4Там

Пазырық мумиясындағы татуировка

Ғалымдар жаңа сурет технологиясының көмегімен темір дәуіріне тән мумияның татуировка суреттерін анықтап, оларды бұрын-соңды болмаған деңгейде зерттей алды.

Мұзда сақталған мумияның 3D үлгісі. Мумия көшпенді пазырық мәдениетіне тиесілі. Жоғарыдағы сурет көзге көрінетін жарық спектрінде түсірілген, ал төменгісі – инфрақызыл сәуле арқылы алынған.
Фотосуреттің авторы: М. Вавулин, Antiquity Publications Ltd


Автор: Энни Рот


Адамдар ежелден-ақ өз терісін (денесін) ру таңбасымен, сүйіктісінің есімімен әспеттейтін болған.  Тарихы бес мың жылдан да тереңге бойлайтын тату өнерін өз дәуірінде сан түрлі мәдениеттер пайдаланып, дамытып отырған. Әйгілі мысалдардың бірі – Альпі тауынан табылған Өтзи мумиясы. Оның денесінде жалпы саны 61 сурет болған. Тағы бір мысал – ежелгі Чилидегі Чинчорро мумиясы. Оның мұрнының астында мұртқа ұқсас қара нүктелермен таңбаланған татуы бар деп есептеледі.

Теріге сурет салу дәстүрі ежелде кең тараған десек те, мұндай көне суреттерді зерттеу оңай шаруа емес. Ғалымдар ежелгі өнердің алғашқы үлгілерін тани түсу үшін денесіне тату басылған мумияларға жүгінеді. Бірақ мумиялау барысында суреттер көбіне өшіп кетеді, я болмаса көрінбейтін болып қалады. Бұл зерттеушілердің көбірек мәлімет алуына кедергі келтіреді.

Бүгінде жаңа технология көне татуларды қайта «тірілтуге» көмектесіп жатыр. Халықаралық зерттеушілер тобы тұнықтығы жоғары инфрақызыл фото түсіру әдісі арқылы Сібірдің мәңгі тоң қабатында екі мың жыл сақталған әйел мумиясындағы суреттерді қайта қалпына келтірді. Тіпті сурет қандай құралмен салынғанын да, оны салған шебердің кәсіби деңгейін де анықтай алды.

Өткен аптада Antiquity журналында жарияланған зерттеу мумия тиесілі темір дәуіріндегі мәдениетте денеге сурет салудың қандай рөл атқарғаны жөніндегі тың деректерді ортаға шығарды.

Көне татуировка, жаңа технология


Археологтер өткен ғасырдың орта тұсында Орталық Азиядағы Алтай тауларынан мумияға толы қорым тапты. Олар мыңдаған жыл бұрын ғұмыр кешкен көшпенді пазырық халқына тән. Сол мумиялардың бірі – тоғыз жылқымен, күймемен және сәнді кілемдермен бірге жерленген әйел мен ер адамның мүрдесі. Бұл мумия мен оған тиесілі заттар қазіргі Ресейдің Санкт-Петербург қаласындағы Эрмитаж мемлекеттік мұражайында сақталып тұр. Ғалымдар жақында оның денесіндегі тату іздерін зерттеді.

«Тері қарайып, күңгірттене бастағандықтан, алғаш қазып алған сәтте оның татуировкасы мүлде көрінбейтін, – дейді зерттеу тобының жетекшісі, Германиядағы Макс Планк геоантропология институтының археологі Джино Каспари. – Бірақ біз тері астында тағы бір нәрсе бар екенін білдік».

Каспари мен командасы тұнықтығы жоғары инфрақызыл фотоаппарат арқылы Пазырық мумиясының 3D моделін жасады. Мұндай скандау әдісі бұрыннан бар, бірақ оны денедегі ескі, көрінбей қалған әшекей-нақыштарды зерттеуде қолдану тың тәсіл еді.

Айқындылығы жоғары, жақыннан түсірілген фотосуретте мұзға айналған мумияның білегіне салынған татуировка анық көрінеді. Жерлеуге дайындық кезіндегі тілік оның дәл үстінен өткенін байқаймыз. Бұл марқұмды жерлеу рәсімінде татудың айрықша рөл атқармағанын білдіреді.
Фотосуреттің авторлары: Г. Каспари мен М. Вавулин, Antiquity Publications Ltd

«Инвазивті емес (яғни, мүрдеге жанаспайтын, зақым келтірмейтін) әдісті қолдана отырып, денедегі суреттерді бұрын-соңды болмаған дәлдікпен анықтауға мүмкіндік алдық, – дейді Каспари. – Соның арқасында суреттерді нақты құжаттап қана қоймай, олар қандай әдіспен жасалғанын да білдік».

Ине ме, әлде жіп пе?


Мумияның қолы мен білегінде суреттер бар екенін скандау мен одан кейінгі талдаулар қорытындысы көрсетті. Әйелдің қолы құстар мен басқа да ұсақ бейнелермен нақышталған, ал білегінде – бұғы тәрізді аңдарды жолбарыс пен қабылан, сондай-ақ құс тұмсықты, қанатты, төрт аяқты грифон тәріздес мақұлықтар қуалап жүрген көріністер бейнеленген.

