Бұл жай ғана Стоунхендж емес: жаңа ашылымдар жойқын монументтер сән болған кезеңді жарыққа шығарып жатыр.
Автор: Рофф Смит. фото: Рубен Уу және Алис Зу. Кескін: Фернандо Ж.Баптиста
Шамамен 4500 жыл бұрын – Неолит дәуірінің соңғы күндерінде Ұлыбританияның оңтүстігінде ауаны әлдебір айрықша нәрсе кернеп тұрды. Ол діни құлшыныс, батылдық әлде алдағы өзгерістерді сезіну болар, әйтеуір не болса да адамдарды баурап, ескерткіш тұрғызуға деген ессіздікке итермеледі.
Таңғалдырар қысқа мерзімде, бәлкім бір ғасырда – металл құрал-саймандары, ат күші және дөңгелегі жоқ уақыттағы адамдар Ұлыбританияда көптеген тас шеңбер, ағаштан жасалған алып шарбақтар мен тігінен тұрған зор тастардан аллеялар тұрғызды. Осы процесс кезінде олар ормандарды ең үлкен ағаштардан айырып, миллиондаған тонна топырақ тасыды. «Бұл бірінен бірі асып үлкенін, жақсысын, күрделісін салуға ұмтылған, ел аумағын жайлаған әуестік сияқты», – дейді English Heritage КЕҰ-ның археологі Сюзан Грини.
Сол ежелгі құрылыс дүмпуінің ең атақты сарқыншағы Стоунхендж – Англияның Солсбери алабына миллиондаған келушіні тартатын тік тұрған тастар шоғыры. Ғасырлар бойы осы ежелгі мегалит көргендерді баурап, ойға шомдырған. Солардың бірі, шамамен 1130 жылы Стоунхендж туралы алғашқы деректі қағазға түсірген ортағасырлық тарихшы, хантингтондық Хенри оны Англия ғажайыбының бірі дей отырып, қалай және неліктен салынғанын ешкім білмейтінін жазып қалдырды.
Күнге қараған осы тастар шеңбері содан бергі 900 жыл ішінде римдіктермен, друидтермен, викингтермен, саксондармен, король Артурдың сарайындағы сиқыршы Мөрлинмен де байланыстырылды. Бірақ бәріне де қолжетімсіз шындық – осы тастарды ешбір жазуы, аңыз әңгімесі қалмаған, артында тек үйілген сүйектер, сынықтар, тастан және мүйізден жасалған құралдар, көптеген құпия ескерткіш дүние қалдырып, жойылып кеткен халық тұрғызған-мыс. Ескерткіштердің кейбірі көлемі жөнінен Стоунхенджден де асып түседі.
Бүгінде Маунт-Плезант мегахенджі деп танылған ең әсерлі құрылыстың бірі Фром және Уинтерборн өзендеріне қарайтын қыратта салынған. 1,2 км аумақты орайтын хендж (қоршау), яки орасан зор шеңбер пішіндес ор қазып, топырақ үю үшін жұмысшылар армиясы мүйізден жасалған қайла-күректер қолданған. Бұл Стоунхендждің оры мен үйіндісінен 3 еседен аса үлкен. Алып топырақ үйіндісі ішінде жұмысшылар емен ағашынан кейбірінің қалыңдығы 2 метрдей, салмағы 15 метрикалық тоннадан асатын бағандар тұрғызған. Антикваршылар мен археологтер ежелгі хендждерді, қорғандар мен тас шеңберлерді 17-ғасырдан бері зерттеуде. Бірақ соңғы жылдары ғана осы мегамонументтің көбі шамамен бір уақытта, жанталасқан асығыстықта салынғаны белгілі болды. «Бұған дейін алып ескерткіштер әр кезеңде ғасырлар бойы салынған деп пайымдалды», – дейді Грини.
Озық технологиялардың күрт дамуы тарихқа жаңа терезелер ашып, археологтерге Ұлыбританияның оңтүстігіндегі Тас дәуірінің ұлы ескерткіштері мен оларды салған адамдар әлемін небәрі бірнеше онжылдық бұрын ойға кірмейтіндей анықтықта біріктіруге мүмкіндік беріп отыр. «Бұл барлығын нөлден бастаумен бірдей, – дейді Йорк университетінің далалық археология дәріскері Джим Лири.
