Сыншылар COVID-19-дың негізгі себебі болған базардан басқа, жалпы жабайы жануарларды өсірудің дұрыс реттелмеуі салдарынан туындайтын анағұрлым ауқымды мәселелерді атайды.
АВТОР: ДЖЕЙН КИЮ
УХАНЬ, ҚЫТАЙ. «Бұл жерден өткен сайын денем түршігеді», – дейді Қытайдың Ухань қаласындағы Хуанань теңіз өнімдері көтерме базарының маңына келіп тоқтаған такси жүргізушісі. 2019 жылдың желтоқсанында ауруханаға жатқызылғанға дейін ең алғаш COVID-19 науқастарының басым бөлігі тірі құстар мен сүтқоректілерді сататын және дәл сол жерде соятын осы «дымқыл» базарда не жұмыс істеген, не осында келген. «Хуанань вирус сөзінің синониміне айналды», – дейді ол.
Базар 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап жабық. Биік көк қабырғалармен қоршалған ол уақыт кеңістігінде қатып қалғандай. Қақпа саңылауынан қараған мен доға пішіндес сарғыш түсті пластик шатырдың астындағы бос сөрелер қатарын, бос көк орындық, балық аулау торын, бірнеше мұздатқыш жәшігін және лық толы қоқыс астауын көрдім. Қызыл белгіде Янцзы өзеніне тән, өзінің жұмсақ әрі иісі жағымды қарнымен танымал балық түрі – Ухань ақтабаны жарнамаланған. Басқа бір белгіде «жаңа ауланған және тірі» деп жазылған.
Дүние жүзі COVID-19 пандемиясының үшінші жылына аяқ басқанымен, ауруды тудыратын SARS-CoV-2 вирусының нақты шығу тегі және аурудың бұрқ етуіне Хуанань базары түрткі болған-болмағаны әлі де қызу талқылануда. Сарапшылардың көбісі COVID-19 вирустың жабайы аңдардан адамдарға жұғуы кезінде пайда болатын зоонозды жұқпа салдарынан шықты деген ойда. Алайда вирустың нақты қашан және қай жерде жұққаны белгісіз. Жұқпаның нақты қай жерде орын алғанын анықтау тек академиялық тұрғыдан қызығушылық тудырмайды. «Бұның маңызды саяси салдары бар», – дейді Франциядағы Монпелье университетінің вирусологы Роджер Фрутос. Сонымен қатар, жұқпаның орын алған нақты жерін анықтау қауіпті практикалар мен келесі пандемияның алдын алуға көмектесе алады деген үміт бар.
Хуанань теңіз өнімдері көтерме базарының жоғарыдан қарағандағы көрінісі.
ФОТО: ТОМАС ПИТЕР, REUTERS
Қолжетімді деректерге жан-жақты шолу жасаған халықаралық топ осы аптада Science журналында екі зерттеу жариялады. Аталмыш зерттеулер Хуанань базары пандемияның эпицентрі болған деген ортақ тұжырымға келген. Олардың еңбегіне сәйкес SARS-CoV-2 вирусының өзара тығыз байланысты екі нұсқасы жануардан адамға екі бөлек жағдайда және дәл осы базардың ішінде жұққанға ұқсайды.
Аустралиялық Сидней университетінің эпидемиологы Доминик Дуайердің айтуынша, бұл зерттеулер «вирустың алғаш жұғуында жануарлар шешуші элемент болған» деген бұдан бұрынғы күдіктерді растайды. Ол зерттеулердің ешқайсысына қатыспағанымен, COVID-19 шығу тегін зерттеу үшін былтыр Уханьге барған Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) тобының мүшесі болған. «Вирустардың базар ішінде айналып жүріп, кейін тарап кеткені анық».
