18Қаң

Аппақ қарда жайылған ақбөкен

Астанаға іргелес жатқан Қорғалжын ауданы Қазақстанға ғана емес, алыс-жақын шетелдерге де жақсы таныс. Оны әйгілі етіп отырған көктем мен жазда нағыз құс базарына айналатын көлдер жүйесі, ірілі-ұсақты қоңыр аңы мол Қорғалжын қорығы. Ал Теңіз көліне келіп жұмыртқа басатын, сирек кездесетін қызғылт қоқиқаз қорықтың символына айналған.  

Осы Қорғалжын аумағында біраздан бері киіктің Бетпақдала популяциясының үлкен бір тобы қыстап қалады екен. Біз білетін киіктің негізгі дені қысқа қарай қары аз оңтүстікке қарай ойысып, жылырақ жақта қыстайтын еді. Ал Қорғалжындағы қысқы температута минус 40-тың айналасына барып қалып жататыны белгілі. Қар да қалың түседі.

Сондықтан өткен жұма күні National Geographic фотографтары Қорғалжынға тартып кетті. Ондағы мақсат – қорық аумағында қыстап қалған киіктерді көзбен көру және мүмкіндік туып жатса, қысқы тонын киген ақбөкендерді фотообъективке іліктіру.

Әлбетте, ат басын алдымен «Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығы» мекемесіне тіредік. Қорық директорының міндетін атқарушы Ерғұлан Дүйсекеев жақсы мағынасында «орнында отырмайтын» азамат екен. Бір күн бұрын хабарласқанымызда, сөз ләмінен далада жүргенін байқағанбыз. Бөрісырғақ боран жауып тастаған қорық аумағындағы жолдардың қарын тазалатып, киіктің азық табуын жеңілдету үшін өрістерін қалың түскен қасат қардан ауыр теника көмегімен аршытып, таң ата бір-ақ келіпті.

Қорықшылар ауыр техниканың көмегімен қасат қарды аршып, киіктерге осылай өріс ашып тұрады. Бұл қыс қаһарына мінген, қарлы бораны күшейген дәл осы кезеңде киікті аман сақтау үшін аса маңызды.

Е.Дүйсекеев аман-саулық сұрасудан соң бірден қорық туралы әңгімесін бастап кетті.

– Біздің аумақта 5-6 мың аралығында киік бар. Қазір күйек аяқталып келеді. Текелері әбден қалжыраған, өте әлсіз, ал қыс болса, қатал. Сондықтан, киік жайылатын ашық алқаптардың қарын ауыр техникамен аршып тұрамыз, – дейді Ерғұлан Талғатұлы.

Мысалы, арнаулы техника осы жолы қарды осылай күреп, ұзындығы 800 метр болатын 25 жолақ (жоғарыдағы сурет) жасаған. Киік әлгі жерге енді 3-4 күннен соң келуі мүмкін.

Ерғұлан Дүйсекеевке (оң жақта) журналымыздың биылғы алғашқы санын сыйлап, жұмысына сәттілік тіледік.

Оның айтуынша, қазір қорық аумағы қорықшы-инспекторлардың күшімен жіті бақыланып отыр. Қысқы балық аулаушылар да ұдайы назарда. Өйткені, балық аулауға рұқсат етілмейтін көл де бар. Ол – Асаубалық көлі. Асаубалықта балық аулауға, көл аумағына кіруге қатаң тыйым салынған, себебі өзге көлдер жүйесіне балық негізінен осы көл арқылы таралады. Сондықтан күзеті де күшейтілген.

Жалпы, қорық аумағына келіп балық аулаушылар тиісті экологиялық төлем жасап қана кіре алады.

Біздің көздегеніміз ақбөкен болғандықтан, сұрағымыз да киікті төңіректей береді. Көкейдегі негізгі сұрақтың бірі: Киік популяциясының бір бөлігі неліктен қысы қатал солтүстікте қыстап қалатын болды? Мұның да ішінара жауабын тапқандаймыз.

«Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығы» мекемесінің ғылым, ақпарат және мониторинг бөлімінің аға ғылыми қызметкері Александр Федулиннің айтуынша, соңғы жылдары Бетпақдала популяциясына жататын киіктің Қорғалжын тобы қалыптасты. Бұл топ осы маңда қыстайды, басқалары сияқты оңтүстікке қарай кетпейді. Мұның бір себебі киіктің дәстүрлі миграция бағыттарын кесе-көлденең теміржолдар салынуымен байланысты болуы мүмкін.

