30Мам

Ілеге алғаш кеме түсірген

Суреттегі су көлігі Я. Козелл-Поклевскийдің кемесі болуы ықтимал. Ту сыртындағы құрылысы 1883 жылы аяқталған Іле өзеніндегі көпір. М. Баймұхан, Ж. Каринбаев. Қазақ-поляк байланыстарының тарихы танымал тұлғалардың мысалында, Варшава, 2021. 173-б.

Іле өзеніне алғаш бу-қозғалтқышты кемені түсірген Жетісу өңіріне жер аударылған поляк офицері әрі әскери инженер Ян Козелл-Поклевский (төмендегі суретте) болатын.

Ян Козелл – Поклевский. Н. Беттингердің фотографиясы бойынша. «Всемирная иллюстрация», 1885, №839, 132-б.

Тарихта түрлі себептермен қазақ жеріне келіп тұрақтаған, еліміздің мәдени-әлеуметтік, экономикалық даму процестеріне тікелей қатысқан, өзіндік үлесімен із қалдырған поляк азаматтары баршылық. Солардың бірі, жоғарыда аталған Ян Козелл-Поклевский Алматы (сол кездегі Верный) қаласының сәулет-құрылыс нысандарын, жол құрылысын жобалау және жүзеге асырумен қатар, Іле өзенімен Құлжаға қатынаған алғашқы кемені жасап, сауда кәсібін дамытуға да өз үлесін қосқандығымен назарымызды аударды.

Поляк ұлт-азаттық күресінің ардагері

Алдымен, Ян Козелл-Поклевский кім дегенге тоқталсақ.

Ян 1837 жылы қазіргі Беларусьтің Минск облысының Вилей ауданына қарасты Үлкен Сервэч (белорусша Вялікая Сэрвач, полякша Serwecz Wielki) елді мекенінде, шляхта тегіндегі Ян Наполеон мен Юзефа (Таленсдорф тегінен) Козелл-Поклевскийлердің ауқатты отбасында дүниеге келген.

1852 жылы Ян бауыры Винцентпен бірге Санк-Петербург қаласындағы Гвардиялық подпрапорщиктер және кавалерия юнкерлері мектебіне оқуға түседі. Оны тамамдап, Ресей империясындағы инженер мамандарды даярлайтын үздік жоғарғы оқу орны – Николаев инженерлік академиясына оқуға қабылданады. Осы оқу орнын алтын медальмен бітіріп, кейін  Францияға барып, Париждегі Жоғарғы әскери мектептің инженерлік факультетінде оқуын одан әрі жалғастырады. Осында жүріп атақты поляк әскери генералы, ақын, Польша азаттығы жолындағы жалынды күрескер Людвик Мерославскиймен (Ludwik Mierosławski) кездеседі. Тәуелсіздікті аңсаушы топтың өкілдерімен таныстық Козелл-Поклевскийдің саяси ұстанымдарына да ықпал етіп, жас офицер өз халқының тәуелсіздігі жолында күресуге біржола бел буады. Сонымен қатар, Ян Францияда оқыған жылдары Еуропа елдерін аралайды. Фабрикалар мен құрылыс зауыттарының жұмысына ерекше қызығушылық білдіреді.

ХІХ ғасырдың 60-жылдарының алғашқы жартысында поляк жерінде кезекті ұлт-азаттық көтерілістің алғышарттары пісіп жетілді. 1863 жылдың 22 қаңтарында Уақытша ұлттық үкіметтің манифесті жарияланып, поляк ұлты мекендеген аумақтарда (Польша, Литва мен Белоруссияның, Украинаның жекелеген аймақтарында) тарихқа «Қаңтар көтерілісі» атауымен енген азаттық жолындағы күрес басталды. Ян 1863 жылдың сәуір айынан Варшавада болып, Ресей отарлық билігіне қарсы ұлт-азаттық күресті бастаған арнайы орган – Орталық ұлттық комитеті Соғыс бөлімінің референті ретінде жұмыс істейді. Сол жылы маусым-тамызда алдымен Варшаваның әскери коменданты, соңынан тамызда Августов және Гродно воеводтықтарының әскери басшысы қызметтерін атқарады. 1863 жылғы 15 желтоқсаннан Я. Козелл-Поклевский полковник шенінде көтерілісшілер армиясының үшінші корпусын басқарады.

