29Окт

Үздік 25: Әлемдегі ең көрікті туристік орындар

Малайзиядағы сәнді пойыздардан Гуатемаладағы белсенді жанартауда серуендеуге дейін National Geographic зерттеушілері, фотографтары мен редакторлары таңдаған міндетті түрде көруге тиіс жерлерді біле жүріңіз.

Авторы: Карен Кармайкл

АНТИГУА, ГУАТЕМАЛА

Неліктен қазір бару керек: жанартау шыңы

Фото: Питер Фишер

Гуатемаладағы Фуэго деп дөп аталған жанартау – әлемдегі ең белсенді жанартаулардың бірі. Оған жақын орналасқан Акатенанго жанартауына (3976 метр) серуендеп, жанартаудың теңдессіз көріністерін тамашалауға болады. Күрделі жорық тау баурайындағы кофе плантациялары мен ылғалды орман арқылы өтеді. OX Expeditions, Antigua Tours жабдықтау компаниялары немесе Casa Santo Domingo қонақүйлер ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұра тізіміне кіретін көшелері мен көркем алаңдары бар колониялық Антигуа қаласына бір-екі күндік сапарларды ұсынады.

ОКАЛА ҰЛТТЫҚ ОРМАНЫ, ФЛОРИДА 

Неге дәл қазір бару керек: Флоридадағы сирек тұмса табиғатты тамашалаңыз

Фото: Ник Конзоне

Орталық Флоридаға келетін көпшілік турист аймақтағы тақырыптық парктер мен жағажайларға қызығады, алайда олардың ортасында жасыл мекен бар. АҚШ-тың құрлық бөлігіндегі ең оңтүстік ұлттық орман саналатын Окала ламантиндерге, қара аюларға және сирек кездесетін өсімдіктерге, сондай-ақ 156613 га аумаққа таралған 600 көл мен табиғи бұлақтарға мекен. Ұлттық Орман Қоры қонақтарға балық аулау пирстері мен жақсартылған соқпақтар қосып, қосымша демалыс мүмкіндіктерін ұсынды. Сонымен қатар, қорықтың ұзын жапырақты қарағай экожүйесін қалпына келтіру үшін инвазивті түрлерді жойып, көшеттер отырғызып жатыр. 

БАҢКОК, ТАЙЛАНД 

Неге дәл қазір бару керек: Қайта жаңғырған ғибадатхананы көріңіз 

Фото: Эккарат Пуньятара

Тайланд астанасы – ескі мен жаңаның тамаша үйлесімі. Қаланың жүрегінде Siam Center сияқты люкс сауда орталықтары мен Innside by Meliá Sukhumvit сынды жоғары деңгейлі қонақүйлермен қатар жарқыраған биік ғимараттар орналасқан. Баңкок өнер мен дизайнның орталығы болып саналады, мұнда Баңкок өнер биенналесі және Бангкок халықаралық кинофестивалі сияқты поп-ап көрмелер мен фестивальдар Баң Рак аумағында ұйымдастырылады. Бұл қала сондай-ақ туристерге Тайландтың бай мәдени мұрасын тану мүмкіндігін беретін басты орын.

Қаланың сыртында елдегі ең маңызды ескерткіштердің бірі орналасқан: XVII ғасырдағы будда храмы — Уат Чайваттханарам. Бұл храмның әсем архитектурасы ортасында орналасқан үлкен, кхмер стиліндегі пагодамен ерекшеленеді. Ол будда мифологиясындағы әлем кіндігі – қасиетті Сумеру тауын бейнелеп, кішігірім праңдармен қоршалған. Бірақ 2011 жылғы су тасқыны мен муссондық жаңбырлар храмға қатты зақым келтірді. Қазір ғимараттың толық 3D лазерлік сканы жасалып, храмды Тайландтың мәдени мұрасына қатысты білім беру орнына айналдыру үшін су тасқынына қарсы қорған салынып жатыр.

