19Шіл

Дрондар акула туралы түсінікті өзгертуде

ФОТО: СИДНЕЙ ПИТЕРСОН, NATIONAL GEOGRAPHIC

 

Жаз сайын мыңдаған адам Тынық мұхиттың класссикалық толқындарымен толқуға құмартып, Калифорния мен Аустралияның серфингтік жағажайларына ағылады. Бірақ олар ашық теңізде жиналатын үлкен ақ акулалармен суда бірге болатындарын білмейтін болар.

Бұл құбылыс дрондарды пайдалану арқылы расталды. Аталмыш технология ғалымдар үшін әлемдегі жағалау аймақтарда тіршілік ететін жануарларға биіктен қарау мүмкіндігі арқылы акулаларды зерттеу ісіне өзгеріс енгізуде.

Дрон көмегімен бақылау арқылы акулалардың қозғалысы, қоректену әдеттері, әлеуметтік қарым-қатынастары және олардың өз тіршілік орталарына енген адамдарға қатысты әрекеті туралы жер бетінде зерттеу жүргізу әдістеріне қарағанда көбірек мәлімет жинауға болады (акулалар ұзақ жылдарға созылатын достықты қалай қалыптастыратыны туралы оқыңыз).

«Бастапқыда осындай зерттеу жүргізу үшін дрондарды пайдалануға болатынына да сенімді емес едік, бірақ небәрі бірнеше жылда олар маңызды құралға айналды», – дейді Аустралияның Жаңа Оңтүстік Уэльс штатында тұратын, акулаларды зерттейтін ғалым әрі акулаларды зерттеудегі «дрондар төңкерісі» туралы еңбектің жетекші авторы Пол Батчер.

ФОТО: Кил Макбурни, NATIONAL GEOGRAPHIC

 

Батчер мен оның тобы 2021 жылы басталған дрон көмегімен мониторинг жүргізу бағдарламасын іске асырады. «Қазір бізде Аустралияның барлық 51 серфинг жағажайында апта соңында және жаз мезгілінде, мектеп демалыстарында аспанда қалықтап жүретін дрондарымыз бар», – дейді Батчер. Бұл құрылғылар Жаңа Оңтүстік Уэльстің жағалау аймақтарында, соның ішінде атақты Бонди жағажайында мерзімді түрде балғабасты акула, мұртты акула,   алты желбезекті акула және алып ақ акула сияқты түрлерді анықтап отырады.

Лонг-Бичтегі Калифорния штаты университетінің акулалар зертханасы директоры Крис Лоу Калифорнияда дрон көмегімен жасалатын бақылаулар мол азық пен климат өзгерісі салдарынан жылынған суға  келетін алып ақ акулалардың жағалау бойында топ-топ болып жиналатынын көрсеткенін айтады.  2020 жылы акулалар зертханасы 38 алып ақ акуланы байқаған, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда үш есе көп.

Халықаралық табиғат қорғау одағының жойылу қаупі төнген жануарлар тізіміне енген осы жыртқыштар саны соңғы жылдары мемлекет енгізген балық аулау мораторийі арқасында қайта қалпына келді.

«Дрондар жекелеген акулалардың дәл қазір немен айналысып жүргенін әуеден көруге тамаша мүмкіндік береді, – дейді Лоу. – Адамдар айналасында не болып жатқанынан бейхабар. Олар екі жарым метрлік акуланың дәл астында, төменде жүзіп жүргенін көре алмайды. Ал біз акулалардың адамдармен күнделікті әрекеттестікте екенін көреміз».

Дрондардың қоғамдық қауіпсіздік үшін аса маңыздылығының бір себебі де осы. Аустралияда және Калифорния штатында жергілікті атқарушы билік жаз мезгілінде акулалардың әрекетін қадағалап отыру үшін мерзімді түрде дрондарды пайдаланады. Бұл олардың жүзушілерге ескерту үшін немесе сирек те болса жағажайды жабу жөнінде тез шешім қабылдауға мүмкіндік береді.

