақуыз материал Қытайда алынған соң, қазір Копенгаген университетінде жұмыс істейтін Вэлкер материалды неміс зертханасында масс-спектрометрмен талдады. Жақсүйектен табылған коллаген ақуызының үлгілері қазбаның шын мәнінде денисовтықтарға тиесілі екенін растады.
Бұл ежелгі адамның алғаш рет тек ақуыздар арқылы анықталған жағдайы болды. Сонымен қатар жақсүйек Денисов үңгірінен тыс жердегі денисовтықтардың алғашқы дәлелі болып, осы түр туралы деректерді байыта түсті.
Жетістіктер мұнымен тоқтап қалған жоқ. Тибет үстіртіндегі үңгірден табылған денисов адамына қатысты оқиға одан әрі нақтылана түсті. Жыл өткен соң, Дзең мен командасы Байшия Қарст үңгірінен денисов адамдарының ДНҚ іздерін анықтап, олардың сонда өмір сүргенін тағы бір рет дәлелдеді. Өткен жазда Вэлкер мен оның қытайлық әріптестері ақуыз зерттеу әдісі мен денисов адамының қабырға сүйегін қолдана отырып, денисовтықтардың үңгірде 100 мың жылдан астам уақыт бойы ара-тұра қоныстанғанын, жабайы аңдардың түр-түрін аулап, азық қылғанын көрсетті. «Пазлдың бір бөлігін дұрыс құрастыру – ерекше тәжірибе, өйткені әрбір жаңа бөлік қалғандарының орын тәртібін өзгертеді», – дейді Вэлкер.
Олардың жұмысы денисовтықтарды сол жақсүйек арқылы басқа қазбалармен, мысалы, Қытайдың шаң басқан ескі топтамасынан немесе Лаостағы үңгірден табылған тасқалдықтармен салыстыра отырып зерттеуге мүмкіндік берді. Бұл дәл сол кезде Фабрис Деметерге қажет болған нәрсе еді. Ол Кобра үңгірінен табылған, ДНҚ-сы сақталмаған жұмбақ тісті жанынан тастамай одан ақпарат алудың жолдарын іздеді. Деметер тек тістің 160 мың жыл бұрын өмір сүрген жас қызға тиесілі тіс екенін анықтай алды.
Дзең мен Вэлкер денисовтық жақсүйек туралы мақаланы жариялауға дайындалып жатқанын естігенде, Деметер мен тіс сарапшысы Занолли өздеріндегі азу тісті жақсүйектегі тістермен салыстыра алатынын түсінді. Олар тістердің бірінің Кобра үңгіріндегі молярға морфологиялық жағынан өте ұқсас екенін анықтады. Бірақ даусыз генетикалық дәлел емес еді. Дегенмен Деметер жұмысының жемісін көргендей сезінді. «Мүмкін, бізге сәттілік серік болған шығар, – деді ол былтыр Лаостағы үңгірде командасымен бірге жиналғанда. – Біз бұл жерді 21 жыл бойы қаздық! Еңбегіміз енді ақталып жатыр».
Кобра үңгірі – әлем бойынша денисов адамының қазба қалдықтары табылған үшінші және алғашқы тропиктік орта болды. Ол биік таулы Тибет үстіртіндегі Байшия Қарст үңгірінен оңтүстікке қарай 1600 км жерде, ал салқын Денисов үңгірінен оңтүстік-шығысқа қарай 3200 км жерде орналасқан. Бұл денисовтықтардың кеңінен таралып, әртүрлі ортаға бейімделгенін көрсетеді. Денисов адамдарының жаңа нүктелері анықталған сайын және олардың өмір сүрген орны мен уақыты бойынша басқа хомининдермен, әсіресе неандертальдар мен Homo sapiens-пен сәйкестігі расталған сайын пазлдың генетикалық бөліктері орнына түсе бастайды.
2014 жылы, Сяхэ жақсүйегі денисов адамына тиесілі екені анықталғаннан бес жыл бұрын, Браун университетінің популяциялық генетигі Эмилия Хуэрта-Санчес ежелгі ДНҚ туралы таңғаларлық жаңалық ашты: ол тибеттіктерге биікте гипоксиядан зардап шекпей, жайлы өмір сүруге көмектесетін EPAS1 деп аталатын геннің қазіргі адамдардан емес, денисовтықтардан тарағанын анықтады. (Денисов үңгірінен табылған саусақ сүйегі бұл ДНҚ-ның бірегей әрі толық сәйкестігін көрсетті.) 2019 жылы Вэлкер мен Дзең денисов адамдарының Тибет үстіртінде өмір сүргенін растағанда, бұл байланыстың сыры түсінікті болды. Хуэрта-Санчестің айтуынша, тибеттіктерде денисов адамының болар-болмас қана ДНҚ-сы сақталған болса да, сол геннің пайдасын көрді және үстіртке денисовтықтармен араласқаннан ондаған мың жыл өткен соң ғана қоныстана бастады.
