12Июн

Құстар туралы құнды кітап

Қазақ орнитология ғылымының кітапханасы дерегі мол, мазмұны бай үлкен еңбекпен толықты. Астанадағы Nur Alem (ЭКСПО) павильонында алғашқы таныстырылымы өткен «Қазақстан құстары. Далалық анықтағыш» деп аталатын бұл кітап еліміздің аумағында кездесетін 500-ден астам құстың түрін түстеп, суретін беріп, толық сипаттамасын жүйелеп ұсынған. Барлық құстың қазақша атаулары түгенделіп, биотобы, таралу аймағы және басқа да көптеген мәлімет қамтылған. Кітап сонысымен де аса құнды һәм маңызды.

Бірден айта кетейік, кітаптың орыс тіліндегі нұсқасы В.К. Рябицев, А.Ф. Ковшарь, В.А. Ковшарь, Н.Н. Берёзовиков сынды ғалымдардың авторлығымен алғаш 2014 жылы жарық көрген. Енді міне, Қазақстанның биоалуандығын қорғау ассоциациясы «Шеврон» компаниясымен серіктестікте жүзеге асыратын  «Students for Nature» жобасы аясында қазақ тіліне аударылып, бұрын кеткен кем-кетіктері ескеріліп, жарыққа шығып отыр. Анықтағышты қазақ тіліне аударғандар — кәсіпқой зоологтер, қазақ тіліндегі зоология оқулықтарының авторлары Бірлікбай Есжанов пен Қылышбек Мұсабеков (өкінішке қарай Қ.Мұсабеков таяуда о дүниелік болып кетті). 

Кітап тұсаукесеріне арнайы келген Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Жанарбек Әшімжан жаңа кітап аса ауқымды жұмыстың нәтижесі екенін атай отырып, авторлар ұжымына ризашылығын білдірді. Қазақ халқы ежелден табиғатпен үйлесімде тіршілік кешкенін, жеріміздегі әрбір жан-жануардың, соның ішінде құстардың қандай мән-маңызы барын жете білгеніне тоқталды. Сондықтан мәдениетіміз бен әдебиетімізге де етене енгенін айтып, ақын Есенғали Раушановтың құстар туралы көп жазғанын еске салды. «Бұл кітап ғалымдар ғана емес, өскелең ұрпақ, кейінгі жастарымыз үшін де пайдалы, қажет еңбек екенін көріп отырмын. Құтты болсын!» – деп түйіндеді сөзін депутат.

Бұл еңбекті Ұлыбританияның Қазақстандағы елшісі Кэти Лич те жоғары бағалады. «Кітап қазақ тілінде болғандықтан, сөзімді түгел қазақша айтайын» деген ол авторлар құрамы өте зор, аса қажырлы іс тындырғанын атап көрсетті. Ал «Шеврон» компаниясының әлеуметтік инвестициялар жөніндегі кеңесшісі Лейла Айтмуханова осындай үлкен жобаны жүзеге асырған әріптестерге алғысын жеткізді.

Расында да, бұл кітап бір жағынан орнитологтермен қатар, табиғат пен құстарды сүйетін, құс қарауды, құстар әлемін қызықтауды жақсы көретін барлық қазақстандық үшін таптырмас көмекші құрал болса, екінші жағынан көптеген құстың қолданыстағы қате, жаңсақ атауларын бір ізге түсіруге де септігін тигізбек.

Айта кетейік, іс-шараға кітап авторларының бірі, орнитолог Виктория Ковшарь, орнитолог, АСБК  қолданбалы биология орталығының директоры Сергей Скляренко мен басқа да ресми өкілдер қатысып, өз лебіздерін білдірді.

Кітап тұсаукесері аясында кәсіпқой фотографтардың құстар әлемінен түсірген фотосуреттерінің шағын көрмесі келушілер назарына ұсынылды.

Фото: Ерболат Шадрахов