Дегенмен ғалымдар вирусты базарға ең алғаш әкелген инфекцияланған жануар ма, әлде инфекцияланған адам ба деп әлі дауласуда. Оған қоса, ғалымдар SARS-CoV-2 вирусының түпнұсқасымен инфекцияланған жануарды әлі таппады. Сондықтан вирус базарда жұқты деген тұжырым тек жанама дәлелдерге негізделген. «Маңызды мәлімдемелер тек өзара корреляцияға негізделмеуге тиіс», – дейді Франциядағы Париж университетінің биолог-эволюционисті Вирджини Куртье.
Хуананьнің 2019 жылдың соңында SARS-CoV-2 вирусына бейім болып келетін тірі жабайы жануарларды сатқаны анық. Алайда Колорадодағы Форт-Коллинс қаласының вирусологы және жақында АҚШ Ауруларды бақылау және алдын алу орталығынан зейнетке шыққан Рональд Розенбергтің айтуынша, вирус аңдарды базарға жеткізу тізбегінде олармен әрекеттескен кез келген адамға жұғуы әбден мүмкін, оның ішінде хайуанаттарды сауда үшін өсіретін жабайы аңдар фермалары да бар. Қытай инженерлік академиясының тапсырысымен дайындалған 2017 жылғы баяндамаға сәйкес елде жүздеген жан-жануар түрлеріне жататын жүз миллиондаған жабайы жануар сауда үшін өсіріледі. Баяндамада шамамен 10 миллион адамды жұмыспен қамтып отырған бұл саланың құны 76 миллиард долларды құрайды делінген; тұтыну үшін өсірілетін жануарлардың үлесі бұл соманың тек ширегін ғана құрайды.
Сарапшылар дымқыл базарларды, Қытай елі уәде бергендей, жабу не жабайы хайуанаттарды тұтынуға тыйым салу ұзақ мерзімді болашақта аурулардың таралуының алдын алуға жеткіліксіз болатындығын ескертеді. «Біздің алдымызда анағұрлым ауқымдырақ мәселе тұр», – дейді Ұлыбританияның Лондон қаласындағы Зоология институтының табиғатты қорғаушы-биологы Дэвид Реддинг.
Бүкіл әлемде ауыл шаруашылығының кеңеюі мен қарқынды дамуына байланысты әдетте бірге тіршілік етпейтін жануар түрлері – үй жануарлары да, жабайы аңдар да – бара-бара бір-бірімен араласып, патоген алмаса бастайды; ал бұл жан-жануардың түр-түрі біріккен «вирус қазанын» тудырады. Реддингтің айтуынша, бұл тек, SARS (ауыр жіті респираторлық синдром) мен COVID-19-дың ғана емес, жалпы соңғы он жылдықтарда жиірек пайда бола бастаған басқа да инфекциялық аурулардың негізгі себебі.
Хуанань теңіз өнімдерінің жабық көтерме базарындағы жабық сөрелер жабайы хайуанаттардың заңсыз саудасы өркендеген жер болатын. Тексерістердің бірі кезінде жануарлардың 38 түріне жататын жабайы аңдардың тірідей сатылғаны және олардың тар торларда қамалып, гигиеналық талаптарға сай келмейтін жағдайларда ұсталғаны анықталды; яғни вирустың араласуы мен таралуына өте қолайлы жағдай болған.
ФОТО: НОЭЛЬ СЕЛИС, AFP VIA GETTY IMAGES
Жабайы базарлардың тауқыметті тарихы
Хуанань мен басқа да жабайы базарлардың қоғамдық денсаулыққа баяғыдан қауіп төндіргені тіпті COVID-19-ға дейін де белгілі болған, себебі олардың жаңа патогендердің ұясы болу қатері өте жоғары. Атап айтсақ, қытайлық базар орындарының бірі 2002 жылы етек алған SARS синдромының ошағы болған. Сондай-ақ, кейінгі жылдардағы құс тұмауының өршуін басқа да жабайы базарлармен байланыстырады.
