
Қыдыр қонып, бақ дарыған, абыздар мен әулиелердің отаны болған маңғаз мекен, маң дала – киелі Маңғыстаудың қойнауы ғажапқа толы. Оның бар қазақ қастер тұтқан әулиелі орындарын айтпағанда, әлемнің ешбір жеріне ұқсамайтын тылсым дүниедей ғажайып келбеті, жұмбақ сырға толы қайталанбас пейзажы көрген жанға айрықша әсер беріп, қиялын қияға жетелейді, тамсандырады, ойландырады. Қасиет тұнған осынау қазыналы өлкенің қай тарапына қарасаңыз да әлемге көрсетер, мақтанышпен айтар мекені көп. Марспен ғана салыстыруға болатын керемет көрнісітері – Бозжыра мен Қарынжарықтан бастап, Боқты, Ыбықты сай, Айрақты-Шоманайының өзі неге тұрады. Торыш алқабы мен Қарақия ойпаты, Жығылған мүйісі, Тамшалы сайы мен Отпан тауы ше?!
Қай мекенін алсаңыз да таңғалдырмай қоймайтын Маңғыстау кейінгі жылдары әлемді кезген саяхатшылардың да назарын аудара бастады. Осы өңірді көрсем деп ағылған отандық һәм шетелдік туристердің қарасы жылдан жылға еселеп артып келеді. Бұл заңдылық та болар, өйткені өңірдің туристік нысандары шынымен де қайталанбас келбетке ие. Тек соны сақтай білу және туристер үшін қолайлы, жоғары сапалы сервистік қызметтерді дұрыс ұйымдастыру аса маңызды. Басқаша айтсақ, тұтас бір туристік кластердің сағат тіліндей тоқтаусыз әрі мінсіз жұмыс істеп тұруы қажет. Ал бұл дегеніңіз – әуежай мен вокзалдан туристік нысандарға дейінгі аралықтағы бір-біріне селбескен сан түрлі қызмет. Оның ішіне тасымалдан бастап, тамақтану, демалу, сауық құру орындарынан жайлы қоныс ұсынатын қонақүйлерге дейінгі нысандар кіретіні белгілі.
Жайлы қонақүй – жақсы демалыс
Байтақ өлкенің бұрыш-бұрышында орналасқан туристік нысандарды көру үшін саяхатшы кемінде жүз, әйтпесе күніне төрт жүз-бес жүз шақырым жолды басып өтеді. Әлбетте ұзақ жол қажытуы мүмкін. Ендеше оның осы сапарында алған әсерін арттырып, қалжырап, шаршағанын ұмыттыратын бір нәрсе болса, ол қонақүй екені айдан анық. Ал қонақүй дегеніміз жай ғана түнеп шығатын орын емес, ол – қонағының жайлы жатып, жақсы тынығуын қамтамасыз ететін кешен. Сондықтан оның ас-ауқатынан бастап, жан мен тән саулығы үшін ұсынатын барлық қызметі жоғары стандартқа ұмтылғаны, яки сай болғаны абзал.

Ақтау қаласындағы сондай қонақүйдің бірі – Grand Hotel Victory.
Әдетте, Маңғыстаудың маңғаз даласындағы ғажайыптарды көруге аттанған турист барар жеріне ерте шығып, кештетіп Ақтауға оралып жатады. Егер Бекет атаға баратын болса, бұл – ары-бері кемінде 600 шақырымдай жол. Бір күнде осындай ұзақ жол жүріп қайтқан адам әлбетте Grand Hotel Victory қонақүйіндегідей жайлы бөлмеге жайғасып, жақсылап тынығуды қалайды. Мұнда жайлы 90 нөмір, соның ішінде Корольдік апартаменттер, люкс санатындағы 3 нөмір және мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған делюкс бөлмелер бар. Бір немесе екі төсегі бар кең студиялы бөлмелер түтін детекторларымен және автоматты спринклер жүйелерімен жабдықталған. Әрбір бөлмеде жайлы төсек, үстел, тегін WI-FI интернет, диван, багаж үстелі, теледидар, гардероб, сейф және алкогольсіз сусындардың мини-бары қамтылған.

Денсаулық – зор байлық
Саяхатыңыз жан мен тәннің саулығын күшейтумен үйлесіп жатса, ол да бір ғанибет. Grand Hotel Victory қонақүйінің 8-қабатында орналасқан сауықтыру кешені күн сайын есігін айқара ашып, жаттығу залы мен жабық бассейнін, джакузиін ұсынады. Моншаны жақсы көретіндер үшін түріктің хамамы, фин саунасы мен фито моншалар бар. Осының бәрі қонақүй тұрғындарына тегін.

Ас – адамның арқауы
Ас адамның арқауы ғана емес, көңіл күйінің, қанағат сезімінің де пернесі деуге болады. Сондықтан да кез келген қонақүйдің сапасы мен стандартын анықтайтын қызметтің бірі оның ұсынатын ас мәзірі екені мәлім. Grand Hotel Victory бұл жағынан да қонақтарының көңілінен шығуға тырысады. Қонақүйдің фойесінде орналасқан, заманауи интерьері бар «Coffee Grande» қонақтар үшін жақсы демалыс қана емес, ыңғайлы жұмыс орнын ұсына алатындығымен де ерекшеленеді. Қонақүйдің 2-қабатындағы «Таңғы ас залы» таңғы ас берумен қатар, банкеттер өткізуге де қолайлы болса, 5-қабаттағы «Бильярд-бар» демалысты пайдалы қимыл-қозғалыспен өткізуге тамаша мүмкіндік береді. Ал 6-қабаттағы дәстүрлі ағылшын интерьерімен безендірілген The Old Forester ағылшын пабы ескі Англияның таңғажайып атмосферасына жетелейді.

Grand Hotel Victory-дің інжу-маржаны қайсысы десеңіз, ол әлбетте Panorama халал мейрамханасы екені даусыз. Қаланың жағалау панорамасын – бұйра толқынды көгілдір теңіздің ерекше көрінісін паш ететін бұл мейрамхана қонақүйдің 8-қабатында орналасқан. Мұнда әдемі де әсерлі көрініске көз тастап, дәстүрлі шығыс тағамдарының, барбекю мен түрік тәттілерінің тіл үйірер дәмін тата отырып, жақсы көңіл хошына бөленуге болады. Ендеше, Маңғыстауға саяхат құрсаңыз, Ақтаудағы Grand Hotel Victory-ді де көре кетіңіз.