Жалпы алғанда, ұлты поляк дәрігерлердің Қазақ даласы мен оған іргелес аумақтарға келуін еріксіз және ерікті түрде жүзеге асқан үдеріс ретінде сипаттауға болады. Бірінші топ өкілдері өз елдерінің тәуелсіздігі жолындағы әрекеті үшін қудаланып жер аударылған дәрігерлер болса, екінші топты өз қалауымен мемлекеттік қызметке орналасып, қазақ жерінде қызмет істеген дәрігерлер құрады. Олардың дені жоғары білімді дәрігерлер, фельдшерлер, медициналық оқу орындарының студенттері мен провизорлар болды.
Танымал поляк дәрігері, медицина тарихына қалам тартқан белгілі автор Зыгмунт Клуковский (Zygmunt Klukowski, 1885-1959 жылдары өмір сүрген) өзінің 1927 жылы Варшавада жарық көрген «Дәрігерлер – 1863 жылғы көтерілістен кейін жер аударылғандар» атты еңбегінде Ресейдің еуропалық бөлігіне, сонымен қатар Сібірге жер аударылған 120 есімді анықтаған.
Дәрігерлікпен айналысқан поляктардың көпшілігі Мәскеу, Киев, Вильно, Тарту, Харьков университеттерінің, сонымен қатар Санкт-Петербургтегі медициналық-хирургиялық академияның (кейіннен Императорлық әскери-медициналық академия), Варшаваның медициналық-хирургиялық академиясының (Варшава университеті жабылғаннан кейінгі 1857-1862 жж. жоғары оқу орны) және оның негізінде құрылған Варшава Бас мектебінің (1862-1869 ж. жұмыс істеген поляк жоғары оқу орны) түлектері болатын. Олардың арасында аталған жоғары оқу орындарынан өзге Батыс Еуропаның оқу орындарын бітіргендер де кездесетін.
Патша дәуірінде Жетісуда қызмет еткен Станислав Вишневский, Людвиг Мацеевский, Ян Сикорский, Павел Бальбуциновский, Юзеф Длугошевский, Адам Пжегодский, Юзеф Сенчиковский, Хероним Нехребецкий, Богуслав Церавский, Павел Лассота және т.б. поляк дәрігерлерінің есімдері белгілі.
Сол кездері Верный аталған Алматыда алғашқы дәрігерлік-медициналық мекемелер өз бастауын 1854 жылы ашылған әскери лазареттен алатыны тарихтан мәлім. Араға уақыт сала лазарет жартылай госпиталь болып қайта құрылған. Осыған ұқсас лазареттер, имперлік кезеңде Жетісудың өзге бөлігінде де бой көтерді.
Уездік дәрігер
Патша заманында Жетісудың едәуір бөлігін Верный уезі құрайтын. Уезд дәрігері қызметін ұзақ жылдар бойы Павел Бальбуциновский (полякша, Paweł Balbucynowski) атқарды. Қазан университетін бітірген соң, жас Павел Верный әскери госпиталына кіші ординатор ретінде жіберілді. Орыс-қоқан соғысына байланысты Павел әскери бөлімдермен және далалық госпитальмен бірге Әулиеата мен Шымкентте болады. Ресей әскері Ташкентті басып алған соң, бір жылдан астам уақыт сонда қызмет етеді. Бірақ 1866 жылдың 17 тамызында Верныйға қайта оралып, 10-шы және 11-ші Түркістан атқыштар батальондарында аға дәрігер ретінде жұмыс істейді. Ал 1868 жылдан бастап жоғарыда аталған аттас уездің дәрігері лауазымына кіріседі.
Уездік дәрігер болып жүріп жергілікті халықпен тығыз араласып, оларды мазалаған түрлі ауруларды зерттейді. Осы тұрғыда оның достары: «далалық экспедициялар барысында өзінің әлсіреген денсаулығына қарамастан, Бальбуциновский жыл бойы ұдайы сапарларға толы уезд дәрігерінің ауыр міндетін адал атқарды. Оның басты назары шешек ауруына қарсы тыңғылықты жұмыс істейтін шәкірттерін даярлау болатын. Бізге белгілі болғандай, бұл істі ол жемісті атқарды» деп еске алған.
