9Сен

Жамбы ату сайысы

Астанада қыркүйектің 8-і күні 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары ресми түрде ашылды. Ал алғашқы жарыс күнінде мажар стиліндегі жамбы ату спортының жеңімпаздары белгілі болды. Жамбы ату сайысына 27 мемлекеттен 78 спортшы қатысып жатыр. Спортшылар 11 топқа бөлініп, өз тобынан мықтылар бақ сынады. Жарыс нәтижесі бойынша Франция құрамасының спортшысы Raphael Malet Көшпенділер ойындарының алғашқы алтын медаліне ие болды. Күміс жүлдені Моңғолия Altankhuyag Nergui иеленді. Ал қола медальді Франция елінен Gaëtan Blot алды, деп хабарлайды Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының баспасөз қызметі.

«Мажар стилінің ерекшелігі – спортшы атпен жылдамырақ шауып, нысанаға көп оқ тигізу керек. Жебе санына шектеу жоқ. Қазақстан дирекциясы барлығын атпен қамтамасыз етті. Тоқсанға жуық атты дайындадық. Көшпенділер ойындары болғандықтан көп қатысушы келді. Ұлттық құрама спортшылары үш ай дайындалды. Жыл басынан бері төрт оқу-жаттығу жиынын өткіздік. Әр спортшыға жеке тактика әзірледік», – деді Жамбы атудан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Елдос Бадашев.

Төменде жарыс барысынан түсірілген фотосуреттерді ұсынып отырмыз.

Фотолар: Ерболат Шадрахов