Шынтуайтында, Қытайдағы ғалымдар Хуанань базарында сатылатын тірі жануарларды тексеруді тұрақты өткізіп отырған. Мәселен, кенемен беріліп, ажал құштыратын аурудың өршуіне жауап ретінде бір топ ғалым 2017 жылдың мамыры мен 2019 жылдың қарашасы аралығында әр ай сайын Хуананьді қоса алғанда, Уханьдегі төрт базарды зерттеген. «Ғылыми баяндамаларда» былтыр жарық көрген бұл деректер SARS-CoV-2 шығу тегін түсінуді көздеген зерттеушілер үшін құнды дерекке айналды.
Ғалымдар бұл базарларда жануарлардың 38 түріне жататын 48 000-ға жуық жабайы аңның торда ұсталғанын, олардың барлығының тірідей сатылғанын және аңдардың гигиеналық талаптарға сай келмейтін жағдайларда ұсталғанын, демек вирустың араласуы мен таралуына оңтайлы жағдай болғанын айғақтады. Ғалымдар осы төрт базарда зерттеген жабайы аңдар саудасы толығымен заңсыз болып шықты. Көп саудагерлер қорғау санатындағы жануар түрлерін сатқан; ешқайсысында жануарлардың шығу тегін не ешқандай аурумен ауырмайтындығын көрсететін қажетті сертификаттар да болмаған.
Аталған зерттеу және ДДСҰ мен Қытайдың бірлесе жүргізген және былтыр наурыз айында жарияланған зерттеуі, сондай-ақ 2020 жылдың басында Хуананьде алынған экологиялық үлгілердің кейбіреуінің сипаттамасы берілген Қытайдың Ауруларды бақылау және алдын алу орталығының қоғамдық игілікке айналған 2020 жылғы 22 қаңтардағы баяндамасы жаңа Science журналы мақалаларында басты дәлелдер ретінде қолданылды.
Олардың талдаулары SARS-CoV-2 вирусына оң нәтиже көрсеткен экологиялық үлгілердің Хуанань базарының оңтүстік-батыс бөлігінде шоғырланғандығын көрсетті. Базардың ол бөлігінде саудагерлер вирустың ең алғаш өршуінен бірнеше апта бұрын вирусқа бейім тірі жануар түрлерін сатқан, оның арасында жанат тәрізді ит, қызыл түлкі, бамбук егеуқұйрықтары болған. Базардың осы бөлігіндегі бір сөренің өзінен, атап айтсақ №29-сөреден, бес оң үлгі табылды және оның төртеуі жабайы аңдар саудасымен байланысты бұйымдардан табылған: металл тор, жүн немесе қауырсын алуға арналған машина және жануарларды тасымалдайтын екі арба.
Аустралиядағы Сидней университетінің вирусологы және Science журналындағы екі мақаланың да бірлескен авторы Эдуард Холмстың сөзіне сүйенсек, аталмыш үлгілердегі вирус инфекцияланған жануардан тараған, яғни вирус жұғуының базарда орын алғаны – ең ықтимал түсіндірме.
Алайда COVID-19-дың шығу тегін зерттеуші ғалымдарды SARS-CoV-2 вирусының түпнұсқасымен инфекцияланған жануарлардың әлі табылмағандығы қынжылтады. Хуанань вирустың ең алғаш өршу көзі болу күдігіне ілінгенде тірі жабайы аңдарды заңсыз сатқан саудагерлер аңдарымен қоса жоқ болды. Бірнеше зерттеу тобы инфекцияланған жабайы жануарлардың ізіне түсуге асыққанымен, еш нәтиже шықпады.
