17Авг

Алмаз Шарман: Тән және «Мен»

Алмаз Төрегелдіұлы, алдағы 1 қыркүйек – Білім күні! Осыған орай, әңгімеңізді медицина саласына қызығушылық, ғылымға деген ынта-ықылас бойыңызда қашан пайда болғанынан бастасақ?

– Мен дәрігерлер әулетіненмін, сондықтан мамандық таңдауда аса бір мәселе болған жоқ. Медицина саласында істеп келе жатқан осы жылдар ішінде сол таңдауыма бір сәт те өкінген емеспін.

Дәрігерлік кәсіп пен шеберліктен бөлек, медицина мамандығының табысты болуы көбіне адамзат қызметінің психология, дипломатия, юриспруденция, мәдениеттану сияқты өзге де салаларындағы білімі мен машықтарына байланысты. Бұл – көпқырлы мамандық, сондықтан да күрделі, бірақ өте қажетті әрі беделді.

Медицина – бір жағынан кәсіп, екінші жағынан ғылыми таным саласы. Мен практикалық дәрігердің ғалым да болуын медициналық мамандықтың апофеозі деп есептеймін. Мәселе мынада: медицинада диагностика мен емдеудің ғылыми негізделген әдістерін тиімді пайдалану үшін сыни ойлауды, аналитиканы қолдану өте маңызды.

Медицина ғылымына қызығушылық бала күнімде, бірінші кезекте әкем – тағамтану саласындағы белгілі ғалым, академик Төрегелді Шарманов арқылы қалыптасты. Ғылыми бағыт ретінде мен иммунологияны – ағзаның инфекциядан, рактан қорғаныш жүйесін зерттейтін, аллергия, аутоимундық және өзге де көптеген аурудың себебін түсіндіретін пәнді таңдадым. Алған білім мен тәжірибе маған коронавирус инфекциясы тудырған қазіргі пандемиямен байланысты көптеген мәселені түсінуге жақсы септігін тигізді деп ойлаймын.

– Әлем 2 жыл коронавирус пандемиясының «құрсауында» болды. Қазіргі ахуалды ескере отырып жасайтын бағалауларыңыз бен болжамдарыңыз қандай?

– Жарты жыл бұрын Forbes басылымына берген сұхбатымда пандемия әлсіреу кезеңіне аяқ басқанын, оның біздер, медиктер эндемикалық инфекция деп атайтын нәрсеге біртіндеп айналатынын айттым. Қазіргі ахуал осы болжамды растайды. Індет әлсірегенімен, мүлдем жоғалмайды, ара-тұра көрініс беріп тұрады. Көптеген мутациядан кейін коронавирус адам популяциясына ақыры бейімделді. Тез жұғумен бірге құрбандығын аяуды да үйренді, өйткені иесінің өлгені паразитке де тиімсіз.

Енді адамзат коронавирус індетін тізгіндеуді үйренуде. Бұл нені білдіреді? Біршама адам жұқтырудан сақтана алмай, ауырып қалғанның өзінде де жағдайды қоғам өміршеңдігі, экономикалық белсенділігі бұзылмайтындай басқара білу маңызды.

Бұған халықтың едәуір бөлігі вакцинаның толық компонентін алуы мен өзге көпшіліктің коронавирус инфекциясымен ауырып тұруы есебінен белгілі бір «иммунологиялық жастық» қалыптастыру арқылы қол жеткізуге болады. Қазір планетада 5 млрд-тан астам адам (халықтың 70%-ы дерлік) вакцинаның кемінде бір дозасын алды, жүздеген миллионы коронавирус инфекциясымен ауырып шықты. Яғни адамдардың абсолютті көпшілігінде қазіргі коронавирусқа қарсы белгілі бір деңгейде иммунитет қалыптасты.

Қазір вакциналаудың негізгі мақсаты пациенттер ауруханаға, әсіресе жансақтау бөліміне түспеуі үшін аурудың ауыр өтуін азайту болып отыр. Вакцина жүз пайыз болмаса да, коронавирус­тың ауыр тиюінен айтарлықтай тиімді қорғайды. Екпе салдырғандар ауруханаға 17 есе сирек түседі, ал олардың арасындағы өлім-жітім вакцина салдырмағандарға қарағанда 20 есе төмен.

Осының бәрін АҚШ-тың бұрынғы президенті Трамп пен Ақ үйдің қазіргі қожайыны Байденде коронавирус инфекциясының қалай өткендігі жақсы көрсетті. Әрине, олардың дертімен күресу үшін әлемде маңдайалды саналатын Америка медицинасының ең озық ресурстары жұмылдырылғаны түсінікті.