Дүр сілкінткен нәрсе – шамамен б.д.д. 4000 жылы болған Еуропа құрлығынан жаппай көшудің ДНҚ деңгейінде дәлелденуі туралы жаңалық. Ата-тегі мыңдаған жылға Анадолыға (қазіргі Түркия) тірелетін жаңа қоныстанушылар толқыны Ұлыбританияның байырғы аңшы-терімшілерін дәнді дақылдар өсіріп, мал асыраған, генетикалық тұрғыда басқа халықпен алмастырды.
«Ешкім бұлай болуы мүмкіндігіне сенбеді, – дейді Лири, – адамдардың жаппай көшуі себепті Ұлыбританияға ауылшаруашылығы төңкерісінің келуі туралы пікір тым қарапайым көрінді. Бәрі әлдеқайда күрделі баяндама іздегенімен, бұл шынымен қарапайым болып шықты». Мигранттардың кейбірі Ла-Манштың қазіргі Дувр шығанағы саналатын жерді кесіп өтті. Басқалары Францияның батысындағы Бретаниден Ұлыбританияның батысы және Ирландияға қарай сумен ұзақ саяхат жасады. Осы бретондық ізашарлардың кейбірі Уэльсте Пембрукшир жартасты жағалауына қоныс тепті. Стоунхендждің бастапқы нұсқасын солардың 40 буыннан кейінгі ұрпақтары салған болуы мүмкін.
Aрхеологтер бұл тарихтың бастауын Уэльстен іздеу керектігін біледі, бұл ең алдымен қырағы геолог Херберт Томаспен байланысты. Стоунхенджді ойлағанда сірә оның алып трилит тастарын елестетерсіз. Алайда монолиттің әлдеқайда кішірек түрі – көктастар трилиттердің тағасында қысылып жатыр. Кремнеземге бай жергілікті тас мегалиттерге қарағанда, көктастар бұл жерге бөтен. Маңайда оларға ұқсайтын тас жоқ.
Көктас монолиттердің әрқайсысы орташа – 1,8 тонна. Олар қайдан және Солсбери жазығының ортасындағы сақинаға қалай келді? 1923 жылы Томасқа оның сынамасы көрсетілгенде бұл көпғасырлық жұмбақ болатын. Теңбіл долерит аталған көктасты көрген Томас көп жыл бұрын Стоунхенджден шамамен 280 км жерде, Пресели жоталарында дәл сондай тас кенін көргенін есіне алды. Әрі қарайғы зерттеуден кейін Томас көктас шығуы мүмкін аумақты Карн Мейни жартастарына дейін тарылтты. Соңғы жылдарда Уэльс ұлттық музейінің геологі Ричард Бевинс пен әріптесі Лондон университеттік колледжі Археология институтының геологі Роб Иксер рентгендік флуоресценция спектрометриясы және плазмамен индуктивті байланысты масс-спектометрия әдісімен лазерлік абляция тәрізді 21-ғасырдың соңғы технологияларын пайдалана отырып, Томастың еңбегін қайта електен өткізуде. Бұл екеуі Пресели жоталарында Стоунхендждің көктас монолиттеріне әкелінген жыныстың 4 түрін тапты. Стоунхендж тарихын зерттеуші археологтер үшін осы жаңалық биохимияның дамуымен одан сайын еліктірер күйге енді.
Бельгиялық Кристоф Снук адам өмірінің соңғы он жылында қайда өмір сүргенін анықтайтын кремацияланған қалдықтардан изотоптарды алу әдісін алғаш қолданған зерттеуші. Ол көктастар салынған ерте заманда Стоунхенджде жерленген 25 мәйіттің кремацияланған қалдықтарын талдаудан өткізіп, олардың жартысына жуығы бұрын Стоунхенджден алыста өмір сүргенін анықтады. Археологиялық дәйектермен салыстырған кезде солт. Девон және оңт. батыс Уэльс ықтимал нұсқа саналады. Таңғаларлығы сол, ол тіпті мәйітті өртеген оттың түтініндегі көміртегі және оттегі изотоптарын да анықтай алды. Бұл кремациялардың кейбірінде жағылған отынның ағаштары Стоунхендж маңындағы сирек тоғайлы жерде емес, керісінше қалың ормандарда өсуі мүмкіндігін көрсетті.
«Стоунхенджде жерленген адамдар оңт. батыс Уэльстен келген деп нық сеніммен айта алмаймыз, – дейді Оксфорд университетінің археология профессоры Рик Шультиң, – бірақ археология соттағы дәйек құрастыру сияқты – дәлелдердің басымдығына назар аударылады. Көктастар Уэльстегі Пресели жоталарынан келгенін білетіндігіміз туралы факт зерттеуді осы тұстан бастау жөн екенін білдіреді».