2020 жылдың 7-18 қаңтары аралығында Ухань Ауруларды бақылау және алдын алу орталығының өкілі Тянь Джунхуа әріптестерімен бірге қала маңындағы жабайы аңдардан үлгілер жинады, оның ішінде Хуананьге аңдарды жеткізіп отырған фермалардан 15 жанат тәрізді иттің және жүздеген жарқанаттың үлгісі алынды; олардан SARS-CoV-2 вирусының еш ізі табылмады. ДДСҰ мен Қытайдың бірлескен зерттеуіне қатысқан ғалымдар да Хуанань базарына аңдарды жеткізіп отырған Хубей провинциясындағы фермалардан алынған 600-ден аса үлгіні талдау нәтижесінде де вирус таппаған. Коронавирус тасымалдайтын сансыз көп жарқанаттың отаны болып саналатын оңтүстіктегі Юньнань, Гуандун, Гуанси провинцияларындағы жабайы жануарлардың жиырма төрттен аса түрінен алынған 2000-ға жуық үлгіні талдау нәтижесінде де SARS-CoV-2 үлгілері кездеспеген.
Розенберг ғалымдарың құр алақан келгеніне таң қалмады. Оның айтуынша, жаңа зоонозды аурудың көзін іздеу шөп арасынан ине іздеумен тең. Ал жануарлар популяциясының вирусты жұқтыруы жылдам болған жағдайда бұл әсіресе күрделі немесе тіпті мүмкін де емес.
Көмескі геномдық бейне
Инфекцияланған жабайы аңдарға назар аудармай, вирустың Хуананьде тарағанын дәлелдеудің бір жолы базардан пандемияны бастаған жануар вирусын табу. COVID-19 Хуананьде вирустың аңнан адамға жұққанынан пайда болса, онда базардан SARS-CoV-2 вирусының түпнұсқасын табу мүмкін болу керек, өйткені ол адамдағы баламасынан өзгеше. Дегенмен ондай вирус табылмады.
Қытайдың Ауруларды бақылау және алдын алу орталығының осы аптада ғана қызметінен кеткен директоры Джордж Гао жетекшілік еткен зерттеу ақпанда жарияланды, алайда ол әлі сарапшылардың елегінен өтіп үлгермеді. Зерттеуде Хуананьнен алынған 800 экологиялық үлгінің, оның ішінде канализация құдықтары, еден, қабырғалар, мұздатқыштар мен аңдарға арналған торлар үлгілерінің толық талдауы ұсынылды. 64 оң үлгінің үштен екісі базардың тірі жабайы жануарлар сатылған оңтүстік-батыс бөлігінен келген. Оң үлгілердің төртеуі адамдағы SARS-CoV-2 вирусымен бірдей толық геномдық реттілік көрсеткен, алайда ол төртеуінің ешқайсысы Холмс пен оның әріптестері вирустың таралу орны деп санаған №29-сөреден келмеген. Сондықтан қытайлық топ вирустар жануардан емес, адамнан тараған, яғни базар вирустың көзі емес, оның қозған жері болған деген қорытындыға келді.
Көптеген ғалым бұған күмәнмен қарайды. Ұлыбританиядағы Эдинбург университетінің биолог-эволюционисті және Science журналындағы қос мақаланың да бірлескен авторы Эндрю Рамбот Гаоның тобы қолданған деректер көпшілікке қолжетімді болмағандықтан, ол тұжырымды тексерудің қиынға соғатынын айтады. Оның айтуынша, базар ортасынан келген оң үлгілерде жануарлардың генетикалық материалдары бар; бұл орайда ол жануарлардың қай түрлері қолданылғанын, генетикалық материалдың санын және оның жабайы аңдар тұрған сөрелер орнымен қалай байланысатынын білгісі келеді.
Сондай-ақ, Science журналындағы екі жаңа мақала авторлары базардағы вирус таралуын шешудің генетикалық кілтін таптық деп санайды.
Сан-Диегодағы Калифорния университетінің өкілі Джоэл Уетхайм бүкіл дүние жүзінен 2020 жылдың ақпанына дейін жиналған 800-ге жуық алғаш вирустық геном реттілігін зерттеген топқа жетекшілік етті. Олар SARS-CoV-2 вирусының бір-бірінен генетикалық кодтың бар болғаны екі бірлігімен ғана ерекшеленетін A және B деп аталатын екі формасын ашты. Бұл формалардың пандемияның басында геномдық алуандықтың екі алапат жарылысына әкелгенін ерекше атап өткен жөн. Уетхайм вирустың өзара тығыз байланысты екі нұсқасының жануарлардан адамдарға екі бөлек жағдайда жұққандығын «айқын белгі» деп санайды.
