Автор: Алегра Розенберг
Көзіңізді тарс жұмып, бір алманы елестетіп көріңізші.
Оның пішінін байқай алдыңыз ба? Ал түсін ше? Алма ауада қалықтап тұр ма, біреудің қолында ма, әлде үстелдің үстінде жатыр ма?

Жауап беруге қиналсаңыз, сіз жуырда ғана анықталған афантазия дейтін күйде болуыңыз ықтимал.
Афантазиясы бар адамдар, яғни «афанттар» онша елестете алмайтынын айтады. Олардың қиялы өте бай, тым шығармашыл өмір салтын ұстануы мүмкін. Бірақ олардың миы визуал бейнелерді елестетуге келгенде сәл басқаша жұмыс істейді.
Осыдан жиырма бес жыл бұрын Эксетер университетінің бұрынғы когнитивті және мінез-құлық неврологиясы профессоры, қазір Эдинбургтегі Клиникалық ми ғылымдары орталығының құрметті мүшесі Адам Земан қызық жағдайға тап болады. Бір ер адам жүрегіне жасалған отадан кейін елестету қабілетін күрт жоғалтқан. Бұрын бейнелерді айқын елестете алған адамның мұндай қабілеттен кенет айырылып қалуы Земан үшін тосын жайт еді. Бұл оқиға елестетудің адам миында қалай іске асатынына қатысты сұрақтар тудырды.
Земан 2010 жылы осы науқасқа қатысты зерттеуін жариялады. Ондағы жағдай көп адамға таныс болып шықты. Олар елестету қабілетін кенет жоғалтпағанымен, зерттеудегі науқастың сипаттамасын оқи отырып, шындығында бұл қабілет өздерінде ешқашан болмағанын түсінген еді.
«Бірнеше жыл ішінде маған адамдар хабарласып, «Мен де дәл сол науқас сияқты екенмін, тек мен әуелден елестете алмаймын» дей бастады», – деп еске алады Земан. Ол елестете алмайтын 21 жаңа адамды зерттеуіне қосты. Мұндай ерекшелікті сипаттау үшін грек тілінде «қиял» мағынасын білдіретін «phantasia» сөзін негізге алып, «афантазия» терминін ұсынды.
Ақыл-ойды өлшеу
Афантазия алғашында адамдар өз тәжірибесін сипаттаған сауалнамалар арқылы зерттеле бастады. Алайда Германиядағы Бохум Рур университетінің PhD студенті, афантазияны зерттеуші Кристиан Шольц бұл тәсіл кей адамдарда күмән тудырғанын айтады.
Күмәнданғандардың пікірінше, нақты айырмашылық адамның елестету қабілетінде емес, керісінше елестеткенін қалай сипаттайтынында.
«Афантазия жоқ дейтін пікірдің дәлелі – «бұл бар болғаны тілдік мәселе ғой» дегенге саяды», – дейді ол.
Шольцтың айтуынша, елестете алатын адамдар бұл қабілеттің мүлдем болмайтынына сене алмай, афантазияға күдікпен қарайды.
Алайда кейінгі жылдары ғалымдар ойша жақсы елестетін және елестете алмайтын адамдардың физиологиялық айырмашылығын тексеруге мүмкіндік алды.
Земан 2022 жылғы зерттеуге сүйене отырып, былай түсіндіреді: «Адам күнге қараған сәтте көзінің қарашығы жиырылып, кішірейеді. Сізде елестету қабілеті болса, күнге қарағаныңызды елестеткенде-ақ көз қарашығыңыз кішірейе бастайды. Бірақ афантазиясы бар адамдарда бұлай болмайды».
2021 жылы жүргізілген тағы бір зерттеуде қатысушылардың саусағына эмоциялық қозуды өлшейтін сенсорлар орнатылды. Бір топқа қорқынышты әңгіме оқылса, екінші топқа үрейлі суреттер көрсетілді. Елестете алатын адамдар әңгімеге де, суретке де реакция білдірген, ал афантазиясы барлар суретке ғана реакция танытқан.
Бұл зерттеушілерге елестетудің әңгімені дауыстап оқу сияқты таза ұғымдық дүниелер мен тыңдаушының реакциясы арасындағы дәнекер екенін көрсетті.
Биыл жарық көрген тағы бір зерттеуде МРТ арқылы мидың көру қыртысының белсенділігі өлшенді. Зерттеу қорытындысы афантазиясы бар адамдарда аз да болса визуализация болуы мүмкін екенін, бірақ тым әлсіз болғандықтан, адамның санасы оны «оқып», нақты бейнеге айналдыра алмайтынын көрсетті.
Земанның түсіндіруінше, гиперфантазиясы бар адамдарда, яғни өте айқын елестету қабілетіне ие кісілерде мидың алдыңғы бөлігі мен [артқы мидағы] визуал желі арасындағы байланыс айтарлықтай күшті болады. Ал афантазиясы барларда бұл байланыс әлсіз.
Әлемді басқаша есте сақтау
Джордж Уашиңтон университетінің психология және ми ғылымдарының профессоры Сара Шомстейннің айтуынша, афантазия – ауру да, кемістік те емес. Бұл күй адамның қиялы мен қабылдауы қалай дамығанын және қалай дамып жатқанын жақсырақ түсінуге мүмкіндік береді.
«Мұнда ешқандай зақым да, ақау да жоқ, – дейді ол. – Бар болғаны ақпаратты өңдеудің бір тәсілі. Бұл ми жұмысындағы ерекшелікпен немесе сигнал іске қосылуы үшін қажет белгілі бір шекпен байланысты болуы мүмкін. Бәлкім, бұл бейімделу қасиеті болар, немесе олай болмауы да ықтимал», – дейді ол.