Архаикалық ДНҚ-ның аз ғана мөлшері де пайдалы немесе болашақта қажет болуы мүмкін», – дейді қазіргі таңда Америкада таралған денисов генін зерттеп жүрген Хуэрта-Санчес. «Дәл тибеттіктердегі секілді мардымсыз мөлшері де адамдарға үлкен әсер етеді», – дейді ол.
Ежелгі қатынастардың салдары әлі толық зерттелмеген. Бірақ Хуэрта-Санчес сияқты генетиктер мұның эволюциялық тұрғыда маңызды рөл атқарғанына сенеді. Басқа түрлермен қатынас Homo sapiens популяцияларына генетикалық әртүрлілікті қосып қана қоймай, адамдарға экстремал ортаға бейімделудің эволюциялық жолдарын тезірек табуға көмектесті, мысалы, Тибеттегі гипоксияны болдырмау. Бұл иммундық жүйені күшейту Homo sapiens-тің әлем бойынша таралуына ықпал еткен болуы мүмкін.
Алайда мұндай ықпалдың барлығы жағымды бола бермеді. Ғалымдар неандертальдар мен денисов адамдарынан мұраға қалған кейбір гендердің депрессия, аутизм немесе семіздікпен байланысты екенін анықтап жатыр. Homo sapiens-пен байланысу неандертальдар мен денисов адамдарына көмек бермеген сияқты. Олардың ДНҚ-сы бізде сақталса да, геномдарында қазіргі адамдардың еш белгісі жоқ. Кейбір ғалымдар тіпті бізбен қосылуы олардың жойылуын тездеткен болуы мүмкін деп санайды.

Жоғарыда: Деметер тобы 2010 жылы Там Па Лиң үңгірінен тапқан Homo sapiens бассүйегіне кемінде 46000 жыл болған. Оң жақта: Суззони ашқан азу тіс денисов адамына тиесілі.

Людовик Слимак басқа адам түрлерін эволюция картасынан Homo sapiens қалай ығыстыр-
ғанын зерттеуге құмар. Тулуза III университетінің француз палеоантропологі Африка мүйісінен бастап Арктика шеңберіне дейінгі аумақтан неандертальдардың ізін іздеумен айналысады. Ол соңғы ширек ғасырда жұбайы, археолог Лор Мецпен бірге Францияның оңтүстігіндегі Грот Мандрен үңгірінде жұмыс істеп келеді. Бұл үңгір 42 мың жылдан астам уақыт бұрын Homo sapiens пен соңғы неандертальдардың мекені болған. «Кішкентай жартастың астындағы үңгір адамзат тарихын әмбебап тұрғыда баяндайды, – дейді Слимак. – Неандертальдарды бізді жақсырақ түсінуге көмектесетін айна ретінде пайдаланамын».
Слимактың бұл ізденісі оны Homo sapiens-тің Африкадан шығып, неандертальдар, денисов адамдары және басқа ежелгі хомининдер мекендеген аумаққа енген уақытын зерттеуге алып келді.
Гротт Мандренде табылған Еуропадағы соңғы неандертальдардың бірі Слимакты неандертальдар мен Homo sapiens арасындағы айырмашылықтардың олардың жойылуына қалай ықпал еткені туралы терең ойлануға итермеледі. Дж. Р. Р. Толкиннің «Хоббит» туындысындағы ергежейлі патша Ториннің атымен аталған қаңқа он жыл бұрын табылған. Содан бері Слимактың тобы оны баяу қазып алып жатыр, құм түйіршіктері мен сүйек сынықтарын пинцетпен тазартып келеді. Тоғыз жыл ішінде олар Ториннің бассүйегінің бөліктерін, 31 тісін және көптеген кішкентай, әлі анықталмаған сүйекті жинады.
Бір тістің түбінде әлі де өміршең ДНҚ бар болып шықты, ол жақында таңғалар лық деректерді ашты. Торин тобы шамамен 42 000 жыл бұрын Гротт Мандренде өмір сүрген және 50 000 жыл бойы генетикалық түрде оқшау болған: жақын маңдағы алқаптарда өмір сүрген басқа неандертальдармен қатынаспаған. Слимак үшін бұл неандертальдардың әріде жатқан генетикалық шежіресінің айғағы болды және олардың қазіргі адамдардан қаншалықты өзгеше екенін көрсетті.
