22Окт

Шымкент ажары

Қазақстанның ең ірі үштігін қорытындылап тұрған мегақоныс тотыдайын таранып, сұңқардайын сыланып, ертегінің алыптарындай күн санап емес, сағат санап өсіп барады.

Автор: Мақсат Ясылбайұлы
Фото: Герд Людвиг, Ерболат Шадрахов, Джордж Стейнмец

Шымкент аквапарк

Біздің сапарымыз аттап бассаң, топырағында бір әулие жерленген Сайрам тұрғын алабынан басталды. Алғашқы ат басын тіреген жеріміз Ибрагим ата кесенесі. Біз барғанда күн сәске тұсқа келіп қалған екен. Зиярат етушілер қарасы өте көп.

Шымкент

Ибрагим ата кесенесі Кеңес заманында бірнеше рет бұзылып, қайта жөнделді. Орта ғасырлардан жеткен күмбезді ескерткіштердің бірінен саналады. Көлемі шаршы пішіндес, екі деңгейлі.

Сайрамда бар сансыз бап.

Шымкенттен Қасқасуға қарай шығар жолдың бо­­йындағы үлкен дөңнің үстінде ерекше күмбез тұр. Сол – Ибрагим ата кесенесі. Ол кісі кім еді? Ибраһим ата ХІ ғасыр­дың аяғы мен ХІІ ғасыр­дың басында өмір сүрген, текті әулеттен шыққан көрнек­ті қайраткер. Мыңдаған шәкірт тәрбиелеп, аймақта Ислам дінінің таралуына ықпал етті. Ол кісі Ислам әлемінің сәулелі жұлдыздарының бірі, аймақтағы суфизм ілімінің негізін салған, ғұлама ғалым Құл Қожа Ахмет Ясауи­дың әкесі. Анасы Қарашаш та осы Сайрам тұрғын алабында жатыр. Бұның бәрі де киелі орындарға бай, тарихи тұлғаларды көп түлеткен Шымкент қаласы­ның әкімшілік аумағына жа­­тады. «Қожа Ахмет Ясауи бабамыз­­ға бара жатқан адам алдымен ол кісінің ата-­анасы жатқан жерлерді көріп зиярат еткені дұрыс. Ұлы тұлғаны дүниеге келтіріп, білім мен тәрбие берген алғашқы ұстазы – ата-­анасы екенін ұмытпа­уы­мыз керек», – деді кесене шырақшысы. «Әкесі жақсы жігіттің жебесі тас теседі деген рас сөз», – деп қосты фотограф досым Мақсат Шағыр­бай. Арада мыңдаған жылдар өтсе де халықтың зердесінен өшпеген, зе­­йі­нінен көшпеген не деген бақытты тағдыр!

Жалпы, оңтүстікке келген туристердің дені Түркістандағы Әзірет Сұлтан мавзолейін көруге келетіні белгілі. Қала мен облыс «бө­­лінген» соң, әлбетте турис­тік ста­­­­тис­­тикаға да бейбіт бәсекелестік басталды. Шымкент қаласының басшылығы туристер тасқынын қалайда ұстап қалу үшін тарихи орындарды түлету жоспарын қарқынды жүргізіп жатыр. Ол жеміссіз де емес. Ка­­рантинге қарамастан, 2020 жылы Шымқаланы көруге 213 394 адам келіпті.

Шымкент қаласы

Қала цитаделі реставрация жұмыстарынан кейін туристер мен қала тұрғындарының қызықты орындарының біріне айналды.

Сайрамнан қайтқан жолдың бо­­йындағы қып-қызыл жәшіктер құдды дала әтірі секілді біз мінген «Subaru Forester» автокөлігінің салонын хош иіске толтырып тастады. Елеместен сапарды жалғастырып кете беру
мүмкін болмады…

Жас құлпынай көздің жауын алады. Кім болса да соңғы тиынын санап беріп, дәмі тіл үйірер тәтті жидекке бір тойғысы келеді. Иесі де оны тез сатып жіберуге ниетті. Себебі бұл базардан кешіксе әрі де, нәрі де, дәмі де кетіп тосапқа айналады. Ал ертең орнына басқа бір жас құлпынай келеді. Құлпынай-ғұмыр да қызғұмырға ұқсас…

Шымкент тағамдары

SANDYQ мейрамханасы

Ұмыт болған ұлттық тағамдар мұнда қайта жаңғырып жатыр.

