Елімізде ғылыми зерттеу мақсатында жалпы саны 1815 киік аулауға рұқсат беріліп отыр. Экология министрлігіне қарайтын Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің мәліметінше, осы мақсаттағы ақбөкен аулау Қазақстанның төрт облысында – Ақмола, Қарағанды, Қостанай және Батыс Қазақстан облыстарында жүзеге аспақ.
Аталған комитет ғылыми институттармен бірлесіп, биыл киіктердің популяциясын ғылыми зерттеуді жоспарлап отыр екен. Яғни, популяцияның даму болжамдарын зерттеп, киіктің таралған аймағы мен миграциялық жолдарын және азық қорын анықтауды, ақбөкеннің көбейгеніне наразылық танытқан шаруа қожалықтары үшін ұсыныстар дайындау көзделіп отыр. «Мәселен, 2003 жылы киіктің саны 21 мың ғана болатын, ал былтыр көктемде саны 1 млн 318 мыңға жетті. Салыстырмалы түрде қарасақ, бірнеше есе көбейген», – деп отыр Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары Андрей Ким.
Осы комитеттің бас сарапшысы Асқар Абдрахмановтың айтуынша, жоғарыда айтқан 1815 киіктің бәрін аулау көзделіп отырған жоқ. «Киіктің жаппай төлдейтін жері табылған кезде ғана лағы ұсталады. Мақсат толықтай 1815 бас аулау емес. Мысалы, былтыр 200 бас киік аулау сұралды, бірақ 69 киікпен ғана шектелді. Киік аулауға 4-5 күндік уақыт қана кетеді. Лақтары аяғына тұрғаннан кейін оны ешкім ұстай да алмайды», – дейді ол.
Қолға ұсталған киіктер тәлімбақта өсіріледі. Соған орай, бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру негізінде мемлекеттен қаражат бөлініп, 2023-2025 жылдары ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіледі.
‒ 2015 жылы киіктің Бетпақдала популяциясының 90 пайызы қырылып қалғанын білесіздер. Осындай жағдайларда киікті сақтап қалу мақсатымен оны тәлімбақта өсіру көзделіп отыр. Жартылай қолда ұсталатын киіктерге пастереллёз сияқты індеттерге қарсы екпе егіледі. Даладағы киіктер пастереллёз індетінен, басқа да аурулардан қырылатын болса, тәлімбақта өсіріліген киіктердің есебінен қалпына келтірілмек. Киіктерді тәлімбақта бағу үшін жыл сайын 250 млн теңге жұмсалады. Сонда үш жылға 750 млн теңге бөлу көзделіп отыр, ‒ дейді Асқар Абдрахманов.
Сарапшының айтуынша, төлдеу маусымында киіктің жаңа туған лағы ұсталып, арнайы тәлімбаққа әкелінеді. Ал киік төлдейтін кез мамыр айынан басталып, айдың ортасына дейін созылатыны белгілі.
‒ Мұнымен он жылдан бері айналысып келе жатқан мамандар бар. Жас кадрлар да дайындалуда. Былтыр ұсталған киік лақтары Ұлытау облысының Жаңаарқа ауданындағы тәлімбақта өсіп жатыр. Ғылыми зерттеу институттары сынама алып, зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Биыл ауланатын киіктер де дәл солай қолда өсірілетін болады, ‒ дейді сарапшы.
Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің проректоры Әлжан Шамшиддин, өз кезегінде, осы оқу орнының қарамағында 2012 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан тәлімбақты мысалға алды.
‒ Ақбөкен ешқашан қолға үйретілетін жануар емес. Тәлімбақта жартылай бостандықта жүреді. Мұнда киіктің көбею қабілеті, ауруларға төзімділігі, қандай жұқпалы ауруларға шалдығу қаупі бар екені, ветеринарлық қауіпсіздігі, қосымша қандай азық беруге болатыны зерттеліп келеді, ‒ дейді ол.
Асқар Абдрахмановтың айтуынша, дүниежүзіндегі киіктердің 90 пайызынан астамы біздің елде тіршілік етеді. Сондықтан ол бағалы жануар саналғанымен, қызыл кітапқа енгізілмеген.
‒ Ақбөкен Қазақстанда аңшылық жануарлар түріне жатады. Киік біздің елде қызыл кітапқа енгізілмеген, бірақ халықаралық табиғат пен табиғи ресурстарды қорғау одағының қызыл кітабына енген. Өйткені Қазақстаннан басқа жерлерде киік жоқтың қасында, ‒ дейді.
Белгілі болғандай, мамыр айында елімізге киік популяциясының проблемаларын зерттеу үшін халықаралық сарапшылар келмек.
‒ Осы ақпан және мамыр айларында халықаралық сарапшылардың қатысуымен жиналыстар өтеді. Мамыр айы киіктердің ауыл шаруашылығына нағыз әсер ететін кезі болып есептеледі. Халықаралық мамандарды да осы уақытқа шақырып отырмыз, ‒ дейді комитеттің бас сарапшысы.
Автор: Нұрсұлу МЫРЗАХМЕТ
Фото: Ерболат Шадрахов