18Қыр

Мароккодағы жойқын жер сілкінісі

Жер сілкінісін болжау әзірге мүмкін емес, бірақ зілзалалардың жойқындығына себепші болатын геологиялық және адами факторларды зерттеу арқылы оларға дайын болудың тиімді жолдарын таба аламыз.

Мароккодағы алапат зілзала салдарынан зардап шеккен ғимаратты төтенше жағдай қызметкерлері тексеріп жатыр. Қатты сілкініс пен ғимараттардың осалдығы апат салдарының ауқымды болуына ықпал етті.
Фото: ХАННА МАККЕЙ, REUTERS/REDUX

Жұма, 8 қыркүйек, жергілікті уақытпен 23:11-де Марокконың Биік Атлас тауларына шашылған ауылдарда мыңдаған адамның бірі енді қалғып бара жатса, бірі шырт ұйқыда жатқан еді. Дәл солай 80 шақырымдағы тынымсыз Марракештегі жүздеген мың адам да түнді қарсы алып жатты.

Бірнеше секундтан соң, Укаймеден қаласына жақын таулы жерде 6,8 балдық дүмпу болды. Бүкіл аймақ қатты сілкінді – діріл Португалиядағы Лиссабонға дейін сезілді. Марокконың кең аумағында сансыз үй мен ғимарат қирап қалды.

Марракеш қаласы айтарлықтай зардап шексе де, қаланың басым бөлігі аман. Алайда кей ауыл толығымен жоқ болып кетті. Қазіргі уақытта қаза тапқандар саны 2,600-ден асады – бұл көрсеткіш алдағы күндері өседі деп болжанып отыр. Қарқынды дүмпулер әлі де аймақтағылардың зәре-құтын алып жатқанда, көпшіліктің көкейінде: «Нақты не болды? Неге дәл осы жер сілкінісі сонша адамның өмірін қиды?» деген сұрақ тұрды.

Адамдар көбіне сілкіністің магнитудасына, ауқымына және жер қыртысы жарылғанда бөлінетін энергияға назар аударады. Солтүстік Африканың осы бөлігінің сейсмикасы белсенді, бірақ алапат жер сілкінісі бола қоймайды. Корнелл университетінің сейсмологі Жудит Хаббард: «Бұндай жер сілкінісі аймақта бұрын-соңды тіркелмеген», – дейді.

Магнитудасының жоғарылығы апаттың өлім-жітімді болуына үлес қосқаны сөзсіз. Бірақ мұның бірнеше себебі бар. Біріншіден – уақыты, яғни жер сілкінісі көп адам оны сезініп үлгермейтін ұйқылы-ояу кезде болғаны. Сондай-ақ аймақтағы көп ғимараттың құрылысы қатты жер сілкінісін ескеріп салынбаған.

Сейсмолог-геолог әрі ғылымды насихаттаушы Уенди Бохон: «Кірпіш пен әктастан арматураланбай қаланған үйлердің жер сілкінісіне төзуге келгенде, «жаманаты шыққан. Бұл жағдай – адамды жер сілкінісінің өзінен гөрі ғимараттар өлтіретінінің тағы бір ащы айғағы».

Ғалымдар қазір аймақтың геологиясы жайлы білімін пайдаланып, сілкініс қалай орын алғанын, неге соншалық сұрапыл болғанын, осы қасіреттің артында тұрған жойқын күш туралы әлі не беймәлім екенін анықтамақ. Бұндай зерттеулердің арқасында әлем келесі жер сілкінісіне, ол қай жерде, қашан келсе де, дайын бола алады.

Тау қатпарына жасырынған бомба

Солтүстік Африка Еуразия тақтасына қарай баяу қозғалып бара жатқан Африка тақтасында орналасқан. Марокко бұл тектоникалық шекараның дәл үстінде тұрмаса да, оған жақын. Жерінің астында, мысалы, Биік Атлас тау жотасы арқылы өтетін түрлі белсенді жарылымдардың күрделі желісі бар.

