Қазақстанның стратегиялық өнеркәсіп нысандарында мыңдаған адам жұмыс істейді. Олардың барлығы талапқа сай жағдайда еңбек етіп, тынығуға мұқтаж. Қызметкерлерді жайлы жерге қоныстандыру, тамақтандыру және тасымалдау бойынша жиырма жылға жуық уақыттан бері өте сапалы қызметтер кешенін атқарып келе жатқан «Caspian Offshore Construction Realty» (COC Realty) – өңірдегі ең ірі инвестициялық компаниялардың бірі, осы нарықтың сөзсіз көшбасшысы.
Батыс Қазақстан – бай өлке, алайда ауа-райы ызғарлы. Мұндағы нысандар бір-бірінен және ірі қалалардан тым алыс жатыр, ал климат қыста да, жазда да есіркей қоймайды. Сондықтан қызмет көрсету саласында басқарудың батыстық тәжірибесін қолданатын отандық COC Realty компаниясы мұнай топ-менеджерінен (басшысынан) бастап қарапайым вахташыға дейін – әрқайсысын жоғары деңгейдегі сервиспен қамтамасыз етуді өз алдына басты міндет қылып отыр.
COC Realty мінсіз жұмыс істеген жылдар ішінде жайлылық пен қонақжайлылықтың жаңа деңгейінің негізін қалады, бүкіл индустрияны нөлден бастап құрып, ең шалғай аймақтарда инфрақұрылымды дамытты. Компания өзінің резиденцияларында, қонақ үйлерінде және вахталық қалашықтарында қоныстанғандарға жоғары сапалы қызмет көрсетеді, сондай-ақ бизнес-орталықтар мен конференц-залдардың қызметтерін ұсынады.
Мұндағы сервис ілеспе қызметтердің бүкіл кешенін қамтиды – мейрамханаларда немесе асханаларда күніне үш рет тамақтандыру, тазалақтың барлық түрі, кір мен жеке заттарды жуу, күзету, көптеген спорт залы мен бассейндерді, сауықтыру орталықтарын басқару, көшпелі тамақтандыру (кейтеринг) және тынығу уақытын ұйымдастыру. Компания нысандарға толықтай техникалық қызмет көрсету, барлық қалдықтарды кәдеге жарату шаруаларын іске асырады, персоналды тасымалдау және үйлестіру бойынша қызметтердің барлық түрін көрсетеді.
COC Realty клиенттері – мұнай-газ саласының отандық және шетелдік ірі көшбасшылары. Басшылықтың барлық процесті басқаруға қатысуы, саналы ой-толғам, кез-келген өзгеріске бейімделуі компанияға белсенді дамуға және қызмет көрсету саласындағы сенімді серіктес ретіндегі беделін сақтауға мүмкіндік береді.
– COC Realty 2000 жылдардың басында құрылған кезде Қазақстанда жұмыс істей бастаған шетелдік компаниялар көптеген қиындыққа тап болды. Солардың бірі – персоналға арналған қазіргі заманғы халықаралық талаптарға сай келетін тұрғын үйдің болмауы. Бұл тауашаны көріп, біз тәуекелге бел буып, жылжымайтын мүлікке инвестиция сала бастадық. Біздің жұмысымыздағы басты ереже әрқашан «ұзақ ойынға» негізделді. Яғни ұзақ мерзімді инвестицияларға, нысандардың мүлтіксіз сапалы болуына және ұсынылатын қызметке, сондай-ақ қызметкерлермен, клиенттермен және қоғаммен сенімді қарым-қатынас орнатуға назар аудару болды, – деп еске алады COC Realty бас директоры Александр Прокопец.
Сервисі жолға қойылған тұрғын үй қызметтері – сауатты сервис құру және инвестициялардың қайтарымын қамтамасыз ету тұрғысынан алғанда өте күрделі бизнес. Өз клиенттеріңнің қажеттілігін жақсы түсінуің, нарықтағы жағдайды бірнеше жыл ерте болжай білуің керек, үнемі істің басы-қасында болуға тиіссің. Бұл орайда күрделі климаттық жағдайларды ескеру қажет: мәселен Атырау облысындағы температура амплитудасы -50-ден +50 градусқа дейін, ал желдің жылдамдығы секундына 50 метрге жетуі мүмкін.
Соған бейімделуге тура келді. Мысалы, компания Теңіз кен орнына алғаш рет келген кезде таза ауыз су бойынша үлкен мәселе туындады, сұйық және қатты тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату мүмкіндігі болмады, электр энергиясы, газ жетіспеді. Осы тармақтардың әрқайсысы бойынша барлық экологиялық және табиғатты қорғау талаптарын сақтай отырып, шешімдері табылды.
Компанияның тұрақты басшысы әрі идеялық шабыт берушісі өздерінің тек қана мердігер емес екенін атап көрсетеді. Бой көтерген нысандар солардың ұзақ мерзімді инвестициялық қаражаты есебінен тұрғызылады, сондықтан әр жобаны қолға алғанда олар үнемі өз ақшасын тәуекелге тігеді. Алдымен жер учаскелері сатып алынады, сосын қонақ үй немесе вахталық кент, кеңсе немесе ілеспе инфрақұрылым салынады. Бірақ мұнымен тоқтамайды.