Слимактың пікірінше, неандертальдар мен Homo sapiens алғаш рет кездескен сәт эволюция тарихындағы шешуші кезең болды. Бұл сәт Гротт Мандреннің қабырғаларында да бейнеленген. Оның әріптесі, археолог Сеголен Вандевельд үңгір қабырғаларында тамақ пісірген оттардан қалған күйе қабаттарын зерттеді (бұл ағаш сақиналарын санауға ұқсас) және неандертальдар мекендеген үңгір бөлігінде соңғы оттың жанған уақыты Homo sapiens оты тұтанғаннан бір жылға жетпейтін уақыт бұрын болғанын анықтады. Ол шамамен 42 000 жыл бұрын болған. Шынайы физикалық байланыс болды ма, жоқ па, белгісіз, бірақ Слимак бұл сәтті қайтар жолы жоқ уақыт деп санайды.
Палеоантропологтер неандертальдардың жойылу себептері туралы жылдар бойы пікір таластырып келеді, ал денисов адамдарының уақыт кестесі мен географиялық таралуы анықталған сайын бұл тақырып одан әрі зерттеле бермек. Денисовтықтар мен неандертальдар шамамен бір уақытта қазба деректерінен жоғалып кеткен сияқты. Палеоантропологтер арасында неандертальдардың жойылуы демографиялық дағдарысқа – азайып бара жатқан популяция мен шектеулі генетикалық әртүрлілікке байланысты болды деген ортақ пікір қалыптасуда. Бұл дағдарыс климат өзгерісі және күшті қарсылас – Homo sapiens-тің пайда болуымен күрделене түскен. Олармен жыныстық байланыс та белгілі бір рөл атқарған болуы мүмкін.
Лондондағы Табиғи тарих музейінің палеоантропологі әрі National Geographic зерттеушісі Крис Стрингердің айтуынша, неандерталь әйелдер күшті сапиенс топтарына сіңіп кеткен немесе тартып алынған болуы мүмкін, ал бұл неандертальдарды демографиялық тығырыққа тіреген.
Неандертальдар, денисовтықтар және басқа да топтардың шамамен 40 000 жыл бұрын жойылуы Жер бетінде бірнеше хоминин топтары өмір сүрген миллиондаған жылдардың соңын білдіреді. Қазіргі дәуір – тарихи тұрғыдан ерекше құбылыс, Крис Стрингер бізге осы мәртебемізге – жер бетіндегі жалғыз хоминин екенімізге – тым дандайсып кетпеуіміз керек екенін ескертеді. Неандертальдар мен денисовтықтар жарты миллион жыл өмір сүрсе, Homo erectus екі миллион жылға жуық тіршілік етті. Біз қазіргідей тіршілік етуді жалғастыра берсек, екі мың не миллион жылдан кейін олардың кебін кимесімізге кім кепіл?
Слимактың айтуынша, Homo sapiens неандертальдардың археологиялық жазбалардан «лезде жоғалып кетуіне» себеп болған. Бес жүз мың жыл бойы ғаламшарда өмір сүріп келсе де, неандертальдардың шығармашылық қабілеті мен оқшаулығы Homo sapiens-тің гипертиімділігі мен әлеуметтік нетуоркиңіне шыдас бере алмады. Бұл, Слимактың сөзімен айтқанда, «нағыз жаулап алу» болды.
Лаостың солтүстік-шығысындағы күріш алқабында Эрик Суззони Фабрис Деметердің ғалымдар тобын базалық лагерьден бірнеше шақырым солтүстікте орналасқан жаңа үңгірге бастап барады. Кейінгіжиырма жыл бойы халықаралық команда бір ғана тауда жұмыс істеп, ежелгі адамдардың үш ерекше түрін тапқан үңгірлерді қазып келді. Денисов адамдарының азу тісінен бөлек, олар бір үңгірден ежелгі Homo sapiens-тің қалдықтарын, ал басқасынан шамамен 130 000 жыл бұрынғы Homo erectus-тің тісін тапты. «Бұл – керемет нәтиже, бірақ біз тек бір орынды зерттеп жатырмыз», – дейді ИллинойсУрбана-Шампейн университетінің палеоантропологі, National Geographic зерттеушісі америкалық Лаура Шакелфорд. Ол Лаостағы командамен 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. «Денисов адамдарының қалдықтары барлық жерде болуы керек, бірақ біз оларды әлі тапқан жоқпыз», – дейді ол.
