16Шіл

Эпикалық Уэльс

Соқпаққа түсіп, жағажайлық шытырманға шомыңыз.

Уэльстің Суонси қаласындағы көлік тұрағында билборд көлеміндей қабыр­ғаға «ақындық жетіспейді» деп жазылып тұр.

Бұл жергілікті тұрғындарға айтылған наз ба? Жоқ, бұл сырттағыларға тасталған үндеу. Өйткені, меніңше, Уэльс ақындыққа кенде емес. Уэльс қаласынан тысқары біраз жүрсеңіз, арманыңыздағы пейзажға тап боласыз: оқшау­ланған қамалдар, итбалық шулаған жағажай мен жасылдың түрлі реңкіне боялған аңғарлар.

Индустриалды портты қала Суонси – Гоуэр түбегіне баратын қақпа. 1956 жылы британ үкіметі оны алғашқы Көрнекі табиғи сұлулық аймақ (КТСА) деп жариялады. Аталмыш мәлімдеменің мақсаты – «өзгеше сипатты» ерекше ландшафтыларды қорғау. Бүгінде, Уэльсте үш ұлттық паркпен қоса, бес КТСА бар.

«Уэльс жолы» деп аталатын үш жаңа турис­тік бағыт бұл көне мекеннің үздік көріністерін паш етеді және оны саяхатшылар үшін ұсынатын National Geographic Travel-дің жыл сайынғы «Үздік сапар 2020» тізіміне кіреді. 300 шақырымға созылған Уэльс қырқасымен солтүстіктен оңтүстікке қарай ирелеңдеген «Кембрий жолы» ең ұзағы. Шыңдар мен теңіздің арасында орналасқан «Жағалаулық жол» Кардиган шығанағының бо­­йымен өтетін 290 километрлік сапар. Қамалдарға бай 120 шақырымдық «Солтүстік Уэльс жолы» Квинсферридің солтүстік-шығысынан, Англси аралындағы Холихедке дейін ғасырлар бойы сауда жолы болған торапта жатыр.

Әрбір жол ауқымы мен ғажабы бірінен-бірі өтетін шытырман сапарды ұсынады. Батыстағы Пемброкшир жағалауындағы Фрешуотер Уест аймағы серферлер үшін таптырмас мекен. Өйткені бұл серфингтен Уэльстің ұлттық чемпионаты өтетін жер. Ал альпинистер 1953 жылы Эверестті бағындырмас бұрын 1085 метрлік Сноудон тауында жаттыққан сэр Эдмунд Хилларидің ізімен тауға өрмелей алады. Сноудония ұлттық паркінің арғы бетіндегі Трюверн өзені – бүкіл Британиядағы каякинг пен рафтинг құмарлар үшін мінсіз орын.

1980 жылы валлийліктер адреналиндік coasteering атты жаңа жарыс түрін ойлап тапты. Осынау аса танымал шытырман спорт судың жермен шектесетін тұсы ұсынатын бүкіл сезім диапазонын сыйлайтыны анық: жартасқа өрмелеу, құздан секіру, үңгірді зерттеу, жүзу және т.б.

Оңтүстікте Чепстоудан бастап, солтүстікте Квинсферриге дейін созылып жатқан ұзындығы 1400 шақырымдық жағалау сызығын түгелдей қамтитын аумақтағы жүздеген сүрлеу жолдарында жылдамдық бәсеңдемей қоймайды. Бірде мен күнімді Гоуэр түбегіндегі Порт Эйнон шығанағынан Оксвичке дейінгі жолдың өте қысқа бөлігіне арнадым. О баста аралдың бір басына барамын да, кері қайтамын деп жоспарласам да, мүйістен тысқары «не бар екен» деген энтузиазм мені әрі қарай алып кетті. Бұл маусымға тән емес жылы кезінде мен Оксвич шығанағының барқыт құмы үстінде демалған отбасын көрдім. Бұл бұғаз әлемдегі толысу толқындарының айырмашылығы ең үлкен Бристоль каналына шығады. Уэльс – кереметі таусылмайтын мекен. Бұрылыстың арғы жағында нендей кереметтің жатқанын білмейсің.

Солтүстік Кембрий тауларындағы тік сүрлеу орманды шатқалдан төмен қарай жатқан Девилс Бридж сарқырамасына апарады. Көктемдердің бірінде мен мұнда ымырт ауа келгенім есімде. Соқпақта жалғыз қалыппын. Кей каскадтарында 91 метр биіктіктен құлай ағатын сарқыраманы көрмес бұрын оның гүрілін естідім. Жол мені сарқыраманың тура түбіне әкелгенде мен бірнешеуіне тап болғандай болдым.

Оның призмалық сұлулығы Виктория заманынан бері туристерді неліктен қызықтыратынын сол кезде ғана түсіндім. Табиғаттың дархан жасыл желегі алқызыл және күлгін әлпеншектермен құлпырып тұрды. Осынау молшылық Гаваийді еске салды. Уильям Вордсворт «Девилс Бридждегі ағын, солтүстік Уэльс, 1824 жыл» атты поэмасында: «Осыншама су британ жерінен шығып жатыр ма…» – деп таңырқаған. Аңғардан кері көтеріліп бара жатып, езуімді жия алмадым.

Пейзаждың лирикалығынан-ақ, Уэльс­тің ақындарға бай екенін аңғаруға болады. Оның поэзиялық дәстүрі сонау IV ғасырдан бастау алып, жыл сайынғы Уэльстің ең үлкен мүшәйрасы – Ұлттық Айстедвод поэзия­лық фестивалінде жалғасын табады.

Артур патша туралы ертегінің IX ғ. жазылған ең ерте нұсқасының да Уэльс­­ке қатысы бар не валлий тілінде жазылған. Саяхатшылар аты аңызға айналған көсем мен оның серілерінің іздерін Камелот орналасқан болуы мүмкін Каерлеон ауылы мен «Мерлин туып-өскен қала» деп аталатын Кармартеннен іздейді.

Суонсиде туылған, шамасы Уэльстің ең танымал ақыны Дилан Томас әлі күнге дейін көпшілікке әсер етіп жатқан даралардың бірі. Көлік тұрағындағы жазу ма? Бұл – 2014 жылы Томастың 100 жылдық мерейтойы қарсаңында қала күніне орай салынған қыл қалам шебері Джереми Деллердің жұмысы. Деллердікі рас, Уэльстің кереметін сипаттауға эмоция да, поэзия да, сөз де жетпейді.


National Geographic Travel бас редакторы Эми Алипио.

Автор: Эми Алипио