Тусондағы Аризона университетінің биолог-эволюционисті және Science журналындағы екі мақаланың да бірлескен авторы Майкл Уоробей қытайлық Ауруларды бақылау және алдын алу орталығының тобы талдаған Хуанань экологиялық үлгілерінің кейбірінен А және В формаларының екеуі де табылғандығын айтады. Вирустың екі бөлек жағдайда жұғуы теориясына негіз бар деп ойласақ, екі жағдай да базарда орын алғанға әбден ұқсайды. Оның ойынша, Хуананьнен тыс жерде вирус жұқтырған екі адам вирустарды дәл сол базарға әкелді деген сценарийге қарағанда, бұл гипотеза анағұрлым шындыққа жақын.
«Хуанань вирустың жай ғана қозған жері болды деу бүкіл осы ойдың зеңбірек ядросы сияқты», – дейді Уоробей.
Алайда басқа ғылыми еңбек барлық SARS-CoV-2 геномын қазан айының соңына дейін пайда болған үшінші вирустық бағыттың тудырғанын алға тартады. Bioinformatics журналының наурыздық санында жарияланған зерттеуде Филадельфиядағы Темпл университетінің өкілі Судхир Кумар бастаған топ дүние жүзінен жиналған SARS-CoV-2-нің миллионнан астам геномдық реттілігін талдап, тек бір ортақ түпнұсқа болған, яғни вирус тек бір-ақ рет жұққан деген қорытындыға келген.
Бұл зерттеулер бақыланатын геномдық реттілік негізінде вирустық эволюцияны анықтау үшін әртүрлі әдістер қолданған және екі әдісте де екіұштылық көп. Сондықтан National Geographic жүгінген бірнеше ғалым өз тұжырымдарын сыни тұрғыдан қабылдау қажеттігін айтты.
Дегенмен вирустың таралған нақты орны әлі белгісіз болса да, вирусологтар мен инфекциялық аурулар мамандарының басым бөлігі Қытайдағы жабайы аңдар саудасының пандемиялық өртті қоздыруда шешуші рөл атқарғанын мойындайды. Фрутостың сөзіне жүгінсек, жабайы аңдарды жеткізу тізбегіндегі қауіптерді шұғыл зерттеу қажет.
Жабайы жануарларды өсірудің болашағы
Былтыр желтоқсанның бұлтты бір күнінде ғалымдар тірі жабайы аңдардың заңсыз саудасын тапқан төрт базардың бірі – орталық Уханьдегі шуылдаған Цимен базарына кірдім. Ауаны балықтың иісі кернеп тұр, жан-жақтан өз тауарларын сатып жатқан саудагерлердің дауыстары шығады. Жергілікті тұрғындар азық-түлікке толы сөрелер қатарын аралап жүр. Сөрелерде лотос тамыры мен жүзіп жүрген жыланбалықтан бастап, ілмектерден салбырап тұрған терісі сыдырылған қояндарға дейін бар.
Саудагерлерден yewei («жабайы дәм») туралы сұрағанымда, олар маған міз бақпай қарады. Біреуі маған: «Бұл сөзді айтушы болмаңыз. Бұдан былай оған рұқсат жоқ», – деді.
Қытайда жабайы жануарларды тұтынуға 2020 жылдың ақпанынан бастап тыйым салынды. Дегенмен көптеген зерттеуші бұл шара пандемиялардың алдын алуға жеткіліксіз екендігін айтады, себебі көптеген жабайы аң әлі де болса жүн мен тері алу, дәстүрлі қытай медицинасы, зообақтар, жабайы табиғат саябақтары мен ғылыми зерттеулер үшін, сондай-ақ үй жануары ретінде өсіріліп жатыр.