– Егер COC Realty компаниясы, ең басында, тек инвестор болып, нысандарға қызмет көрсету жұмыстарын аутсорсингке беруді жоспарлаған болса, кейін біз оны ешкімге сеніп тапсыра алмайтынымызды түсіндік. Өйткені көрсетілетін қызметтердің сапасы компанияның беделіне тікелей әсер етеді және бұл біз үшін өте маңызды, – дейді Александр Прокопец.
Сондықтан бүгінгі таңда COC Realty – нысандарда барлық коммуналдық қызметті ұйымдастыру мен кешенді қызмет көрсетуді қоса алғанда, тапсырыс берушінің персоналын жайлы орынға қоныстандыруға қатысты міндеттерді басынан аяғына дейін кешенді шеше алатын сенімді серіктес. Компанияның Атырау, Орал, Ақсай, Ақтау қалаларында, Баутино мен Теңізде нысандары бар. Олар – қонақ үйлер, резиденциялар, жалпы сыйымдылығы 20 000 төсек-орыннан асатын вахталық қалашықтар. Ауқымы мен жайлылық деңгейі әртүрлі, елді мекендерден шалғайда орналасқан болса да күрделі климаттық жағдайларда да жылы қабылдап, сапалы қызмет көрсетуге кепілдік береді.
Қонақтарды жайлы жерге орналастыру ғана емес, сонымен қатар дәмді тамақтандыру да маңызды. Мұнда осыған көп көңіл бөлінеді. Компания активінде 50-ден астам мейрамхана, барлар мен асханалар, сондай-ақ «Теңіз» вахталық кентіндегі әлемдегі ең ірі, бірегей «Cooks & Chill» тамақ өндіру комбинаты бар. Онда тәулігіне 70 000-нан астам түскі ас дайындалады!
Барлық дерлік нысанда заманауи құрал-сайманмен жабдықталған дене шынықтыру-сауықтыру кешендері бар. Оған қоса, вахталық ауылдарда үстел немесе қимыл-қозғалыс ойындары, барбекю, караоке болсын, демалыстың түр-түрі ұйымдастырылады. Өйткені вахташының жұмысқа деген құлшынысы, оның қалай демалуына байланысты ғой. Яғни, оған вахтада үйдегі жағдайдан жаман болмауы керек!
Қызмет салаларының бірі – инфрақұрылымдық құрылыс. COC Realty бір уақытта инвестор, тапсырыс беруші әрі нысандарды салушы болғаннан кейін қолға алған ісін мінсіз атқаруға ұмтылады және барлық тәуекелді өз мойнына алады.
Халықаралық деңгейдегі меншікті сапалы инфрақұрылымға кіреберіс жолдар, автотұрақтар, газ тарату және газ азайтушы стансалар, сұйық қалдықтарды қайта өңдеу орталықтары, булану алаңдары мен тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеудің заманауи кешендері және тағы басқалары кіреді.
COC Realty компаниясының 30 000 шаршы метрден астам кеңсе бөлмелері, дәл сондай көлемде қойма шаруашылығы, сондай-ақ 1 000-нан астам жолаушы көлігі мен 250 бірлік арнайы техникасы бар. Батыс Қазақстандағы ең ірі автопарктің бірін басқара отырып, компания кәсіпшілік нысандардың үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етеді, жүктер мен адамдарды жеткізеді. Ал Атырау қаласы мен Теңіз кен орнындағы техниканы жөндеуге, бояуға және жууға арналған меншікті кешендер жоғары сапалы қызметті сол жерде көрсетуге мүмкіндік береді.
Мұның бәрі, ең алдымен, адамдардың қолымен жасалатынын ескеру керек. COC Realty командасында 12 000-нан астам білікті маман бар және оларға мансаптық дамуы әрі өрлеуі үшін жағдай жасалған. Қызметкерлер жұмыс барысындағы процестер мен барлық қызмет сапалы болуы керектігін, сондай-ақ абырой мен бедел №1 орындағы басымдық екенін жақсы түсінеді. Соған сәйкес, компанияның жалпы ұзақ мерзімді құндылықтарын негізге алады.
COC Realty клиенттерге сапалы, тиімді және сенімді қызмет көрсетуді, жоғары жұмыс стандарттарын сақтау әрі үнемі жетілдіріп отыруды өз миссиясы ретінде қарастырады. Осындағы жобаларды жүзеге асырудың барлық кезеңіне қатысу арқылы, яғни дайындау мен әзірлеуден бастап одан әрі пайдалану мен қызмет көрсетуге дейінгі еңбектің негізінде пайда болған сервистің бірегей моделі клиенттердің барлық қажеттілігіне сай келеді.
– Біз ірі қонақ үй желілерімен, халықаралық құрылыс және тамақтандыру компанияларымен бәсекеге түсуіміз керек. Әрқашан өз қызметтеріміздің жаһандық деңгейде сұранысқа ие болуын қамтамасыз етуге тырысамыз. COC Realty Батыс Қазақстандағы әртараптандырылған бизнес көшбасшыларының бірі ретінде өз позициясын одан әрі нығайта береді. Өзгелер саған сенім арта алатындай жұмыс істеу – бұл бизнесте ғана емес, барлық салада бар басты ережелердің бірі, – дейді Александр Прокопец.