Расында да, картаға қарасақ Арқалық-Шұбаркөл, Жезқазған-Жарық теміржолдары Қорғалжын тобындағы киіктерді қоршап жатыр екен. Біз бұл мәселеге кейін кеңірек тоқталатын боламыз.

Ал әзірге есіл-дертіміз Қорғалжын қорығы аумағында жүрген киікті көру. Алайда бұл оңай шаруа болмай шықты. Өйткені киік «мына жердің қарын аршып, өріс ашыпты ғой» деп кеше ғана техника жұмыс істеген жерге бүгін келе салмайды екен. Тумысынан үркек жануарлар алыс қиырларға кетіп қалып, араға бірер күн салып оралатын көрінеді. Біз келген күні Қаражар кордонынан басқа жерлерде киік жүргені туралы ақпарат түспепті. Сондықтан Ерғұлан Талғатұлы бізді мемлекеттік инспектор Олжас Ерубаевтың жолбасшылығымен Қаражарға аттандырды.

Сол жақтан бірінші отырған мемлекеттік инспектор Олжас Ерубаев

Қорғалжыннан ұзап шықпай жатып, жол бастап келе жатқан қорықшылардың «Уаз» көлігі шетке қарай ығысып, тоқтай қалды. Сөйтсек, алдымызда 500 метрдей жерде бір топ киік жолды кесіп өтіп, жөңкіліп барады екен. Фотоға түсіргенге алыстау, әрине. Дегенмен, діттеген жерімізге жетпей жатып, алдымыздан киік шыққанына қуанып қалдық.  

Қаражар Қорғалжын ауылынан 45 шақырымдай қашықта, Сұлтанкелді көлінің жағасында екен. Түс ауа жеттік. Мұнда бізді қорықшылар Мұхтар мен Әлихан қарсы алды. Олардан да киіктің жайын сұрап жатырмыз. Айтуларына қарағанда, бүгін киік алыстап кеткен секілді. Оның үстіне күн бұлыңғыр, азынап боран соғып тұр. Соған қарамастан фотографтар Ерболат Шадрахов пен Дмитрий Ругис қалың киімдерінің сыртынан ақ комбинезондарын киіп алды. Өйткені киік қарайғанды қалт жібермейтін сақ жануар. Олардың иіске де, дыбысқа да өте секемшіл екенін айтқан Олжас «моторлы қаршанамен жақынырақ баруға бола ма» деген үмітімізді бірден үзді. Сондықтан, «ұрыста тұрыс жоқ» деген фотографтар киік жайылуы мүмкін деген жаққа қарай жаяулатып тартып кетті.

«Ақ маңдайыңды бері тарт!» деп ақбөкен аңдыған сәт.

Бірінші күнгі нәтиже жаман емес.

Қар жамылып, қарауыл қараған екінші күні киіктерді жақынырақ жерден суретке түсіру мүмкін болды.

Фотографтардың да жұмысы оңай емес. Қалың қарға көміліп, аяз бен желді елемей, күні бойы киіктің өтуін күтіп осылай жатады.

Осылай үш күн бойы ақбөкен аңдыған фотографтарымыз киіктің қысқы түр-сипатын, тіршілігін көрсететін сурет қорын біршама толықтырып қайтты. Сапарымыздың сәтімен ұйымдастырылуына себепкер болған Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне, сондай-ақ «Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығы» мекемесінің басшылығына айрықша ризашылық білдіреміз.

Фотолар: Ерболат Шадрахов және Дмитрий Ругис

P.S. Сөз басында қазір күйек кезеңі аяқталып келе жатқанын, бұл уақытта киіктің текелері қатты әлсірейтінін айтқан едік. Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің сайтында Зоология институтының ғалымдарына сілтей отырып, ауа-райының қолайлы күндерінде күйлеу кезеңінен кейін  аталық жануарлардың табиғи жағдайдағы өлім-жітімі 5-10% болса, қатал қыста 50-70% дейін жететіні туралы ақпарат беріліпті. Сондай-ақ әлсіреген жануарларды кездестірген жағдайда мына нөмірлерге 8(708) 352 20 57, 8(717) 2740646 хабарласу қажеттігі айтылған.

Төмендегі суретте қорық қызметкері Әлихан Бектай әлсіреп қалған киік текесінің жарақаты бар-жоғын қарауда.