Ағайынды Линкольн мен Джулиан Барнуэлл H. M. S. Gloucester-ді 2007 жылы ашқан, бірақ соңғы уақытқа дейін бұл жаңалық құпия болып қала берген. «Бір күні мен төменге сүңгіп, теңіз түбінде зеңбіректерді байқап қалдым. Бұл сәтті өмір бойы ұмытпаймын». Фото: COURTESY NORFOLK HISTORIC SHIPWRECKS
Аты аңызға айналған ағылшын-испан соғысының ардагері H.M.S. Gloucester есімімен аталатын кеме, 1682 жылы патша алдындағы міндетін орындау үшін, Йорк Герцогінің әйелі Мэриді Лондон қаласына жеткізу үшін теңізге шыққан. Артқы бөлігі алтынмен апталған, ең жоғарғы діңгегінде патшаның байрағы (штандарт) желбіреген 50 зеңбіректі кеме желді көктем таңында Эдинбург қаласының жағалауында жүзіп бара жатты.
Бортта герцогтің өзі – Патша Чарльз II-нің інісі әрі ағылшын тағының мұрагері болған. Герцог мен қасындағы арамтамақтар бірінші сыныпты қызметі, таңдаулы тағамдары, сирек шараптары бар, музыкалық сауық-сайранның ортасында болды.
50 зеңбіректі кеме 1682 жылы құмды қайраңға соғылып, суға батты. Бұл апат кейін Джеймс II патшаны тақтан тайдырды. Фотосурет: WIKIEMEDIA COMMONS арқылы
Теңіз тарихшысы және Wreckwatch журналының негізін қалаушы Шон Кингсли, “H.M.S. Gloucester кемесі нағыз сауық кеші үшін арналған орын” деп әзілдейді. «Герцог пен оның достары керемет уақыт өткізді”. Саяхатшылар арасында күнделік жазушы автор әрі әлеуметтік альпинист, кейін осы саяхат туралы жазба қалдырған Сэмюэл Пепис те болған.
6 мамыр күні ертеңгісін салқын самал «жебеуімен» кеме Норфолк жағалауынан 30 миль қашықтықта жақсы келе жатты. Бірақ мерекелік көңіл-күйді кешке қарай капитандар мен теңізшілер арасындағы қызу пікірталас бұзды. Кейбіреулер жағалаудың осы бөлігінде жасырынған құмды қайраңнан аулақ болу үшін теңізге қарай бет бұруды қажеттігін алға тартты. Лорд-жоғарғы адмирал лауазымында қызмет ететін әрі өзін теңізші деп күпінетін герцог дауға араласып, қазіргі бағыт пен жылдамдықты сақтау туралы тағдыр-шешті шешім қабылдайды.
Бірнеше сағаттан кейін, таңғы сағат 5:30-да, 755 тонналық H.M.S. Gloucester құмды қайраңға алты узел жылдамдықпен соғылады, бұл 17 ғасыр фрегаты үшін оңай соққы емес еді. Қатты соққыдан штурвал үзіліп, рульде тұрған адам қайтыс болады, ал кеме 45 минут ішінде теңізге батады. Борттағы шамамен 330 адамның 130-дан 250-ге дейіні қайтыс болған. Болашақ Патша аман қалғанымен бұл апат корольдік флот тарапынан наразылық тудырды әрі кейін ол таққа отырған қысқа мерзімде жауларына оның беделін өлтіру үшін қажетті көп қарудың біріне айналды.
Құпияның ашылуы
H.M.S. Gloucester-дің апатқа ұшыраған жері бірнеше ғасыр бойы жұмбақ болып келсе, соңғы 15 жылда құпияға айналған еді. 2007 жылы екі әуесқой археолог апат болған жерге жақын ауданнан бөренелер мен зеңбіректерді табады. Бірақ бұл жаңалық батқаның кеменің қай кеме екенін анықтап, әлгі жерді қорғауға алғанға дейін құпия сақталды.
Ағайынды Линкольн мен Джулиан Барнуэлл, Ярмут қаласының жағажайынан кемені іздеуді 2003 жылы бастаған екен. Хобби ретінде басталған қызығушылық тез арада құмарлыққа айналып кетіпті. Ер адамдар 40 футтық қайық сатып алу үшін несие алып, өте қысқа, жазғы-сүңгу маусымының әр минутын жоғалған кемені іздеумен өткізген екен.