РАДЖА АМПАТ, ИНДОНЕЗИЯ 

Неге дәл қазір бару керек: Өркендеген суасты экожүйесіне сүңгіңіз 

Фото: Джонатан Айриш

Индонезияның Раджа Ампат архипелагы — маржанның 500-ден, риф балығының мыңнан астам түрі мен дюгондар сияқты теңіз мақұлықтары тіршілік ететін таңғажайып мекен. Сондай-ақ, қорғау шараларының арқасында мұнда зебра акулалары да қайта пайда бола бастады.

Бұл өңір шалғайда орналасқандықтан, оған тек кемемен жетуге болады. 2025 жылы Abercrombie & Kent және Aqua Expeditions туроператорлары архипелагтың экожүйесін көрсететін арнайы яхта сапарларын бастайды. National Geographic Expeditions «Индонезияны теңіз арқылы зерттеу» атты 20 күндік круизі барысында Раджа Ампатты араласа, Rascal Voyages Индонезияның дәстүрлі желкенді ағаш кемелері — финисиде жалға алу сапарларын ұсынады. 

ГУАДАЛАХАРА, МЕКСИКА 

Неге дәл қазір бару керек: Мариачи әуенінен ләззат алыңыз 

Фото: Алехандро Сегарра

XIX ғасырда Халиско штатында пайда болып, ұлттық киімдегі оркестрдің ішекті аспаптар мен кернейлерден тұратын әуендерімен әйгілі болған мариачи музыкасы Мексиканың мәдени құндылығы ретінде ЮНЕСКО-ның материалдық емес мұралар тізіміне енгізілді. Оны тікелей көру үшін Халиско штатының астанасы Гуадалахараға барыңыз, онда жыл сайын тамыз-қыркүйек айларында екі апта бойы Халықаралық мариачи және чаррерия фестивалі өтеді.

«Біз қаланы мерекелік көңіл күйге, фольклор мен қуанышқа толтырамыз», – дейді фестивальдің бас менеджері Карлос Матеос. Шамамен 500 мариачи оркестрі Театро Дегольядо мен қоғамдық алаңдарда өнер көрсетеді; парадтар, музыкалық шеберлік сабақтары және Мексиканың ұлттық спорты — чаррериядан родео жарыстары да өтеді. 

ЦЕНОБИТТІК МОНАСТЫРЛАР, ИТАЛИЯ 

Неге дәл қазір бару керек: Монастырдың рухани тыныштығын сезініңіз

Фото: Андреа Фраццетта

Орта ғасырларға жататын 200-ге жуық ценобиттік монастырлар Италия түбегінде шашыраңқы орналасқан. Осы оқшау қасиетті орындарда өмір сүретін монахтар «ортақ өмірді» ұстанып, қажыған жиһанкездерге төсек-орын ұсынады, бұл дәстүр бүгінгі күнге дейін жалғасуда, мұнда барлық келуші діни көзқарасына қарамастан қабылданады.

Бөлмелер қарапайым, бірақ әсерлі: григориандық хорларды тыңдаңыз, қасиетті жәдігерлер мен Ренессанс дәуірінің өнер туындыларын көріңіз немесе табиғат аясында тыныштықта медитация жасаңыз. Саяхатшыларға тұруға болатын монастырлар қатарына Флоренциядан екі сағаттық жерде, жартастың үстінде орналасқан Ла Верна мен Сиена маңындағы Монт Оливето Маджоре аббаттығы жатады, мұнда аббаттықтың жертөлесінде монахтар жасаған шараптан ауыз тиюге болады. 

ЛОС-АНДЖЕЛЕС, КАЛИФОРНИЯ 

Неге дәл қазір бару керек: Лос-Анджелестің жаңа өнер орындарында адасып қалмаңыз 

Сурет: Дэреон Грейс, Destination Crenshaw

Лос-Анжелестің мәдени өмірі жаңа серпін алуда. Құрама Штаттардағы ең үлкен қоғамдық/жеке қара нәсілді өнер бағдарламасы — Destination Crenshaw — Креншоу бульварының 2 км аумағын қара нәсілді суретшілердің 100-ден астам туындыларын қамтитын көгалдандырылған қоғамдық орындарға айналдырып жатыр. Лос-Анджелес округтік өнер мұражайы өзінің тұрақты коллекциясын сақтау үшін арнайы салынған шыны қабырғалы Дэвид Геффен галереяларын аяқтауға жақын. Ал 2026 жылы Лос-Анджелестегі Экспозиция саябағында ашылатын Нарративтік өнер мұражайында «Жұлдыздар соғысы» франшизасының авторы Джордж Лукас жинаған өнер туындылары көрсетілетін болады. 

