14Мар

Мұздықтарсыз күніміз қараң!

National Geographic командасы Анд тауларының шыңында Чилидің орталық бөлігін сусыз қалдыруы мүмкін құрғақшылық пен жылыну мәселесін шешуге сеп бола алатын ауа-райы бекетін орнатты.

Автор: Сара Гиббенс Фото: Армандо Веги

National Geographic Qazaqstan

Оператор Бриттани Мамма (алдында) мен фотограф Армандо Вега Оңтүстік жарты шардағы ең биік ауа райы бекетін орнату үшін Тупунгато шыңы­­на қарай соңғы ұмтылысын жасауда. Сапарды егжей-тегжей жоспарлап-да­йындалуға бір жылдан астам уақыт кетті, ал экспедиция 15 күн жалғасты. ДИРК КОЛЛИНЗ


Чилидегі Тупунгато тауы. Теңіз деңгейінен 5800 метр биіктік шамасы.

Бейкер Перри мен оның альпинист әріптестерін кенеттен соққан боран таңертең жолдан қалдырды, үскірік жел мен үйіріле соққан қар кесірінен олар шатырдан бір қадам аттап шыға алмай қалды. Солтүстік Каролинадағы Аппалач мемлекеттік университетінің климатолог­ғалымы Перри бұны еске алғанда терең ойға шомды.

«Бұл – тауларға тиесілі сұлулық пен қатал шарттардың тоғысқан тұсы. Мұнда бекеттердің аз болу себептерінің бірі де осы», – дейді Перри.

Франко Буглио (сол жақта), Алехандра Эспиноса (жүрелеп отырған), Фернандо Урбина мен тау гиді – Мануэль Мира чилилік жанартау Тупунгато­ның 6500 метр биіктік шамасындағы шыңына жақын маңда ауа райы бекетін орнатуда. Буглио, Эспиноса мен Урбина Чилидің Су ресурстары департа­ментінде жұмыс істейді. Ауа райы станциясы жинақтайтын деректер Чилидің орталық бөлігіндегі маңызды су қоймасы үшін климаттың өзгеруі салдарын анықтау­­ға көмектеседі.

Тупунгатоға жасалған экспедицияның жоғарғы бөлігіндегі маршрут шыңның сол жағындағы көкжиек арқылы өтті. Әзірше қар қабаты мен жанартаудан еріген мұздықтар Майпо өзенін толтырады. Климат өзгерісі Чилидің орталық бөлігіндегі жауын мен қар мөлше­рін азайтып, ұзаққа созылатын құрғақшылыққа әкеліп соқтырмақ.


Перри – Оңтүстік Анд тауларындағы сөнген жанартау – Тупунгато шыңынан сәл ғана төмен тұста ауа райы бекетін орнату үшін ақпан айында пандемияны және 15 күндік сапарды, сондай-ақ қалың қарды еңсерген халықаралық топ жетекшілерінің бірі. Чили мен Аргентинаның шекарасында орналасқан ауа райы бекеті Оңтүстік пен Батыс жарты шардағы ең биік бекет болып саналады, ол ғалымдарға өңірдің климаты қаншалықты жылдам өзгеретінін түсінуге көмектеседі. Экспедицияны Ролекстің «Мәңгілік планета» бастамасының қолдауымен National Geographic ұйымдастырған болатын.

Ауа температурасы, желдің жылдамдығы мен қардың тереңдігі туралы бекет жинайтын деректердің көмегімен ғалымдар Чилидің орталық бөлігінде және ел астанасы Сантьягода жағдайдың қалай өрбитінін барынша жақсырақ түсінгісі келеді, себебі климаттың өзгеруі аймақты қазіргідегідей үлкен құрғақшылыққа әкеліп соқтырады.