Аймақта кішігірім жер сілкінісі болып тұрады, ал үлкен жер сілкінісінің болуы тақтаның шекарасы бойындағы қозғалыста екіталай, бірақ болуы мүмкін.  Болған да. Ғалымдар көбіне мына екі ауыр мысалды алға тартады: 1755 жылғы (магнитудасы күмәнді) Мекнестегі үлкен сілкініс – 15 000 адамның, ал 1960 жылғы магнитудасы 5,8 Агадир сілкінісі 12 000 адамның өмірін қиған еді.

Ірі жер сілкіністері жарылым желілерінің кез келген түрінде болуы мүмкін, керегі тек қысым мен уақыт. Бельгияның Корольдік обсерваториясының сейсмологі Томас Лекок, Биік Атлас тау жотасының айналасында «жер қыртысында қатты бір қысым бар. Сол қысым сыртқа шыққанға ұқсайды», дейді.

Аймақта үлкен жер сілкінісі әйтеуір бір болатыны сөзсіз болса да, жұма күнгі дүмпудің орны біршама таңғалдырды.

«Мароккодағы сейсмиканың көп бөлігі Африка мен Еуразия тақталарының шекарасындағы қозғалысқа байланысты, сондықтан сейсмикалық қауіп елдің солтүстігінде жоғары деп есептеліп келді», – дейді Помонадағы Калифорния мемлекеттік политехника университетінің сейсмологі әрі еңбек сіңірген профессоры Яша Полет. Алайда жұма күнгі сілкініс оңтүстікте, сейсмикалық деңгейі төмен аймақта болды.

Жарылым стилі екі түрдің ретсіз қосылысы деп саналады: жер қыртысының блогі екіншісінің үстіне, жоғары қарай сілкінетін «лықсу» түрі және бір блок басқасымен үйкелісе жылжитын «ығысу» түрі. Солтүстік Каролина мемлекеттік университетінің сейсмологі Паула Фигейредо: «Негізінен лықсу, аздап ығысу бар», – дейді.

АҚШ геология қызметі жұма күнгі жер сілкінісінің тереңдігін 26 шақырым деп есептеді. Дегенмен аймақтың жарылым желісінің күрделілігі мен кей жерінде жоғары сапалы зерттеудің жүргізілмегендігінен нақты қай жарылымдар негізгі рөл атқарғаны белгісіз.

Хаббард: «Диапазондағы бірқатар жарылым мен линеамент картаға түсірілді, бірде-біреуінде аталмыш жер сілкінісі жоқ, – дейді. – Бұл диапазонда ежелгі рифтиңге байланысты қайта іске қосылуы мүмкін ескі құрылымдар да бар».

Хаббард зерттеген жаңа жерсерік дерегі сілкініс кезінде аймақтағы жер қабаты қай жаққа жылжығанын әрі қалай өзгергенін анықтады. Осыған сүйене отырып, ол әріптесі, геолог Кайл Бредлимен бірге, ең алдымен, Тизинтест жарылымы түрткі болды деп топшылайды. Бұл көбінше белсенді деп саналмаған жарылым. Бірақ бұл тұжырымды растау үшін әлі де көбірек дерек қажет.

Ешбір апат табиғи болмайды

Жуырда жаңа деректер легі ғалымдарға жұма күнгі (8 қыркүйек) апаттың сейсмологиялық себебін анықтауға көмектеседі. Бірақ қазірдің өзінде белгілі нәрсе – өлім-жітімнің көптігіне адами факторлар да әсер етті.

Әрине 6,8 балл жер сілкінісі – тосын жағдай. Бұл шама сейсмологтердің есептеулерін нақтылаған сайын көтерілуі де, төмендеуі де мүмкін. Бірақ жер сілкінісінің жойқындығы – оның қарқынында, яғни жарылымнан әртүрлі қашықтықта қанша жер сілкінгенінің өлшемі.

АҚШ геология қызметінің мәліметіне сай, осы терең емес, бірақ жер сілкінісі өз эпицентрінің айналасында «күшті» сілкініс тудырды, ал Марракеште «күштіден» «өте күштіге» дейін деп бағаланды. Қарқы жоғары екені сөзсіз, бірақ бұл да неліктен мыңдаған адам опат болғанын түсіндіріп бере алмайды.

