8Сәу

ТОПТАСА ҰШУДЫҢ ТАҢҒАЖАЙЫП СҰЛУЛЫҒЫ

Авторы: Эд Йоң Фото: Сорен Солкэр

Еуропа мен Солтүстік Американың басым бөлігінде күн батардан бір сағат бұрын, қысқы кеште мыңдаған қараторғай әуеге көтеріліп, табиғаттағы ең тамаша дерлік көріністер жасайды. Біртұтас ағза секілді бүлкілдеп, шыр айналып, толқындана ұшады. Қалыпты пішіні жоқ, үздіксіз өзгеретін жаратылыс іспетті.

Қараторғайлар үйірі Римдегі Әулие Петр соборын айнала ұшып жүр.

Осынша көп құс қалай өзара үйлесімде қозғалады? Зерттеушілер бұл құпияның сырын бір ғасырдан астам уақыт бойы іздеп келеді. Орнитолог Эдмунд Селус 1931 жылы қараторғайдың мурумациясын (топтаса ұшуын) «аспандағы алаңғасарлық» деп сипаттап, мұндай құбылыс тек телепатия арқылы істелетінін тұжырымдады. Оның жазуынша, құстар «бір мезетте ұжымдық ойлануы қажет». Басқалар секілді Селус та күрделі мінез-құлықтың артында міндетті түрде күрделі механизм болатынын топшылады. Алайда 1980 жылдары бағдарламашылар мен физиктер мүлдем басқа тұжырым жасады. Олар виртуалды ортада жеке құс алдамшы көрінетіндей қарапайым тәсілге сай әрекет етіп, бірақ үйлестірілген топқа ұқсас жағдайда ұшатындай компьютерлік модельдер әзірледі. Мұндай симуляция сенімді еді, алайда зерттеушілер нәтижесін салыстыратындай жеткілікті дерекке ие емес-тұғын. Кейінірек, 2005 жылы Римде ерлі-зайыпты Андреа Каванья мен Ирене Джардина бастаған физиктер мәселені зерттеуде үлкен серпіліс жасады. Олар үш жыл бойы салқын кештерде қаладағы ерекше ауқымды мурумацияларды қос фотоаппаратпен суретке түсірді. Фотоларды пайдаланып, 4000-нан астам мүшесі бар топтардағы әр құстың 3D координаттарын қалпына келтірді.
Зерттеушілер үйір қанша үлкен болса да, әр қараторғай тек өзіне жақын жеті құспен әрекеттесетінін анықтады. Бәлкім, бұл құс миы өңдей алатын ақпаратқа байланысты шығар. Қасындағы құс әр секунд сайын өзгереді, бірақ қараторғай олардың орын ауыстырғанын қадағаламайды, тек өзіне ең жақын жеті құспен үйлесе ұшуға тырысады. Тым қатты жақындамайды, алыстамайды да. Үйлесу, тартылыс және арақашықтық сақтау. Осы үш ережені аэродинамика заңдарымен бірге компьютерлік модельге енгізу арқылы Нидерландтағы Гронинген университетінің ғалымы Шарлотта Хемелрейк шынайы мурумацияға өте ұқсас виртуалды модель жасады. Оның нәтижесі Римдегі зерттеуді айна-қатесіз дәлелдеді.

Рим, Венеция алаңы. Қараторғай мурмурациясы әуеде түрлі пішін жасауда.

Зерттеу қараторғайларға ешқандай ортақ жоспар, көшбасшы не телепатиялық байланыс қажет емесін көрсетеді. Оларға, тіпті, арнайы қарым-қатынас жасаудың да керегі шамалы. Бірнеше метр қашықтықтағы қарапайым байланыс арқылы аспанда таңғажайып күрделі мурмурация пайда болады.

Нидерландтың солтүстігінде қараторғайлар топтасып ұшып жүр.

