Қазақстан Республикасының экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің ресми сайтында жарияланған ақпаратқа қарағанда, итбалық өлімінің нақты себептерін анықтау мүмкін болмаған.
«Маусымның бірінші онкүндігінде итбалықтардың ұшалары табылған жерлерден тексеру нәтижелері алынды. Гидробиология және экология институтының, «Микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС, «Қазақстандық қолданбалы экология агенттігі» ЖШС ғылыми қызметкерлері, сондай-ақ Балық шаруашылығы комитеті, Маңғыстау облысының экология департаменті және ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің аумақтық бөлімшелерінің өкілдері қатысқан талқылау нәтижесі бойынша ағымдағы жылдың 24 маусымында итбалықтардың өлімі бойынша қорытынды дайындалды. Осы қорытындыға сәйкес, табылған ұшалардың қатты ыдырауына байланысты, өлімнің нақты себептерін анықтау мүмкін болмады. Сонымен қатар, ғалымдар мен құзыретті мемлекеттік органдардың пікірінше, жаңа туған күшіктердің мұз үстіне, ашық теңізге шығуы салдарынан олардың әлсізденуі, күшіктердің суға түсуі салдарынан қатып қалуы, ересек итбалықтардың балық аулау торларына түсуі, сондай-ақ кемелердің бұрандаларына түсуі өлімнің ықтимал себептері болуы мүмкін.
Ғылыми ұйымдар мен мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері Каспий теңізінде жүргізіліп жатқан түп тереңдету жұмыстары табылған итбалықтардың қырылуына тікелей әсер етпейді және олардың жаппай өлуінің ықтимал себебі ретінде қарастырыла алмайды деген ортақ пікірге келді», – делінген министрліктің хабарламасында.
Фото: Сәкен Ділдахмет, (Nationalgeographic.kz сайты архивінен)