14Нау

Пластик дағдарысы: әлемді не күтіп тұр?

Ғаламшарымыздың кей бөлігі пластик қоқыстардың астында қалып, жануарларға, бәлкім, адам денсаулығына да зиянын тигізіп жатыр. Одан құтыла аламыз ба?

Филиппиндегі пластик қалдықтармен ластанған Манила шығанағының жағасында ойнап жүрген балалар. 
ФОТО: RANDY OLSON, NAT GEO IMAGE COLLECTION

Пластикпен ластанудың ең өзекті экологиялық мәселелердің біріне айналуының басты себебі – әлемнің қоқысқа тасталатын пластик өнімдермен күресі пластик өндірісінің даму қарқынына ілесе алмауында.   Осы экологиялық проблема қоқыс жинау жүйелері тиімсіз немесе мүлдем жоқ Азия мен Африканың дамушы елдерінде ерекше байқалады. Дегенмен бұл мәселемен дамыған мемлекеттер де, әсіресе қайта өңдеу деңгейі төмен елдер де бетпе-бет келіп отыр. Пластик қоқыстың жаппай таралғаны соншалық, бұл жағдай Біріккен Ұлттар Ұйымы мақұлдаған халықаралық шарттың жазылуына түрткі болды.

Пластиктің шығу төркіні

Қазба отыннан жасалған пластиктің ойлап табылғанына бір ғасырдан сәл асты. Мыңдаған жаңа пластик бұйымдар өндірісі мен дамуы Екінші дүниежүзілік соғыстан соң жеделдей түскені соншалық, қазіргі заманды пластиксіз елестету мүмкін емес. Пластиктен өнертапқыштар көліктен  медицинаға дейінгі барлық салада қолдануға болатын жеңіл әрі берік материал жасап шығарды.

Пластик медицинада адам өмірін құтқаруға керек құрылғылар жасауға, ғарышқа ұшуға мүмкіндік берді әрі автомобильдер мен реактивті ұшақтардың жұмысын жеңілдетіп, жанармайды үнемдеп, көліктердің қоршаған ортаға зиянын азайтуға септігін тигізді. Одан бөлек, пластик дулығалардың, инкубаторлар мен ауызсу жабдықтарының да адам өмірін сақтауда маңызы зор.

Бірақ бәріне ыңғайлы пластик түптеп келгенде  «оңды-солды қоқыс тастау мәдениетін» де қалыптастырды: бүгінде бір рет қолданылатын пластик өнімдері жыл сайын өндірілетін жалпы пластмассаның 40 пайызын құрайды. Мұндай өнімдердің көпшілігі, мысалы, полиэтилен қапшықтар мен азық-түлік орамдарының қолданыс мерзімі бірнеше минут не бірнеше сағаттан аспаса да, олар қоршаған ортада жүздеген жыл бойы жатуы мүмкін.

Сандарды сөйлетсек

Негізгі фактілер:

  • Тарихта өндірілген барлық пластиктің жартысы соңғы 20 жыл ішінде шығарылған.
  • Өндіріс сұмдық қарқынмен өсуде, 1950 жылғы 2,3 миллион тонна 2015 жылға қарай 448 миллион тоннаға дейін ұлғайды. Болжам бойынша, 2050 жылға қарай өндіріс көлемі екі есеге артпақ.
  • Жыл сайын мұхиттарға сегіз миллион тоннаға жуық пластик қалдық төгіледі. Бұл бүкіл әлемдегі жағалау сызығының әр метріне бес қап қоқыс қойып шыққанмен бірдей.
  • Көп жағдайда пластмассаның құрамында оны берік, икемді әрі төзімді ететін қоспалар болады. Ал бұл қоспалардың көпшілігі қоқысқа айналғанда, бұйымның ыдырау мерзімін одан әрі ұзартады. Сарапшылардың бағалауына сүйенсек, кейбірі кем дегенде 400 жыл бойы сақталады екен.

Жер жүзіндегі пластик айналымы

Мұхиттағы пластик қоқыстың көбі оған құрлықтан келіп түскен. Ірі өзендер де конвейер таспалары секілді, ағыстың өне бойында қоқысты үсті-үстіне жинап, теңізге тасымалдайды. Теңізге түскен қоқыстың көп бөлігі жағалау суларында қалып қойғанымен, мұхитқа өтіп кеткендері әлемге емін-еркін таралады.