Қыркүйек айының орта кезіндегі салқын таңда Пресели жоталарындағы сақталып қалған ежелгі төрт тас алаңы Уан-Манды қалың тұман басқан. Көз сүйінтер жағалау көптеген шақырымға созылып жатыр. Стоунхендж тұрған желді алқаптан әлдеқайда алыс бір әлемде орналасқан. Археолог әрі National Geographic зерттеушісі Майк Паркер Пирсон мен оның тобын тұман қайла-күректі, қоларбалы аруақтар сұлбасына айналдырған.
Лондон университеттік колледжі Археология институты Британияның ежелгі тарихы сарапшысы Паркер Пирсон мына бос алқапқа Стоунхенджде тік тұрған тастар алыс жердегі одан да ежелгі тас шеңберінен алынған деген нұсқаны зерттеу үшін келген.
Стоунхендждегі тастар шынымен әкелінген. Ұлыбританиядағы жүздеген тас шеңбер ішінде Стоунхендж – тастары алыстан әкелінген жалғыз хендж. Басқасының барлығы жергілікті тастардан тұрғызылған. Мұнда шамамен б.д.д. 3300 жылдардан қалған, Британиядағы ең ежелгі тас шеңберлердің қалдығы, қазір белгілі болғанындай, Стоунхендждің көктастары шыққан жалаң жыныстардан бірнеше шақырым жерде орналасқан Уан-Ман бар.
«Олар әлдебір себеппен құрылысын бастап, шамамен үштен біріне жеткенде тастап кеткен, – дейді Паркер Пирсон Уан-Ман туралы. – Біз олардың іс жүзінде қосымша тастар үшін қай жерде шұңқыр қазғанын, тастарды орнатпағанын көре аламыз». Ол жерге қойылған 15 шақты тастың тек біреуі ғана тігінен тұр, үшеуі шөп үстінде жатыр, қалғандары жоқ. Өткен жылы Паркер Пирсон мен оның әріптестері біз білетін бүгінгі Стоунхенджді тұтастай немесе жартылай, шамамен б.д.д. 3000 жылдары шығысқа қарай көшкен халық Уэльстен бұзып әкеткен әлдеқайда ежелгі ескерткіштерден тұрғызылғаны туралы теорияны жариялады. Әсіресе біреуі – Стоунхендж археологтерінің номенклатурасындағы 62-нөмірлі тастың ізі тікелей Уан-Манға дейін апаруы мүмкін. Осы уәж баспасөзде пікірталас тудырып, археологтер бөлініп кетті. Кейбірі Уан-Ман мүлде тас шеңбері болмаған, тек бірнеше оқшау тас болған деген скептикалық көзқарас ұстанды. Сондықтан Паркер Пирсон осы теорияны растау үшін Уан-Манға оралды.
Дәлелдер шамдандырар сипатқа ие. 62-тас – Стоунхендждегі теңбілсіз долериттен жасалған 3 көктастың бірі, бұл Уан-Манды тұрғызу үшін қолданылған тас түріне жатады. Оның үстіне 62-таста өзіндік бесбұрышты көлденең қима бар, бұл ежелгі валлийлік шеңберден алынған тастардың бірінен қалған таңбаға ұқсайды. Бұған қоса, бұрынғы тас шұңқырдан табылған тас жарықшағы да жетіспейтін тасты теңбілсіз долериттен жасалған деп тұжыруға мүмкіндік береді.
Кейінгі қазба жұмыстары кезінде Паркер Пирсон мен оның тобы Уан-Ман шынымен де тас шеңбері екенін, Стоунхенджді қоршаған ежелгі шұңқырға таңғалдырар ұқсас өлшемде болғанын дәлелдейтін айғақтар таба алды. Уан-Ман да Стоунхендж сияқты күн тоқырауына орай тізілгенге ұқсайды. Алайда олар Уан-Мандағы кез келген нәрсе мен Стоунхендждегі көктастардың арасында өздерінің дұрыстығын дәлелдейтін түпкілікті геохимиялық сәйкестік таба алмады.
Паркер археологтердің есептеуінше Стоунхенджде 80 шақты көктас болғанын, олардан небәрі 43 тас қалғанын атап өтті. «Бірақ қазіргі қолда бар нәрсе Уан-Манда шеңбер салған адамдар жұмысты жарты жолда тоқтатқанына айқын дәлел. Келесі тасқа шұңқыр қазған, бірақ көмбеген. Не болды? Олар қайда кетті? Тастар қайда?»
