Ғалымдар, Бразилиядағы жаңғақ жинаушылар, жер иелері мен туристік орталықтар әлемдегі ең ірі қыран құстардың бірін сақтап қалуға жұмыла күш біріктіруде.
Төте жол болады деп ойлағанбыз. Белуардан қара су кешкен менің аяқ астымда бөренелер, айнала өрмекшілер торының арасымен келеміз. Мен жол бастап келе жатқан бразилиялық биолог Эвертон Миранданың соңынан ере бердім. Қымбат тұратын бір фотоаппаратымыз көмекші Эдсон Оливейра ет-бетімен шалшыққа құлағанда істен шықса, фотографымыз Карин Айнердің ара шаққан білегі күп болып ісіп кетті.
Кері қайтуды іштей ойлағандар бар шығар, бірақ ешкім тырс етіп ештеңе айтпады. Өйткені біздің миссиямыз төтенше маңызды. Гарпия деп аталатын аса сирек кездесетін қыран құстың ұясын іздеп келеміз. Көзге түсе бермейтін бұл қыранның ұясы, елдің айтуынша, Мату-Гросу штатындағы Амазон ылғалды орманының осы бөлігіне бір жарым шақырым кіргенде болуға тиіс.
Әлемдегі ең ірі қыран құстардың бірі саналатын, біртүсті жылмағай жылтыр, көздері өткір, басы жүндес, төбесінде тұлымшағы бар гарпия көп құстанушы тізімінің ең басында тұр. Ағаштағы ірі жайбасарды (Bradypus) бүріп алып кете беретін оның тырнағы гризлидікінен де үлкен болуы мүмкін, ал ұябасарының салмағы 11 келіге дейін жетіп жығылады. «Құдды бір байырғы аңыз-әфсана кітаптарынан түсе қалғандай», – дейді Миранда.
Ірі жыртқыш есебіндегі гарпиялар өздері қоректенетін жан-жануардың көбеюін теңшейтіндіктен, экологияға зор ықпал етеді. Панамада гарпия бағдарламасын басқаратын коммерциялық емес қорғау ұйымы Peregrine қорының бас директоры әрі президенті Ричард Уотсон: «Егер сіз гарпия қырандарын сақтай алсаңыз, онда олар тіршілік ететін экожүйедегі барлық биоалуандықты да сақтай алғаныңыз», – дейді.
Табиғатта қанша қалғаны белгісіз, бірақ ғалымдар олардың азайып бара жатқанын біледі. Миранда бір заманда Мексиканың оңтүстігі мен Аргентинаның солтүстігіне дейінгі аралықта емін-еркін тіршілік еткен алып жыртқыштардың ареалы 1800 жылдардан бастап 40%-дан астамға тарылғанын айтады. Бүгінде олар негізінен Амазонканың маңында ғана қалды. Гарпия қырандарының тіршілік етуіне қатер тудыратын жер өңдеу, қазба жұмыстары мен құрылыс нысандары орманды алқаптардың оталуын күшейтпесе, азайтып отырған жоқ. Миранданың есебі бойынша, 2020 жылдың басында Амазонканың Бразилиядағы бөлігінде әр сағат сайын 55 гектар орманды жер жойылып отырған.
Миранда қазір Бразилиядағы гарпия қырандарын құтқару жұмыстарының алдыңғы шебінде. «Қазір тиімді құтқару қадамдарын жасамасақ, Бразилиядағы жыртқыш құстардың саны айтарлықтай кеміп, Амазонканың оңтүстік-шығысындағы көлемі Испанияның аумағындай доға тәріздес орман жетім қалады», – дейді ол. Миранда аталған ортаны құрып кетуден сақтап қалуға болады деп санайды. Ол үшін бразилиялықтарға орманнан қандай пайда көруге болатынын көрсету керек. Сол үшін жер иеленушілерді қыран құстар мен олардың тіршілік ортасын сақтап қалуға ынталандыратын заманауи экотуристік бағдарламаны іске асыруға күш салуда.
Егер біз ұясын тауып, гарпия қырандарының орналасқан жерін анықтап жатсақ, сол жерді қорғауға қатысты бұл да бір маңызды мәлімет болар еді. Миранда ұя орналасқан жерді көрсетіп тұрған GPS белгісіне қарап қояды. Жолымызды жөңкіле аққан жылға суы кес-кестеді. Ол еш саспастан жартылай шіріген бөренені тауып алды да сол арқылы бір-бірлеп судан өттік. Батпақты жағалауды өрлей жүріп, ақыры құрғақ жерге шықтық. Діңгегі биік бразилиялық жаңғақ ағашына дейінгі соңғы шақырымды біз жылдам артқа тастадық. Бұтақтары шатыр іспетті жайылған айырықша қорғаудағы бұл ағаш гарпия қырандары ұя салуға таптырмас орын саналады. Біз төбеміздегі қалың жапырақтарға көз тастадық. 30 м биіктегі саңылаудан жүз сан бұтақ қылаң берді. Бұл біз іздеген ұяның нақ өзі еді!
(Материалдың толық нұсқасын National Geographic Qazaqstan журналының наурыздағы санынан оқи аласыз. Журналды мына телефон арқылы жаздырып алуыңызға болады: +7 771 050 91 77)
Автор: Рэйчел Нуер
Фото: Карин Айнер