27Дек

Қысқы Бурабай несімен таңғалдырады?

«Бурабай» ұлттық паркінің аумағында орналасқан Бурабай курорты – таңғажайып орман-тоғайлары мен шипалы көлдері бар көзтартар мекен. Шуақты жазда да, қытымыр қыста да бұл жерге келетін қонақтардың қарасы үзілмейді. Бес жұлдызды Rixos Borovoe қонақүйі сол жандардың демалысын барынша тартымды ету үшін тынбай жұмыс істеп келеді.

Таза ауа – жанға дауа

Rixos Borovoe жанындағы Щучье көлін мұз басқанда, оның үсті қысқы  ойын-сауықтың нағыз қызған алаңына айналады. Мұнда сіз шаңғы да теуіп, қар бұрқыратып квадроциклге де міне аласыз. Атпен серуендеп, өкпеңізді тап-таза ауаға толтырып тыныстаймын десеңіз де еркіңіз. Сүйкімді хаскилерді шанаға жегіп, балаларыңызбен мәре-сәре болып көңіл көтерсеңіз де мархабат! Қонақүй аумағында мұзайдын да бар. Ал ақ көрпе жамылған орман ішімен аяңдаудың өзі не тұрады?!

«Rixos Borovoe жыл он екі ай туристерді қабылдауға дайын. Жақындарыңызға тамаша демалыс пен тау-тау эмоция сыйлағыңыз келсе, бізге ат басын бұрыңыздар, – дейді қонақүйдің бас менеджері Йеспер Франсел. – Қонақтарымызға арнап қыс қызығын сезіндірер қаншама іс-шара әзірледік. Қарбалас қала тіршілігінен бір сәтке алыстап, осындай еліктірер ертегі әлемге келіп қонақ болып тұрғанға не жетсін?!

Қырым моншасынан құр қалмаңыз

Rixos Borovoe қонақүйін өзгелерден ерекшелейтін бір тұс – мұнда еліміздегі жалғыз Қырым моншалары орналасқан. Одан адамның тәні ғана емес, жаны да сергиді деседі. Уақыт сынынан өткен көне рецептілер қолданылатын болғандықтан, бұл моншаның берер күш-қуаты орасан. Маманданған моншашылар әр қонаққа өзіне лайықты процедуралар мен оның уақыт ұзақтығын таңдап береді. Ал тынығып болғаннан кейін сізге бұлақтың тап-таза суын, сондай-ақ теңіз шырғанағы мен таңқурай шайын әкеледі. Моншадағы процедура атауларының өзі де айрықша: шипалы шөптер буы, үндер үйлесімі, эфир майларын қосып булау, балдырдан жасалған матрас үстінде қайың сыпыртқымен сабалап қыздырыну, балдырдан тоқылған гамак үстіндегі емдік-кинетикалық ұйқы секілді ем-шаралар жетерлік. Айтпақшы, Қырым моншасындағы бүкіл балдыр Қара теңіз жағасынан әкелінеді.

Спа сауықтырып, стрестен құтқарады

Rixos Borovoe қонақүйінің Spa&Wellness аймағында 90 және 100 градустық екі фин саунасы мен бір еуропалық ылғал бу бөлмесі бар. Сауна дуалдары Гималай тұздарымен қапталған. Ылғал бөлмеде тұздар буланып, теңіз жағасында отырғандай ерекше әсер сыйлайды. Бұл тәнді жасартуға, ағзада жиналған токсиндерден тазартуға, тері проблемаларының алдын алуға көмектеседі. Spa&Wellness сонымен қатар ерлерге арналған экспресс массаж бен қосымша процедуралар ұсынады. Небәрі жарты сағаттың ішінде стреске қарсы массаж сізді сергітіп, күш-қуатыңызды толтырады. Аяқ ұшынан тізеге дейін жасалатын рефлексологиялық массаж да сергек қалпыңызға тезірек оралуға мүмкіндік береді.

Қонақүй балаларын ұзақ уақытқа жалғыз қалдыра алмайтын қонақтарға өте қолайлы: кешендегі Rixy Kids Club аумағында балалар әртүрлі ойындардың қызығына батып, пайдалы уақыт өткізе алады.

Түйір еті тіл үйіреді

Rixos Borovoe қонақүйінің жанға жайлы мейрамханалары алуан түрік тағамдары мен кофесін ұсынып, құдды Ыстамбұлда отырғандай әсер сыйлайды. Одан бөлек, қазақтың ұлттық сусындары дейсіз бе, шипасы мол шырындардан дәм татқыңыз келе ме, заманауи коктейльдердің фанатысыз ба, әлде іздегеніңіз үздік шараптар ма – көңіл қалағанның бәрі осы маңнан табылады.

Қонақүйден аспай үнді еліне кішігірім саяхат жасағыңыз келсе, Masala мейрамханасының қонағы болыңыз. Мұндағы шеф-аспаз Сунил Гопал Үндістанның  Керала қаласынан келген. Оның айтуынша, қонақтар көбіне тикка-масала, пад тай сияқты тағамдарға тапсырыс береді екен. Оңтүстік-шығыстың экзотикалық асханасын іздейтін қонақтардың көбейіп келе жатқанын байқап, үнді-тай мейрамханасын ашу туралы шешім қабылданды. Мәзірдегі 89 тағамның рецептісін Сунил Гопал Үндістанның үздік аспаздарымен бірлесе отырып әзірлеген.

Меймандарға қызмет көрсететін тағы бір тамаша орын – Chalet мейрамханасы. Мұндағы үлкен ағаш үстелдерде ет тағамдарының небір түріне тапсырыс берсеңіз болады. Кәуап, қабырға, стейкті аспаздар көз алдыңызда дайындап береді. Панорамалық терезелерден сырттағы тұмса табиғатқа көз тастап қойып тамақтанудың өзі қандай ғанибет?! Ал мейрамхана ортасындағы камин жып-жылы атмосфера орнатып, жайлылық сезімін толықтырып тұратындай.

Отбасылық демалысқа таптырмас орын

Rixos Borovoe – отбасылық демалыс үшін тамаша орын. Қонақ үй аумағында скандинав стиліндегі Family Villa салынған. Бұл – әсіресе көпбалалы отбасылар үшін таптырмас мекен. Шоқ қайыңның арасында орналасқан 166 шаршы метрлік виллада кең қонақ бөлмесі, жатын бөлмелер, террассаға шығатын жеке сауна, толық жабдықталған асүй бар.

«Біз балаларға арнап теннис корты, би үйірмелері, шеберлік сыныптары секілді көптеген көңіл аулайтын шаралар дайындадық. Кішкентай конақтарымыз барынша тынығып, қап-қап қуатпен қайтқанын қалаймыз», – дейді Йеспер Франсел.