Алайда бір жылдан астам уақытқа созылған ұлт-азаттық күрес көтерілісшілердің жеңілісімен аяқталады. Оның барысында, он мыңдаған көтерілісшілердің өмірі қиылса, көтеріліске қатысқандардың үлкен тобы Ресей империясының шалғай аумақтарына, басым түрде Сібірге күштеп жер аударылды.

Ян Козелл-Поклевский бас сауғалап 1864 жылы сәуірде Дрезденге келіп, соңынан Парижге жетеді. Тәжірибелі әскери инженер ретінде француз жерінде үлкен сұранысқа ие болады. Ла-Рошель қаласында инженер ретінде жұмыс істейді. 1870-1871 жж. француз-прусс соғысы уақытында жаяу әскер бригадасына басшылық жасайды. Соңынан 24-корпустың штаб басшысы болады. Осылай көп жыл Францияда тұрып, отанын қатты сағынған Ян кейіннен патшадан рақымшылық өтініп, еліне қайтуға мұрсат сұрайды. Алайда Ресейге келісімен тұтқындалып, Жетісуға жер аударылады. Ал Жетісуда білікті техникалық маман иелерінің жетіспеушілігінен жергілікті билік оны әкімшілік жұмыстарға тартуға мәжбүр болады. Дарынды әскери-инженердің қазақ жеріндегі қызметі осылай басталады.

Жетісудағы алғашқы жобалар

1872 жылғы қазанда Жетісу облысының әскери губернаторы Герасим Колпаковский Козелл-Поклевскийді штатқа қабылдап, өз шешімін келесідей жолдармен негіздеген: «…администрациядағы мамандардың тапшылығына байланысты, мен, Парижден оралған және рақымшылыққа іліккен эмигрант Паклевский-Козелдің білігін пайдалануды мүмкін деп санаймын… Оған Іле өзені арқылы өтуге мүмкіндік беретін тұрақты көпірдің, Қастектен Сарымсақты шатқалына тікелей бағыт алатын жолдың жобасын және сметасын даярлауды тапсыруды сұраймын».

Ол кезде Верный-Ташкент жолы Қастектен Тоқмаққа, Тоқмақтан Сарымсақты шатқалы арқылы Меркеге келетін. Өңірді жақсы зерттеген Г. Колпаковский Қастектен Сарымсақты шатқалына тікелей жол салу арқылы оны қысқартуға болатындығына көз жеткізеді.

Басшылықтан бұйрық алған Козелл-Поклевский қарашада айтылған жолды жіті зерттеу мақсатында жергілікті қазақтармен бірге сапарға шығады. Болашақ жолдың орнымен жүйелі танысқан инженер нысанды салуға жер жағдайы мүмкіндік береді деген шешімге келеді. Соның қорытындысында, жаңа жолдың жобасы мен қаржы сметасын дайындау үшін әскери қызметтен үш ай мерзімге босатылады.

Жергілікті билік үшін қатардағы казакпен тікелей тұрақты байланыс жасау ыңғайсыз болғандықтан, Ян кіші урядник шеніне жоғарылатылып, араға екі жыл сала поручик шені беріледі. Осылайша, бір кездері Варшаваның әскери коменданты, жоғары шенді поляк және француз офицері Козелл-Поклевский өмірінің соңына дейін тек поручик шенінде қалып қойған.

Өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқарып шыққан Козелл-Поклевскийдің жобасы бойынша Қордай асуы арқылы өтетін Верный – Пішпек жолы (арада көп уақыт өте сол ескі жолдың үстінен қазіргі Алматы-Бішкек тас жолы) салынды. Бұл жол Пішпек  қаласының дамуына да оң ықпалын тигізеді.  

1872 жылы желтоқсанда Козелл-Поклевскийге «Архирей үйінің» жобасы мен құрылысына қажетті сметаны жасау бойынша кезекті тапсырма жүктеліп, жаңа құрылыс қаладағы «үздік ғимарат» болу қажеттігі арнайы ескертіледі. Аяқталған жобаны архирейдің өзі бекіткенімен, Козелл-Поклевскийдің жұмысы жобамен ғана шектелмей, ғимараттың құрылысына басшылық жүргізу ұсынысы айтылады. Ян кідірместен өз келісімін береді.

