22Ноя

Мальдив аралдарына кеттік

Елестетіңізші. Дәл алдыңызда көздің жауын алатын көгілдір түсті су, аяғыңыздың астында ақ ұлпа қардай құм жатыр. Мұхит үстінде бунгало, тұтас аралдың бойына қаз-қатар орналасқан әрі жағажайға қарайтын керемет виллалар, экзотикалық тағамдар мен небір ойын-сауық түрлері – осының бәрі Мальдив аралдарына не үшін бару керек деген сұраққа жауаптың басы ғана.    

Егер сіз демалу үшін қаншама елдің ішінен Мальдив аралдарын таңдаған болсаңыз, онда қателеспегеніңіз анық. Бұл Үнді мұхитындағы ең әдемі жер және онда ешқашан көңіл-күй бұзылмайды. Түнерген ауа-райы да болмайды. Дәл осы жұмақ аралдарында бәрі, тіпті табиғаттың өзі сізге күйбең тірлікті ұмыттырып, экзотика әлеміне еніп, мінсіз сервис пен аппақ құмды жағалаулары бар ең таза теңіздің рахатына масаттану үшін жаралғандай.  

Нағыз демалысты сезініңіз

Бұл менің Мальдив аралдарына алғашқы сапарым  болса да, ә дегеннен-ақ қатты ұнап қалды. Біріншіден, тағы да айтайын, табиғаты ғажап. Екіншіден, мұндағы сервис пен  меймандарға қызмет көрсету жоғары деңгейде жолға қойылыпты. Әуежайдан түскеннен-ақ демалысты анық сезініп, рахат күйге бөленесіз. Өйткені күтіп алушы тарап жолжүгіңді қабылдап алудан бастап, өмір бойы есте қалатындай аспанда қалықтап ұшу сәтін сыйлайтын гидроұшақтарға жайғасқанға дейінгі барлық қажетті құжаттарды рәсімдеу сияқты бүкіл қиындықты өз мойнына алды. Ұшар биіктен Мальдив аралдарының әдемі көрінісіне, таңғажайып сұлулығына қарау керемет әсерге бөлейді: аспанмен үйлескен судың түсі, аппақ құм мен жасыл желек – айналаның бәрі көзге сондай тартымды. Өңім бе, әлде түсім бе дегізетіндей.

Мальдив аралдарында қонақ қарсы алудың өзі бөлек рәсім. Меймандарды қарсы алу үшін қонақ үйдің бас менеджерінен бастап бүкіл қызметкері пирске шыққанда, таңданысымда шек болмады. Алғашқыда арамызда айрықша құрметті адам бар екен деп қалғаным да рас. Сөйтсем, келген қонақтың бәрін осылай жылы шыраймен қарсы алып, шығарып салады екен. Бұл адамға ерекше көңіл-күй сыйлайды әрі осы жердегі қызмет көрсету сервисі мен қонақжайлылық жоғары деңгейде екенін айғақтайды.    

    Мальдив аралдарында қонақүйді таңдау мүмкіндігі, шынымен де, шексіз: бірінші санатты тамаша қонақүйлер, бунгалолар, жағажайға шығатын жері жеке және үй рифіне қарайтын люкс бөлмелері, түрлі-түсті үй рифі бар лагунаға жақын орналасқан су виллалары бар. Қонақжайлылықтың белгісі және ережелері бойынша, әдетте меймандар люкс қонақүй-курорттарға орналастырылады, бірақ Мальдив аралдары үшін бұл таңғаларлық нәрсе емес – қай қонақүйде болмасаңыз да, сізге ерекше құрмет көрсетіледі. Біздің бағдарлама көрнекі орындарды да қамтыды, олар – автономды атолдардағы Dhigali Maldives, Kurumba Maldives және W Maldives люкс қонақүйлері мен курорттар.  Бұл қонақ үйлердің барлығы – тыныштық пен жайлылық, сән-салтанат орнаған, сұлу көрінісін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес аралдар.

Бұл жерде түсірген әдемі фотосуреттеріңізді әлеуметтік желілерде жариялау үшін өңдейтін ешқандай сүзгі қажет емес. Қонақ үйлердің әрқайсысы да ұмытылмас әсер қалдырды. Бұдан артығы жоқ сияқты көрінген, бірақ саяхатымыз барысында барған әрбір келесі қонақүй бізді өз ерекшеліктерімен таңдандырғанын айтпау мүмкін емес.