Алыс өткен шақтың болашағы Деметер «Еуропамен салыстырғанда жаңа парақ» деп атайтын Азия аймағында жатқан сияқты. Мұның бәрі екі кішкентай «хоббит» популяциясы – 2003 жылы Индонезиядан Homo floresiensis пен 2019 жылы Филиппинде Homo luzonensis түрлері табылғаны жөніндегі керемет жаңалықтардан басталды. Алайда қазір назар Қытайға ауды. Сяхэ жақсүйегі 2019 жылы анықталғаннан бері қытайлық палеоантропологтер елдің кең ауқымды қазба жинақтарын қайта қарап, «ескі істерін» жаңартуға кірісті. Бейжіңнің батысынан табылған және Тайвань бұғазынан алынған екі көне жақсүйек Сяхэ жақсүйегіне өте ұқсас. Егер олардың сәйкестігі расталса, денисовтықтар бүкіл Азия құрлығында – қазіргі Қытай аумағын қоса алғанда – таралғанын білдіреді.
Қытай зерттеушілері біздің басқа хомининдерден ажыраған уақытымыз туралы ұзақ уақыт бойы қалыптасқан болжамдарды қайта қарастыра бастады. Қытайлық бассүйекке жүргізілген соңғы филогенетикалық зерттеу біздің неандертальдар мен денисов адамдарынан бөлінуімізді 300 мың жылға кері шегерді. Бұл жалпы ата-бабамыздың Африкада өмір сүргені туралы көптен бері қалыптасқан сенімдерді шайқалтты.Сосын Харбин бассүйегі бар. Солтүстік-шығыс Қытайдан 1933 жылы бір жұмысшы тапқан бұл 146 000 жылдық қазба қазіргі адамдарға неандертальдар мен денисовтықтарға қарағанда жақын туыс болуы мүмкін. Бұл ортақ ата-бабамыздың кім екенін анықтауға жақындататын маңызды дерек. Кей ғалымдар Харбин бассүйегі денисовтықтар әулетінің бір тармағын не мүлдем басқа шежірені көрсетуі мүмкін деп есептейді.
Жергілікті палеоантропологтер бұл шежіреге Homo longi яғни «Айдаһар адам» деген атау берді.
Кейінгі бірнеше жылда Бейжің зерттеу саласындағы батыспен алшақтықты жою үшін генетика және палеопротеомика зертханаларына, сондай-ақ ғалымдардың жаңа буынына қомақты қаржы құйды. Лаостан айырмашылығы, Қытай талдау үшін адам қазбаларын елден шығаруға рұқсат бермейді әрі шетелдік ғалымдарға ашық мағлұмат ұсынбайды. Алайда Доңчжу Дзең сияқты қытайлық жас ғалымдар ынтымақтастық рухын қолдайды. Өткен жазда ол шетелдік он екі ғалымды, оның ішінде Вэлкер мен Деметерді, Батыс Қытайда өткен денисов адамдары туралы халықаралық симпозиумға шақырды. «Біз жалғыз жұмыс істеп, ғылыми мақала жариялай алмаймыз, –дейді Деметер. – Мен олардың көмегіне мұқтажбын, ал олар біздікіне мұқтаж».
Там Неун деп аталатын Лаос үңгіріне барған Суззони мен ғалымдар тобы өткен дәуірдің тереңіне тағы бір үңілді. Ежелгі су тасқындарының іздері анық көрінді. Үңгірдің ішінде геолог Филипп Дюрингер шамын әк қабаттарының арасында орналасқан шөгінділер мен тау жыныстарының қалың тігістеріне бағыттады. «Мұндағы ағынтастар мыңдаған жыл бойы қалыптасқан, бірақ шөгінді бұл жерді бір-ақ сәтте, бәлкім бір-ақ күнде басып қалған», – деді ол. Үңгір қабырғасында сүйектер мен ежелгі тістердің көлеңкелері пайда болды. Олар 50 мың жыл бұрын шөгінді астында қалған. Суззони үңгірдің ең терең бөліміне арқасын беріп кіріп, қазба толы төбешіктен бір қадам жерде тұрды. Бәлкім, ол адамзат эволюциясының картасын өзгертетін тағы бір жаңалық ашатын шығар.
Брук Лармер – Бангкокта тұратын жазушы, 2006 жылдан бері National Geographic журналына арнайы мақалалар жазады.
Оқып көріңіз: Сахара қорымдарының құпиялары
Тағы да осындай қызықты зерттеулер оқығыңыз келсе, журналымызға жазылыңыз. Жаңа нөмір ай сайын үйіңізге келіп тұрады.