Архирей көшесі Верный (Алматы). Сол кезең фотосы. 

Архиерей үйінің құрылысы 1877 жылы аяқталды. Жаңадан тұрғызылған ғимарат сол кездегі Верный қаласының ең көрікті сәулет туындысының біріне айналады.

Зілзала қиратқан Архирей үйі. Верный (Алматы). 1887 ж.

Жергілікті әкімшіліктен түскен тапсырыстар, Я. Козелл-Поклевскийдің өзі үшін жаңа өлкені танып білуге деген ынтықтығы инженерді өңірдің тау-кен саласының мүмкіндіктерін зерттеуге жетелейді. Ол өзінің 1885 жылы жарық көрген «Ертістен Верный мен Құлжаға жаңа сауда жолы және Іле өзенін «Колпаковский» кемесімен зерттеу» атты еңбегінде келесідей ой қорытқан: «Жалпылама айтқанда Жетісуды минералдарға өте бай деп сеніммен айтуға болғанымен, олар өз кезегінде аз зерттелген; профессорлар Мушкетов пен Романовскийдің қысқа сапарларынан басқа Жетісу өңірінде жүйелі зерттеулер жүргізілмеген».

Сонымен бірге, бұл еңбекте келесідей пікірін бөліседі: «Тау-кен өндірісінің болашағы үлкен, дегенмен Жетісуда сала әлі қалыптаспаған. Тентек, Ырғайты және Қорғас өзендерінде алтын кеніне сынақтар жасалды, бірақ кеннің жеткіліксіздігінен және жұмысшы күшінің қымбаттығынан кенді өндіру табысты болмады. Күміс-қорғасын, мыс, темір, марганец және өзге де кендердің айтарлықтай қыртыстары бар, бірақ олар осы күнге дейін өндірілмеді. Тас көмірдің де жайы сондай». Жоғарыда айтылған түсті металл кендерінен өзге тәжірибелі инженердің назары таулы аймақта орналасқан Жетісудың сан түрлі тастарына да түскен. Осы орайда: «Метал кендері мен тас көмірден өзге Жетісу түрлі тас жыныстарына бай. Қазіргі уақытта Верный мен оның маңайында ұсақталған және беті тегістеліп, өңделген сиенит қолданысқа енуде» деген мәлімет берген.

Өзен қуатын пайдаланатын заманауи цех

Сол кездегі Алматыда халық санының ұдайы өсуі, тиісінше, кәсіпкерлік саласының дамуына оң ықпал етті. Нәтижесінде, Я. Козелл-Поклевскийге түрлі ғимараттарды, жеке тұрғын үйлерді жобалау және салдырту бойынша келіп түскен тапсырыстардың саны барған сайын өсіп отырды. Араға уақыт сала Козелл-Поклевский Верныйда тас өңдейтін шағын цех ашады. Цех өз жұмысын ірі тау тастарынан ғимараттардың төменгі қабаттарына арналған қалама блоктарын, қақпа және телеграф бағаналарын жасаудан бастайды. Шағын кәсібі жақсы табыс бергендіктен, Ян екінші өндіріс орнын Қаскелең шатқалында ашады. Бұған байланысты мынадай естелік жазбасы бар: «Сиениттен өзге аздап болса да мәрмәр қолданысқа енуде. Мәрмәр мен агальматолитті өңдеу бойынша мен Қаскелең тауларында кесетін және тілетін шағын өндіріс аштым. Цех судың ағынымен қозғалысқа келтіріледі. Мен аталғандай өндірістерді Франциядағы Рона өзенінің жағалауында көрген болатынмын».

Егер Ронаның Швейцария мен Францияның таулы аймағымен ағатын өзен екендігін ескерер болсақ, оның жағасындағы судың қуатымен жұмыс істейтін озық тас өңдеу өндірістерінің үлгісін алыстағы Алматыға ала келу сол кезең үшін үлкен жаңалыққа айналды. Демек, Козелл-Поклевский өз заманында қазіргі тілмен айтқанда нағыз заманауи және инновациялық технологияларды пайдаланушы өнертапқыш болған.