Dhigali Maldives қонақ үйінің бір ерекшелігі – аралдың көп бөлігі нағыз джунгли, олар жүздеген жыл бұрынғы таза күйінде сақталған. Сонымен қатар, қонақ үй келген қонаққа орыс тіліндегі өз мобильді қосымшасын ұсынады, бұл аралда емін-еркін жүруіңе қолайлы. Өйткені сол қосымшаның көмегімен курорт туралы толық мәліметті, соның ішінде қонақүй картасын, аралдағы күнделікті іс-шаралар жайында біле аласыз, сондай-ақ SPA мен мейрамханаларды оңай табасыз.

Мальдив аралдарында теңіз экскурсияларының түр-түрін көруге болады. Kurumba Maldives қонақ үйі бізге теңізде мөлдір таза суды көріп, толқындардың шуылын естіп, күннің жылуын сезінерлік круиз түріндегі ұмытылмас серуен ұйымдастырды. Бағымызға орай, суда ойнақ салып секірген дельфиндерді де көрдік. Бір қызығы, дельфиндер де біз сияқты күн бататын уақытты жақсы көреді екен. Күннің осы сәтінде серуендейтін қайықтардың айналасынан шықпай асыр-салуы да сондықтан көрінеді.  Жалпы, тропикалық аралдардағы күннің батуы ерекше көз тартады. Мұндай өте әдемі табиғат көріністі қалай суретке түсірмейсің.

Ұясына батқан күнді көзбен шығарып салған соң, бізді йога сабақтары күтіп тұрды.  W Maldives қонақүйінде йога сабақтарымен бірге SUP борд тебу ішкі үйлесімділік пен тыныштық табуға ықпал етеді екен. Сондықтан міндетті түрде SUP борд тебуге және  W Maldives қонақ үйінің AWAY спа-салонына баруға кеңес беремін. Аталған спа-салонда керемет интерьер мен мұхиттың ашық көрінісінен эстетикалық ләззат аласыз. Спа процедураларының көптеген түрі бар. Бұл жердегі атмосфера мен береке адамға жан рахатын сыйлайды.

Дәм тартса тағы барамын

Мальдив тағамдары – әлемдегі ең пайдалы және дәмді астың бірі. Ұлттық тағамдары үнді, араб және тай дәстүрлерінен алынған. Ал тунец балығын жергілікті тағамдардың ішінде ең жоғары сұранысқа ие әрі онымен бірге әрқашан кокос жаңғағы қатар жүреді. Мальдивтің дәстүрлі тағамдарынан басқа, қонақүйлер келген қонағына әлемнің басқа елдерінің де тағамдарын ұсынады.

Маған маржан рифтерінің әсем сұлулығын паш ететін су түбіне сүңгуге дейінгі көптеген су спорты түрлерін байқап көру мүмкіндігі ұсынылатыны да ұнады. Су асты әлемінің алуан айшықты тіршілік иелерін тамашалау да бір ғанибет.

Әрине, Мальдив аралдарына келіп тұрып, оның астанасын аралап көрмеу еш ақылға сыймас еді. Маленің де өзіндік ерекшеліктері көп. Сондықтан, уақыт тауып астанасын аралап, халқының тіршілігіне де зер салғаныңыз жөн. Әйгілі балық базарына, Сұлтан саябағына, шағын болғанымен, экзотикалық астананың басқа да көрікті жерлеріне барыңыз. Базарлық ретінде кәдесыйлар сатып алып, тамаша фотосессия жасауды да ұмытпаңыз. Үйіңізге келгенде Мальдив аралдарының сол кішкентай бөлшектері мен фотолар сіздің жан дүниеңізге нағыз демалыс сыйлаған осы саяхатыңыздың жарқын сәттерін ұдайы есіңізге салып тұратыны анық.

Әлбетте, қандай саяхатқа шықсаңыз да, қасыңызда қандай адамдар жүргені маңызды. Біздің тобымыз да сондай жарқын жүзді, ашық әрі ізденімпаз, белсенді адамдардан құралып, сапарымыздың шырайын одан сайын кіргізгенін атап өткім келеді. Бұл да осындағы сервиспен, аралдардың сұлулығымен және ұмытылмас сәттерімен үйлесім тапты. Сондықтан, сөз соңында айтарым: Мальдив аралдары – жер бетіндегі кішкентай жұмақ. Егер сіз осы сұлулықтың барлығын өз көзіңізбен көруге шешім қабылдасаңыз, тілегіңізді кейінге қалдырмаңыз. Өйткені бұл жерден алған жарқын әсерлер мәңгі есіңізде қалады.

Автор: Бибігүл Имомбай