ГРЕНЛАНДИЯ

Неге дәл қазір бару керек: Енді ерекше аралға бару оңайырақ

Фото: КилииЖүйян

Жердің үлкен бөлігі Арктика шеңберінен жоғары орналасқан Гренландияға жету қиын болатын. Дегенмен ел астанасы Нуук қаласында жаңа халықаралық әуежай ашылып, Солтүстік Америкаға рейстердің пайда болуымен әлемдегі ең үлкен аралға бару жеңілдей түсті. Canadian North компаниясы Air Greenland-пен әріптестік орнатып, жаз айларында Нууктен Икалуитке дейін апта  сайын үздіксіз рейстер ашты (Оттава мен Монреальға сол күні рейс бар). Сонымен қатар, 2025 жылдың маусым айынан бастап саяхатшылар Нью-Йорктен тікелей Нуукке United рейсімен де жете алады.

Гренландияға жеткен соң, сізді Илуллиссат мұзды фьордының алып айсбергтерін көру немесе Кулусукта байырғы инуит халқының мәдениетімен танысу сынды қызықты саяхаттар күтеді. 

КАНАЗАУА, ЖАПОНИЯ

Неге дәл қазір бару керек: Классикалық Жапонияны жеке-дара тамашалаңыз

Фото: Бен Ричардс (сол жақта) және Кин Коедель (оң жақта)

Киотода туристер саны артқаны сонша, қала билігі тарихи Гион ауданындағы кейбір көшелерді жауып тастады. Алайда Каназавада әлі де нағыз Жапония атмосферасын сезінуге болады. Киотодан пойызбен небәрі екі сағаттық жерде орналасқан бұл жақсы сақталған қалада ағаштан жасалған шай үйлері бар гейша ауданы, Жапонияның ең әдемі бақтарының бірі – Кэнроку-эн мен Шогун дәуірінен қалған самурай ауданы орналасқан.

Қалада алтын жалатылған әшекейлерге назар аударыңыз – Каназауа Жапониядағы 400 жылдық тарихы бар энцуке алтын жапырағының 99 пайызын өндіреді. Gold Leaf Sakuda сынды шеберханаларда осы нәзік, жарқыраған жапырақтармен заттарды әшекейлеуді өзіңіз де жасап  көре аласыз. 

EASTERN & ORIENTAL EXPRESS, МАЛАЙЗИЯ

Неге дәл қазір бару керек: Стильді сапарға шығыңыз

Фото: Николас Киниудің рұқсатымен, Belmond

Пандемияға байланысты төрт жылдық үзілістен кейін, люкс пойыз қызметін ұсынатын Belmond компаниясының Eastern & Oriental Express пойызы 2024 жылы қайта іске қосылып, керемет өзгеріспен оралды. 15 вагон шие ағашынан жасалған панельдермен және малай жібегімен безендірілген, оның ішінде элегантты пиано-бар вагоны мен төбесі ашық бақылау вагоны бар.

Екі тұрақты маршрут үш түндік саяхаттарды Сингапурдан бастайды. Save Wild Tigers табиғатты қорғау ұйымымен бірлесіп ұйымдастырылған «Тұмса Малайзия» маршруты Таман Негара ұлттық саябағына апарады, мұнда қонақтар жойылу алдында тұрған малай жолбарыстары туралы мағлұмат алып, тұмса табиғат фотосуретін түсіру сабағына қатысады. 