Қаладағы құрылыс саласының қарқын алуымен Козелл-Поклевский, тас өңдеу цехтарынан өзге күйдірілген кірпіш шығаратын шағын зауыт та салған. Қолда бар мәліметтерге қарағанда зауыттың пештері Есентай өзенінің қазіргі Тұрар Рысқұлов даңғылын қиып өтер тұстағы маңында орналасқан екен.

Козелл-Поклевскийдің өнертапқыштығына көз жеткізген әскери губернатор оған қаланың арықтандыру жүйесін салу жұмыстарын жүргізуді тапсырады. Бүгінде Алматыны ұшақтан түскеннен көзге түсетін биік тау баурайларымен қоса, көше арықтарындағы сылдырлап аққан суынсыз, жайқалған жасыл желектерінсіз көзге елестету қиын. Сол арық жүйесі, атап айтқанда қазіргі Абай даңғылы бойында сымдай созылған бас арық пен одан тармақталатын арық жүйелері, олардың бойында салынған мәрмәр көпіршелер инженер Ян Козелл-Поклевскийдің белсенді қатысуымен жүзеге асқан еді. Оның қолтаңбасы қалған нысандардың кезектісі – Алматының бүгінгі Орталық базары (Көк базар).

Құлжадан қайту

Ян Жетісу жерінен көмір іздеген зерттеушілердің алғашқы қатарында болып, «қара алтынды» табу мақсатында жеті өзен аңғарын түгелдей дерлік кезіп шығады. Құлжаның империя қарамағына көшуімен Я. Козелл-Поклевскийдің ізденіс аясы Жетісудан қазіргі Қытай аумағына қарай ойысқан еді.

Оның Құлжадағы кәсібі шамамен 1878-79 жж. басталып, алғашында бірнеше көмір қазу орындарына иелік етеді. Бұл жайында өз жазбасында келесідей мәліметтер қалдырған: «Іленің оң жағалауында орналасқан шахталарымның біріндегі көмір пластының қалыңдығы 30 аршынды құрайтын [аршын – 0,71 м. тең ұзындық өлшемі] және оған керемет темір шпаты мен отқа төзімді тамаша балшық көрші орналасқан». Өңірдегі тың мүмкіндіктерге көңілі толған инженер онда таскөмір өндірісінің негізінде металл балқыту орындарын салуды да қолға алады. Атап айтқанда, шойын және тұрмысқа қажетті түрлі металл заттарды балқытатын өндірістерді іске қосады. Жергілікті мамандарды даярлап, білім, білігін арттыруға басымдық береді.

Құлжада жергілікті жұмысшылардың көмегімен бидай тартып, кебегін бөлектейтін жиырма қуатты турбинасы бар заманауи америкалық диірменді іске қосады. Диірменнің барлық деталін сондағы өзінің балқыту цехында жасап шығарады.

Осылайша, Құлжадағы өз кәсібінің өрге домалауымен Козелл-Поклевский келесі кезекте тауар тасымалын жолға қоюды да ойластыра бастайды. Бұл ретте оның мына мәліметі құнды: «Мен Жетісу мен Құлжада өткізген он екі жыл уақытымның қорытындысында аталған өлке үшін арзан тасымал жолдарының қажеттігіне көз жеткіздім. Және бұл тұрғыда менің Іле арқылы Балқашқа баратын өзен жолына тоқталуым заңдылық еді. Айтылған жолды ұйымдастыру менің соңына дейін жеткізуге шешім қабылдаған мақсатым» деп өзін қамшылаған. Бұл оның транзиттік тасымал стратегиясы тұрғысынан өз уақытынан ілгері ойлай білгендігін көрсетсе керек.

