31Мам

Түрікмен құланы

Материал Toyota Kazakhstan компаниясының қолдауымен дайындалды.

Түрікмен құланы (Equus hemionus kulan) – Орталық Азияда мекендейтін Азия жабайы құланының бір түршесі. Қазақстанның Қызыл кітабына саны азайып бара жатқан түр ретінде екінші санатпен енгізілген.  Ал Халықаралық табиғат қорғау одағының (IUCN) «Қызыл кітабына» жойылу қаупі төніп тұрған түр ретінде 2016 жылы тізімделді.

Құлан – тақтұяқтылар жасағы, жылқы тұқымдастарға жататын сырттай есекке ұқсағанымен, биологиялық тұрғыда жылқыға тән белгілері де бар тағы сүтқоректі. Оның ғылыми атауы hemionus сөзі латын тілінен аударғанда сөзбе-сөз «жартылай есек», бізше «қашыр» деген мағынаны береді. Кәдуілгі есек пен аттай емес, құлан ешқашан қолға үйретілмеген деп саналады.

Сонау ХVIII-ХIХ ғасырларда Орталық Азия елдерінің –  Қазақстан, Өзбекстан мен Түркіменстанның шөл-шөлейтті аймақтарынан бұл жануарды мыңдап кездестіруге болар еді. Алайда уақыт өте келе антропогенді әрекеттердің салдарынан құлан саны азайып, тіпті кейбір елдерде, оның ішінде Қазақстанда ХХ ғасырдың басында жойылып кетті. Алайда 1953 жылы Барсакелмес аралына (Арал теңізі) 8 түрікмен құланы әкелініп, жерсіндіру жұмыстары басталды. «Қызыл кітаптың» (2010) дерегіне сүйенсек, құландар жаңа аумаққа бейімделіп, 1982 жылы саны 280-ге жеткен соң «Алтынемел»  ұлттық паркіне 32 құланды жерсіндіруге жіберді. Ал 1986-1990 жылдары және 2007 ж. Андысай қорықшасына, 1991 ж. Ақтау-Бозашы қорықшаларына жіберілді. Осылайша жақсы өсіп-өніп, ел аумағындағы құлан саны 2007 жылы екі мыңдай болды.

Ал бүгінде жерсіндіру мен ерекше қорғаудың арқасында елдегі түрікмен құланы 4000 басқа жетті.

Жалпы сипаттамасына келсек, түрікмен құланы құлан түрлерінің ішіндегі ең ірісі. Ұзындығы 200–250 см, шоқтығының биіктігі 100–140 см, ал салмағы 200–240 кг. Айғырлары аналықтарынан үлкенірек.

Батыста Каспий жабайы құланы деп те аталатын жануар  бозғылт қоңыр түсті, жота тұсында  қара жолағы болады, ал бүйірлерінде, арқасы мен ішінде ақ дақтар көрінеді. Сондай-ақ құйрық ұшында жүнді қара жалы болады. Жазда түрікмен құланының түгі тықыр, қоңыр түсті болса, суық мезгілде қалың сұр-қоңыр жүнге айналады.

Құландар негізінен шағын топтарда көшпелі тіршілік етеді. Бірақ кейде бірнеше жүзге дейін жететін үйірде өмір сүре алады. Жылқылардағыдай емес, құлан үйірінің құрамы үнемі өзгеріп отыруы мүмкін, биелері бір үйірді тастап екіншісіне ауыса алады. Айғырлары үйірге иелік етеді. Олар күйекке мамыр, шілде айларында түсіп, 11 айдан соң көбіне жалқы құлын туады. Төлдері туған күннен бастап-ақ жүре бастайды.

Құлан – шөлейтті, шөлді аймақтарда мекендейді. Көбіне қыратты жазық, ашық жерлерде жайылады. Өсімдіктердің 100-ге жуық түрімен қоректенеді, олардың негізгі үлесін шөптесін өсімдіктер (73,2%), ал 26,8% –ын ағаштар, бұталар мен шала бұталар құрайды.

Фото: Салтөре Сапарбаев

Материал Toyota Kazakhstan компаниясының қолдауымен дайындалды.