Киік санын реттеуге қатысты дау браконьерлікті өршітуі мүмкін
Зоология институтына қарасты биоценология және аңтану зертханасының меңгерушісі Константин Плахов осындай болжам жасап отыр.
Оның айтуынша, Қазақстанның киік мүйізін сатумен айналысатын халықаралық ұйымдасқан қылмысқа қатысы бар. Оны статистикалық деректердің өзі дәлелдеп отыр. Зертхана меңгерушісі 2018-2019 жылдары жүргізілген зерттеудің нәтижесімен бөлісті.
– 2011-2018 жылдар аралығында Қазақстан аумағында киіктің 13 545 мүйізі тәркіленген. Бұл дегеніміз – 6 772,5 жұп. Осы аралықта 1 520 киіктің өлексесі анықталды. Сонда бір киікке 4,46 жұптан келеді. Киіктерді заңсыз аулау салдарынан мемлекетке келтірілген залалды 2018 жылдың өлшемдері мен көлеміне сәйкес бағаласақ, 18 млрд теңгеден астам қаржыны құрайды екен! – деді Константин Плахов.
Ғалымның айтуынша, контрабандалық әрекеттердің 70,9 пайызы киік мүйіздерін транзиттеу кезінде әшкере болады. Ал мүйіздерді алдын ала жинап, дайындау әрекеттерінің үлесі шамалы төмен.
– Контрабандалық жолмен сыртқа кететін киік мүйіздері негізінен төрт бағыт бойынша шығарылатыны белгілі. Оның негізгі үлесін Қазақстан – Қытай бағыты құрап отыр. Сыртқа шығарылатын мүйіздердің 71,1 пайызы осы бағыт арқылы өтеді. Одан кейінгі орында Қазақстан – Ресей бағыты тұр. Оның үлесі – 22,8 пайыз. Ресейден Қазақстан аумағы арқылы заңсыз тасымалданатын жағдайлар да арагідік тіркеледі – 5,1 пайыз. Мүйіздерді Өзбекстаннан Ресейге жеткізу үшін Қазақстан территориясын пайдалану фактілері де жоқ емес (1 пайыз), – дейді ол.
Араны ашылған браконьерлер 5-7 мың мүйізді бірден шекара асырып жіберуге тырысады екен.
– Елімізде браконьерлерге қатысты қатаң шаралар қолданылатыны мәлім. Оның нәтижесін де байқап отырмыз. Дегенмен, әлі де заңды белден басатындар бар. Меніңше, киіктердің санын реттеуге қатысты қоғамдағы қазіргі дау браконьерлердің тәбетін ашып жіберуі мүмкін. Осыны ескеру керек, – дейді Константин Плахов.
Еркебұлан Рысбай, журналист