БРАШОВ, РУМЫНИЯ

Неге дәл қазір бару керек: Трансильваника жолын бағындырыңыз

Фото: Маттье Палей

Ортағасырлық Брашов қаласы – ежелгі ормандары, ауылды жерлері және Карпат шыңдары бар Трансильвания аймағының кіреберіс қақпасы. Кейінгі 50 жылдың ішінде салынған алғашқы әуежайының арқасында бұл әйгілі аймаққа жету әлдеқайда жеңілдеді. Аймақты Украина шекарасынан бастап, Дунайға дейін 1400 км-ге созылған жаяу жүру жолы  – Via Transilvanica арқылы зерттеңіз.

Маршруттың Terra Saxonum бөлімі саксон ауылдарынан және ЮНЕСКО-ның Әлемдік мұра тізіміне енген XII ғасырдағы Сигишоара қаласынан, ал Terra Dacica бөлімі жүзімдіктер мен дак бекіністерінің арасымен өтеді. 

СЕРРАДО, БРАЗИЛИЯ

Неге дәл қазір бару керек: Құстар мен қасқырларды көріңіз

Фотограф: Туй Де Рой, Minden Pictures

Серадоның кең саваннасы 850 құс пен 12 000 өсімдік түріне мекен, бірақ кейінгі онжылдықта оның 103 600 шаршы км-ден астамы жойылып кетті. «Серадо – жете бағаланбаған керемет орын, ол өнеркәсіптік ауыл шаруашылығы мен ірі қара мал өсіру салдарынан көз алдымызда жойылып барады», — дейді National Geographic фотографы Кэти Орлински.

Осы бірегей жерді жақыннан біліп, аймақтағы экономикалық баламаларды қолдау үшін Серадоның ортасындағы жеті люкс бөлмелі Pousada Trijunção қонақүйіне тоқтаңыз. Онда Onçafari табиғатты қорғау ұйымымен серіктестік арқылы ерекше жалды қасқырларды қадағалайды, оған гидтермен бірге сіз де қосыла аласыз. 

НОРТЛЕНД, ЖАҢА ЗЕЛАНДИЯ

Неге дәл қазір бару керек: Сирек кездесетін жануарларды бақылаңыз

Фото: Криспин Миддлтон

Оклендке қонған халықаралық саяхатшылар әдетте оңтүстікке қарай бағыт алады, бірақ аз зерттелген Нортленд аймағында қызықты тұмса табиғат пен жылы сулар әсіресе Poor Knights теңіз қорығында ерекше сүңгу мүмкіндіктерін ұсынады. Қорықта кездесетін теңбіл қара гропер, мозайка мурена және Лорд Хау маржан балығы сияқты көптеген балық түрі елдің басқа жерінде кездеспейді.

Құрлықта, әдетте көзге түсе бермейтін әрі қауіп төніп тұрған кивилер Kiwi Coast жобасының арқасында көбейіп келеді. 250-ден астам қауымның қатысуымен жүргізіліп жатқан бұл жоба Жаңа Зеландияның ұлттық символы үшін алғашқы қорғалатын аумақты құруды мақсат етеді. 

СЕНЕГАЛ
Неге дәл қазір бару керек: Дәмді сапарға аттаныңыз

Фотографтар: Джем Оздел, Anadolu/Getty Images (сол жақта) мен Мелисса Алсена (оң жақта)

Сенегалдың батысафрикалық тағамдары уолоф және француз асханасы араласқан тамаша дәм. Міндетті түрде дәмін тату керек тағамдар қатарына ұлттық балық, күріш пен көкөністерден жасалатын цеебу жен және сенегалдық гумбо – канжа көжесі кіреді. Relish Africa-мен бірге Дакарда аспаздық сабаққа немесе көше тағамдары турына қатысыңыз және тағамды бөлісуге дайын болыңыз – елдің қонақжайлылық дәстүрі теранганың белгісі ретінде көптеген тағам бірге желінеді.

«Бұл сондай әдемі қонақжай ел, мен отбасымның осында тамыр жайғанына мақтанамын», – дейді актриса әрі продюсер Исса Рэй, ол National Geographic-тің 2025 жылы шығатын No Taste Like Home жаңа бағдарламасы үшін аспаздық жұлдыз Антони Поровскимен бірге Сенегалға саяхат жасаған.