Алғашқы кеме құрылысы

Ян Козелл-Поклевскийдің Іледе іс жүзінде жүзуі тосыннан, жоспарсыз басталған еді. 1881 жылы 12 ақпанда Санкт-Петербург қаласында Іле өлкесі туралы келісім жасалынады. Оған сәйкес, Ресей империясы иемденген Құлжа аймағы Қытайға қайтарылып, Цин империясымен шекаралық бітімге қол қойылды. Құлжа жақта кәсіп істеп жатқан Ян амалсыз кері қайтады. «Құлжадан кету қажеттігін түсінген соң, тез арада ағаштардан баржа құрастырып, бар мүлкімді, машиналарым мен құрал-жабдықтарымды салып, Іле бойымен төмен түсіп, Жетісудағы Іле елді мекеніне дейін жүзіп келдім» деп жазады өзі естелігінде. Содан кейін поляк инженері Іле өзеніндегі кеме қатынасы кәсібін жолға қоюға мықтап кіріседі.

Тың бастама жолында көптеген кедергілер кесе көлденең шығады. Құлжа Қытай тарапына кеткен соң, Козелл-Поклевский Іле кеме қатынасы бойынша хаттарды негізінен өзінің ескі танысы, Жетісудың әскери губернаторы, генерал-лейтенант Герасим Колпаковскийге жолдайды.

Жаңадан құрылған Дала генерал-губернаторлығының басшылығына тағайындалған генерал Г.Колпаковскийдің ықпалымен жергілікті билік Козелл-Поклевскийге Іле елді мекеніндегі бос тұрған ескі казарманы бөліп береді. Саяси өзгерістерге байланысты қаржылық тұрғыдан үлкен зардап шеккенімен, Ян Іледе кеме жүргізу кәсібін дамытуға асқан ыждақаттылықпен кіріседі. Поляк инженері әу бастан-ақ өз кемесін заман талабына сай бу қозғалтқышы негізінде жасауды алдына мақсат етеді.

Дегенмен, заманауи кеменің бөліктері де қомақты қаражатты талап етті. Ал сол кезеңде кәсібі дағдарысқа ұшыраған Янның аталған жобаны толықтай қаржыландыруды қалтасы көтермейтіні түсінікті еді. Сондықтан, қаржылай көмек үшін, ол, өңірдегі дәулетті көпестердің бірі Валиахун Юлдашевке жүгінді. Бу кемесі тапсырыс бойынша Лондонға жақын маңдағы Стони-Стэнлидегі Эдуард Гейздің зауытында жасалынады. Винтті кеменің ұзындығы 56, ені 10, биіктігі 6 футты (1 фут – 30, 38 см) құрап, 800 пұт жүкпен суға 4 футтай отыратындай өлшемде жасап шығарылды. Кемені құрастыру және ұстахананы жасақтау ісінде Козелл-Поклевскийге оның көмекшісі, инженер Джон Норманның көп көмегі тиеді. Машинаның бөліктерін құрастыру мен оның күтімінен өзге Норман жүзу барысында кемеге капитан болып, экипаж мүшелерін кеме кәсібіне үйретеді.

1883 жылы 14 наурызда құрастыру жұмыстары толықтай аяқталып, Дала генерал-губернаторының құрметіне «Колпаковский» аталған кеме Іле өзеніне түсіріледі. Сол жылдың 21 наурызында сұлы тиелген кеме Бурақожыр (қазіргі Алматы облысы, Панфилов ауданындағы Өсек өзенінің Ілеге құяр тұсында орналасқан ауыл) айлағына дейін жүзіп, тамыздың басына дейін ұн және бидай тиеп, Құлжаға дейін, соңынан, кеме бағытының соңғы нүктесі ретінде бағаланған Ходжигерге (Қытай аумағы) дейін алты рет қатынайды. Жүзу барысында ешбір айтарлықтай кедергілерге тап болмайды; 22 тамызда кеме Іле елді мекенінен төмен Балқашқа дейін жүзіп, Іле сағасына 30 тамызда, ал Іле елді мекеніне тек 13 қазанда ғана оралады. Аталған уақыт аралығында кеме үнемі өзеннің өлшемдері мен жүзуге қиындық туғызатын жерлерді жүйелі зерттей отырып, жалпы ұзындығы 6000 верст (1 верст 1066,5 м. тең) қашықтықты еңсереді.

