Алдымыздағы 16 қазан – орманшы күні. Елімізде бұл кәсіби мереке жыл сайын қазан айының үшінші жексенбісінде аталып өтеді. Бүгінде бүкіл жаһан жұртын алаңдатып отырған экология мәселесінің оңалуына орман шаруашылығының маңызы, соның ішінде жасыл желекті қорғап жүрген орманшылардың еңбегі орасан зор. Мәселен, өткен айдың басында ғана Қостанай облысындағы орман алқабынан шыққан алапат өрт жұртшылықты есеңгіретіп тастаған болатын. 5 күнге созылған қызыл жалын 32 мың гектарды алып жатқан ағаштарды бір мезетте күлге айналдырып жіберді. (Оқыңыз — https://nationalgeographic.kz/2022/09/21/oertengen-orman-qalpyna-kelwi-ueshin-qansha-waqyt-qazhet/
Орманды елдің байлығы ортаймас…
Онсыз да еліміз шағын орманды мемлекетке жатады. Биылғы жыл басындағы статистикалық мәлімет бойынша, республикадағы мемлекеттік орман қорының жалпы ауданы 30,1 млн гектар. Бұл ел аумағының 11,2 %-ын алып жатыр. Оның ішінде, орманмен қамтылған жерлер 13,6 млн гектарды құрайды, яғни орман қорының жалпы ауданының 44,6 %-ы.
Алайда Қостанай өңіріндегі ауқымды өрттің салдарынан ондағы орман көлемі 32,0 мың гектарға жуық азайған. Елге шамамен 4,4 млрд теңгенің залал келтіріп отыр. Бұл жағдайды эколог ғалымдар ғаламдық қасіретке балаған еді. Сонымен қатар, Шығыс-Қазақстан облысы аумағында туындаған орман өртінен де орман көлемі 6,0 мың гектарға кеміген.
Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің бас сарапшысы Толқын Нұрәбіловтің айтуынша, шығыс өңірдегі өрт 11,1 мың гектар жерді шарпыса, оның 6,5 мың гектары – орманды алқап. Тілсіз жау барлығы 1 миллиард 63 миллион 500 мың теңгеге шығын келтірді.
«Ағаш жапырағымен, жер топырағымен көрікті» дейді дана халқымыз. Табиғат көркейіп, желегі жасыл тартса, адамның да тынысы кеңеймек. Ал «жасыл желекті өлкеге еліміздің қай өңірлері жатады?» деген сұраққа келсек, ормандар Қазақстанда әркелкі орналасқан. Орман өсімдіктерінің түрлері табиғи аймақтардың әртүрлілігіне байланысты.
Мысалы, шөлді аймақта сексеуіл ормандары көп өседі. Таулы ормандардың негізгі бөлігі қоңыр қылқанды Алтай, Жоңғар және Іле Алатауының екпелерінен тұрады. Ал дала және орманды дала аймақтарының жазық бөлігінде қайың-көктеректен тұратын шоқ ормандар, қарағайлы ормандар, Ертіс өңірінің жалды ормандары өседі.
Экология министрлігінің мәліметіне сүйенсек, еліміздегі ормандардың құрамында 50,5 пайызын сексеуіл тоғайы құрайды, шөлді және далалы аймақтарда орналасқан бұталы екпелер – 22,5 %.
Ең құнды қылқан жапырақты ағаштар 13,5% болса, жапырақты ағаштар 12,5% оңтүстік және шығыс таулардың, солтүстік және орталық шағын адырлардың (аласа тау) баурайларында, Ертіс өңірінің құмды аумақтарында, өзендердің гидроморфты алқаптарында орналасқан. Демек, еліміздің шөлді аймақтарында сексеуіл, таулы ормандардың негізі бөлігінде қоңыр қылқан жапырақты ағаштар болса, Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарында майқарағай, самырсын, балқарағай және шырша сияқты, ең құнды қылқан жапырақты ағаш түрлері бар. Жапырақты ағаштар, оңтүстік және шығыс тауларында және Солтүстік пен орталық облыстарда кездеседі.