Кейінгі жиырма жылда Римде жиналған деректер таңғаларлық жаңалықтарға негіз болуда. Қараторғай бұрылған кезде оның жаңа бағыты көршісіне, сосын көршісінің көршісіне әсер етіп, осылай жалғаса беруі керек еді. Бірақ аздаған қателік балалардың «телефон» ойыны секілді баяу өзгеріп, бағыттан жаңылуға тиіс деп күтуіңіз мүмкін. Шын мәнінде, құстардың қозғалысы қателікті ұлғайтпайды, керісінше жояды. Үйірдің мұндай әрекетін физиктер ауқымға байланыссыз түзету деп атайды. Джардина мұны «бастапқы ақпарат еш өзгеріссіз соңына дейін жететін телефон ойыны секілді» деп түсіндірді. Демек әуедегі керемет көрініс қаншалықты үлкен болғанына қарамастан, әрбір құстың қозғалысы басқаларға әсер етеді және басқалардың ықпалында болады. Егер біреуі бұрылса, басқалары да бірге бұрылады. Әр қараторғай тек қасындағы жетеуін ғана бақылай-
ды. Алайда оның айналасын сезінуі бүкіл үйірге тиімді таралады да, жүздеген құстан кейінгі қимылға жедел жауап береді. Сол себепті құстар үйірі біртұтас ағза секілді көрінеді.
Мурмурация құпиясын тереңірек түсіну үшін Хемелрик әріптестерімен бірге, ішінде Рольф Стормс пен Марина Пападопулу бар, сұңқарға ұқсайтын роботпен үркітіп, қараторғайлардың жыртқыштан бұлтарып кетуін зерттеді. Пападопулу «Сұңқар-робот» түсірген видеоларды пайдаланып, құстардың қорғаныс тәсілдерін – мысалы, үйір жан-жаққа бытырай ұшатын «жайылуды», ортасынан қуыс тәрізді орын қалдыратын «вакуольді» қарастырады. Сол арқылы сұңқардың әрекетіне, үйірдің бастапқы орналасуы мен қараторғайдың дербес қозғалысына байланысты заңдылықтар қалай пайда болатынын анықтауға тырысады.

(Сізді қызықтыруы мүмкін мақала: Сырдария бекіресін іздеген биолог)

Римде жиналған деректер қозғалмайтын фотоаппаратпен қараторғайлар көрінетін аймақта ұшқан кезде ғана суретке түсірілді. Джардина енді үйір соңынан еріп жүретін, айналмалы камералары бар жаңа желі қолданбақ.
«Өкінішке қарай, қазір үйірлер саны әлдеқайда азайған. Былтыр мүлдем құлдырап кетті», – деді маған Джардина. Ол Римде қараторғай не себепті азайғанын нақты білмейді. Қала билігі оларды зиянды құс санап, жарық шамдары мен дауыс зорайтқыштар арқылы үркітуге тырысады. Қараторғайдың азаюы табиғи мекені саналатын басқа аймақтарда да байқалады. Британияда кейінгі
60 жылда екі есеге қысқарды. Данияда 60%-ға кеміген. Осы мақаланың суреттерін түсірген Сорен Солкэр: «Кейінгі екі-үш жылда өте үлкен үйір табу қатты қиындық туғызды», – дейді. Бұл мәселе тек қараторғайға қатысты емес. Осы уақыт аралығында табиғи мекенінің жойылуы мен адам әрекеті себебінен Еуропада 550 млн, Солтүстік Америкада 2,9 млрд құс жоғалған. Екі құрлықта да ең қатты зардап шеккен – ең жиі кездесетін құстар.
Олар көбейіп, қанатын кеңге жаюы қажет. Жер бетіндегі ең ғажайып құбылыстар топ-тобымен тіршілік еткенде ғана пайда болады.
«Қараторғай мурмурациясын тамашалағанда сыртқы құбылыс менің ішкі дүниемді бейнелейтіндей әсер қалдырады. Табиғатпен етене байланысымызды паш етеді», – дейді Солкэр.

Римдегі Термини стансасының үстінде кешкі аспанда қараторғай мурмура-
циясы топтасып, қайта таралып жатыр.

Қазірлі оқырман, мына нөмірге +7 771 149 9144 хабарласу арқылы журналымызды жаздырып алуыңызға болады немесе төмендегі «САТЫП АЛУ» батырмасын басып, Каспи арқылы жаңа журнал сатып ала аласыз.