Бастаманың алғашқы жетістіктеріне арқаланған Герасим Колпаковский ол туралы 1883 жылы 4 шілдеде сыртқы істер министрі Николай Гирске жазған хатында былайша масаттанып баяндап берген: «Су жолын әкімшілік мақсаттарға қандай дәрежеде қолдануға болады, бұл сұрақтың жауабын өзен бойымен баржаларды сүйреген кемелердің жүзу мүмкіндіктерін зерттеу аяқталған соң білетін боламыз. Осылайша, мен болжаған бастаманың мақсаты қазынаға айтарлықтай үнем бермек».

Ал инженер Козелл-Поклевский болса кемемен Іле өзенін зерттеуді жалғастырды. Зерттеу жұмыстарының нәтижесінде: «Кемелер Ходжигерден Балқаш көліне дейін жылына 7-ден 7,5 ай бойы ешбір қиындықсыз жүзе алады» деген қорытынды жасайды.

Ал өзеннің ені мен тереңдігіне, тиісінше кеменің жүзу мүмкіндіктеріне қатысты мынадай ой білдірген: «Іле өзені туралы қорытынды пікір айту үшін, мен, оның енінің жекелеген жерлерде 30 сажынға [1 сажын 2,16 метрді құрайды] жіңішкеретін Қапшағай маңайынан өзге тұстарда 120 сажыннан кем болмайтындығын, ал фарватердегі [кеме жүзетін сызық] тереңдігі 7 футтан, ал жайылған, таяз тұстары мен иірімдерінде 3 футтан аз болмайтындығын, өзеннің көлге құяр тұсындағы қайраңында 2,5 футқа дейін төмендейді; бірақ, көлге құяр тұс ұзын болмағандықтан оны оңай еңсеруге болады».  

Ал Балқаш алабына қатысты келесідей жазба қалдырған: «Балқаштың жағалаулары елсіз; бірақ, меніңше мұнда ел қондыру өте оңай; ал суды жағалауға [биіктікке] көтеруде жел қуатымен жұмыс жасайтын құрылғыларды пайдалануға тура келеді. Балқаштағы тоқтаусыз тұратын желді ауа райында құрылғылардан тамаша нәтижелер күтуге болады. Кеме қатынасы басталысымен, аумақтағы барлық қырғыз [қазақ] саудасы Балқаш айлақтарында шоғырланатын болады. Мен Қамауда [Іленің Балқашқа құяр тұсы] болғанда, жергілікті көшпенділер келіп, олар үшін Іле мен Балқаш бойларында базарлар ашуды өтініп сұраумен болды. Бұл маңайда тамыз бен мамыр айлары аралығында қарақұрым көшпенді халық жиналады».

Іле мен Балқаштағы кеме жүргізу бойынша екі жүйені: атап айтар болсақ, Балқаш үшін суға терең отыратын теңіз кемелерін, ал Іле үшін таяз отыратын туерларды (туер немесе шынжырлы кеме – өзен кеме қатынасындағы ерекше көлік, өзен түбіне салынатын шынжыр немесе трос бойымен қозғалатын кеме, буксир) баржаларымен немесе Іле, сонымен қатар, Балқаш үшін де су балласттары бар кемелерді қолдануды ұсынды.

«Қамаудағыдай биік өскен тарыны еш жерден көрмедім»

Патшалық кезеңде, одан кейінгі кеңес билігі тұсында да қазақ тек көшпелі халық ретінде сипатталатын. Бірақ бұл пікір толық шындыққа жанаспайды. Жетісу өңірін, Шу-Талас өзендерінің аңғарларын, Сырдарияның бойын мекендеген қазақтар ертеден-ақ жартылай отырықшы болғандығы белгілі. Қазіргі уақытта бұл тақырыпта көптеген еңбектер жарық көруде. Осы орайда, Іле алабын зерттеу кезінде инженер Козелл-Поклевскийдің ұлтымыздың ертеден келе жатқан суармалы егіншілік кәсібіне қатысты берген мәліметтері қызықты. Ян бұл туралы: «Іле өзенінің көп тұстарында, әсіресе, Қапшағай жоталарының төменгі бөлігінде үлкен арықтардың, әрине қолданыстан шыққан арықтардың іздерін көруге болады. Дегенмен, қазақтар егін алқаптарын суғаруға әлі де пайдаланатын үлкен емес немесе қайта жаңғыртылған арықтар бар. Құм басы [қазіргі Алматы облысы, Балқаш ауданындағы жер] тауынан қашық емес аумақта, мен суғарудың бір шұңқырдан екіншісіне суды толтыру арқылы оригиналды тәсілін [ежелгі мысырлықтар пайдаланған әдіс], ал Қамау шатқалында басына тері құтылар бекітілген айналма құрал арқылы [шығыр – орта ғасырлардан бастап Орталық Азия мен Қазақстанның оңтүстік және оңтүстік-шығыс бөлігінде суды биігірек деңгейге көтеруде кең қолданылған құрал] суғаруды көрдім»  деген мәліметтер береді.