Археологиялық дәйектер не олардың болмауы б.д.д. 3000 жылдан кейін Уан-Манда өмір сүрген адамдар саны аз болған деген тұжырым ұсынады, бұл Уэльстен көшіп келу идеясымен жақсы үйлеседі. «Дәлелдің жоқтығы ондай болмады дегеннің де дәлелі бола алмайды», – дейді Паркер Пирсон. Ол Пресели жоталарына қайта барып, жайылым алқаптарының жабайы табиғатқа айналғанын көрсете алатын ежелгі тозаңдарды зерттеуден үміттенеді. Егер солай болса, бұл өңір шамамен Стоунхендж тұрғызылған заманда елсіз болды деген теория салмағын арттыра түсер еді. Сонымен Стоунхендждің ерекше пішіндегі 62-тасы Пресели жоталарындағы тас шеңбермен байланыстырыла алмаса да, геологтер Бевинс пен Иксердің зерттеулері ол пайда болған жалаң жынысты нақты анықтады, ол Уан-Маннан азырақ шығысқа қарай орналасқан. «Бұл әлі ешбір археолог көрмеген жалаң жыныс», – дейді Бевинс.
Уан-маннан стоунхенджге дейін көлікпен шамамен 4 сағат. Жолдың соңғы бірнеше шақырымы A303 трассасымен өтеді. Осы тар, ой-шұңқырлы, қозғалысы көп жол Стоунхенджге тым жақын өтетіндіктен, атақты монументті жол бойындағы көрнекі жер деп те атауға болады.
Стоунхендж – Ұлыбританиядағы ең ірі туристік нысандардың бірі, мұнда COVID-19 эпидемиясына дейін жылына 1 млн-нан аса турист келетін. Бәрі дерлік миллиондаған демалушыны танымал теңіз жағалауы қалаларына жеткізетін A303 жолымен келеді.
Соңғы онжылдықтарда A303 шоссесінің басым бөлігі төрт жолақты жолға айналдырылды, алайда Стоунхендждің екі жағындағы бірнеше шақырым бөлігі өзгермеді. Жолдағы жиі кептеліс жергілікті тұрғындарға жайсыздық тудырса, жүк көліктерінің бітпейтін салдыр-гүлдірі Стоунхенджді көруден алатын әсерді бұзады.
«А303 шоссесіне байланысты бір шешімге келу керектігіне бәрі келіседі, – дейді Брэдфорд университетінің ландшафтық археология профессоры Винс Гаффни, – мәселе сол – не істеу керек?»
Стоунхендж – ЮНЕСКО-ның 50 шаршы шақырымдық бүкіләлемдік мұра нысанының орталық бөлігі: Ол экологиялық осал жерлермен, әскери базамен, полигонмен, көптеген шағын елді мекенмен шекаралас жатыр, сондықтан шоссенің бағытын өзгерту бойынша дау тудырмайтын санаулы нұсқа бар. Стоунхенджді айналып өтетін 3 км-лік 4 жолақты туннель салу туралы даулы ұсыныс археологтердің қатаң сынына ұшырап, табиғат жанашырлары мен друидтер коалициясының наразылығын тудырды. Былтыр Ұлыбританияның Жоғарғы соты наразылардың пайдасына шешім шығарып, құны 2,2 млрд доллар жобаны тоқтатып қойды.
Тағдыр тәлкегімен, Дарриңтон дуалдарындағы таяу маңдағы хендж айналасында ені 1,6 км, шамамен 4400 жыл бұрын Неолит дәуіріндегі құрылыс дүмпуі қызған шағында қазылған алып шұңқырлар шеңберінің табылуы 21-ғасырдағы туннель қазушыларға тосқауыл болды. Бұл шұңқырлар 2015 жылы күтпеген жерден ондаған монументті ашқан, ауданы 1200 га Стоунхендж алқабын жоғары технологиялық дистанциялық зондттау әдісімен анықталды. Оның көлемі өте үлкен әрі тосын жаңалық болғандықтан, зерттеу тобы 2020 жылы жария еткенде барлығы да күмәнмен қарады. Алайда қосымша зерттеу шұңқырлар шеңбері шынымен ұлы неолиттік құрылыс дүмпуінің соңына таман қазылғанын дәлелдеді. Ұлыбританияның ежелгі ормандары осы құрылыстың негізгі ауыртпалығын көтерді – олар осы зор дуалдарды тұрғызу үшін мыңдаған алып еменімен қоса, Стоунхендж бен мегалиттер құрылысына керекті басқа да мыңдаған ағашынан айырылды. Стоунхендж жағдайында әрқайсысы шамамен 18 метрикалық тонна тартатын ондаған алып мегалит блоктарды 24 км жерге жеткізіп, тік тұрғызу үшін ағаштан жасалған үлкен шана, өте көп құрылыс сатылары және ауыр жүк салынған шананы үстімен сүйреу үшін шақырымдаған ағаш жол керек болар еді.