ХАЙДА ГУАЙИ, БРИТАНДЫҚ КОЛУМБИЯ
Неге дәл қазір бару керек: Хайда дәстүрлерін жаңа жерде тамашалаңыз

Фото: Бен Гисбрехт

Хайда Гуайи – шамамен 150-ге жуық тұманды аралдар тобы, Британдық Колумбия жағалауында орналасқан, жергілікті Хайда халқының атамекені. Ocean House эко-қонақүйі бұрын су бетінде орналасқан болса, енді Грэм аралының солтүстік бөлігіне, 8 га аумаққа көшірілді, онда ол қорғалған шығанаққа қарайды. Ашылғаннан кейін қонақүй Наикон провинциялық паркінде серуендеу, киттерді бақылау сапарларында бүкір киттер мен дельфиндерді көруді және Олд Массетт ауылында Хайда өнерпаздарымен кездесуді ұйымдастырады. Мұндағы асқақ тотемдер Хайда дәстүрлерін ұлықтап, сақтап тұрады.

БАРБАДОС
Неге дәл қазір бару керек: Құл саудасы тарихына жаңа көзқараспен қараңыз

Фото: Марк Гитар, Getty Images

Америкадағы құлдар тарихында Барбадостың рөлі жиі назардан тыс қалады. Миллиондаған африкалық құлдың негізгі өту нүктесі болған аралда бұл көзқарасты өзгертуге бағытталған жаңа ауқымды жоба қолға алынды. 2025 жылы ашылады деп жоспарланған жаңа Барбадос Мұра ауданы, көптеген құл жерленген жерде орналаспақ. Оны Африкалық-америкалық тарих пен мәдениет ұлттық музейінің авторы, ганалық-британдық архитектор Дэвид Аджай жобалаған.

Кешен құрамында Барбадос Ұлттық архивіне қолжетімділігі бар жаһандық зерттеу институты мен жерленген құлдарды еске алуға арналған 570 ағаш діңінен тұратын мемориал бар.

СУРУ ӨҢІРІ, ҮНДІСТАН
Неге дәл қазір бару керек: Әлемдегі келесі басты альпинистік нысанды бағындырыңыз

Фото: Саяндип Рой

Үндістанда жартасқа өрмелеу қарқынды дамып келеді: болдерингтен бастап биік жартастарды бағындыруға дейінгі жаңа маршруттарды жергілікті энтузиастар елдің түкпір-түкпірінде, соның ішінде керемет Суру өңірінде жасақтап жатыр. Ладакхтың солтүстігінде орналасқан бұл аңғар қарлы шыңдармен қоршалған әрі барлық деңгейге сай келетін гранит тастарына толы альпілік жұмақ.

Тамыз және қыркүйек айларында жыл сайынғы Suru Outdoor Fest фестиваліне әлемнің түкпір-түкпірінен келген альпинистерге қосылып, 500-ге жуық болдеринг кедергілерін бағындырыңыз. Таңертең йогамен айналысып, кешке жұлдызды аспан астында жанды музыка тыңдап, демалыңыз.

БОЙС, АЙДАХО

Неге дәл қазір бару керек: Баск халықтарымен бірге мерекелік кештерге қатысыңыз

Фото: Visit Boise архивінен

Айдахода АҚШ-тағы баск халықтарының ең көп шоғыры орналасқан, олардың көпшілігі 19 ғасырдың соңында қой баққан испан және француз мигранттарынан тарайды. Бұл аймақ өз мәдени мұрасын 2025 жылдың шілдесінде Бойс қаласында 10 жылдық пандемиядан кейін қайта оралатын Jaialdi фестивалімен атап өтеді. Қаладағы әйгілі Баск блогі күн сайынғы көше мерекелері, би және музыка қойылымдарымен бой көрсетеді, ал Спорт түнінде ағаш кесу және арба көтеру жарыстары өтеді.