Техастағы Хьюстон-Даунтаун университетінің жабайы табиғат саясатының сарапшысы Питер Ли: «Бұл – дәл мағынасында жабайы аңдарды стероидтарда өсіру деген сөз», – дейді.
Осы уақытқа дейін жабайы аңдарды өсірудің қоғамдық денсаулыққа төндіретін қаупі туралы мәлімет аз еді. Ақпанда қытайлық ғалымдар жетекшілік еткен бір топ халықаралық зерттеуші фермаларда өсірілген, жан-жануардың 18 түріне жататын 2000-ға жуық жабайы аңнан алынған үлгіден вирустың жүзден аса жаңа түрін тапқандарын мәлімдеді. Бұл аңдардың көбісі Хуанань базарында сатылған. Бұл вирустардың жиырма төрті адамзатқа аса қауіпті деп танылды. Вирустардың көбісі, оның ішінде коронавирус пен тұмаудың жаңа вирустары, бір тіршілік иесі түрінен екіншіге жылдам жұғу қабілетіне ие.
Зерттеушілер тобы үлгі алған кейбір жануарлар ауру болған: көбінесе олардан жөтел, мұрыннан су ағу немесе іш өту байқалған, алайда инфекцияланған көп жануардан аурудың айқын белгілері көрінбеген. Холмстың айтуынша, вирустар бір түрден екіншіге жұғып, әрдайым мутацияға ұшырап, адам ағзасындағыдай, жабайы аңдарда да тыныш айналып жүре беруі мүмкін. Жануардың бірнеше түрі бір фермада өсірілсе, тар әрі нашар желдетілетін жерлерде бірге ұсталса, вирустың жұғуы одан да жылдам.
Қораға баруға дейін және кейін дезинфекциялау, өлі жануарлармен әрекеттескенде қолғап кию сияқты негізгі биоқауіпсіздік шараларын фермерлердің тек кейбіреуінің ғана сақтауы жағдайды одан әрі ушықтырады. Холмс вирусқа толы аңдармен еш қорғаныссыз әрекеттесудің аса қауіпті екендігін айтады: «Тіпті зертханадағы ең қарапайым деген биоқауіпсіздік стандарттарын сақтаудың өзі оларды мүлдем сақтамаудан мың есе артық».
Оның үстіне, жануарлар үнемі бүкіл ел аумағында еш карантинсіз тасымалданады. Ал бұл, Лидің сөзіне сүйенсек, жаңадан пайда болып жатқан аурулардың таралуына әкеледі. Бір алаңдатарлығы, жаңа патогендердің үй жануарларын залалдандыруға мүмкіндіктері зор, себебі жабайы аңдар фермаларының көбісі орманды аймақтарға жақын орналасқан және фермерлер өз қорларын толтыру үшін жабайы аңдарды жиі аулайды.
Фрутостың айтуынша, осы жағдайды ескерсек, қысқа мерзімді вирустардың өршуі жабайы жануарлар фермаларына ара-тұра зиян келтіруі ықтимал. Көп жағдайда инфекцияланған жұмыскерлерде тек әлсіз симптомдар байқалуы мүмкін, не мүлде болмауы да ықтимал және вирустар адамдардың шектеулі санына жұққаннан кейін құриды. Уетхаймның командасы Science журналында былтыр жариялаған компьютерлік симуляцияға сәйкес халық аз қоныстанған ауылдық жерлерде жанама әсер туғызатын вирустардың 95 пайызы өліп қалады екен. «Вирустың жұғу қабілеті сақталу үшін адам мен қарым-қатынастың жеткілікті саны болуы қажет», – дейді ол.
Дегенмен вирустың таралуы жиілеп кеткендіктен, әсіресе фермалар арасында және жабайы базарлар секілді қала өңірлерінде жүретін адамдар санының барған сайын көбейіп бара жатқанын ескерсек, вирустың адамнан адамға тұрақты түрде жұғуы артады.