Жалпы, еліміз бойынша 122 орман шаруашылығы (облыстық әкімдіктердің қарамағында), 40 ерекше қорғалатын табиғи аумақ (ҚР ЭГТР орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті қарамағында) бар. Әкімдіктерге қарасты орман шаруашылықтарында 9264 адам, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда 8165 адам, жалпы алғанда 17429 орманшы қызмет істейді.
Орманшылар әулеті
1931 жылдан бері ерекше қорғалып келе жатқан территория – Қостанай облысының Науырзым және Әулиекөл аудандарында орналасқан 191 381 гектар жерді қамтитын «Науырзым мемлекеттік табиғи қорығында» да қылқан жапырақты қарағайлар аз емес. Табиғи қорықта жиырма жылға жуық еңбек етіп жүрген орманшы Рахан Бекенов тәуелсіздік алған жылдардан бері мұндағы орманның көлемі көбеймесе, азаймағанын айтады. Керісінше, орман алқабы кеңейіп жатыр екен.
‒ Өсіп-өніп, сыртқа қарай жайылып өскен ағаштар Науырзым ауылына дейін жетті. Бұрын бұлай болмаған. Қорықтағы ағаштардан ең құндысы – қарағай. Оттегіні жақсы бөледі, адамның денсаулығына өте пайдалы. Оның мұнда үш түрі бар. Бізде Аманқарағайдағы қарағайлармен салыстырғанда, шайыры мол, майлы әрі екі адамның құшағы жетпейтін көп жылдық қарағайлар. Олардың жуан бұтақтары төмен қарай салбырап, ағаш тамырларын көлеңкелеп жауып, ыстықтан қорғап тұрады. Қарағайлардың көп жасайтыны да содан. Сонымен қатар, көктерек, үлкен және кіші шілік ағашы, дала доланасы, жабайы қарақат, шие, тобылғы ағаштары бар, ‒ дейді қорықшы Рахан Бекенов.
Бір қызығы, Бекеновтер отбасы тұтас әулетімен орманшылар. Бұл кәсіп атадан-балаға жалғасқан мұра іспетті. Аталары Бекен Науырзым қорығы құрылғаннан бастап қорықшы болып еңбек еткен. Одан бері қарай баласы Өтебай Науырзым қорығы «Сып-сын» орман шаруашылығында 1940 жылдан бастап қорықшы болған. Әкесі Бекен дүниеден озғаннан кейін, жас болса да жұмысқа кірісіп, еңбек жолын ертерек бастаған.
‒ Ол заманда техника құралдары жоқ, жұмыс істеу үшін ауыр кезең болатын. Өзінің қызметтік міндетін орындауда салт атпен орман аралап, қай жерде құстың ұясы бар екені туралы бәрін нақты білетін. Балаларын қасына ертіп, ат арбаға отырғызып алып, қоршаған ортаны көрсетіп, бала кезден осы іске баули бастады. Әкемізден орақпен шөп орып, көлдерді аралап, құстарды санап және олардың түрін ажырату сынды жұмыстарды көріп үйрендік. Науырзымда халық көп тұрды, ол кезде аудан орталығы болатын. Қорық ерекше қорғалатын табиғи аумақ болған соң, мұнда мал кіргізбеу үшін таңертең ертемен орманды атпен аралап, аң-құстардың тыныштығын бақылап, жұмысын атқаруға кететін. Ол кезде көлде су мол, құс деген көп еді. Қайықпен жүріп ау құрып, балапандарды ұстайды. Олардың аяқтарына сақина салады, салмағын өлшейді. Қанатының ұзындығын, тұмсығының ұзындығын өлшеп, қойын дәптеріне жазып қоятын. Өжет, батыл кісі болды. «Ер қанаты – ат» дегендей, қорықшыларға мінетін 4-5 жастағы асау аттарды әкем Өтебай үйрететін. Осындай адал еңбегі үшін бірнеше мадақтама қағаздар алып, қымбат сағат пен «Жақсы қорықшы» медалімен де марапатталды. Әкем табиғатты ерекше жақсы көретін, ‒ деп еске алды 2006 жылы өмірден озған әкесін Рахан Бекенов.
Қазіргі таңда Бекеннің немерелері Өтебайұлы Рахан, Оразхан, Нұрлан және ата жолын қуған шөберелері Нұрланұлы Жасұлан, Еркебұлан да қорықтың таза табиғатын сақтап, келешек ұрпаққа аманат ретінде қалдыру үшін еңбек атқаруда.