Шымқаланы кәсіпкерлер қаласы десе де жарасады. Еті тірі еңбексүйгіш халық ала таңнан қара кешке дейін тынбай тіршілік қамымен қарбаласып жатқанын көресіз. Қонақжайлықтың да ең басты факторы осы кәсіпкерлік деуге болады. Бизнес заңдылығы бойынша, әдетте, «баға, сапа, сервис үштағаны бірдей жақсы болуы мүмкін емес» деп жатады. Ал, Шымкентте ол мүмкін. Бұл қалада тіпті әлемдік бизнестердің адымын аштырмай тұрған жергілікті брендттер бар. Мәселен, «Global cofe» тұрған жерге «Starbucks», «Chicken» тұрған жерге «KFC» жолағысы келмейді. Жоласа да клиенттер нөпірі көрер көзге ұрып тұрады. Шымкент туралы айтқанда «Солтүстік» («Северный») атты ықшамаудан туралы айтпай кету мүмкін емес. Ол шамамен Стамбұлдың «Таксимі», Алматының «Арбаты» секілді жер. «Баяғыда мұнда бір ғана балмұздақ сатушы тұратын-тұғын. –деді бізге бір жергілікті тұрғын. – Кейін «Северге» басқа кәсіпкерлер көз тіге бастады. Бір кездерде бүтін тауық пісіріп сататындардың «дәуірі» жүрді, дәл қазір «Chicken» аталатын брендтің саудасы қызып тұр. Қазір бұл жерден сауда нүктесін ашу оңай емес, дүкен жалдау ақысы қала бойынша ең қымбат орындардың бірі».

құлпынай өсіру

Сәуле Ақмырзақызы отбасымен бірге 3 жылдан бері құлпынай өсірумен айналысады. Жеміс піскенде осы күре жолдың бойына шығарып келісін – 1000 теңгеден сатады (Нұр-Сұлтанда ол 3000 тг — ред.). «Табысымыз, Құдайға шүкір, жақсы», – дейді Дихан.

Не сиқырының барын кім білсін, сол дүкеннің балмұздағын жеуге бүкіл қала ынтызар екен. Жақсыны көрмекке деп біз де барып дәмін таттық. Шұбырған кезекті көрдік. Дәмі тіл үйіреді. Сатушылардың ілтипатты ізетін көріп екі-үшеуін артығымен ала салдық. Сосын дүкен иелерімен ақырын сыр тартып сұхбаттасып көрдік. Әлішер есімді жас жігіт бұл кәсіпті алдымен атасы бастағанын, кейін әкесі, ал қазір үш ағайынды жігіт жалғап отырғанын айтты.

Арбат в Шымкенте

Шымкент республикалық мәртебеге ие болғалы бері тіпті құлпырып кетті. Жаңа көшелер, парктер, сауда орындары мен әлеуметтік нысандар жыл сайын бой көтеріп жатыр. Солардың бірі «Арбат» атанып кеткен мына жер.

Қошқар ата өзені

Қаланың киелі тарихы Қошқар ата өзенінен бастау алады.

Шымкент базары

Герд Людвиг в Шымкенте

Оңтүстіктің өзіне ғана тән ерекше субмәдениеті бар. Мұнда көне мен жаңа бейбіт жарасым тапқан. Америкалық досымыз әйгілі фо­­тограф Герд Людвиг Қазақстанға алғаш осыдан 31 жыл бұрын келгенін, содан бері ел мүлдем өзгеріп кеткенін айтып, ақжарма тілегін жаудырып жатты.

Шымкент, дети в парке

Қаланың демографиялық ахуа­­лы бас бармақпен бағаларлық деңгейде. Егіз балалардың дүние­­ге келу көрсеткіші бо­­йынша ол Республикада бірінші орында. Бұндағы 1 100 000 тұрғынның 70%-ы жергілікті ұлт өкілдері – қазақтар.