Стоунхендж қаншалық әсерлі болса да, құрылыс дүмпуінің ауқымын түсіну үшін солтүстікке қарай 30 км-дегі Эйвбери мегахенджіне баруыңыз керек. Стоунхендж бүкіләлемдік танымалдыққа ие болса да, 17-ғасыр антикваршысы Джон Обри айтқандай, Эйвбери трилиттері «приход мінәжатханасынан собор қалай асып түссе, ұлылығы жағынан ол да атақты Стоунхенджден оқ бойы озық».
Эйвбери хенджінің аумағы шамамен 1,5 км. Үлкендігі соншалық, ішіне аттас ауылы пабымен, сабан төбелі үйлерімен, қой жайылған өрісімен қоса қиналмай сыйып кетеді. Ондағы диаметрі 300 м-ден асатын тас шеңбер – әлемдегі ең үлкен хендж. Ішіндегі тағы 2 шеңберден әрі қарай ауыл шетімен қашықтағы тасты-ағашты шеңберге дейін 2,5 км-ге созылатын тік тұрған тастар аллеясы жатыр.
Кеннет өзені бойымен төмен қарай бір шақырым не соған жуық қашықтықта Саутгемптон университетінің археология профессоры Джош Поллард Эйвбери ландшафтының «ұйқыдағы алыптары» деп атаған 4000-нан астам емен ағашынан жасалған қоршаулар тізбегі орналасқан. Өткен жазда Поллард пен оның тобы диаметрі шамамен 90 метр тағы бір ағаш қоршау тапты. Оның ішінде қабырғалары жерден 12 м-ге дейін көтерілген бөренелерден жасалған, ұзындығы 30 м-ден асатын үлкен тікбұрышты үйдің іргетасын тапты. Поллард осының барлығын жасаған неолиттік адамдардың ой-санасын түсіну кілті бірнеше 100 км жерде Уилтшир алқабымен ағып жатқан Кеннет өзенінде деп есептейді.
«Менің ойымша, олар үшін өзен маңызы сол өзен бойында тұрғызылған монументтерден жоғарырақ болған, – дейді ол. – Мұны өзеннің қоршауларға қатысынан көре аласыз. Ол мұнда Эйвон өзені Стоунхендж ландшафтындағы монументтерді байланыстырғанындай, мына ескерткіштермен де байланыстырушы рөл ойнап тұр».
Б.д.д. 25-ғасырдың басына таман Британия халқы құрлықтағы металл өңдеудің дамуымен байланысты маңызды технологиялық өзгерістерден хабардар болып, мыс құралдарды сол кездері-ақ пайдалануы мүмкін. «Эйвбери қоршауы сияқты нәрсенің мыс құралдарсыз жасалуын елестету қиын», – дейді Поллард.
Өте ерекше құрылыс дүмпуіне не себеп болғаны, неліктен тоқтағаны жұмбақ. Алайда археологтер Британияға құрлықтан кезекті жаппай көшу нәтижесінде жеткен Қола дәуірімен уақыттық байланыс бар екеніне назар аудартады. «Мерзімдері өте жақын, – дейді English Heritage қызметкері С.Грини. – Монумент тұрғызудағы осы тоқырау олардың келе жатқан өзгерісті білгендігінен бе? Дәуір соңы екенін сезді ме? Құрылыс қоғамда дағдарыс тудырды ма?»
Қалай болғанда да, Стоунхендж тұрғызылғаннан кейінгі бір ғасыр ішінде құрлықтан генетикасы бөлек қоныстанушылар толқыны келе бастады. Тек осы жолы олардың түпкі тегі Анадолыға емес, мыңдаған жылға кері – Еуразия даласына тірелетін. Бикер мәдениеті халықтары (Beaker people) жаңа дәуірді айқындайтын жаңа сенім мен идеяларын, тостаған пішінді қыш ыдыстарын, металл қорыту өнерін ала келді. Стоунхендж бен көптеген басқа монументті тұрғызған неолиттік фермерлер тарих қойнауына кетті, ДНҚ-лары Британияның генофондынан жойылды. Стоунхендж маңы маңызды жерлеу орны болып қала берді, бірақ мегамонументтер дәуірі аяқталды.