ӘБУ-ДАБИ, БАӘ

Неге дәл қазір бару керек: Қаланың таңғажайып жаңа музейлерін тамашалаңыз

Фото: Амр Альфики

Жылдар бойы жоспарланған сән-салтанаттың көрінісі – Саадият аралы, 2025 жылы мәдени орталық ретінде толық аяқталмақ. Бұл ауданда қазірдің өзінде Лувр Әбу-Даби орналасқан, ал жақында БАӘ негізін қалаушының құрметіне аталған ел тарихы мен мәдениетін паш ететін Зайд ұлттық музейі мен көптен күткен Гуггенхайм Әбу-Даби ашылады. Оның дизайнын жобалаған архитектор Фрэнк Гери аймақтың дәстүрлі жел мұнараларынан шабыт алған.

МЮРРЕЙ ӨЗЕНІ, АУСТРАЛИЯ

Неге дәл қазір бару керек: Аустралияның аграрлық жүрегінде круиз жасаңыз

Фото: Алана Холмберг

Әлемде ұзындығы бойынша Амазонка мен Нілден кейінгі үшінші орындағы өзен –Аустралияның Мюррей өзені елдің орталығынан өтіп, солтүстік-шығыс Викториядан Аделаидаға жақын Ұлы Аустралия шығанағына дейін шамамен 2400 км-ге дейін созылып жатыр. 2025 жылдың маусымында дебют жасайтын Murray River Paddlesteamers компаниясының жаңа PS Australian Star кемесіне отырып, Викториядағы Эчука қаласынан көпкүндік круиздерге аттаныңыз. Бағдарламалар өзен жағасындағы барбекю, шарап дәмін тату, табиғатты бақылау және Перрикоота стансасы сияқты тарихи орындарға баруды қамтиды.

КУАЗУЛУ-НАТАЛ, ОҢТҮСТІК АФРИКА
Неге дәл қазір бару керек: Жаңа сафаридеҮлкен Бестікті тамашалаңыз

Фото: Др. Эндрю Бакстердің рұқсатымен

Елдің бәрі баратын Крюгер ұлттық паркінен аулақ болғыңыз келсе, Оңтүстік Африканың КуаЗулу-Натал провинциясындағы жаңа сафари орнына назар аударыңыз. Жақында ашылған 20 200 га аумақты қамтитын Бабананго қорығы – кейінгі онжылдықтардағы ең ауқымды реуайлдиң жобасының мекені. Мұнда пілдер, арыстандар, ориби және клипспрингер сияқты сирек кездесетін бөкендер мен жойылып кету алдында тұрған қара мүйізтұмсықтар қайта әкелінді.

Қонақтар тұмса табиғатты тамашалау турларына қатысып, аңдарды бақылап, төрт түрлі қонақүйде демала алады; олардың бірі Madwaleni River Lodge жеке сафари стиліндегі шатырлар ұсынады. КуаЗулу-Наталда жаңа ашылған орындар қатарында andBeyond компаниясының қайта ашылған Phinda Forest Lodge қонақүйі, Nambiti жеке қорығындағы Homestead мейманханасы және жағалаудағы Sala Beach House демалыс орны бар.

СТОКГОЛЬМ АРХИПЕЛАГЫ, ШВЕЦИЯ

Неге дәл қазір бару керек: Су жаңа кең жолмен серуендеңіз

Фото: Мартин Эдстрём

Швецияның Стокгольм архипелагы шамамен 30 000 арал мен аралшықтан тұрады: кейбіреулерінде әсем ауылдар орналасқан, ал кейбірінде теңіз құстары ғана желді жағажайлардың үстінде қалықтайды. Жақында ашылған 270 км-лік Стокгольм архипелагы жолы арқылы 21 аралды жаяу аралап, бір кездері Грета Гарбо аялдаған Utö Värdshus сияқты жайлы қонақүйлерде түнесеңіз болады. Сапарға ең жақсы уақыт – жаздың соңы мен ерте күз аралығындағы шведтер «сиқырлы маусым» деп атайтын кезең: күн жылы әрі архипелагты тыныштық баурайды. 