«Қазір жағдай расымен де күрделі, – дейді экспедиция мүшесі, Ұлыбританияның Лафборо университетінің климатолог-ғалымы Том Мэтьюс. – Осы су айдауыш мұнаралардың төменгі ағысында миллиондаған адам өмір сүреді. Климаттың жылынуына қалай әсер ететіндігі тұрғысынан біз осы жүйенің бір бөлігі болып саналатын мұнаралар туралы білетініміз аз».

Климатолог-ғалым әрі альпинист Бейкер Перри экспедиция болған үлкен Тупунгатодан сәл оңтүстікке қарай 4450 метр биік­тікте орналасқан Тупунгатито жанартауындағы ауа райы бекетін байқап көруде. Тупунгатито­дан да су мен тас сынамалары алынды.

5800 метрге жуық биіктікте Геолог Эспиноза жабдықтардың үстінде тынығуда. Тупунгатоға шығу үшін команда босаң жатқан жанартау тастарының үстімен көтеріліп, қалың қардан өтті және жоғары биіктіктердегі оттегі­нің аз мөлшеріне шыдап, құлама беткейлерді еңсерді.

Перри 4300 метрге жуық биіктіктегі Пенитентес лагеріне барар жолда тез жуынып-шайынып алу үшін тоқтады. Экожүйе мен климаттағы өзгерістер альпинистерді қапыда қалдыруы мүмкін. Бұл шағын бұта мен шөпке толы пейзаждың, мұздық пен қарға кенет орын беретін мекені.

Экспедиция дәрігері Игнасио Наваррете оператор Дирка Коллинзға COVID-19 тестін жүргізуде. Команда мүшелері сапар барысында кем дегенде төрт тесттен өтті. Сапар коронавирусқа қарсы екпелер шектеу­­­лі болған кезде және әлемнің көп жерлерінде аурудың таралуы байқалып жатқан кезде ақпан айында басталған болатын.


Тупунгато – биіктігі бойынша Чилидегі алтыншы шың және ол Сантьяго мен оның айналасында тұратын 6,7 миллион адамды қамтамасыз ететін суайрық. Тупунгато секілді тау шыңдарына қанша жауын-шашын түсетіні туралы мейлінше нақты мәліметтер арқылы үкіметтегі шенеуніктер белгілі бір жылда қанша көлемде су бөлу керектігін білетін болады.

«Мен мұздықтарды 1982 жылдан бастап зерттеп келемін», – дейді экспедиция жетекшілерінің бірі, Чили үкіметінің Мұздықтар бөлімінің басшысы Джино Касасса.

Касассаның айтуынша, құрғақшылық болған жылы Майпо өзенін толтыратын судың үштен екісі жаздың соңына қарай көлемі онсыз да азайып бара жатқан мұздықтардан келеді.

Чилидің орталық бөлігі – ішкі экологиялық аймақ. Ол Жер бетіндегі ең құрғақ бейполярлық мекен саналатын Атакама шөлінің оңтүстігінде, Анд тауларының сілемдері мен Тынық мұхитының ортасында орналасқан.

Ара-тұра құрғақшылық жылдардың болуына чилиліктердің еті үйреніп кеткен. 2010 жыл сондай жылдардың бірі болды. 2011, 2012 мен 2013 жылдары да жауын-шашын аз түсті.

«Сонан соң, 2014 жыл келіп жетті, бірақ ол да құрғақ болып, көңілге күдік ұялай бастады», – дейді Чили университетінің климатологы Рене Гарро, бірақ ол экспедицияға қатыспаған..


Суды бақылау

Тупунгато – биіктігі бойынша Чилидегі алтыншы тау б.т. Бұл Оңтүстік Американың ең осал су айдауыш мұнараларының орны. Өткен жылдың ақпан айында National Geographic экспедициясы мұнда Оңтүстік пен Батыс жарты шарларының ең биік ауа райы бекетін орнатты. Бұл ғалымдарға жауын-шашын мөлшерін нақтырақ өлшеуге және болжауға көмектеседі, өйткені климаттың өзгеруі аймақты үлкен құрғақшылыққа әкеп соғып, миллиондаған адамды сумен қамтамасыз ету жүйесіне қауіп төндіруде.