2020 жылы 2 қазанда 74 жастағы президент Трамп өкпе жұмысының бұзылуы және қандағы оттегінің өмірге қауіп төндіретіндей тым аз мөлшері жағдайында ауруханаға түсті. Оны гормондардың көмегімен, сондай-ақ вирусқа қарсы Remdesivir эксперименттік дәрісімен және моноклональды антиденелер коктейлімен қарқынды емдей бастады.

79 жастағы президент Байден коронавируспен Трамптан бір жарым жылдан кейін ауырды. Бірақ оны ауруханаға жатқызған жоқ: ол Ақ үйде оқшауланып,  президенттік міндетін атқаруды жалғастыра берді.

Бұл кейстердегі негізгі айырмашылық – Трамп коронавирусқа қарсы вакцина шыққанға дейін ауырды, ал Байден вирус жұқтырғанға дейін 4 рет екпе салдырып үлгерді. Бұл оны аурудың ауыр өтуінен сақтағаны анық. Бұған қоса, ол тиімділігі дәлелденген, вирусқа қарсы Paxlovid дәрісін уақтылы алды.

Коронавирусқа қарсы вакциналау және вирусқа қарсы дәрілер әлемде қолжетімді бола түсуде. Соған орай COVID-19 да тізгінделетін, бақылауда ұстауға болатын инфекцияға айналып келеді. Американың ауруды бақылау орталықтары (CDC) күні кеше ковид жұқтырған адамдармен қарым-қатынаста болғандар үшін карантин талаптарын, басқа да ковидтік шектеулерді алып тастады.

Ғалымдар да қарап отырған жоқ. Биылғы қазан айында Omicron нұсқасына қарсы Pfizer/BioNtech вакцинасы жаппай өндіріле бастайды деп күтілуде. Бірқатар ғылыми ұжымдар коронавирустың болашақ нұсқалары мен штамдарынан қорғайтын әмбебап вакцина жасау ісімен белсенді айналысып жатыр. Вирусқа қарсы дәрілер жетілдірілуде. Осының бәрі қазіргі коронавируспен ғана емес, болашақ эпидемия және пандемиялармен күресте де көп үміт күттіреді.

Сонымен бірге адамзат бұрын белгісіз болып келген, қазіргі пандемиямен байланысты құбылысқа – ковидтен кейінгі синдромға кезігіп отыр. Бұдан коронавируспен бұрын ауырған миллиондаған адам жапа шегуде. Олар ұдайы әлсіздік, сананың тұмандануы және басқа да айтарлықтай жағымсыз белгілерді айтып шағымданады. Бұл негізгі көріністері ғана, ал медиктер пост-ковидке тән 200-ге тарта белгіні байқаған.

Бұл құбылыстың себептері әзірге анықталған жоқ, ғалымдар мұны коронавирус қалдығымен, иммундық бұзылулармен немесе қанның ұюы проблемаларымен байланысты болуы мүмкін деп есептейді. Осыған байланысты пост-ковидтік синдроммен күрес стратегиясы вирусқа қарсы дәріні, қосымша вакциналауды, гормондар мен қан сұйылтатын және тамыр нығайтатын дәрілер қолдануды қарастырады. Әлемнің жетекші академиялық орталықтарында қазір пост-ковидтік синдром мәселелеріне қатысты ірі ауқымдағы 26 ғылыми зерттеу жүргізіліп жатыр.

Пандемия кезінде биомедицинаға ғаламат инвестиция салудың арқасында ғылым эволюция мәселелерін, адам ағзасындағы молекулалық-генетикалық, иммунологиялық, физиологиялық процестерді, сондай-ақ аурулардың даму механизмдері мен олардың алдын алу жолдарын түсінуде ғажап прогресс жасады. Коронавирус инфекциясына қарсы вакцина және дәрі жасаудың инновациялық қағидаттары ракқа, аутоиммунды және өзге де ауруларға қарсы күрестің тиімді әдістерін әзірлеуде қолданылуы, сол арқылы миллиондаған адамның сапалы ұзақ өмір сүруін қамтамасыз етуі мүмкін.

– Өзіңіз жиі айтып жүрген, сапалы ұзақ өмір сүру жөніндегі тұжырымыңызбен бөліссеңіз?

– Бұл біздің әрқайсымыз ерте ме, кеш пе, ойлануға тиіс нәрсе. Мені соңғы уақыттары тәніміз бен санамыздың әрекеттестігі туралы сұрақ, жалпы денсаулық пен дерт тұрғысынан тән дегеніміздің не екендігін түсіну мәселесі қызықтырады.