Дәрігер П. Бальбуциновский өз әріптестеріне қарағанда шәкірт даярлау ісіне ерекше мән берген. Осы тұрғыда дәрігердің жергілікті қазақ ұлтынан мамандар даярлау бастамасын көтергендігін айтуға тиіспіз. Жергілікті халық арасынан дәрігерлерге көмек көрсетуші кіші санаттағы медициналық қызметкерлерді даярлау туралы мәлімдемесінде ол: «фельдшерлер тек дәрігерлерге көмекші болатын орта білікті медициналық қызметкер ғана емес, сонымен бірге дәрігерлік мақсаттарды жүзеге асыруда халық пен дәрігердің арасында байланыс орнатып, ел арасындағы ауруларды, әсіресе, әдейі жасырылатын аурулар мен уездік дәрігердің тікелей танысу мүмкіндігі жоқ емші-тәуіптер қолданатын түрлі емдік шараларды оның назарына жеткізе алуы да қажет» деп жазған. Осылайша, Бальбуциновский өңірде кәсіби медицинаның дамуына сүбелі үлесін қосқан.
Түрлі сипаттағы дерек көздерінің арасында дәрігер Бальбуциновскийдің жергілікті халыққа қажетті медициналық қызмет көрсетумен қатар, қазақ қоғамындағы танымал тұлғалармен байланысы туралы да қызықты мәліметтер ұшырасады. Алматылық белгілі өлкетанушы Владимир Проскурин өзінің ақпараттық ресурсында жарияланған «Лазарет, его пациенты и лекари» атты мақаласында Абай Құнанбайұлының бауыры Халиолланың Верный госпиталінде емделгендігі туралы мәлімет келтірген. Автордың мағлұматына сәйкес, корнет Халиолла Өскенбаев 1868 жылы әскери қызметке Үлкен Алматы станицасына жіберіледі. Бірақ жер ауыстыру жас офицердің денсаулығына кері әсер етіп, оның науқасы күн санап ауырлайды. Науқастың халін зерттеп, зерделеген дәрігерлер оның өкпе ауруына шалдыққандығын анықтап, диагноз қояды. Осы тұста өлкетанушы автор Халиолланы дәрігер Павел Бальбуциновский емдеді деп топшылайды.
Минералды су көздерін алғаш зерттеген
Барлық арасан
ХІХ ғасырдың 70-80 жылдарында Жетісу өңірі мен Солтүстік Қырғызстанның жұртшылығына кеңінен танымал дәрігерлердің бірі – Адам Пржегодский (дұрысы Пжегодский, полякша, Adam Przegodski). Ол ХІХ ғасырдың 60-70 ж. Санкт-Петербург медициналық-хируриялық академиясында білім алып, оқу орнын 1873 жылы бітіріп шығады. 1875 жылдан бастап Верный қаласындағы 2-ші Түркістан артиллериялық бригадасында кіші дәрігер лауазымында жұмысын бастап, сол жылы Нарындағы (Қырғызстан) лазаретке уақытша меңгерушілік етеді.
1876-1880 жылдары Тоқмақта (Қырғызстан), 1883 жылдан Сергиопольде (қазіргі Аягөз, сол жылдары Жетісу облысы, Лепсі уезінің орталығы) уезд дәрігері және сондағы әскери лазареттің меңгерушісі қызметтерін атқарады. 1881-1884 ж. Шығыс Түркістаннан Жетісуға қоныс аударған ұйғырлар мен дүнгендерге медициналық көмек көрсетеді.