2015 жылға қарай Гарро мен оның чилилік әріптестері аймақтың кемінде он жыл бойы өздері мегақұрғақшылық деп атайтын жағдайда екенін анықтады. Құрғақшылық басталған 2010 жылдан бастап, орташа есеппен алғанда жыл сайын түсетін әдеттегі жауын-шашын көлемінің үштен бірі ғана жауған. Ең құрғақ болған 2019 жылы бұл көрсеткіш төрттен біріне де жетпеді.

Гарроның айтуынша, мегақұрғақшылыққа климат өзгерісі себеп. Соның кесірінен  құрғақ аудандар барған сайын кеуіп, ал ылғалды аудандар барған сайын дымқыл бола түспек екен. Чили бұрын да құрғақшылықты бастан кешірсе де, ешқайсысы осыншалықты ауыр немесе ұзақ болмаған. Жылынып жатқан ғаламдық температура жауын-шашын алып келетін бұрынғы ауа райы шарттарын өзгертті және модельдердің болжауынша, бұл заңдылықтар алдағы уақытта да қайталанады.

Бұл – ауыз суға қол жеткізу үшін Майпо өзенінің су айдауыш мұнараларын пайдаланатын Чилидің орталық бөлігі үшін жағымсыз жаңалық. 2019 жылы Nature журналында жарияланған мақалаға сәйкес, Андтан бастап, Гималайға дейінгі әлемдегі бүкіл су айдау мұнаралары климат өзгерісі салдарынан қауіп-қатер алдында тұр.

Осыдан екі жыл бұрын Перри мен Мэтьюс әлемдегі ең биік ауа-райы станциясын Эверест тауында орнатты. Чилиге сапар National Geographic-тің Жердің кей ең нәзік аймақтарындағы климат пен қоршаған ортаның өзгеруін зерттеуге арналған кезекті экспедициясы аясында өтті.

Тупунгато шыңына шығу үшін команда 10 күнге жуық уақыт жұмсады, ал түсуге 5 күн уақыт кетті. 6500 метрден жоғары биіктікте орналасқан шың команда мүше­лерінен бірнеше айлық дайындық пен жаттығуды талап етті.

Экспедиция ландшафтты бүркеп жатқан шөп пен бұта арасында, 1875 метр биіктікте басталды. Біртіндеп, бұл көрініс өзгере берді.

Команданың құрамында Перри, Касасса мен оның Чилидің Су ресурстары министрлігіндегі әріптестері, тауға шығу бойынша гидтер, жүк артқан жылқы мен қашырлар және мал айдаушылары болды.

«Соқпақты тексеру үшін жылқылар бізден бірнеше күн бұрын жөнелтілді, қардың қалың болғаны сонша аттың басы ғана шығып тұратын, – дейді Перри. – Көтерілетін жол тік болғанымен қоймай, күн жылынғанда альпинистер қарға батып та кетіп жатты».

Тупунгатоға жеткізілген ауа райы бекеті биіктігі 1,8 метрді құрайтын, алюминийден жасалған 54 келілік жиналмалы штатив болатын. Мұндай станция бірнеше сөмкеге бөліп тасымалданатындай жеңіл һәм ең тегеурінді желге төтеп беретіндей айтарлықтай мықты болуы тиіс. Перридің сөзінше, команда қарды омбылап келе жатқанда олар үміттенген биіктікке дейін жылқылардың көтеріле алмайтыны түсінікті болған. Касасса жолдың қалған бөлігінде бекетті тауға көтеру үшін тік­ұшақ шақырған.

Шың басына жақын маңда құрылғыны орнату үшін ауа райы бекетінің штативін жартасқа бұрандамен бекітіп, қозғалмай тұруы үшін сымтемірмен байлау қажет болды. Спутниктік байланысқа арналған антеннасы бар станция қуатты күн батареяларынан алады. Перридің айтуынша, қазірдің өзінде жылдамдығы сағатына 186 шақырымнан асатын жел тіркелген.

