28Ноя

Дубайдың көзден таса жеті маржаны

Дубайдың әлемге әйгілі көрнекті жерлерінен бөлек, көзден таса қазыналары – әртүрлі тарихи-мәдение мұралары да көп. Туристердің көпшілігі бұларды байқамай қалуы, тіпті білмеуі де мүмкін.  Ендеше, елдің бәрі білетін негізгі нысандарды көріп шыққан соң, қаланың тағы қай бұрышына барып, өзіңіз үшін қандай жаңа дүниелерді көруге болады?

Әлсеркаль даңғылы (Alserkal Avenue)

Дубайдың бас мәдени ауданы – Әлсеркаль даңғылы бұрынғы өнеркәсіп кешенінің аумағында салынған. Мұндағы қоймалар галереяларға, сәнді дәмханаларға, көрме залдары мен көркемөнер кеңістіктеріне айналды. Әлсеркаль даңғылы фестивальдарымен және жыл сайын өтетін өнер апталығы – галереядағы көрмелерді, шығармашылық кездесулер мен шеберлік сабақтарын қамтитын Alserkal Art Week сияқты іс-шараларымен әйгілі.

Тағы бір жарқын оқиға – 2012 жылдан  бері қаңтар айында тұрақты өткізіліп келе жатқан Alserkal Quoz Arts Fest Парсы шығанағы аймағындағы ең ірі өнер және мәдениет фестивальдерінің бірі саналады. Дәл осы Alserkal Avenue ауданында БАӘ-нің тұңғыш Cinema Akil тәуелсіз кинотеатры да орналасқан. Онда ретроспективті көрсетілімдер мен ұлттық кино апталықтары ұдайы ұйымдастырылып тұратындықтан, келушілер заманауи фильмдерді де, сүйікті классиканы да тамашалай алады.

Кофе музейі

Кофе музейі тарихи Әл-Фахиди ауданында орналасқан. Мұнда келушілер кофе тарихымен және оны дайындаудың әртүрлі әдістерімен танысып, көне кофетартқыштарды, ыдыстар мен құмандарды көре алады. Қонақтарға бір кесе хош иісті кофе мен Әмірліктердің дәстүрлі дәмі құрма ұсынылады. Музей дүкені кофе туралы кітаптарға өте бай, яғни жақыныңызға не өзіңізге керемет сыйлықтар алуға болады.

Рас Әл-Хор қорығы

Дубай-Крикке жақын орналасқан бұл қорық қаланың дәл ортасындағы таңғажайып табиғи мекен іспетті. Қорық жыл құстарының сүйікті орны десек те болады, өйткені бұл жерге бір маусымда 25 000-ға жуық құс келіп кетеді. Қоқиқаз, бізқұйрық, шүрегей және шалшықшы сияқты көптеген құс түрінің тұрақты мекеніне айналған. Осы қорықта сокотра суқұзғыны мен алакөз сүңгуір сияқты Халықаралық табиғат қорғау одағының Қызыл тізіміне енген, жойылып бара жатқан түрлер де тіршілік етеді.

Жалпы, құстардан басқа, әртүрлі балық пен сүтқоректілерге де пана болып отырған Рас әл-Хор 2015 жылы Парсы шығанағындағы ең жақсы қорғалатын аймақ деп танылды. Мұнда келушілер арнаулы шолу алаңдарынан құстарды табиғи тіршілік ортасында бақылап, қаланың қым-қиуыт тіршілігінен бір уақыт алыстап, рақаттана демалады.

Хатта (Hatta)

Хатта – таза ауадағы демалыс пен қимыл-қозғалысты қалайтындарға  жаяу серуен, тау велосипедін немесе Хатта-Дам көлінде қайықпен жүзуді ұсынады. Хаттаның жер бедерінде жота мен құм, суы тартылған өзен арнасы да кездесетіндіктен, 17 маршруттан тұратын 30 км жаяу жүргіншілер соқпағын мақтан тұтады. Бұл бағыттар әртүрлі деңгейдегі дайындықты қажет ететіндіктен, киетін киіміңіздің сай болуы өте маңызды. Ыңғайлы аяқкиім, қалпақ, күләпарасы бар жеңіл әрі жылы жемпір киген жөн. Телефоныңызды толық қуаттап, навигациялық карта алуды ұмытпаңыз.

Егер Хаттада күні бойы болуды жоспарласаңыз, жергілікті Hatta Heritage Village-ге міндетті түрде барыңыз. Бұл – тауда орналасқан, шамамен 3000 жылдық ауыл. Толығымен қалпына келтірілгендіктен, мұнда әмірлік жұртының жүз жыл бұрын қалай өмір сүргенін көруге болады. Ауыл маңында су құстары мекендейтін әдемі Swan Lake көлі жатыр. Жағасында пик-никке арналған орындары бар болғандықтан, көпшілік бұл жерге бала-шағасымен келіп демалғанды ұнатады.

Дубай ғажайып бағы (Dubai Miracle Garden)

Жалпы алаңы 72 000 шаршы метрді алып жатқан Dubai Miracle Garden әлемдегі ірі гүлзар-бақтың бірі саналады. Мұнда 150 млн гүл бар. Ең қызықты нәрселердің қатарында 500 мыңнан астам өсімдікпен көмкере отырып жасалған Airbus A380 ұшағының дәл көшірмесін айтуға болады. Бұдан бөлек, аққу, пүліш қонжық және автомобильдер сынды 3D мүсіндерді де осы жерден кездестіресіз. Балалар Смурфиктер ауылынан неше түрлі қызық тапса, инстаграм сүйер қауым сары алтындай толқыған күнбағыс алқабында ғажайып суреттер түсіре алады. 2024 жылы іске қосылған жаңа мини-гольф алаңы да бұл жердегі сауықтың сәнін арттыра түсті. Қонақтарға мұнда 30-дан аса дәмхана мен арнайы ас-ауқат фургондары түрлі тағам мәзірін ұсынады.

(Ескерту: Гүлзар-бақ жазда жабылатындықтан, жұмыс кестесін алдын ала ресми сайтынан анықтап алыңыз)

Әл-Сиф базары (Al Seef Market)

Жағалау бойында орналасқан Әл-Сиф ауданы көне Дубайдың сәулетін сақтап қалғандықтан, қаланың заманауи алып мегаполиске айналғанға дейінгі көрінісі мен тіршілігі қандай болғанын көруге мүмкіндік береді. Жағалау бойына серуенге шықсаңыз, бір кездері балықшылық пен тасымал ісінде аса маңызды рөл атқарған доу-қайықтарын көресіз. Бұлар қазір туристік круиз қызметін ұсынатын болған.

1950-60 жылдар стиліндегі базарда дәстүрлі киім, мата, кілем, керамика, зергерлік бұйымдар және дәмдеуіштер сатылады. Мұнда саудаласу қалыпты нәрсе, сондықтан еш қысылмастан қалаған затыңыздың бағасына келісуге болады.

Шейх Сайд Әл-Мақтұм үйі

Қазіргі Дубай билеушісінің атасы Шейх Сайдтың резиденциясы болған бұл үй ХХ ғасырдың басында салынған. Кең ауласы, көптеген бөлмесі және төрт бірдей жел мұнарасы бар. Қазіргі кезде музейге айналғандықтан, бұған келушілер ежелгі Дубай мен билеуші әулеттің сирек суреттерін, шақалар мен маркаларды, тарихи құжаттар мен антикварлық жиһаздарды көре алады. Үйдің архитектуралық сәулеті де қалың қабырғаларымен, кең әрі арқалы есіктерімен, терезелерінің оюлы топсаларымен ерекшеленеді.