Іле алабының жайқалып тұрған бақшалары, егіншілік алқаптары көпті көрген поляк зиялысын да таңғалдырады. Бұл туралы: «Қамауда кезіктіргенімдей биік өскен тарыны осыған дейін ешқашан көрмеппін; біз ол маңнан керемет қауындар өскен бақшаларды да кездестірдік. Іленің қос жағалауында керемет өсімдіктер кендір мен күрішті өсіруге болады; сонымен қатар, бидай сеуіп, бау-бақша егетін орындар бар» деген ақпарат келтіреді.

 Тіпті, болашақ егіншілік танаптарының мәселелерін инженерлік технологиялар арқылы шешу жолдарын да қарастырады. Мысалы, арықтарды қазу ыңғайсыз болып табылатын жерлерде жел қуатымен жұмыс жасайтын құрылғыларды, ал өзенде кеме қатынасы кәсібін дамыған тұста бу насостары бар баржалары пайдалану мүмкіндіктерін ұсынады.

Орындалмаған арман

Кеме қатынасының дамуына ырғақ беретін тиеу-түсіру жұмыстарын қамтамасыз ету мақсатында Козелл-Поклевский пен Валиахун Юлдашев Іле елді мекенінде, Құлжа мен Өсектің Ілеге құяр тұсында орнатуға арналған үш жүзбелі айлақ жасайды. Сонымен қатар, жақын болашақта Балқаш көлі үшін де бірнеше жүзбелі айлақтарды жасауды мақсат етеді.

Арманшыл Ян кеме кәсіпшілігін дамытуда мұнымен ғана тоқталып қалмайды. Инженер жақын жылдары әрқайсысында 60 аттың күші бар, «Компауд» жүйесінің машиналарымен жабдықталған, 4000 пұттан жүк көтеруге қауқарлы екі кемені құрастыруды жоспарлайды. Аталған кемелердің ұзындықтары 140, ені 18, биіктігі 6,5, суға отыруы 2,5 футтан аспауға тиіс еді. Жоба авторының пікірінше, «Сібір темірі шетелдік нұсқасынан берік болғандықтан» машиналардың корпусын Іле елді мекенінде Алтай металынан жасауға шешім қабылданады.

Өкінішке қарай, инженердің мақсатты жолы, үкілі үміті ұзаққа созылмайды. 1883 жылғы 18 желтоқсанда Ян өзінің Валиахунмен бірге бар қаражаттарын кеме жасауға, Іле өзенін зерттеуге, ұсталарға жалақы беру, кемені ұзартуға металл алуға, бумен жұмыс жасайтын баржалар салуға жұмсағандығын баяндап, Бурақожырдан Омбыға хат жазады. Сонымен бірге хатта Құлжадағы Ресей консулы араласқанымен қытайлардың кемемен жеткізілген астық пен өзге де азық-түлікке төлемді толық өтемегені, соның кесірінен Ташкент интентандттығы олардың қарыздарын танып, несие бермейтіндігі; барлық жақтан несие берушілердің қыспаққа алып жатқандығы, ал өзінің қарызға батып, артелін таратып, көпжылдық еңбегінің жемісін көрместен Жетісудан кетуге ниетті екендігін мәлімдейді.

Дегенмен, Козелл-Поклевский Іле кемешілігі сынды «өзінің төл перзентін» тастап кете алмайды. Барлық кедергілерді еңсеру, қаражат табу мақсатында империяның астанасына жолға шығады.