Ойланып көрейікші. Тән біздегі «меннің» өзі ме, әлде сыртқы қабығы ма? Мүмкін, біздің иеміз не көршіміз болар? Сыңарымыз ба? Командадағы серіктес, әлде қарсылас? Паразит пе? Бәлкім, сана шақасының (монетасының) екінші жағы немесе тән дегеніміздің өзі сол шақаның мәні, ал сана соның бетіндегі образ ғана болар? Тән – сана бен жанның бағдарламалық қамтуын іске қосуға арналған, компьютердің жүйелік блогы сияқты ежелгі аппарат кешені емес пе?

Бұл сұрақтарға ешкімнің нақты жауабы жоқ деп ойлаймын. Ол жөнінде әсіресе дені-қары сау кезде ойланатындар аз. Біз жеңіл алшақтаумен, тамыры ежелгі мәдениетке кететін дуализммен өмір сүреміз.

Платоннан мынадай кеңес табуға болады: «…егер біз бір нәрсе туралы шынайы білім алғымыз келсе, біз өз тәнімізден алшақтауға тиіспіз». Немесе Інжілде: «Әлде сендер тәндерің сендерде өмір сүретін және сендер Құдайдан алған Әулие Рухтың храмы екенін білмейсіңдер ме? Сендер өздеріңе өздерің тиесілі емессіңдер» (еркін аударма – ред.) дейді.

Кейде бір ой келеді: тән дегеніміз біздің санамыз бен мәнімізге байланған, өмір сүру жылнамамыздың заңды немесе болжап болмайтын ақырына кенет әкелетін баяу қозғалыстағы бомба емес пе? Ал біз, санамыз бен жанымыз – сол уақытша мекендегі кепілге алынғандар.

Болмай қоймайтын ақырды мейлінше созуға ұмтылу – табиғи нәрсе. Мұны бәріміз түйсінеміз, бірақ сол үшін бәрі бірдей саналы әрі жүйелі күш-жігер жұмсамайды. Кейбіреулер өз тәні неден тұратынын, ол дұрыс жұмыс істеуі үшін не істеу керегін білмейді. Өзгелері бұған қызықпайды да.

Дегенмен денсаулық пен аурудың ара-жігі көп жағдайда қолжетімсіз және өзіңнің дімкәс тәніңде өмір сүргеннен артық үлкен бақытсыздық жоқ. Біз өзіміз де аңғармастан, ағзамызда хаос тудыруы мүмкін көптеген жағдаймен күн сайын бетпе-бет келеміз. Бұл мутацияның әсерімен ракқа айналатын микроскопия­лық вирус не жасуша болуы да мүмкін. Мидың не жүректің тамырында жылдар бойы жиналған атеросклеротикалық түйіншектер оларды тарылта келе, секунд ішінде өлімші инфарктке не инсультке соқтыруы мүмкін.

Дерттің алдын алу, денсаулықты сақтау үшін өз тәніңді:  қалай түзілгенін, қалай қызмет ететінін, оны саулығы қандай болатынын, ауыр­ғанда өзін қалай ұстайтынын жақсы түсінуге тырысу маңызды.

Таяуда 23&Me генетикалық тестілеу технологиясымен өз ата-тегімнің 10 атаға дейінгі генеологиясын зерттеп, түрлі ауруларға генетикалық бейімдігімді бағаладым. Маньчжурлер мен өткен ғасырлардың анатолийліктеріне дейін тамыр тартатын шежіреден бөлек, бұл маған өзімді, өз ағзамды жақсы түсінуге, тәнім әлсіздік танытатын ықтимал кемістіктерді бағалауға және алдын алу шараларын қабылдауға мүмкіндік берді.

Біріншіден, өзімде 2-типті диабеттің даму қатері жоғары екенін білдім. 23&Me тесті мұның менде тұқым қуалайтынын көрсетті. Шынымен солай, атамның сусамырдан жапа шеккені есімде.

Сондай-ақ глютенді энтеропатия (целиакия) аталатын ішек ауруларына бейімдігім де анықталды. Бұны менде HLA-DQB1 генінің анықталуы көрсетіп отыр.

Диабетті болдырмау үшін тәтті жеуді, тез қорытылатын көмірсуларды мейлінше доғаруға шешім қабылдадым. Дене белсенділігін де арттыруға тура келеді. Мұның бәрі өте маңызды. Өйткені диабетті бақыламаса, ол міндетті түрде қан тамырларының тарылуына әкеледі. Бұл бүйрек, жүрек, ми қызметінің бұзылуына, соқырлыққа, аяқ-қол гангренасына да әкелуі ықтимал.