Кемені анықтау мәселесіне 2012 жылы Глостердің қола қоңырауы табылған кезде нүкте қойылды. Фото: COURTESY NORFOLK HISTORIC SHIPWRECKS
«Іздеуде біз 4000 шақырымнан астам жолды жүріп өттік, және біз тапқан дүниенің барлығы бізге пайдасыз құм ретінде көрінді», — дейді Линкольн. «Бірақ бір күні мен төменге сүңгіп, теңіз түбінде зеңбіректерді байқап қалдым. Бұл сәтті өмір бойы ұмытпаймын».
Бірақ ағайындылар көп ұзамай аңғарғандай, су түбіндегі кемені табу және оны тарихы тұрғыда растау, мүлдем екі түрлі қиындық екен. H.M.S. Gloucester сияқты тарихи маңызды құбылысты растау үшін нақты дәлелдер болуы керек екен. 2012 жылы кеме қоңырауын қалпына келтіру, кеменің тарихын растауға дәлел болды, бірақ осы қоңырауды сақтаудың жоспары өте ауқымды уақытты талап еткен. Сондықтан кеменің нақты апат орны осы күнге дейін құпия болып қала берген.
Шығыс Англия университетінің Теңіз тарихы бойынша сарапшысы Клэр Джовитт: «бұл тарихты өзгертуге көмектесетін нағыз тұңғиық кеме атанды», — дейді. Нақты не болғандығы, апатқа қалай және кім кінәлі екендігі туралы пікірталастар жылдар бойы жалғасып келген. Джеймс (болашақ Патша) барлық жауапкершілікті жоққа шығарып, кеме капитанын дереу дарға асуды талап еткен болатын. (Бірақ оның орнына ол трибуналға беріліп, «белгісіз мерзімге» түрмеге қамалған, бір жылдан кейін елеусіз ғана босатылған.)
Бірақ болашақ патшаның дұшпандары оны ондаған матрос батып бара жатқанда, иттерін құтқаруды бұйырған нағыз оңбаған ретінде қуана көрсетіп жатты. Ал оның капитанды құрбандыққа шалуы Адмиралдық ортада жиіркеніш тудырды, тіпті одақтастары да ойланып қалды. Джеймс абыройын қалпына келтіруге тырысып, опат болғандардың отбасыларына өтемақы төлесе де, дақ сол күйі қалды.
Оның тақтағы билігі қысқа болды. Джеймс төрт жылға жетер-жетпес уақытта тақтан тайдырылды. Ол тақтан негізінен дініне, саясаты мен адуынды мінезіне байланысты айырылса да, Глостер кемесінің апаты оның атына мәңгілік қара таңба болып жабысты. «Мұны ешқашан ұмытуға болмайды» дейді Джовитт.
Сол жақта: кеме апатынан кейін табылған 17 ғасыр артефактілерінің бірі Бартман құмырасында сақалды кісі бейнеленген. Қалған олжалар негізінен әскери-теңіз флоты жабдықтары, киім-кешек мен аяқ киім, ашылмаған шарап бөтелкелері.
Оң жақта: Джордж Вашингтонның ата-бабалары – Легге әулетінің таңбасы бар шарап бөтелкесі. Фото: COURTESY NORFOLK HISTORIC SHIPWRECKS
Қызықты олжалардың арасында 17-ғасырдың шарап клареті сақталған әлі күнге дейін ашылмаған шарап бөтелкелері бар. Олардың кейбірінде Джордж Вашингтонның ата-бабалары – Легг әулетінің жұлдызды-жолақты таңбасы бейнеленген.
«Осы уақытқа дейін табылғаны – бұл бір тал қылдай ғана нәрсе», – дейді Wreckwatch журналынан Кингсли. – Су түбінде патшалық заттары әлі де жатқан болуы мүмкіндігін айтпағанның өзінде, ең қызығы – жақсылар мен жайсаңдардың не жоғалтқаны».
Автор: Роф Смитс
Қазақ тіліне аударған Еркебұлан Тазабек