Адам Пжегодский де өз әріптесі П.Бальбуциновский секілді ғылымды серік етті. Өзі жұмыс істеген Жетісу өңірінің минералды су көздерін зерттеп, зерделеуге ден қояды. Дәрігер аталған тақырыпта жазылған қос еңбектің авторы. Олардың алғашқысы – 1892 жылы Верный қаласында жарық көрген «Барлық ыстық су көздері туралы қысқаша жазба» (түпнұсқада, Краткая записка о Барлыкских горячих ключах) деп аталады. Атауынан көрініп тұрғандай дәрігер Пжегодский бұл еңбегінде қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданында (патша заманында алғашында Жетісу облысының Сергиополь, соңынан Лепсі уезінің құрамында), Арасан өзенінің жоғарғы ағысында орналасқан Барлық минералды су көздері (кейде Барлықарасан су көздері) туралы кешенді ақпарат беруге күш салған.
Алакөл мен оған іргелес Барлық су көздерінің емдік қасиеттері жергілікті қазақ халқына ертеден белгілі болған. Ол туралы тарихи деректер жетіп артылады. Ұзақ уақытқа созылған қазақ-жоңғар соғысы кезеңінде жараланған қазақ жауынгерлері Алакөлдің суына түсіп, алған жарақаттарын емдеген. Минералдық құрамы ерекше көл суының ықпалымен денедегі жарақат қарақотырланып, тез жазылатын.
Ал Алакөл маңында, Арасан өзенінің жоғарғы ағысында, Жарбұлақ ауылынан шығыста орналасқан Барлық минералды бұлақтары туралы өзінің бір сұхбатында семейлік өлкетанушы Виктор Кашляк қызықты ақпарат бөліскен. Оның айтуынша, қазақ-жоңғар соғысы кезеңінде аталған аумақтарға уақытша иелік еткен жоңғар қоңтайшысы Қалдан ХVIII ғасырда сөз болған ыстық бұлақтар бойында он жеті пұт (идолдар), сонымен қатар, діни қызметкерлер үшін бес үйі бар ғибадатхана салған. Минералды бұлақтар ағатын төбенің қос етегінде де арнайы ванналар қойылып, олар науқастарды емдеу мақсатында пайдаланылған. Бірақ ХІХ ғасырдың алғашқы жартысында кешен құлдырап, құрылыстар қираған. Өлкетанушының мәліметінше 1886 жылы барлық минералды су көздері Қызыл Крестің Жетісу бөлімшесіне беріледі.
Егер Адам Пжегодскийдің 1883 жылдан бастап минералды бұлақтар орналасқан Сергиополь уезінде дәрігер лауазымын атқарғандығын ескерсек, осы минералды су көздерін бірінші болып кешенді зерттеп, олардың қайта жаңғыруына атсалысқанын көреміз. Тиісінше, Барлық минералды бұлақтарына қатысты жазылған еңбектердің арасында оның жазғаны алғашқы еді.
Барлық минералды су көздерінің емдік қасиетін алдымен Омбы медициналық қоғамының зертханасы, кейіннен 1901 жылы Петербургтегі химиялық зертханада жасалған химиялық сараптама қорытындысы растады.
Жалпы 19-шы жүзжылдық Еуропада минералды сумен емделушілердің ғасыры болғандығы белгілі. Алайда күре жолдардан қашық орналасқандықтан, Барлық су көздері ХІХ ғасырда адам көп баратын шипажайға айнала алмады. Ресми мәлімет бойынша Барлық минералды су көздерінде 1907 жылы 254 адам болып, денсаулығын түзеген. Бұл көрсеткіш 1906 жылғы көрсеткіштің тек жартысын ғана құраған екен.
Барлықпен салыстырғанда Пішпек уезінде орналасқан Ыстық ата минералды су көздері әлдеқайда табысты жұмыс істеген. Демалыс орнында сол 1907 жылы 8750 адам болған. Бұл демалыс орнының ыңғайлы орналасуына тікелей байланысты еді.