Чили мен Жаңа Зеландияның ортасында орналасқан Питкэрн аралдар тобының елсіз Хендерсон атолында Ресейден, АҚШ-тан, Еуропадан, Оңтүстік Америкадан, Жапониядан және Қытайдан ағып келген пластик бұйымдар табылды. Оларды Тынық мұхиттың оңтүстігіне Оңтүстік-Тынық мұхит су айналымы, яғни мұхиттағы айналма ағыс әкелген.

Микропластикденсаулыққа төнген жаңа қатер

Теңіздегі пластик қоқыс күн сәулесі, жел мен толқынның әсеріне ұшырап, көбіне диаметрі жарты миллиметрге де жетпейтін ұсақ қалдықтарға бөлінеді. Бұл микропластик деп аталатын қалдықтар бүкіл су қабатына таралып қана қоймай, ең биік Эверест шыңынан бастап, ең терең Мариан шұңғымасына дейінгі Жер шарының әр бұрышында кездеседі.

Микропластик уақыт өткен сайын ұсақтала береді. Пластик микроталшықтар біз тұтынатын коммуналдық ауызсу жүйелерінде жүзіп, біз тыныс алатын ауада қалқып жүретіні де анықталды.

Сондықтан ғалымдардың адам ағзасынан да микропластик тапқаны жаңалық емес. Мұндай ұсақ бөлшектер қанымызда, өкпемізде, тіпті нәжісімізде де бар. Микропластиктің адам денсаулығына қаншалықты зиян екенін ғалымдар шұғыл түрде зерттеп, нәтижеге жету үшін бар күштерін салуда.

Тұмса табиғат жапа шегуде

Пластиктің кесірінен құстардан бастап, балықтар мен басқа да теңіз жәндіктеріне дейін жыл сайын миллиондаған жануар қырылып жатыр. Жан-жануардың 700-ге жуық түріне, соның ішінде жойылып кетудің аз-ақ алдында тұрғандарына да пластиктің әсер еткені белгілі. Теңіз құстарының барлық дерлік түрі осы пластикпен қоректенеді.

Жануар өлімі көбіне қоқысқа шырмалып қалудан немесе аштықтан болады. Суға тасталған балық аулау құралдары не алты сақиналы пластик тұтқырдың кесірінен итбалықтар, киттер, тасбақалар мен басқа да жануарлар тұншығып қырылуда. 100-ден астам су жануарының, соның ішінде дастарқанымыздан түспейтін балық, асшаян мен мидиядан  микропластик табылды. Көп жағдайда ұсақ қалдықтар ас қорыту жүйесінен денсаулыққа зиянсыз жолмен шығатынына қарамастан, кей кездері пластик ас қорыту жолдарын бітейтіні не ішкі органдарды тесетіні, сөйтіп өлімге әкелетіні анықталды. Асқазаны пластикке толып қалған жануардың тәбеті төмендеп, арып-ашып, әлсірейді.

Тіпті кей жағдайларда құрлықтағы піл, қорқау, зебра, жолбарыс, түйе, ірі қара және басқа да ірі сүтқоректілер пластикті қорек қылғандықтан өлген. Сынақтар пластик әсерінен бауыр мен жасушалардың зақымданғанын, сондай-ақ репродукция жүйесі бұзылып,  устрица секілі түрлердің аз жұмыртқа сала бастағанын растады. Жаңа бір зерттеу балық шабақтары өмірінің бастапқы күндерінде наноталшықпен қоректенетінін көрсетті. Бұл пластиктің балық популяциясына қалай әсер етіп жатқаны туралы жаңа мәселені алға шығарды.

Қалай тоқтатамыз?

Мұхитты пластик қоқыстан тазарту өте қиын, тіпті мүмкін болмайтын шаруа.  Мэриленд штатындағы Балтимор айлағында орналасқан Mr. Trash Wheel сияқты қоқыс жинағыш механикалық жүйелер ішкі сулардан тостақтар мен азық-түлік контейнері сияқты ірі пластик қалдықтарды тиімді жинай алғанымен, микропластикқа ыдырап, ашық мұхитқа ағып кеткендерін сүзіп алу әсте мүмкін емес.

«Бұл мәселені пластик қалдықтардың өзен-теңіздерге түсуіне әуел бастан жол бермеу арқылы шешуге болады», – дейді көптеген ғалым мен табиғат жанашырлары. Бұл пікірге National Geographic қоғамы да қосылады. Өнеркәсіп қалдықтарын кәдеге жарату мен қайта өңдеу жүйелерін жетілдіру, пластик қаптамалардың қолданыс мерзімін ұзарту мен бір реттік пластиктің жөнсіз өндірісін қысқарту арқылы ортақ мақсатқа қол жеткізуге әбден болады.

Автор: Лаура Паркер