31Там

Түркітанудағы тың жаңалық

Таяуда Халықаралық Түркі академиясы мен Моңғолия Ғылым академиясы Археология институтының бірлесіп жүргізген ғылыми-археологиялық экспедициясының нәтижесінде Монғолияның Архангай аймағы, Номғон жазығында Құтлық Елтеріс қағанға арналған кешен мен жазу табылғаны мәлім.  Бұл туралы түгел Түркі жұртына Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі сүйіншілеген еді. Бүгін сол жаңалықтың жай-жапсарын  Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында Дархан Қыдырәлі және археологиялық экспедиция мүшелері, академияның ғылыми қызметкері Нәпіл Базылхан, Моңғолия Ғылым академиясы Археология институты Ортағасырлық археологиялық зерттеу орталығының жетекшісі  Алтангэрэлийн Энхтөр кеңінен таныстырды.

«Бүгінгі үлкен жаңалық – Білге қаған мен Күлтегіннің әкесі ІІ Түрік қағанатын қайта тірілткен Құтлық қағанның кешені табылды. Бұл – барша түркі әлемі және көшпелі жұрт үшін маңызды оқиға. Аталған жаңалыққа түркі халықтары бірлесе атқарған жүйелі жұмыстың нәтижесінде жетіп отырмыз. Бұл жұмыс жалғасын табады. Себебі, біз бір ғана кешенді ашып отырмыз, осындай әлі 9 кешен бар. Яғни біраз жылға жететін жұмыс бар. II Түркі қағанатының негізін қалаған Құтлық Елтеріс қағанның кешені мен жазуы табылуын түркі халқының алғашқы паспорты деуге болады», деді Дархан Қыдырәлі.

Аталған кешенге қысқаша тоқталсақ, жалпы аумағы 49х41,5 м жерді алып жатыр. Батыстан шығысқа қарай сопақша болып созыла орналасқан кешенді айналдыра қоршап ор қазып, одан шыққан топырақты үйіп қамал жасаған.

Кешеннің батыс жағында ортасында ойығы бар текше тас (альтар), адамның тас мүсіндері, қасында екі күшігі бар арыстан мүсіні және екі қой мүсіні орналасқан. Кешеннің қақпасынан шығысқа қарай 51 балбал тас тізіле орналасқан. Олардың ішінде бес балбалдан Ашина әулетіне тиесілі «таутеке» таңбасы анықталған.

Сонымен қатар кешенде барықтың (табыну орны) болғанын айқындайтын қыш жабындылар мен жаяу жүргінші жолына төселген кірпіштердің қалдықтары қазылып алынған.

Барықтың алдынан еңселі жазба ескерткіштің жоғарғы бөлігі мен тасбақа тұғыры табылды. Табылған құнды олжаның екі бетінде 12 жолдан тұратын көне түрік бітік жазуы, ал үшінші қырында көне соғды жазуы қашалған. Экспедицияға қатысушы ғалымдар ескерткіш мәтінінен “Тәңір”, “түрк”, “Құтлық”, “түмен” секілді бірқатар сөздерді анықтады. Жазба мәтінен алынған мәліметтерге сүйене отырып, Номгон кешенін Күлтегін мен Білге қағанның әкесі, Түрік қағандығын қайта жаңғыртушы Құтлық Елтеріс қағанға арналған деген тұжырым жасалып отыр. Бұған қоса, бітіктас «түрк» атауы алғаш рет кездесетін ең көне түркі дәуірінің жазба ескерткіші саналады.

Айта кету керек, Номғон жазығындағы зерттеу жұмыстары 2019 жылы басталған болатын. Алайда «Covid-19» пандемиясы салдарынан екі жыл бойы тоқтап қалған «Номгон» бірлескен экспедициясы 2022 жылдың шілде айында қазба жұмыстарын қайта жалғастырды.

«Номгон-2022» бірлескен экспедицияның құрамында Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, белгілі түрколог Нәпіл Базылхан, Нұрболат Бөгенбаев, Моңғолия ҒА Археология институты Археологиялық зерттеу орталығының директоры, академик Дамдинсүрэнгийн  Цэвээндорж (1949-2022), Моңғолия ҒА Тарих, археология институты Ортағасырлық археологиялық зерттеу орталығының жетекішісі  Алтангэрэлийн  Энхтөр,  археологтар Цэрэнхандын Буянхишиг, Гончигийн Батболд және Нарантуяагийн Цэнгэл, Мөнхсайханы Ууганбаяр археологиялық зерттеу жұмыстарына қатысты. 

«Бұл жұмыстар одан әрі жалғасын табады. Себебі бұдан басқа осындай әлі 9 кешен бар. Бұл жұмыстар тағы бірнеше жыл бойы жүргізіледі. Бұл үлкен кешенді түріктің тасқа басылған алғашқы паспорты деуге болады. Өйткені түркі атауы бірінші рет осы түрік жазбасы мен Құтлық қаған жазбасында кездесіп отыр. Бұл әлемде үлкен жаңалық ретінде қабылданды және Күлтегін, Білге қаған жазбаларынан кейінгі түркология, түркітанудағы үлкен жетістік ретінде бағаланып отыр.  Тағы бір ерекшелігі – Құтлық қағанның ұрпақтары да экспедицияға қатысты. Бұрынғы жазба ескерткіштеріміз жер бетінде тұрды, олар қиратып, талқандап, бұзып кеткен жерінен қазба жұмыстары арқылы табылып, жер бетіне шығарылып отыр. Алғаш рет өз ұрпақтары оны әлемге жария етіп отыр», – дейді Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі. .

Моңғолия Ғылым академиясы Тарих, археология институты Ортағасырлық археологиялық зерттеу орталығының жетекшісі Алтангэрэлийнп Энхтөрдің айтуынша, қазба зерттеулері барысында үлкен текше тастың (альтар) табылуы оның қағанға тиесілі екенін білдіреді.  

«Биылғы бірлескен экспедиция нәтижелі болды. Мұндай тастың Моңғолияда 3 данасы бар. Біріншісі – Білге қағанда, екіншісі – Күлтегін ғұрыптық кешенінде, үшіншісі, – осы кешенде. Тастың көлемі 2,3-2,6 артық. Ортасында 80 см шеңберлі тесік бар. Салмағы – шамамен  2,5 тонна. Бұл үнемі кешендердің батыс жағында болады. Кешеннің айналасында су арығы бар. Күн шығысқа қарай балбал тастар тізбегі бар. Зерттеулер барысында екі қошқар тас мүсіні және екі күшігі бар арыстан мүсіні табылды. Олар кешеннің ортасында орналасқан. Бұл кешеннің қағанға тиесілі екенін дәлелдейді. Тағы бір дәлелі – Күлтегін, Білге қағанның бітік тасының төбесінде Ашина таңбасы бар. Бұл кешенде бес балбалдан Ашина таңбасы анықталды. Орналасқан жердің де табиғаты ерекше»,  – дейді моңғолиялық ғалым.

Кешеннің Елтеріс қағанға тиесілі екенін Түркі академиясының ғылыми қызметкері, түрколог Нәпіл Базылхан да бірнеше дәлелмен нақтылап отыр. Оның айтуынша, жазба ескерткіш мәтініндегі «Тәңір», «түрк», «Құтлық», «түмен» секілді бірқатар сөз – басты айғақ. Сондай-ақ бітіктас «түрк» атауы алғаш рет кездесетін ең көне түркі дәуірінің жазба ескерткіші саналады.

Мәтін авторы: Маржан ҚУАТ

Фотолар Д.Қыдырәлінің Фейсбуктегі парақшасынан алынды