Ал кеңестік кезеңде, дәлірегінде 1963 жылы минералды су көздерінде «Барлық-Арасан» санаториі ашылған. Бүгінде, аталған санаторий өз жұмысын жалғастырып, тері, ревматизм, буын ауруларын емдеу бағытында жұмыс істеп келеді.
Аяқ-Қалқан сулары
Дәрігер Пжегодскийдің екінші еңбегі де – «Верный уезі, Сөгеті болысының жылы минералды бұлақтары» (түпнұсқада, Аяк-Калканские теплые минеральные источники в Сюгатинской волости Верненского уезда) атауымен Верный қаласында 1892 жылы басылып шығады. Еңбек қазіргі уақытта Қапшағай су қоймасының астында қалған Аяқ-Қалқан минералды су көздеріне арналған. Кітаптың атауы көрсетіп тұрғандай минералды бұлақтар патша дәуірінде бұрынғы Верный уезінің Сөгеті болыстығының шекарасында, бүгінгі Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының аумағында еді.
Дәрігер А.Пжегодский аталмыш су көздерін кешенді зерттеу барысында сол кездегі Алматыдан едәуір қашықта орын тепкен минералды бұлақтарға бірнеше рет барып қайтқандығы анық. Пжегодскийдің Аяқ-Қалқан ыстық минералды су көздеріне арналған кітабы патша билігі кезеңіндегі бірден бір еңбек. Сондықтан Пжегодскийді Аяқ-Қалқан ыстық бұлақтарының емдік демалыс орны ретіндегі қалыптасып, дамуына тікелей себепкер тұлға ретінде де қарастыруға болады.
Пжегодскийдің еңбегінен соң, 16 жылдан кейін жарық көрген «Жетісу облысына 1907 жылғы шолу» атты ақпараттық-анықтамалық мазмұндағы кітапта Сөгеті болысындағы Аяқ-Қалқан минералды ыстық бұлақтары аталып өткен.
Өңірде кеңес билігі орнағаннан кейін Аяқ-Қалқан минералды су көздері алматылықтар арасында кең танымал жергілікті шипажайлардың біріне айналды. Іле өзенінің жағалауында орналасқан минералды су көзіндегі үш бұлақтан тәулігіне 23-27 градустағы 120 мың литр су шығатын.
Тіпті, автор И.Козловтың 1968 жылы Мәскеуде «Қайда барып емделуге және демалуға болады?» деген атаумен орыс тілінде жарық көрген кітабында Аяқ-Қалқан минералды су көздері Қазақ КСР-дегі танымал курорттар қатарында аталған.
ХХ ғасырдың 60-жылдарының орта тұсынан бастап Алматы облысында егінді алқаптарды суғару мен энергетика өндірісін, сонымен қатар өзен суын реттеуді мақсат еткен Іле өзеніндегі ірі нысан – Қапшағай су қоймасының құрылысы қолға алынды. Бүгінде ұзындығы – 180, ені – 22 шақырымға дейін жететін жасанды су айдынын іске қосу барысында жоғарыда аталғандай мақсаттарға негізінен қол жеткізілгенімен, оның қоршаған ортаға, жекелеген объектілерге теріс тұстары да жоқ емес еді. Олардың қатарында Пжегодскийдің қандасы, инженер Я. Козелл-Поклевский өз кемесін құрастырып, суға түсірген Іле елді мекенінің орны мен минералдығы жөнінен келушілер әйгілі Ессентуки мен Цхалтубомен салыстыратын Аяқ-Қалқан минералды су көздерінің су астында қалуын айтуға болады.
Осылайша, дәрігер Адам Пжегодскийдің қазіргі Алматы, Жетісу, Абай облыстары мен Солтүстік Қырғызстанда жұмыс істеп, шынайы кәсіби маман ретінде еліміздегі денсаулық сақтау саласының дамуына өз сүбелі үлесін қосқанын көруге болады. Өкінішке қарай, дәрігер Пжегодскийдің өмірі және қызмет жолын толықтай қалпына келтіріп, жүйелі ақпарат беруге оған қатысты дерек көздерінің аздығы мүмкіндік бермей тұр.