КОРК, ИРЛАНДИЯ
Неге дәл қазір бару керек: Жаңғырып жатқан урбанистік өрлеуге куә болыңыз

Фото: Киан Воң

Project Ireland бастамасы аясында іске асырылып жатқан 128 миллиард долларлық Корк қаласын дамыту жоспары 2028 жылға дейін порт пен айлақ аймағын жаңартуды, Кроуфорд өнер галереясын қайта жөндеуді және Корк іс-шаралар орталығын кеңейтуді көздейді, осылайша қалада жаңа концерттер, фестивальдар мен көрмелер өткізуге мүмкіндік туады. 2025 жылдың қыркүйегінде Ирландияның екінші үлкен қаласы – Оскар жүлдесін иеленген «Оппенхаймер» фильмінің актері, Корк тумасы Киллиан Мерфи негізін қалаған, екі жылда бір өтетін Sounds from a Safe Harbour фестивалі кезінде ерекше жарқырайды. Бұл фестиваль музыка, би мен әңгіме өнерін біріктіреді.

АУТЕР-ГЕБРИДТЕР, ШОТЛАНДИЯ
Неге дәл қазір бару керек: Шотландияның шынайы жұлдыздарын ашыңыз

Фото: Джим Ричардсон

Оскар номинациясын алған Inisherin Banshees фильмі Ирландияның батыс аралдарын көрсетті, ал жаңа BBC телехикаясы An t-Eilean (Арал) шотландтың гаэль тілінде түсіріліп, Шотландияның Аутер-Гебрид аралдарының керемет табиғаты мен кельт мұрасын паш етеді.

Гебрид аралдарын Hebridean Way арқылы зерттеңіз: шамамен 320 км болатын осы жаяу және велосипедпен жүруге арналған бағыт 10 аралды байланыстырып, күміс түсті жағажайлар, виски өндірістері, гүлзарлы дала және 5 000 жылдық Каланайс тастары сынды неолит ескерткіштерін қамтиды. Шілде айында Льюис аралындағы Сторновей қаласында жыл сайынғы Гебрид кельт фестивалі гаэль тілі мен музыкасын атап өтеді.

ТУНИС

Неге дәл қазір бару керек: Рим дәуірінің мұраларына саяхат

Фото: Кьяра Гоя

Бұрын Рим империясының құрамында болған Тунис аймағында таңғаларлықтай жақсы сақталған археологиялық ескерткіштер бар, әлі де жаңа олжалар табылып жатыр. Өткен жылы елдің жағалауынан 2 000 жылдық кеменің қалдықтары табылды. Тунистен екі сағаттық жерде орналасқан, Солтүстік Африкадағы ең жақсы сақталған римдік қала болып саналатын Дуггаға барып, ежелгі өмірдің іздерін көруге болады. Оның көшелерімен серуендеп, римдік моншалар, Юно мен Сатурнға арналған ғибадатханалар, 3 500 орындық театр, латын жазбаларымен қашалған тастар және бағаналары әлі де сақталған ауқымды Капитолий ғимаратын тамашалаңыз. 

САРАЕВО, БОСНИЯ ЖӘНЕ ГЕРЦЕГОВИНА

Неге дәл қазір бару керек: «Оқырмандар таңдауының» жеңімпазы

Фото: Ник Ст. Оеггер

Босния және Герцеговина астанасы әлемнің түрлі саяхатшыларын өзіне баурап келеді, осы жылы оқырмандар көзайымына айналып, жеңімпаз атануы тегін емес. Сараевоның ғасырлар бойғы тарихы оның табиғи сұлулығымен тығыз байланысты; бұл Милячка өзенінің бойындағы бірнеше көпірден, соның ішінде Латын көпірі мен Эйфель мұнарасының материалдарынан салынған деп саналатын Скендерия жаяу жүргіншілер көпірінен көрінеді.

Тарихқа қызығатындар қала рухының мықтылығын бейнелейтін «Құтқару туннелі» сияқты орындарға барып, құрмет көрсете алады. Шарап сүйер қауым атақты Жилавка, Блатина немесе Вранац шараптарынан дәм тата алады. Ал шытырманды ұнататындар үшін өзенде рафтиң, альпі шаңғысы немесе Еуропадағы ең әсем сарқырамалардың біріне жаяу саяхат жасау мүмкіндіктері бар.