Париж Жер физикасы институтының сейсмологі Робин Лакассин: «Жағдай апат деп саналуы үшін жер сілкінісі сияқты үлкен қатер, өте әлсіз орындар, нәзік ғимараттар мен үйлер керек», – дейді.

Марракештегі кей заманауи, бетон ғимарат жер сілкінісіне төтеп бергенімен, ескі қала біраз зардап шеккен. Бірақ қалаға тиген залал айтарлықтай болса да, Биік Атлас таулары мен оның айналасындағы жағдаймен тіпті салыстыруға келмейді.

Бұл жерлердегі құрылыстар, соның ішінде саз кірпіштен қаланған үйлер мен арматураланбаған кірпіштен қаланған ғимараттардың жер сілкінісіне төтеп беруі мүмкін емес еді. Құтқарушылар зардап шеккен елді мекендердің басым бөлігіне әлі де жете алмай жатыр, бірақ бастапқы барлауға сүйенсек, бірнеше ауыл толығымен жоқ болып кеткенге ұқсайды.

Мұндағы ел көбіне таулардан теріскейірек шөгінді басқан жазықтарды не сол таулардың бөктерлеріне қоныстанған. «Мына екі нәрсе жағдайды қиындатуы мүмкін, – дейді Хаббард. – Әлсіз аллювиал шөгінділер сілкіністерді күшейтуі мүмкін, ал тауда, соның ішінде ауылдарға апаратын жолдар бойында көшкін жүруі мүмкін».

Бейуақыт

Жұма күнгі (8 қыркүйек)  жер сілкінісінің тура мағынасында да, ұзақмерзімді перспектива тұрғынсынан да тағы бір қатерлі ерекшелігі – оның болған уақыты.

Полет: «Жер сілкінісі түнде болды, бұл кезде ғимарат ішіндегілердің басым бөлігі ұйқыда жатқан еді», – дейді.

Сондай-ақ жер сілкінісі ұзақ уақытқа созылған тыныштықтан кейін, ел ұмыта бастаған кезде болып отыр. Дегенмен аз уақыт бұрын да ауыр жер сілкіністері болған. Мысалы, 2004 жылғы Жерорта теңізіндегі жер сілкінісі Әл-Хосейма портты қаласында жүздеген адамның өмірін қиды.  Бірақ Агадир зардап шеккен аймақтағы соңғы қуатты жер сілкінісі 1960 жылы болған еді.

Осылайша, көпшілік жер сілкінісінен қалай дұрыс сақтануды білмеген де болуы мүмкін. Құрылыс нормалары ғимараттың сейсмикалық төзімділігіне к кепілдік беретін аудандарда ең пайдалы кеңес – еденге жата қалып, берік бір үстел не соған ұқсас заттың астында бұғып жата тұру.

Сыртта жүргендерге Марракештің кей бөлігінің лабиринттік дизайнының да кесірі тиген. Хаббард: «Суреттер көрсеткендей, адамдар ғимараттан сыртқа шыққанымен, тар көшеде бәрібір құлаған кесектерден қауіп төнер еді, – дейді. – Құрылыстардан алыс қауіпсіз орын табу қиынға соққан сияқты».

Бұл басы ғана

Жер сілкінісі қатты болса да, санаулы секундта тоқтады. Бірақ оның зардабы жылдарға созылмақ.

«Біз жер сілкінісінде нақты қанша адам мерт болғанын әлі білмейміз, әсіресе шалғай аудандарда», – дейді Хаббард. Құтқарушылар ауылдарға жеткен сайын, қаза тапқандар саны арта береді.

Басым бөлігі отбасы мүшелерінен, достарынан, үйлерінен, күнелтуге керек қаржатынан айырылған аман қалғандар адам айтқысыз күйзеліске шалдығады. Айтпай келген жойқын зілзаладан зардап шеккен ел енді үлкен әлеуметтік, экономикалық және мәдени шығынға ұшырайды. Ғалымдар күндердің күнінде сейсмологияның кілтін тауып, үлкен сілкіністерді болжаудың жолын анықтауы мүмкін. Бірақ әзіргее олардың қолынан келері  – қайғырып, жоқтау. Бохон: «Қайғы жұтып отырған Марокко халқын ойласам, жүрегім ауырады», – дейді.

Автор: Джордж Робин Эндрюс