Зерттеушілер бұл жаңалық пазырық халқы денеге суретті қалай салғаны жөніндегі дау-дамайға нүкте қоятынын айтады. Ол бүгінде біз субдермал әдіс деп жүрген әдіспен, яғни терінің астына жіппен пигмент енгізу жолымен жасалған ба? Әлде үшкір нәрсемен піскілеу (шаншу) арқылы салынған ба? «Біздің зерттеуіміз бұл суреттер тесу әдісі арқылы салынғанын анық көрсетті – қазіргі тілмен айтқанда, бұл – қолмен шаншу», – дейді Каспари.

Ол тату шеберлері түрлі әсер беру үшін бір ұшты және көп ұшты құралдарды қатар қолданған болуы мүмкін екенін айтады. Каспари өз тұжырымын нақтылай түсу үшін әріптесінің далалық зерттеуін мысалға келтіреді: әлгі кісі татуировканың қалай жазылатынын байқау мақсатымен өз аяғына қолмен түйреу (хэндпоук) әдісі арқылы сурет салып көрген.

«Оның осы сынап көргендігі шешуші рөл атқарды», – дейді ол.

Жеке қолтаңба

Каспари мен оның командасы бұл татуировкалардың барлығы бір деңгейдегі шебердің қолынан шықпаған деп тұжырымдайды.

«Оң жақ білектегі сурет өте шебер салынған – онда дене пішіні ойнатылып, перспектива қолданылған, ұсақ бөлшектеріне дейін мұқият ойластырылған. Ал сол жақ білектегі сурет, керісінше, орналасуы мен орындалуы жағынан қарапайымдау», – дейді Каспари.

Олар бұл әйелге татуировканы екі бөлек шебер салған, я болмаса бір суретші мансабының басында бір рет, кейінірек шеберлігі артқан соң қайтадан салған болуы мүмкін деп қоса кетті. Зерттеу көрсеткендей, қос білектегі детальдардың айырмашылығына қарамастан, бұл мумиядағы ең қарапайым суреттің өзін бүгінгі тату шеберлері оңайлықпен қайталай алмайды.

Оң білектегі татуировка A – Қазіргі күйі. B – Кебу процесіне байланысты өзгерістер ескеріліп, тері қыртыстары тегістелген, түзетілген нұсқасы. C – Идеализацияланған, көркем түрде қайта салынған түрі. Иллюстрациялар Д. Ридэйдің және Antiquity Publications Ltd баспасының рұқсатымен ұсынылған.

«Тату өнері сырттай көрінгендей қарапайым емес», – дейді Иллинойс штаты университетінің қылмыстық әділет саласының зерттеушісі Дэвид Лейн. Ол заманауи татуировкаларды зерттеп, тату суретшілері жөніндегі «Иненің екінші ұшы: Тату шеберлері арасындағы сабақтастық пен өзгеріс» атты кітап жазған.

Зерттеуге қатыспаған Лейн бұл татуировкаларды жасауға қажет шеберлік пен арнайы құралдарды ескере отырып, Пазырық қоғамында тату өнері арнайы дайындық пен табиғи қабілетті талап ететін, құрметті кәсіп болғаны анық дейді.

Зерттеушілер бұл мумиядағы татуировкаларды салған шеберлер – жоғары деңгейлі маман ғана емес, сонымен бірге шығармашылық қабілеті зор тұлғалар болған деп қорытындылайды. Татуировкалардың көп элементі Пазырық мәдениетіне тән танымал иконографияны қайталаса, кейбірі бұрын кездеспеген бейнелерден тұрады. Бұл – шебер жұмысқа жеке қолтаңбасын қосты дегенді білдіреді.

«Бұл татуировкалар адам қолынан шыққанын ұмытпауымыз керек», – дейді Ресей Ғылым академиясының Археология және этнография институтының археологі Наталья Полосьмак. Ол өзі бұл зерттеуге қатыспаған.

1993 жылы табылған атақты «Мұз ханшайымы» мумиясын қоса есептегенде, бірнеше пазырық мумиясын тапқан Полосьмактың айтуынша, бұл зерттеу пазырық халқы туралы білетінімізді түбегейлі өзгертпейді,  дегенмен ол: «Дәл осы мумиялар мен татуировкалар әлі де жаңа буын зерттеушілерінің қызығушылығын оятып, оларды осындай тартымды әрі сирек тақырыпты зерттеуге үлес қосуға ынталандырып келе жатқаны өте қуанышты», – дейді. Мұзда сақталған ежелгі мумия мен ондағы көне өнер туындыларын зерттеудің өзі Каспари үшін үлкен мәртебе. «Бұл – дарынды шебердің заманына үңілудің әрі әлемнің түкпір-түкпіріндегі бүгінгі адамдарға маңызды саналатын өнер түрінің тарихын толықтырудың керемет мүмкіндігі», – дейді ол.


Қадірлі оқырман, әлемдік деңгейдегі зерттеулерді фото және инфографика, карта түріндегі көрнекі безендірулерімен оқығыңыз келсе, мына нөмірге +7 771 149 9144 хабарласып, журналымызды жаздырып алуыңызға болады немесе төмендегі «САТЫП АЛУ» батырмасын басып, Каспи арқылы жаңа журнал сатып ала аласыз.