18Июл

ҚАРҚЫНДЫ ШӨГУ

БЫЛТЫР МУКМИНАНЫ ЖЕРЛЕУ ҮШІН ТҰРҒЫНДАРҒА ҚАЙЫҚПЕН ТОПЫРАҚ ӘКЕЛУГЕ ТУРА КЕЛДІ.  

Индонезияның астанасы Джакартаның шығысынан шамамен 400 км жерде орналасқан Тимбулслоко ауылының зираты су астына кеткен. Картада бұл ауыл әлі де Орталық Яваның солтүстік жағалауында тұрғандай көрінеді, алайда ауылдың айналасындағы жер жақында Ява теңізіне батты. Ауылдан бірнеше жүз метр қашықта орналасқан зират 2020 жылдан бастап, тіпті судың көтерілуі төмен болған кездің өзінде-ақ суға бата бастаған.

Мукмина 70-тен аса қайтыс болды. Басқа да үлкен кісілер секілді, Мукмина да бұл ауылдың кезінде қандай жап-жасыл және гүлденген жер болғанын білетін. Ауылдықтар кокос, қызыл пияз, чили, орамжапырақ, сәбіз, картоп өсіретін.

«Жерге қандай дән ексең де, өсетін», – дейді осы ауылдың көшбасшысы Ашар. Жасы 39-да болса да, бұрынғы мамыражай кездер оның да есінде. Соңғы 20 жылда су өз арнасынан өте тез көтерілді.

Яваның солтүстік жағалауы суға батып барады және теңіз деңгейі көтерілуде. 10 млн-нан астам адам тұратын Джакартада жердің 40%-ы теңіз деңгейінен төмен орналасқан. Ал қауіп ең қатты төніп тұрған жер – құрамына Тимбулслоко кіретін Демак округі. Жаһандық жылыну дүние жүзінде теңіз деңгейін жылына шамамен 3,5 миллиметрге көтерсе, аталмыш округтің жері 10 сантиметрге дерлік шөгеді екен. Осылайша, Демак жылына 400 га-дан аса жерінен айрылуда, бұл – оның жалпы ауданының шамамен жарты пайызы.

1990 жылдары Тимбулслокода күріш егіні құлдырағанда, ауыл тұрғындары тұзды тоғандарда ханос балығы мен жолбарыс асшаянын өсіруге кірісті.  Алайда 2000 жылдардың ортасына қарай тоғандар да суға батты. Қазір «құрлық» ауылдан 1,5 шақырымнан аса қашықта, ауылдықтар оған тек қайықпен жетеді. Үйлеріне су баспасын деп тұрғындар ағаш еден жасаған немесе еденді 180 cантиметр биікке көтерген. Кезінде шамамен 400-ден аса отбасы тұрған бұл жерде бүгінде қалғаны 170-тей ғана.

Зират – оларды өз тарихымен байланыстыратын соңғы белгінің бірі.

Жеті ер адамға Мукминаны жерлейтін орын дайындау тапсырылды. Олар қабірдің айналасына бөгеттер жасай отырып, бір сағат шамасында,  су шыққанша қазды.

Мукминаның денесі жеті сағаттан кейін түн ішінде, қабірдегі су қайтып, тобықтан аспайтын деңгейге түскенде ғана жер қойнына тапсырылды. Ол құрлықтан қайықпен әкелінген бір тоннадан асатын ақшыл-қоңыр борпылдақ топырақпен жерленді.

«Мәйітті балшық пен судың ортасына жерлей алмайсыз, – дейді Ашар. – Сондықтан жаңа топырақ сатып алуға тура келді».

ЖОҒАЛҒАН ЖЕР

Ява – 150 млн тұрғыны бар, дүние жүзіндегі халық ең тығыз орналасқан арал және планетамыздағы жер қыртысының ең қарқынды шөгу құбылысы байқалатын өңір. Аралдың солтүстік жағалауының жартысы жылына 7 не одан да көп сантиметрге төмендеп бара жатыр. Соның әсерінен ғимараттар қисайып, жолдар жарылуда. Кейбір ауылдар тіпті су деңгейі төмен болғанның өзінде де үнемі су астына кетіп жатыр.

АВТОР: АДИ РЕНАЛДИ, ФОТО: АДИ СЕТИАУАН

Мақаланың толық нұсқасын National Geogrpаhic Qazaqstan журналының шілдедегі санынан оқи аласыз.