20Мам

Бал арасы

Фото: Ерлан Омар

Бал арасының жердегі тіршілік үшін аса маңызды рөл атқаратынын, ал оның балы аса пайдалы екенін көпшілігіміз білеміз.  Араның балы ғана емес, оның уы, аналық сүті, балауызы да ем. Сондықтан көптеген елдерде омарта шаруашылығы дамыған. Омарташылықтың қыр-сырын білетін азаматтар біздің елде ара өсіріп, бал шайқап отыр.

Елімізде алғаш ара шаруашылығы Шығыс Қазақстан облысында қолға алыныпты. Тарихи деректерді парақтасақ, 1777 жылы Ресей ғалымы П. Паллас сонау Батыс Алтайдан бастау алып, Ертіске құятын Үлбі өзенінің бойы бал арасын өсіруге өте қолайлы екендігін жазыпты. Кейін 1812 жылы Үлбі бойындағы омарташылар бірнеше рет Сібірдегі Үрбіт жәрмеңкесіне барып, Алтай балының дәмі мен емдік қасиетін байқатып қайтқан.

Фото: Ерлан Омар

Уақыт өте ара өсіріп, бал шайқау шаруашылығы Шығыс Қазақстанмен қатар, Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарына да кеңінен таралды. Ал бүгінде Шығыстың, оның ішінде Катонқарағай мен Маралды ауылының балы елімізде кеңінен танымал бренд деуге болады.

Фото: Тілеубек Шаяхмет

Бір қызығы, таудың түу түкпіріндегі Маралды ауылындағы аралар асыл тұқымды жұмысшы аралар. Тау басында қар ұзақ жататындықтан бұл аралар бал жинауға кеш кірісіп, ерте ұйқыға кетеді. Жазы тым келте. Келте болған соң өсімдіктердің гүл атып тұру мерзімі де өте қысқа. Соның өзінде ерекше аралар бал жинап үлгеріп қалады. Кәсіби омарташы Ерлан Қаспақовтың айтуынша, ертеректе Ресейдің орталығынан әкелінген асыл тұқымды ара табиғаттың қатал мінезіне төзімді. Алайда, өте ызақор екен. Шалт қимылдасаң, шағып алатын көрінеді. Өкінішке қарай, Маралдыдағы қазба жұмыстарына байланысты асыл тұқымды ара да азайып бара жатқан секілді. Біз бұл тақырыпқа кейінірек тағы оралып, кеңінен қарастыратын боламыз.

Автор: Назар Дәулет