Биылғы шілденің соңында Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында «Санкт-Петербургке қош келдіңіз!» роуд-шоуы табысты аяқталды. Бұған дәлел – қазақстандық туристік компаниялар үш аптадан соң Ресейдің солтүстік астанасына саяхаттауға деген қызығушылықтың артқанын атап отыр.
Пандемияның шектеу шараларынан кейін алғаш рет жүзбе-жүз форматта өтіп отырған осы іс-шараға Алматы қаласының туризм басқармасы бастығының орынбасары Марлен Маралов және Қазақстан туристік қауымдастығының директоры Рашида Шайкенова қатысты.
«Санкт-Петербургтің келуі өте маңызды оқиға, мұндай салмақты делегация көптен болған жоқ. Ресейдің солтүстік астанасына туристер легі өсетінін нық сеніммен болжай беруге болады», – деп атап өтті Марлен Маралов.
Роуд-шоудың Қазақстанның туристік бизнесіне Санкт-Петербургтің дәстүрлі және жаңа туристік нысандарын, бағдарламаларын таныстыру мақсаты сәтімен орындалды. Іс-шараға қызығушылық күткендегіден де асып түсті. Алматыдағы уоркшопқа 83 туристік фирма, ал елордада 75 компания келіп, соның аясында ынтымақтастық байланыс орнатуды көздеген жүздеген кездесу өткізілді.
2022 жылдың статистикалық деректеріне қарағанда, Невадағы қалаға қазірдің өзінде Қазақстаннан 4 мыңнан аса адам барған. Бұған ел арасындағы визасыз режім де ықпал етуде.
«Алдағы саяхатына жер таңдаған турист әрдайым қаланың мәдени мұрасына, көліктік қолжетімділігіне, дамыған инфрақұрылымына және қауіпсіздік мәселесіне назар аударады. Санкт-Петербург осы өлшемнің бәріне сай келеді және туристік картада алдыңғы орындарда. Біздің негізгі міндетіміз – табысты жүзеге асырылатын туристік ұсыныстардың ұлғаюына жағдай жасау. Біз әрбір келушіге қуаныштымыз және мәдени-туристік астанамыздан қайталанбас әсер алуы үшін барлығын жасаймыз», – дейді осы іс-шараға қатысты пікір білдірген қаланың губернаторы Александр Беглов. Роуд-шоу барысында қазақстандық туроператорлар Петербургтің туристік әлеуетін жоғары бағалап, туризм саласындағы ынтымақтастық байланыстарды кеңейтуге ниетті екендіктерін жеткізді.