8Фев

Жер сілкінісі қалай туады?

Күн сайын мыңдаған жер сілкінісі болады. Бұл мақаладан олардың әдетте қай жерде болатыны және қалай өлшенетіні туралы біле аласыз.

Күн сайын мыңдаған жер сілкінісі болып жатады. Олардың көбі әлсіз болғандықтан, сезіле бермейді. Бірақ қатты жер сілкінісі зор апатқа соқтыруы мүмкін — 2022 жылдың қыркүйегінде Тайваньда 6,8 балдық жер сілкінісінен кейін құлаған бұл көпірден ел үлкен зиян шекті.
СУРЕТ: ЧЕНГ ШОУ И, NURPHOTO / GETTY IMAGES

Кейде жойқын болатын,  ағылшынша темблор деп те аталатын шағын жер сілкіністері бүкіл әлемде күн сайын мыңдап болып жататынын елестету қиын. Олардың көпшілігі өте әлсіз болғандықтан, жұрт сезбей де қалады.

Бірақ 2023 жылдың 6 ақпанында Түркияның оңтүстігінде және Сирияда болған 7,8 балдық жер сілкінісі осы онжылдықтағы ең көп өлім әкел зілзаланың бірі болуы мүмкін, дейді ғалымдар.

Ұшар биіктен түсірілген суретте 2023 жылдың 6 ақпанында Сирияның солтүстік-батысындағы Идлиб провинциясындағы Бесния ауылында 7,8 баллдық жер сілкінісінен кейін құлаған ғимараттардың қирандылары арасында құрбандар мен аман қалғандарды іздеп жатқандар көрініп тұр.
СУРЕТ: ОМАР ХАДЖ КАДУР, AFP/GETTY IMAGES

Зілзала қай жерлерде жиі болады?

Планетадағы жер сілкіністерінің шамамен 80 пайызы жанартау белсенділігінің басым болуына байланысты Тынық мұхиттың «от сақинасы» деп аталатын жағалауында туады. Жер сілкіністерінің көбі тектоникалық плиталар, яғни жердің жоғарғы қабатын құрайтын алып тас плиталар бір-біріне соқтығысатын немесе сырғитын аймақтарында болады. 

Бұл соққылар әдетте жер бетінде біртіндеп және байқалмай жүреді; дегенмен, тақталар арасында үлкен кернеу жиналуы мүмкін. Бұл кернеу тез босатылған кезде, ол сейсмикалық толқындар деп аталатын, көбіне тау жынысы және жер беті арқылы жүздеген шақырымдарға созылған күшті тербелістер тудырады. Басқа жер сілкіністері тақталар созылған немесе қысылған кезде дүмпу ошақтарынан алыс жерде болуы мүмкін.

Ғалымдар жер сілкіністерін олардың сейсмикалық толқындарының күші мен ұзақтығына негізделген магнитудалық бағалау арқылы өлшейді. 3-тен 4,9-ға дейінгі жер сілкінісі елеулі немесе әлсіз болып саналады; 5-тен 6,9-ға дейін – орташа және ауыр; 7-ден 7,9-ға дейін – күшті; және 8 немесе одан да көп болса – үлкен.

Жер сілкіністерінен кейін әрдайым кейінгі дүмпулер жүреді, олар негізгі жер сілкінісінен кейін пайда болатын және бірнеше аптаға, тіпті кейбір жағдайларда бірнеше жылға созылуы мүмкін кішігірім жер сілкіністері. АҚШ Геологиялық қызметінің мәліметі бойынша, кейбір жер сілкіністері үлкен жер сілкінісінің алдында болатын бастапқы дүмпулермен бірге жүреді.

Индонезияның Орталық Сулавеси провинциясында 2018 жылдың 28 қыркүйегінде 7,5 балдық жер сілкінісі мен цунамиден кейін құлаған кеменің алдында тұрған бала. Табиғи апат салдарынан 2000-нан астам адам қаза тауып, кем дегенде 210 000 адам үйлерін тастап кетуге мәжбүр болды.
СУРЕТ: УЛЕТ ИФАНСАСТИ, GETTY IMAGES

Жер сілкінісінің залалы

Орта есеппен, жыл сайын әйтеуір бір жерде 8 баллдық жер сілкінісі болып тұрады және жыл сайын соның кесірінен шамамен 10 000 адам қаза табады. Қираған ғимараттар көптеген адамның өмірін қияды, алайда қирау көбінесе көшкін, өрт, су тасқыны немесе цунами сияқты табиғи апаттармен өрши түседі. Әдетте үлкен жер сілкінісінен кейінгі алғашқы күндерде пайда болатын кішігірім дүмпулер құтқару жұмыстарын қиындатып, одан әрі өлім мен апатқа әкелуі мүмкін.

Адам шығынын төтенше жағдайларды жоспарлау, білім беру және жер сілкінісінің әсерінен қирайтын емес, керісінше тербелетін ғимараттар салу арқылы болдырмауға болады.

Ескерту: Бұл мақала бастапқыда 2019 жылы жарияланған. Оның жаңартылған нұсқасына Эми Маккивер мен Дэн Вергано өз үлестерін қосты.

Ағылшын тілінен аударған Әлия Құлахметова