Орманшы Нұрлан Бекенов «Тұңғыш балам Жасұлан жанымда, өзім сияқты осы қорықта инспектор болып жұмыс істеп жатыр. Балаларымның таңдауына қарсы болған жоқпын. Қайта өз елімізге пайдасын тигізеді деп түйдім. Жұмысымыз өзімізге ұнайды», ‒ дейді.
Оның 1992, 1995, 1997 жылғы үш ұлы осы саланы таңдаған. Ортаныншы баласы Еркебұлан да алғашқы жұмысын Науырзым қорығынан бастап, қазір 16260 гектар орман алқабы бар «Пригородное орман шаруашылығы мекемесінде» басшы болып жүрсе, кенже баласы Бағлан да Қостанайда техникумда орман шаруашылығы мамандығына оқып жатыр. Еркебұлан Ш.Уалиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде «Орман ресурстары және орман шаруашылығы» оқуын тәмамдап, қазір Қостанай ауыл шаруашылық колледжінде білімін жалғастыруда.
Жалпы, Еркебұлан еңбек етіп жүрген орман шаруашылығы мен әкесі және ағалары жұмыс істеп жүрген қорықтағы шаруаның айырмашылығы неде? Бұл туралы Рахан Бекенов былай деп түсіндірді: «Орман шаруашылығында ағашты егеді, шіріген ағаштарды алып тазартады немесе кесіп тастайды. Сосын орнына жаңадан ағаш егеді. Мысалы, отын дайындау үшін территорияны өзгеге бере алады, яғни ағашты отынға сата алады. Ал қорықта ештеңе алуға рұқсат жоқ. Ағаш алуға, шөп шабуға, мал ұстауға, аңшылық жасауға болмайды. Қорықтағы ағаш құлаған күйі жата береді, шіриді. Оған аралар ұялайды, құрт-құмырсқалар илеуін салады. Өйткені бұл жәндіктер үшін өте керек».
‒ Осы жердің табиғатын әлі күнге дейін қимаймын. Қалада тұрып жатқан балаларыма жақынырақ болу үшін қалаға көшіп баруыма болар еді. Оның үстіне, қыста өрт сөндірушілер де ауылдан кетеді. Қар көп жауып, жүретін жол болмай қалады. Сол кезде біз жалғыз үй болып отырамыз. Соған қарамастан, туған мекенді қимаймын. Осы жердің таза ауасы, тыныштығын аңсап тұрамын. Орманды атпен аралап келсем, сол маған ғажайып демалыс», – дейді Рахан аға.
Қазір туған өлкесі үшін пайдасын тиігізіп жүрген орманшы Бекеновтер әулетінің фотосы Науырзым ауданының орталығы Қарамендідегі музейге қойылған.
Керек дерек:
Мемлекет басшысының 2025 жылға дейін мемлекеттік орман қоры аумағында 2 млрд ағаш, елді мекендер мен қалаларда 15 млн ағаш отырғызу және Арал теңізінің құрғаған табанында 1,1 млн гектар аумақта сексеуіл екпелерін отырғызу жөнінде жұмыстар қолға алынуда.
Еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бері орман қорының ауданы 6 млн гектарға (25%) ұлғайды.
Қазіргі уақытта мемлекеттік орман қорының жалпы ауданы 30,1 млн гектар (1991ж. – 24,0 млн.га), оның ішінде орманмен қамтылған жерлер 13,3 млн гектар жерді (1991ж. – 10,2 млн. га) немесе 44,3% құрайды.
Тәуелсіздік алған жылдары ел аумағындағы орман көлемі 3,9%-дан (1991ж.) 5,0%-ға (2022ж.) өсті.
Бүгінде Қазақстан Республикасы Үкіметі бекіткен 2021-2025 жылдарға арналған «Жасыл Қазақстан» ұлттық бағдарламасы аясында, тұрғындардың қолайлы өмір сүру ортасын құруға, елдің экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталаған іс-шаралар атқарылуда.
Автор: Нұрсұлу Мырзахметова, журналист
Фото: Бекеновтердің отбасылық архивінен