Жылдар өте келе, демалыс жоспарлауда танымал турлармен саяхаттау бәріне қалыпты болып көрінеді. Алайда соңғы жылдары елдің мәтениетімен жақынырақ танысып, рухани баюға көмектесетін туризмнің жаңа бағыттарының танымалдығы артуда. Осындай жаңа туризмге қызығушылықтың артуы компанияларды жаңа бағыттарды қолдайтын жобалар ұсынуға шақырады. Бүгінде назар аударуға тұрарлық эко және этнотуризм сияқты бағыттарды дамытатын жобалар жүзеге асуда. Туризмнің балама түрлерін келесі топтамадан толық біле аласыз.
Экотуризм қоршаған ортаға деген жауапкершілікті ескеріп, табиғи нысандарға баруды көздейді. Ол экожүйелерді, биоәртүрлілікті сақтау және табиғатқа зиянды әсерді азайту қағидаларын қамтиды.
Экотуризм бағытымен саяхаттауды жоспарласаңыз, оның негізгі принциптерін ескерген жөн.
Ең басты қағидасы – табиғатты сақтау. Саяхатты жоспарлау кезінде турист қоршаған ортаға теріс әсерді азайтатын және жергілікті экожүйелерді қолдауға көмектесетін жолдарды таңдауы керек. Мысалы, мүмкіндігінше экологиялық таза көлік түрлерін таңдаңыз: ұшақтың орнына пойыз, қысқа қашықтықта автомобильдің орнына велосипед. Хайуанаттар бағына баруды табиғи ортада жануарлар мен құстарды бақылаумен ауыстыруға болады. Бұл ретте, әрине, табиғи аумақтарға бару, жануарларды үркітпеу, қоқыс тастамау және ықтимал қауіпті жағдайлар туғызбау ережелерін ұмытпау керек.
Экологиялық ағарту, яғни туристердің жергілікті ландшафттың, флора мен фаунаның ерекшеліктері туралы экологиялық және мәдени білімін арттыру. Бірегей орындарға бармас бұрын, сол жердің ережелерімен танысып, не істеуге рұқсат етілгенін және неден бас тартқан дұрыс екенін сұраған жөн. Ұлттық саябақтар мен ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда әдетте туристерге арналған мінез-құлық ережелері бар стендтер, буклеттер болады. Қай жолмен жүру керек, қайда суретке түсіруге болатынын, өсімдік пен жануарлардың қандай түрелері кездесетіні сияқты ақпаратты біле аласыз.
Экономикалық тұрақтылық – дегеніміз жергілікті тұрғындар үшін қаржылық пайданы қамтамасыз ету арқылы оларды туристік және бизнес қызметке тарту. Әдетте туристік қызметтен түсетін табыстың негізгі бөлігі ірі қонақ үйлер мен компанияларға тиесілі. Ал экотуризм жергілікті халықтың экономикалық әл-ауқатын арттыруға үлес қосуға шақырады. Мысалы, жақын маңдағы аудандар мен ауыл тұрғындарының қонақ үйлерінде тұруға болады. Осылайша, тұруға ақша үнемдеп қана қоймай, осы аймақтың мәдениеті туралы көбірек біле аласыз.
Осындай экотуризм бағытындағы жобаның мысалы ретінде Орталық Азияның Еуразия Қоры «Шеврон» компаниясымен серіктестікте әзірлеген «Байтақ жер» жобасын келтіруге болады. Оның мақсаты – ауыл тұрғындарын қолдау және туризмнің тұрақты бағыттарын дамыту. Жоба эко және этнотуризм салаларындағы шағын және орта бизнес кәсіпкерлерін қолдайды. Соның аясында бизнесті жүргізу бойынша оқыту жүріп жатыр.
Туризмнің келесі бағыты – этнотуризм немесе этникалық туризм. Мұндай мәдени-танымдық саяхаттың негізгі мақсаты – осы аймақта өмір сүрген немесе әлі де өмір сүріп жатқан халықтың әдет-ғұрыптарымен, мерекелерімен, тағамдарымен және мәдениетінің басқа компоненттерімен танысу. Этнотуризм ауыл туризмі, этнографиялық туризм, оқиғалық туризм немесе аспаздық туризм сияқты туризмнің басқа түрлерінің элементтерін қамтуы мүмкін.
Этноауылдар, ұлттық стильдегі қонақ үйлер мен этнофестивальдер туризмнің осы түрінің мысалы бола алады.
Этноауыл – көшпенділер заманындағы ауыл көрінісіне ұқсас жасалған туристік ұлттық кешен. Этноауылдар бірнеше киіз үйден тұрады, келген туристер ұлттық киім түрлерімен және ұлттық тағамдармен танысады. Сонымен қатар, ұлттық ойындар мен мерекелердің өту салтын тамашалап, кәдесыйлар мен зергерлік бұйымдар жасаудан шеберлік сабақтарына, тамақ әзірлеуге қатыса алады.
Ал уақытын тыныштықта өткізгісі келетін туристер үшін бөлек орналасқан киіз үйлерге түсу мүмкіндігі бар. Олар сол киіз үйлерде түнеп, үй иелерінен тамақтанса болады.
Этнотуризмнің тағы бір бағыты – этно-фестивальдар. Бұл қолданбалы өнер көрмелері, сән көрмелері немесе белгілі бір мерекелер мен жыл мезгілдеріне қатысты өткізілетін іс-шаралар. Мысалы, қолөнершілер киізден жасалған бұйымдар, ұлттық әшекейлер, ағаштан жасалған бұйымдар фестивалін, дизайнерлер ұлттық киімдерді, сондай-ақ ұлттық стильдегі заманауи киімдерді көрсететін сән көрсетілімдерін ұйымдастырады. Жылқы шаруашылығының әдет-ғұрыптарын еске түсіріп, құрметтейтін «Ұлытау қымызы» этномәдени фестивалі өтеді.
Әдетте дизайнерлер, суретшілер, фотографтар баратын саяхат түрі – дизайн туризмі. Бұл саяхат түріне де сұраныс өсіп жатыр. Оның негізгі мақсаты – өнер туындыларымен танысу. Енді-енді танымалдығы артып жатқан дизайн туризмі әлі жаппай туризмге айналған жоқ.
Дизайн турлары, кез келген турлар сияқты, тұру, ұшып бару және трансферді қамтиды.
Дизайн саяхаттары туризмнің қымбат түрлеріне жатады. Алайда, одан арзанырақ нұсқаларын табуға болады. Архитектуралық стильдерді зерттеу үшін алыс жерлерге барудың қажеті жоқ, көрші аймақтардан немесе елдерден бастауға болады. Атақты суретшілердің шеберханаларына барудың орнына кеңінен танылмаған шеберлердің көрмелеріне тамашалауға болады. Сондай-ақ, мұндай саяхатты өзіңіз ұйымдастырып, жұмыс не білім беру сапарымен біріктіре аласыз.
Елена Гаркава, «Байтақ жер» жобасының коммуникация маманы
Фото: Ерболат Шадрахов