Қиырдағы Аляска аралынан ғажайып ұмытылмас әуендер естіледі.
Күннің алғашқы шапағы тундра жартастары мен ашық теңізден күн сәулесі түскенде морждар етектегі жағалауға жақындайды. Олардың демінен алтын бу көтеріледі: ауада қоңыраудың баяу үніндей металдың ызыңы туады.
Бұл – Раунд аралы. Алясканың Walrus Islands State Game қорығын құрайтын Бристоль шығанағындағы жартасты жеті аралдың бірі. Тынық мұхиттық аталық морждар мыңжылдықтар бойы әр жазда, күйек маусымынан кейін күш-қуатын қалпына келтіру үшін жағалауына мыңдап жиналатын маңызды орын.
Раунд аралында бұрыннан морж аулайтын жергілікті юпик халқы оны «қайықпен баратын жер» мағынасында Каяссик деп атап кеткен.
1900 жылдардың басындағы коммерциялық аңшылықтың салдарынан морж саны күрт азайды. 1960 жылы қорық ашылып, оларды аулауға тыйым салынғанға дейін Раунд аралы солтүстік Америкадағы Тынық мұхиттық морждар шоғырланатын жалғыз мекен болып келді. Әрбір морж тоннадан асатындығына қарамастан, мазасын алғанды ұната қоймайды. Қайық қозғалысы не қатты дыбыстан үркіп, суға қашуы мүмкін. Кейде мұның соңы мертігуге не өлімге соқтыруы ықтимал. Егер бір жерде мазасы болмаса, ол жермен біржолата қош айтысуы да кәдік.
Қорықтың арқасында Раунд аралы морждардың маусымдық мекені болып қалды. Қазір қорықты дәстүрлі білімнің ескерілуін бақылайтын юпиктердің 9 қауымының өкілімен бірге Каяссик морж жөніндегі комиссиясы басқарады. Морж саны қалпына келген соң, тайпа басшылары оларды күнкөріс үшін аулау мәселесін көтеріп, талаптарына қол жеткізді. 1985 жылдан бері мемлекеттік бағдарлама аясында мамырдан тамызға дейін аралда қонақ қабылдауға рұқсат. Бірақ келушілер саны аз, себебі Беринг теңізімен кемі 30 км қайықпен жүзіп келу керек.
Мен морждарды көруге Раунд аралына жабайы табиғат биологы болып істейтін ініммен бірге келдім. Аралға жақындағанда ғажайып көрініс: төбесін тұман тұтқан, теңізден көтеріліп тұрған жасыл-желек көрінді. Бізді жыл сайын жазда аралда қызмет көрсететін Алясканың Балық және аңшылық департаментіндегі екі техниктің бірі Маргарет Арчибалд қарсы алды. «Сіздер соңғы бірнеше аптадағы алғашқы қонағымсыздар», дейді ол.
Тынық мұхиттық морждар қызық іздеген саяхатшыларға жылына бірнеше айға есігін ашатын Раунд аралының таяз суында аунап-қунап жатыр.
Жағалауда морждар қаптап жатыр. Олардың мазасын алмау үшін қайықтан алысырақ түстік. Шатыр тіккен соң, күнде Арчибалдпен аралды аралаймыз. Оның жұмысы – жолды, келушілер бағдарламасын, аралда қайық қозғалысын, коммерциялық балықшылықтың алдын алу үшін тыйым салынатын 5 км аймақты қарау. Алайда, ең басты күнделікті міндеті морждарды, теңіз құстарын, теңіз арыстандарын санау деп біледі. Бристоль шығанағы мен балық шаруашылығы – Аляска экономикасының маңызды экожүйесі. Раунд аралының аң-құсы туралы жиналған деректер – аймақтың ең дәйекті мәліметтері. Арчибалдтың айтуынша, температураның артуы және оның аралға әсері теңіз экожүйесіне қатысты ауқымды ақпарат береді.
Бір күні Арчибалдпен әңгімелесіп отырғанымызда, ол морждардың күллі биотикалық қоғамды қалыптастыруға атсалысатын маңызды жануар екенін айтты. Осыған және теңіз мұзының еруі алдындағы осалдығына қарамастан, қорғалу мәселесінде олар жиі назардан тыс қалады. Оларды санау қиын, ал қолда бар деректер морждарды жойылу қаупіндегі жануарлар қатарына жатқызу үшін жеткіліксіз.
Арчибалд морждарды көзбе-көз көру оларды қорғауға жұртты ынталандырудың маңызды жолы екенін айтады. «Адамдар осында келіп олардың шынайы жануар екенін біржола ұғынады», – дейді ол. Оларды бақылау – түр-түсі, шайқастан қалған тыртығы, мінез-құлығы маған олардың әрқайсысы мінезі мен сезімдері бар жаратылыс екенін еске салады.
Жағалау сызығына қарап тұрып, мен оларға басқаша көзқараспен қарай бастағанымды байқадым.
Авторы және фото: Акация Джонсон
Акация Джонсон – Аляскадағы меншікті фотографымыз әрі жазушымыз.