Ямная мәдениетінің қабірлерінен шамамен 5000 жылдық адам қалдықтары табылды және бұл жаңалық олардың бүкіл Еуропаға тез таралуын ішінара түсіндіруі мүмкін.
Жаңа археологиялық деректер Еуразия даласының ежелгі көшпенділері атқа мінген ең алғашқы адамдар болуы мүмкін екенін көрсетеді. Атқа міну оларға Еуропада жортқанда артықшылық берген болуы мүмкін.
Мажарстан, Румыния және Болгариядағы қабірлерден шыққан 24 ежелгі қаңқа атқа мінуден туындаған физикалық күш түсу белгілерін көрсетеді. Қаңқалардың көпшілігі шамамен 5500 жыл бұрын Шығыс Еуропаның шалғындарынан батысқа қарай таралған көшпелі Ямная мәдениетінің адамдарына жатады.
Атап айтқанда, 4500-5000 жас аралығындағы қабірде бес ямнаялықтың атқа жиі мінгендігінің көптеген белгісі бар. Мысалы, төменгі омыртқалардың зақымдануы, жамбас сүйектері мен мықынның жуандауы. Осыған ұқсас белгілер Ямная ықпал еткен мәдениеттерге жатады деп есептелетін төрт адамда да байқалды.
Қаңқа қалдықтары бұған дейін табылғандардың ішіндегі атқа мінудің ең ежелгі дәлелі саналады. Бірақ зерттеушілер Ямная атқа мінген алғашқы адам болмауы мүмкіндігін де ескертеді.
«Бұлар ең ежелгі шабандоздар болмауы мүмкін, – дейді Хельсинки университетінің археологі, Scientific Advances журналында жарияланған қаңқа туралы жаңа зерттеудің авторы Волкер Хейд. – Бірақ бұл әзірге атқа міну туралы ең жақсы дәлел».
Қорғандар деп аталатын ондаған мың ерекше жерлеу орындары Еуропаның оңтүстік-шығысында шашыраңқы орналасқан. Зерттеуде ұсынылған қаңқалар 2019 және 2022 жылдар аралығында археологиялық топтардың осы және басқа қабірлерден қазып алған 217 қаңқа сүйектерінің қатарына жатады.
Хельсинки университетінің зерттеушісі және зерттеудің жетекші авторы археолог Мартин Траутманның айтуынша, қаңқалар арасында ықтимал шабандоздар үлесіінің көп болуы 5000 жыл бұрын Оңтүстік-Шығыс Еуропадағы кейбір адамдар үшін салт атты жүріс қалыпты іс болғанын көрсетеді. «Біз тапқан ең ежелгі дәлелдердің кезеңінде атқа міну бұрыннан бар болуы әбден мүмкін», – дейді ол.
Зерттеу авторлары Ямнаяның бұрын айтылғандай жылқыларды соғыс қимылдарында қолдануы екіталай деп санайды, бірақ олар атқа міну «Ямная мал шаруашылығы қоғамының жалпы табысына айтарлықтай үлес қосар еді» деп жазады.
Ежелгі шабандоздар
Жаңа зерттеу шамамен 5500 жыл бұрын жылқыны сүт пен ет үшін қолға үйрету мен 4500 жыл бұрын жылқыны соғыс арбаларын тарту үшін пайдалану арасындағы алшақтықты жойды. Хейд Ямная жылқылары соғыс үшін тым үркек болар еді және ал б.д.д. ІІ мыңжылдықтағы ойып салынған суреттерде күймеге жегілген жылқылар соғыс үшін өсірілген болуы мүмкін деп санайды.
«Біз б.д.д. 2000 жылдан бері көріп келе жатқан жылқы тұқымы неғұрлым батыл және жауынгер болғаны үшін генетикалық түрде таңдалған болуы мүмкін», – дейді ол.
Траутманн Ямная жылқылары қазіргі жылқыларға қарағанда кішірек болғанын да айтады. «Олар Пржевальский жылқыларына өте ұқсас, төсі кең, аяқтары жуан әрі қысқа», – дейді ол.
Ежелгі айыл-тұрман да басқаша болған. Хейдтің айтуынша, ат әбзелдеріне қатысты археологиялық дәлелдер аз, өйткені ол тез бұзылатын материалдардан жасалған. Бірақ ежелгі шабандоздар жылқының арқасы қарапайым төсеніштер қойған болуы мүмкін, себебі ертоқым б.д.д. 1000 жылдан кейін ғана ойлап табылса, үзеңгілер тіпті кейінірек пайда болды.
Сонымен қатар, Хэйд Мысыр пен Месопотамиядағы шабандоздардың ежелгі бейнелерінде олар қазіргі шабандоздарға қарағанда, аттың артқы жағына қарай отырғанын және ұзын тізгіндері ат басындағы әбзелге (жүгенге) бекітілгенін атап өтеді.
«Менің ойымша, бұл қола дәуіріндегі атқа мінудің ерекшелігі, – дейді ол. – Сіз жануарды бағыттау үшін аттың мейлінше артқы жағында отыруыңыз керек еді».
Жолдың соңы
Зерттеуге қатыспаған Гетеборг университетінің археологі Кристиан Кристиансеннің айтуынша, жаңа зерттеу «ямнаялықтар атқа мінді ме немесе оларды тек сүт пен ет үшін жеді ме» деген онжылдық дауды шешуге көмектеседі. «Бұл ұзақ тоқыраудан кейінгі жетістік», – дейді ол.
Ямная туралы жаңа кітаптың редакторы Кристиансеннің айтуынша, олар ірі қара, қой, ешкі және басқа да жылқы табындарын жақсы басқару үшін атқа мінген болуы мүмкін.
Ғалымдар Ямнаяның бір кездері тез кеңеюін атты жауынгерлердің жаулап алуымен түсіндіргенімен, жақында жүргізілген зерттеулер олардың ұтқырлығының артуы сияқты факторлар үлкен әсер еткен деп болжайды. Зерттеуге қатыспаған, Белфастағы Куинс университетінің құрметті профессоры, антрополог Джеймс Маллоридің айтуынша, зерттеу Ямная жылқыларының соғыстағы рөліне «әділетті түрде сақтықпен» қарайтынын, бірақ бұл пікірталас аяқталмағанын айтады.
Ямнаялықтардың жылқыны шайқасқа пайдаланғаны немесе пайдаланбағанына қарамастан, олардың ұзақ қашықтықты жүріп өту қабілеті еуропалық тілдерде із қалдырғанымен маңызды болуы мүмкін. Ямная тілі бүкіл үндіеуропалық тілдер отбасына кіретін грек және латын тілдерін, сондай-ақ герман, славян және кельт тілдерінің лексикасы мен грамматикасын қалыптастырды деп саналады.
Лингвистер кейбір ежелгі сөздердегі ұқсастықтар, соның ішінде «mother» (ана) мен «father (әке) Ямная сөйлеген тілден шыққан деп санайды. Оны ғалымдар қайта құрып, прото-үнді-еуропалық деп атады. Бұл тілдің тағы бір қалпына келтірілген сөзі — éḱwos, ол кейіннен «жылқы» дегенді білдіретін латынша equus сөзіне айналды.
Автор: Том Меткалф
Ағылшын тілінен аударған Әлия Құлахметова