Шомстейннің айтуынша, афантазиясы бар адамдар визуал ақпаратты сана деңгейіне жеткізбей, ми арқылы энергияны үнемдейтін өзге жолмен өңдеуі мүмкін. Егер бұл бейімделу қабілеті болып шықса, болашақта мұндай адамдардың саны арта түсуі мүмкін.
Шомстейн өзінде де афантазия бар екенін «алма тесті» арқылы білген. Ол мұны афантазия туралы алғашқы деректерді жоққа шығарып, оны псевдоғылым деп атағанына және когнитивті нейробиология бойынша PhD дәрежесін алғанына біраз жыл болғанда анықтады.
Дегенмен бұл Шомстейннің немесе жалпы афантазиясы бар адамдардың қиялы жоқ деген сөз емес. «Елестете аламын, тым күрделі көріністерді құра аламын. Бірақ олар визуал емес. Мен үшін бәрі қараңғы — бірақ мен сол бейнені тұтас түсінік түрінде қабылдаймын», – дейді ол.
Әркімнің санасы ерекше
Земанның есебінше, әлемде миллиондаған адам афантазиямен өмір сүреді. Олай болса, неліктен бұл күй соншама аз зерттелген?
Терминнің өзі 2015 жылы ғана енгізілгенімен, ғалымдар адамның қабылдауындағы айырмашылықты жүздеген жылдан бері сипаттауға тырысып келе жатыр. Мәселен, XIX ғасырда өмір сүрген психолог әрі евгениканың негізін қалаған Фрэнсис Гальтон 1880 жылы сауалнама жүргізіп, 100 ер адамның 12-сі өзінің таңғы ас ішкен үстелін елестете алмайтынын анықтаған.
Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде психикалық жарақат алған сарбаздарды емдеген көрнекі психотерапевт У. Х. Р. Риверс те өзінде елестету қабілеті жоқ екенін айтады. Ол оны бала кезде үйдегі травмалық жағдайдан кейін жоғалтып алдым деп жорамалдаған.
Алайда бұл бақылаулар сол шақтағы ғылыми зерттеулер арқылы расталмаған еді. Осы тақырыпқа арналған Aphantasia Network қауымдастығының негізін қалаушы әрі туғаннан афантазиясы бар Том Эбейер бұл күй ұзақ уақыт ескерілмей келгенін айтады. Өйткені оның теріс әсері құжатталмаған еді.
«Нәтижелерге қарасақ, елестете алатындар мен елестете алмайтындардың көрсеткіштері ұқсас», – дейді ол. Aphantasia Network сайтына кірген мыңдаған адам елестету айқындығын бағалайтын арнайы сауалнаманы толтырып, афантазияның таралу ауқымын түсінуге көмектесетін пайдалы деректер берген.
Эбейердің сөзінше, 60 мыңнан астам мүшесі бар бұл қауымдастықта бейнелеу қабілеті маңызды саналатын суретші, сәулетші, жазушы сынды кәсіпті таңдағандар да бар. Афанттар да, елестете алатындар да жақындарының жүзін танып, таныс жерді таба алатынын айтады.
Афанттар жиылатын тағы бір алаң — Reddit желісіндегі /r/Aphantasia қауымдастығы. Мұнда 70 000-нан астам мүше өз тәжірибесін бөлісіп, жаңа зерттеулерді талқылайды.
«Бұрын адамдар ұйықтау үшін «қой санауды» немесе «аудиторияны жалаңаш елестетуді» айтқанда, ауыспалы мағынадағы тіркес болар деп ойлайтынмын», – дейді сондағы бір аноним қолданушы.
«Ғаламтордан бұл тақырып туралы білмесем, өзімде мұндай ерекшелік барын өмір бойы аңдамай өтер едім», – дейді Меган Ли есімді басқа бір мүше.
Дегенмен Эбейерді Aphantasia Network қауымдастығының кейбір мүшелері басқалар жадында анық сақтайтын естеліктерді әлсіз елестету қабілетінің салдарынан жоғалтып алатыны қынжылтады.
«Адамдар күнделікті өмірге тигізетін әсерін көбіне осы тұста байқайды деп ойлаймын. Өткен тәжірибеңді қайта бастан кешіріп, жақындарыңды ойша еске түсіріп, олардың түр-тұлғасын көз алдыңа келтіріп, романтикаға берілуің мүмкін», – дейді Эбейер. Ал афантазиясы бар адамдар ондайдан құр қалғанын сезеді.
Жаңа зерттеулерге сүйене отырып, Земан мұны растайды: «Біз тұрақты байқаған айырмашылық – афантазиясы бар адамдардың автобиографиялық жады нашар болады».
Афантазия қауымдастығы үшін ендігі бағыт не?
Жер бетіндегі аз ғана пайыз адамда кездесетін ортақ тәжірибе біріктірген бұл адамдар қазір бастан кешкенін сипаттап, оны ғалымдарға жеткізе алу үшін арнайы сөздікқор қалыптастыруға тырысып жүр.
«Бұл – өте қызық әрі көзге түсе бермейтін айырмашылық, – дейді Земан. – Біз көп жағдайда өз тәжірибемізді қалыпты санаймыз. Бірақ айналамыздағы адамдардың тәжірибесі мүлде басқаша болуы мүмкін».

Қадірлі оқырман, әлемдік деңгейдегі зерттеулерді фото және инфографика, карта түріндегі көрнекі безендірулерімен оқығыңыз келсе, мына нөмірге +7 771 149 9144 хабарласу арқылы журналымызды жаздырып алуыңызға болады немесе төмендегі «САТЫП АЛУ» батырмасын басып, Каспи арқылы жаңа журнал сатып ала аласыз.