Жетісу жеріндегі алғашқы дәріхана
ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап Верный Жетісу облысының әкімшілік орталығы міндетін атқарғандықтан, тиісінше өңірдегі әскерилердің, сонымен бірге, өзге де мамандық иелерінің көптеп шоғырланған орнына айналды. Өңірде дәріханалар желісін ашып, Верный қаласы мен Жетісу облысындағы медициналық қызметтің дамуына өз үлесін қосқан жандардың бірі – Иосиф Сенчиковский (дұрысы Юзеф).
Жалпы, еліміздегі дәріханалар тарихын зерттеуші мамандардың мәліметіне сәйкес, ХІХ ғасырдың 40 жылдарына дейін қазіргі Қазақстан аумағында ақылы негізде қызмет көрсететін бірде-бір дәріхана болмаған. Халыққа дәрі сататын алғашқы дәріхана Орал қаласында 1842 жылы ашылып, ұзақ жылдар бойы өз санатындағы жалғыз мекеме болып келген.
Қарастырылып отырған кезеңде дәріханалардың барлығы дерлік мемлекеттің қарауында болып, әскери госпитальдар мен ауруханалар базасында жұмыс істеді. Дәріханалар негізінен әскердің, жергілікті отарлық билік аппаратының, теміржолшылардың қажеттілігін өтегендіктен, дәрі-дәрмек сатып алу мүмкіндігіне ие болмаған қарапайым тұрғындар үшін мұндай жағдай қолайсыз еді. Сол себептен 1882 жылы Верный қаласында алғашқы жеке меншік дәріхана ұйымдастырылды.
Аталған жеке меншік мекемені ашқан дәрігер, поляк ұлтының өкілі Юзеф Сенчиковский (полякша Józef Sęczykowski) болатын. Сол кездегі Қазақстанның дәріхана саласында кәсіби мамандардың тапшылығы айқын байқалды: тұтас Қазақ даласында небәрі үш фармацевтің жұмыс істеуі соның дәлелі бола алады. Ал қалған дәріханаларда дәрігерлер немесе арнайы медициналық білімі жоқ кәсіпкерлер жұмыс істеген.
Сенчиковскийдің өмірбаяны туралы тарихи әдебиетте мәліметтер өте аз. Оның туған жылы мен жері туралы ақпарат бізге кездеспеді. Жекелеген дерек көздеріне сәйкес, Сенчиковский 1863-1864 ж. «Қаңтар көтерілісіне» қатысып, Нижний Новгород қаласына жер аударылған. Қолда бар дерек көздері оның 1879-1904 ж. аралығында Верныйда өмір сүргендігін толық растайды.
Ресми қызмет жолына келер болсақ, 1874 жылы Харьков университетінің медицина факультетін тәмамдаған Сенчиковский, қызмет жолын провизор ретінде бастайды. 1877-1878 ж. әскери дәрігер ретінде орыс-түрік соғысына қатысып, Румыния мен Болгария аумақтарында орналасқан госпитальдерде қызмет етті. 1879 жылы Верный әскери госпиталінің фармацевті қызметіне тағайындалғанымен, штаттық қызмет орнына келген соң, сол госпитальдің жанындағы дәріхананың меңгерушісі қызметіне жоғарылайды.
Жетісу өңірінде ұзақ жылдар жұмыс істеу барысында Юзеф Сенчиковский өңірдегі дәріханалар құрылымын жете зерттеп, өз кәсіпкерлігін жолға қоюмен шұғылданады. Нәтижесінде, 1882 жылы Верный қаласында, 1884 жылы Жаркентте, ал 1889 жылы Пржевальскте (Қырғызстанның қазіргі Қарақол қаласы) жеке меншік дәріханалар ашады. Сенчиковскийдің сол кезеңдегі Алматы қаласындағы кәсібі туралы жекелеген мәліметтерді 1908 жылы басылған «Жетісу облысына 1907 жылғы шолу» атты еңбектен оқуға болады. Онда мынадай мәліметтер келтірілген:
а) бұрынғы провизор Сенчиковскийдің Верный қалалық дәріханасынан:
дәрігерлердің рецептімен – 7850 рубль 64 тиынға;
тікелей сатылым арқылы – 9242 рубль 40 тиынға.