Осы уақыттан бастап Ян үшін сәтсіздіктерге толы қиын кезең басталады. Өзі Санкт-Петербургте жүргенде қарызын төлемегендігі үшін билік өкілдері одан ұстаханаға айналдырған казарманы босатуын талап етіп, ондағы механикалық білдектерге тыйым салады. Сәтсіздіктерге еріксіз нали бастаған ол Петербургтен Верныйға телеграфпен мынадай хабар бергізеді: «ұстахананы Іледегі казармадан алып кету қажеттілігіне байланысты, менің сенімді өкілім Норманға Құлжадағы үй үшін алынған қаражаттан 400 рубль берулеріңізді сұраймын. Жуырда қалған 9 мың рубльді аламын. Петербургтегі істерімді бітіре салысымен Верныйға жолға шығамын». Алайда, тағдырдың жазуымен Козелл-Поклевский Жетісуға жете алмайды. Екпіндей соққан қатты дауыл кеме мен баржаны жағаға шығарып тастайды. Оларды қайта суға түсіруге қаражат табылмай, табиғат апатынан кеменің сыртқы қабаты зардап шегеді. Амалы таусылған соң, бу машинасы демонтаждалып, Верныйда сатылады, ал кеме мен баржаның құм басқан қаңқасын Іле елді мекенінде өткен ғасырдың басында да көруге болатын.

Осылайша, Янның Жетісудың алыбы – Іле өзенін көлік күретамырына айналдыру арманы орындалмай қалады. Кеме мен баржа жарамсыз болып қалғандықтан, Козелл-Поклевскийдің Жетісуға оралуы өз мәнін жоғалтады. Верныйда барынан айырылған кәсіпкерді жоқшылық күтіп тұрған еді. Сондықтан, тиесілі қаржыны алып, қарыздарын шұғыл төлеуді және отбасының тіршілігіне тұрақты табыс көзі болатын мемлекеттік қызметке оралуды мақсат етеді. Көп ұзамай 1885 жылдың ортасында мемлекеттік қызметке қабылданып, Закаспий облысының, Мерв уезіне жіберіледі.

Ян Козелл-Поклевский сәулеткерлігінің жарқын көрінісі болған Архирей үйі, Қонақ сарайы (бүгінгі Көк базар) және т.б. ғимараттар зілзала барысында қирап, осы уақытқа дейін жетпегенімен, бүгінгі күні қала тұрғындарын Абай даңғылынан төмен сылдырай аққан арық сулары қуанышқа бөлеп, Алматының Орталық саябағындағы су көздері жандарына сая беруде. Ол жоспарлаған Алматы-Бішкек жолы арқылы жыл сайын миллиондаған көлік қатынап, өңірдің дамуына оң ықпалын әлі де тигізуде.

Ал Я. Козелл-Поклевский өміріндегі орны ерекше жобалардың бірі де бірегейі болған Балқаш-Іле кеме қатынасы кәсібіне келер болсақ. Оның қазасынан соң, араға 31 жыл салып, Бурақожыр мен Іле елді мекендерінің арасында (қазіргі Қапшағай су қоймасына дейін) алғашқы жолаушы-жүк тасымалдайтын кеме қатынай бастады.

ХХ ғасырдың 30-жылдары мыс кен орындарының ашылуымен Козелл-Поклевский сөз еткен Бертіс айлағының маңайында Балқаш қаласы бой көтерген. Балқаш көлі маңайындағы кен орындарының игерілуімен, Балқаш кеме кәсібі қалыптасып, тасымал ісінде белсенді түрде қолданылып келе жатыр. 1970 жылы Іле өзенінде Қапшағай суқоймасының салынуының нәтижесінде, онда теплоходтар қатынасы жолға қойылады.

Автор: Жандос Қарынбаев, зерттеуші.


Автор туралы ақпарат: Жандос Қарынбаев – қазақ-поляк тарихи байланыстары тақырыбын зерттеуші ғалым, PhD кандидаты. Оның «Қазақ-поляк байланыстарының тарихы танымал тұлғалар мысалында» атты М. Баймұханмен авторлық бірлестікте жазған еңбегі 2021 жылы Варшавада басылып шықты.