Еліміздегі ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың (ЕҚТА) жалпы ауданы 29,3 млн га болады. Соның ішіндегі заңды тұлға мәртебесі бар ЕҚТА 8 млн га немесе Республика аумағының 2,9% — ын алып жатыр.
Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің мәліметтеріне сәйкес, Қазақстанда қазіргі күні республикалық маңызға ие 10 мемлекеттік табиғи қорық, 14 мемлекеттік ұлттық табиғи парк, 7 мемлекеттік табиғи резерват бар.
Ел тәуелсіздігін алғаннан бері ЕҚТА аумағы 28 мың га-ға ұлғайған. Соңғы 5 жылда 5 табиғат қорғау мекемесі құрылған. Атап айтсақ, 2018 жылы Шығыс Қазақстан облысында жалпы ауданы 143,5 мың га «Тарбағатай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі және Алматы облысында жалпы ауданы 415, 2 мың га «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерваты құрылса, 2020 жылы Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығының аумағы халықаралық сулы-батпақты жерлер тізіміне енгізілген Сырдария өзенінің атырауы есебінен кеңейтілді.
2021 жылы Қарағанды облысында ауданы 58 912 га болатын «Ұлытау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі құрылды, бұл Орталық Қазақстанның дала экожүйелерін қорғауға мүмкіндік берді.
Ақбөкендердің Орал популяциясын сақтау және қорғау мақсатында 2022 жылы жалпы ауданы 343 040 га «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерваты және Батыс Қазақстан облысында жалпы ауданы 314 504 га Ащыөзек мемлекеттік табиғи қаумалы құрылды.
Ал биыл Жайық өзені бассейнінің экожүйесін сақтау мақсатында Батыс Қазақстан облысында «Жайық орманы» мемлекеттік табиғи резерватын құру жоспарлануда.
Сондай-ақ екі табиғи нысан ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгенін айта кету керек. Бұлар – «Сарыарқа-Солтүстік Қазақстан даласы мен көлдері» (2008 ж., Науырзым және Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорықтары) мен Өзбекстан және Қырғызстанмен бірлескен «Батыс Тянь-Шань» (2016 ж., Ақсу-Жабағылы, Қаратау мемлекеттік табиғи қорықтары және Сайрам-Өгем ұлттық табиғи паркі).
Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/forest?lang=kk