ә) Дәріхананың Верныйдағы бөлімшесінен:
дәрігердің рецептісі бойынша – 555 рубль 84 тиынға;
тікелей сатылым арқылы – 1157 рубль 38 тиынға.
б) Жаркент селолық дәріханасынан:
дәрігердің рецептісі бойынша – 258 рубль 63 тиынға;
тікелей сатылым арқылы – 3270 рубль 50 тиынға.
в) Пішпек селолық дәріханасынан:
дәрігердің рецептісі бойынша – 315 рубль 24 тиынға;
тікелей сатылым арқылы – 340 рубль 25 тиынға дәрі босатылған.
Еліміздегі дәріхана ісінің тарихын зерделейтін болсақ, онда фармацевттер санының өте баяу өсіп, жылына орташа алғанда тек 2-3 адамға ғана көбейгендігін көреміз. Статистикалық мәліметтерге сүйенер болсақ, олардың саны 1890 жылы ел бойынша 8, 1895 ж. – 17, 1900 ж. – 26, 1905 ж. – 34, 1910 ж. – 44, ал 1915 ж. 64 адамды құраған. Олардың ішінде 17 провизор дәріхана иелері болса, қалған 47-сі провизорлардың көмекшілері болған. Егер бір дәрігер қызмет көрсететін халықтың саны облыстарға байланысты 30-100 мың аралығында құбылса, сол 1895 жылы бір фармацевт орташа алғанда 113-368 мың халыққа қызмет көрсетті. Демек, қарастырылып отырған кезеңдегі соңғы статистикалық деректер берілген 1915 жылы әр 78 мың халыққа бір фармацевтен ғана келген.
Юзеф Сенчиковский Верныйда ұзақ жылдар өз отбасымен өмір сүрген. Оның ұлы Сигизмунд (дұрысы Зыгмунд) Сенчиковский жергілікті гимназияда білім алған. Жетісуда жеке меншік дәріханалардың желісін ашу арқылы Сенчиковский Қазақстандағы дәріхана ісінің дамуына өзінің қомақты үлесін қосқан.
Жетісу өңіріне түрлі жағдайда келген поляк дәрігерлері ХІХ ғасырдың ортасынан ХХ ғасырдың алғашқы ширегіне дейін еліміздің денсаулық сақтау саласының қалыптасуында маңызды рөл атқарды. Олар ХІХ ғасырдың екінші жартысында тұтас Орталық Азияны шарпыған жұқпалы аурулармен бетпе-бет келіп, өз әріптестерімен бірге, өміріне төнген қауіпке қарамастан дәрігерлік парызын абыроймен атқара білді. Поляк дәрігерлері арасында өз жұмысын ғылыммен үйлестіре білген ғалымдар да шықты. Осылайша, поляк дәрігерлері Жетісу өңірінің, қала берді Қазақ елінің денсаулық сақтау саласының тарихында өзіндік із қалдырды.
Мәлімет қорының аздығына қарамастан, тағдыры Жетісумен байланысты поляк дәрігерлерінің барлығын бір мақалада қамту әсте мүмкін емес. Біз бүгін өзіміз қал-қадерімізше зерттей алғандардың бір парасын ғана ықшамдап ұсына отырып, бұл бағыттағы материалдар келешек зерттеушілердің есебінен әлі толыға түсетініне сенім білдіреміз.
Автор: Жандос Қарынбаев – қазақ-поляк тарихи байланыстары тақырыбын зерттеуші ғалым, PhD кандидаты