Жолайрықта тұрған ел
COVID-19 жағдайында ең бірінші инфекцияланған адам жануарларды бірнеше фермадан жинап, қаладағы базарлар мен қоймаларға жеткізген делдал болуы мүмкін. Фрутостың сөзіне жүгінсек, бұл – Қытай мен оңтүстік-шығыс Азияда қалыпты жағдай. Кейін бұл адам вирусты Хуанань мен Уханьнің басқа да жерлеріндегі саудагерлерге жұқтырған болуы керек. Бұл теория SARS-CoV-2 бірнеше базар ортасында және олармен байланысты қалалық қоймалардан табылған деген Гаоның тұжырымына сәйкес келеді.
Фрутостың айтуынша, бір айта кетерлік маңызды жайт, бұндай сценарийлер тұрақты әрі кең тараған инфекцияның жануарларда болуын талап етпейді, себебі түпнұсқа вирус эволюцияға ұшырап, адамзат ағзасы оны іріктеп, қабылдағаннан кейін ғана пандемиялық сипатқа ие болуы мүмкін.
Бұл болжамды сценарий адамдардың жаңа патогендермен инфекциялануы біз бұрын ойлағаннан анағұрлым жиірек болуын жете түсіну қажеттілігіне баса назар аудартады. «Ол инфекциялардың басым бөлігі не байқалмай, не дұрыс диагноз қойылмай өте бермек», – дейді Розенберг.
Ухань Вирусология институтының зерттеушілері мен олардың әріптестері екі бөлек зерттеу еңбегінде оңтүстік Қытайда жабайы жануарлармен тығыз жұмыс істейтін және жарқанаттарға жақын тұратын халықтың 4 пайызына жуығы аса қауіпті жануар вирустарымен инфекцияланғанын ашты. Олардың арасында коронавирус та бар; қасапшылардың арасында індет жұқтыру деңгейі 9 пайызды құраған, алайда ешқайсысында қауіпті симптомдар байқалмаған.
Фрутостың ойынша, вирустардың осындай жиі ұшқындары ақыр аяғында SARS өршуі мен COVID-19 пандемиясына ұласқанға ұқсайды.
Ғалымдар оларда әлі барлық жауаптың жоқ екендігін және басқа туындап жатқан инфекциялық аурулардан айырмашылығы, COVID-19 нақты қайдан келгенін тіпті ешқашан таба алмаулары да мүмкін екендігін мойындайды. Дегенмен Холмстың айтуынша, Қытайдағы жабайы аңдарды өсіру бүкіл дүние жүзі халқының денсаулығына алапат қауіп төндіруін жалғастырып жатқаны белгілі.
Холмс Қытайдың жабайы жануарларды тұтынуға тыйым салуымен қатар, аңдарды жеткізу тізбегінің бүкіл кезеңінде биоқауіпсіздік шараларын күшейту қажеттілігін айтады. Атап айтсақ, өсіріліп жатқан жабайы аңдарды және оларды тасымалдаушыларды инфекцияның бар-жоғына тұрақты тексеру қажет. Сондай-ақ, Холмс аталмыш бақылаулар барысында коронавирус инфекциясына бейім болып келетін және терісі үшін Қытайда әлі де болса көптеп өсіріле беретін қаракүзен, жанат тәрізді ит сияқты жануарларға айрықша назар аударылуға тиістігін айтады.
Бұл арада Қытай жалғыз емес; жабайы аңдар өсірумен және оларды жабайы базарларда сатумен айналысатын басқа да елдер көп. Дей тұрғанмен де, көп ғалымдар бұл елдің дәл қазір жолайрықта тұрғанын айтады. Егер Қытай елді тәртіпке келтірмесе, Ли айтқандай, «COVID-19-дың Қытайдан шыққан соңғы пандемия болуы екіталай болмақ».