Жағажайларды бақылау үшін дрондарды пайдаланудың маңыздылығы соншалық, Лоудың айтуынша, Калифорния штаты жақында Shark Lab зертханасына саны өсіп бара жатқан акулаларды қадағалау және жағажай демалушыларына артып жатқан популяциямен қауіпсіз қарым-қатынаста болуға көмектесудің жолдары туралы көбірек мәлімет жинау үшін 3,75 млн АҚШ долларын бөлді

Акулалардың кез келген уақытта судағы адамға немесе жүзу тақтасына жақындап келіп тиісуі түріндегі тосын оқиғалар сирек болады. Балық кәсіпшілігі және жабайы табиғат басқармасының мәліметіне қарағанда, Калифорнияда 1950 жылдан бері осындай небәрі 202 жағдай тіркелген. Бұған қоса, Калифорнияда жағажайда жүзушілердің көбеюімен бірге акулаға қатысты оқыс оқиғалар саны артқан емес.

Акулалар бойынша жаңа перспектива

Дрон арқылы бақылаулар мұхиттағы негізгі жыртқыштар туралы жаңа ғылыми жаңалықтар ашуға да септігін тигізді.

Мәселен, Shark Lab зертханасының дрондары Оңтүстік Калифорния жағалауында жиналатын алып ақ акулалардың басым бөлігі ұзындығы 3 метрден аспайтын жас акулалар екенін көрсетті.

«Жас акулалар кішкентай болғандықтан, өз дене температурасын жақсы  сақтай алмайды. Сондықтан жағалауға соншалық жақын жүзіп жүргендерін көресіздер, – дейді Shark Lab зертханасының аспиранты Эмили Сперджен. – Олар былайынша алып жануар болғанымен, жай ғана жылыну, қауіпсіздікте болу және қорек табу үшін жағалауға келген сәбилер сияқты».

Зерттеушілер Төменгі Калифорниядағы Кабо-Пулмо ұлттық теңіз паркінде таяз суда жиналған сары акулалар, алты желбезекті акулалар және Тынық мұхиттың мұртты акулаларын айыру үшін дрондардан түсірілген кадрларды пайдаланды.  Бұл эксперимент дрондардан алынатын кадрлар түрлерді идентификациялауда дәлдікті қамтамасыз ететінін көрсетті.

Дрондар ғалымдарға Сейшел аралдарында кашалот өлексесімен қоректенген жолбарыс-акулаларды, алты желбезекті акулалар мен небрия-акулаларды мазасын алмай бақылауға мүмкіндік берді. Бұл акулалардың осы үш түрінің үстемдік үшін таласпай-ақ, салыстырмалы бейбітшілікте бірге қоректенгенін көрсеткен таңдандырар жаңалық еді.

Дрондар мен видеокамералардың алдағы жылдарда жетіле түсетіндігін ескерсек, ғалымдар акулалардың мінез-құлықтары туралы көбірек мәлімет алуға болатынын болжап отыр.

Ең үлкен миф

Сперджен мен Батчер дрон көмегімен жасалатын зерттеулері мұхиттарда 400 миллион жылдан астам жүзіп жүрген акулалар туралы жаңсақ пікір тұманын сейілтуден үмітті.

«Қазіргі зерттеуімізде біз анықтаған ең үлкен миф – көпшіліктің жағалауда жүретін жергілікті акулалар болады деп ойлауы», – дейді Батчер.

«Алайда біз жинаған деректер акулалардың алыс қашықтықтарға жүзетінін көрсетті – дейді ол – кейде олар күніне шамамен 190 шақырымнан астам қашықтыққа жүзеді. Сондықтан кез келген бір күні жағажайда акула көрсеңіз, келесі күні ол алыс бір жаққа кетіп қалады».

Калифорнияда Shark Lab зертханасының дрон көмегімен бақылау бағдарламасы жағажайдағы кейбір шараларды да қамтиды, мәселен, мұқият бақылаған жағдайда акулалар адамдарға қауіп төндірмейтінін еске салу.

«Адамдар акулалардың жағалауға жақындап келгенін естіп, адам аңдып келді деп ойлайды, алайда олардың іздегені – скаттар, – дейді Сперджен, – және олар тез үркиді, бізде акуланың бір түп балдырдан үркіп кеткенін көрсететін кадр бар».

«Сайып келгенде, біздің барлық талпынысымыз адамдарды қорғау және олардың маңызды тіршілік ортасын мына алып ақ акула балаларымен ортақ пайдаланып жатқаны туралы хабардарлықты арттыруға бағытталған», – дейді Сперджен.

АВТОР: МЕЛАНИ ХАЙКЕН