Сондай-ақ, ғалымдар мәңгі тоңдағы температура өзгерістерін тіркеу үшін шың басына жақын маңда, бір метр тереңдікте термометр орнатты. Бекет радиацияны, қардың қалыңдығы мен альбедоны немесе шағылысу қабілетін өлшейді. Альбедоның маңызы зор, өйткені қар аз түсіп, мұз еріген сайын қардың төменгі альбедосы мен қара тасы көрініп, беткі қабаттың температурасы көтеріледі. Бұл еруді жылдамдататын құбылыс.

Мэтьюстың айтуынша, Чили тауларында қанша көлемде ауыз су барын және оның қай кезде ең шекті төмен деңгейге жететінін анықтау өте қиын. Болжам жасау да арзымайтын жұмыс. Қысқа мерзімді перспективада қар мен мұздың еруін жылдамдататын жаһандық жылу тасқындардың көбеюіне әкеп соғады. Дегенмен, еру қарқын алған сайын мұздықтар ақырында кішірейіп, ауыз суға зар болып қалмақпыз.

Судың қысқа мерзімге күрт артып, артынша ұзақ мерзімдік тапшылыққа айналатын өтпелі кезеңді ғалымдар «су тұтыну шыңы» деп атайды.

Майпо өзенінің бассейнінде орналасқан биік нүктелердегі өзге ауа райы бекетінің саны екеу-ақ… Касасса жаңа станцияның бүкіл Чили бойынша орнатылатын көптеген бекеттің бірі ғана болатынына сенім білдіреді.

Марселино Ортега Мартинес (алдында) пен Фернандо Ортега Ортега – жабдықтарды қашырларға тиеп тасымалдаған тәжірибелі гидтер. Суретте екеуінің жабдықтарды тиеген қашырлардың арасында 2500 метр биіктіктегі Баньос Асулес лагеріне атпен бет алып бара жатқан сәті бейнеленген. Артында тау гидтері командасының бас аспазы Барбара Доносо мен қалған команда мүшелері келе жатыр. Артқы жақта Тупунгатоның қар басқан шыңы көрініп тұр.


Өзге елдер климаттың өзгеруіне әкеп соғатын қалдықтарды қысқартуға уәде етуде. Бірақ, Чилидің орталық бөлігі ең нашар сценарийлерге дайын болуы қажет.

Сантьягодан солтүстік-батысқа қарай бір жеке компания ауыз су үшін және ауыл шаруашылығы мен тау-кен өндірісі үшін сумен қамтамасыз ете алатын алғашқы әмбебап су тұщыту қондырғысын салуда. Чилидің климаттың өзгеруіне қалай бейімделе алатынын зерттейтін Католик университетінің инженер-құрылысшысы Себастьян Викуньяның айтуынша, бұл – Чилидің орталық бөлігін сенімді тұщы сумен қамтамасыз етуге бағытталған көптеген амалдың бірі.

Жергілікті сумен жабдықтау компаниялары мен муниципалитеттер суды сақ­тап, құдығы суалғандарға ауыз суды тасымалдау үшін Майпо өзенінің сала­сындағы бөгетті жабу секілді тактиканы қолданады.

Викунья мен әріптестерінің модельдері құрғақшылықтың ғасыр ортасына дейін жалғасуы тиіс екенін және Сантьягода сенімді ауыз су көзі фермерлерді сумен жабдықтау есебінен ғана келетінін көрсетіп отыр. Викуньяның айтуынша, қазіргі сәтте мұздықтар жылжып бара жатыр, бірақ, олар әлі де жыл сайын, әсіресе, құрғақшылық кезінде судың өте сенімді көзі болып қала береді.


Сара Гиббенс – National Geographic-тің штаттағы тілшісі. Фотограф Армандо Веги мәдениет пен қоршаған орта тақырыптарын қамтиды.