Ендеше, тәніңді ауыртқанша, онымен достасқан жақсы емес пе? Мен өз тәніме жанашырлықпен қарау, күту, аялау әлдеқайда жақсы деп шештім.

Іс жүзінде бұл соншалық қиын да емес. Ең бірінші жүру, жүгіру, гимнастика не кез келген дене қимылы арқылы тәніңнің тартылыс күшіне қарсыласуына көмектесу қажет. Тәнге оның энергиямен дер кезінде қамтамасыз етілгені және қажетті, атап айтамын, тек қажетті қоректік заттармен қамтылғаны маңызды: артық ештеңе емес. Титықтап қалмау үшін тәнді уақтылы толыққанды ұйқымен тынықтыру қажет. Осының бәрі жақсы көңіл күймен және қайырымды қарым-қатынаспен үйлестірілуі керек. Менің көзқарасымдағы сапалы ұзақ өмірдің мәні де осы.

– Оқырмандар мен ғылымға ынтасы бар жас зерттеушілерге қандай кеңес берер едіңіз?

– Қазіргі ұрпақ баламасы жоқ уақытта – пандемия және соғыс дәуірінде өмір сүріп жатыр. Тектоникалық ауқымдағы мұндай апаттарды адамзат жүз жыл бұрын өткерген. Сол кездері де әлемде тұмау панедемиясы мен бірінші дүниежүзілік соғыс өршіді. Тарих қайталанып тұрады. Көп ұзамай ахуал тұрақталып, әлдеқайда әділетті, жаңа әлемдік тәртіп орнайды деп ойлаймын. Бұл адамдардың өмірінде, экономикада, саясатта көптеген басымдықты қайта бағамдауға мәжбүрлейді.
Осыған дайын болуымыз керек.

Негізін жеке еркіндік пен әркімнің өзіндік тәуелсіз дамуға талпынысы құрайтын либералды философия адамзат эволюциясының заңды кезеңі деп есептеймін. Өкінішке қарай, қазіргі кейбір автократиялық режімдер демократиялық саяси құралдарды билікке жету үшін қолданып,  жымысқы мүдделері үшін иемденіп алды. Мұның қайда апаратынын біз енді жақсы білеміз: асыра сілтеу, жемқорлық, непотизм, жеке бостандықты шектеу, қоғамның жіктелуі, агрессия, соғыс.

Көптеген ел қазіргі әлемде үйлесімді әрі орнықты даму тек адами капиталды дамыту негізінде ғана мүмкін екенін түсінді. Бұған қажетті жағдай жеке бастама­шылыққа және ерік-қалауын білдіру бостандығына бағытталған либералды философия. Екінші жағынан мұндай қадам әркімге де үлкен жауапкершілік артады. Америка президенті Кеннеди айтқандай, «Елім мен үшін не істей алады деп емес, мен елім үшін не істей аламын деп сұраңдар».

Қазір таяу келешекте қандай кәсіби дағдылар сұранысқа ие болатыны жөнінде шындап ойлану айрықша маңызды. Білімге сүйенген экономика ғана орнықты болатыны жалпыға мәлім. Сондықтан зияткерлік байлық жасауға бағытталған мамандықтар мейлінше сұранысқа ие болмақ.

Әңгіме цифрландыру дәуіріндегі нақты бағдарламалық өнімдерді жасауға, машиналық үйретуді, интернет заттарды, мобильдік және басқа технологияларды күнделікті тұрмыстық және өндірістік міндеттерді шешуге пайдалануға мүмкіндік беретін машықтар туралы болып отыр. Перспективалы бағыттың бірі – азаматтардың өз денсаулығына қатысты ақпараттанған шешім қабылдауына мүмкіндік беретін цифрлы медицина.

Қазақстан өзінің табиғи ресурстарын тиімді пайдалану және адамзаттың таза органикалық азық-түлікке қолжетімділігін кеңейту үшін бірегей мүмкіндіктерге ие. Бұл энергия үнемдеуші аграрлық өндірістерге және оңтайлы логистикалық бағыттарды құруға үлкен инвестициялар салуды қажет етеді. Ең бастысы, азаматтардың ішкі және сыртқы ортаның тазалығын сақтай отырып, экономикаға өз үлесін қоссам деген ниетінің болуы.

Әңгімелескен Айбын Бақытұлы

Фото: Сәрсенбек Қызайбекұлы

Алмаз Шарман – халықара­лық денсаулық сақтау, биомедицина және медициналық-демогра­фиялық зерттеулер саласындағы маман, Америка денсаулық сақтау ассоциациясының мүшесі, Қазақстанның профилактикалық медицина академиясының президенті