6Сәу

Бабалар ізімен: Маңғыстауға саяхат

MAQSUT NARIKBAYEV UNIVERSITY (KAZGUU) Қазақстан тарихын оқытудың ерекше форматы аясында еліміздің киелі һәм тарихи жерлеріне студенттер  саяхатын ұйымдастыруды жалғастыруда. Кезекті бағыт –  Маңғыстау облысына бірінші курс студенттері пойызбен жетті.

Ең төменгі нүктеде

Қарақия ойпатының жанындағы алғашқы тұрақ – Қазақстанның,  ТМД-ның  ең төменгі нүктесі, теңіз деңгейінен 132 метр төмен.   Бүкіл түбек – бір кездері осында бұрқанып жатқан Тетис мұхитының түбі. Қара, Каспий және Азов теңіздері онымен тұтасып жатқан. Кенеттен алдымыз тұманға айналды.  Жол  бойындағы асфальтта бұрқасын басталды – қар емес, құмды боран. Даладағы шаңды құйындар есіме түсті, ал мұнда оның орнына құм соғып тұр. 

             Бекет ата жерасты мешітіне апаратын жол оның тәлімгері Шопан ата зираты арқылы өтеді. Жастардың көпшілігі осындай қорым мен жерасты мешітін алғаш рет көріп тұр. Бекет ата мешітімен танысу, айналасын көру барысында студенттер тарапынан көптеген сұрақ туып, олар суффизм іліміне, оның бастауы мен тарихындағы тұлғалардың өмірі мен қызметіне қызығушылық таныта бастады. Кешке жақын қонақүйде интернеттен ақпарат іздеді. Кейінірек, бір күннен кейін Шақпақ ата қорымы мен жерасты мешітіне барғанда, олар өз ойларын, мәліметтерін бөлісті.  

Бозжыра

             Егер кімде-кім миллиардтаған жыл бұрын планета қандай болғанын елестеткісі келсе, Маңғыстауға келсін.

БОЗЖЫРА.  «Бұл сөзде қаншалықты көп мән жатыр!» деген  А. С. Пушкиннің дәйексөзі  есіме оралды. Таулар, жыралар, Үстірт қорығының басталуы. Бозжыра алқабы – Қазақстанның інжу-маржаны. Тамаша  ғарыштық ландшафт! Мұнда керемет энергия бар!

   MAQSUT NARIKBAYEV UNIVERSITY (KAZGUU) студенттері осындай таңғажайып табиғатты көргендеріне шексіз қуанышты. Жастар бойына жаңа қуат дарығандай сезінді.  Мұны шынымен де көру керек!

             Отпантау   

             От сиқыры адам үшін әрқашан жұмбақ. От жылу береді, тағамды дәмді етеді. Ол бірде өзіне елітіп тарта түссе, енді бірде таңқалдырды, кейде жолындағысын жайпап жойды. Отқа табыну зороастризм дәуірінен бері қалыптасқан. Отпантауға барар жолда ондаған киіз үйлер, халық шығармашылығының көрмесі, фольклорлық ансамбльдер концерті, айтыс, балуандардың белдесулері сияқты түрлі қызықтар күтіп тұр екен. Біз соның ішінде, Көрісу рәсіміне қатыстық. Дәл осы жерде наурыздың  13-і күні кешке Наурыз мерекесі басталды. Көрісу мерекесі – Наурыздың басы. Жұрт «Мал-жан аман ба? Қыстан аман шықтыңыз ба?» деп, көптен көрмеген ағайын-туысымен қауышып, көріседі. Амандықтарын біліседі.

             Бір кездері Отпантауда оны айнала отырған ауылдарға жаудың жақындап қалғанын білдіру мақсатында от жағылған екен. Қазір шекара қауіпсіздігі басқаша қорғалатыны сөзсіз, алайда от жағу рәсімі жергілікті халық арасында сақталып қалған. Биылғы жылы Отпантауда қасиетті от жағу құқығы Адай тайпасының Тобыш руына бұйырыпты. Оны ақсақалдар шешеді екен.

Шақпақ ата

             Таңертең ерте басталған Шақпақ ата қорымына зияратымыз киелі орынға барудың жөн-жоралғысына сай атқарылды. «Шақпақ ата» сөзі кремень минералының  атауынан шыққан. Аңыз бойынша оның қайратты батыр болғаны соншалықты, жаумен шайқаста қаруынан ұшқын ұшқан екен.  Ертеректе от жағу үшін шақпақ тас қолданылғаны белгілі. Ата жерленген жердің айналасынан біз шақпақ тасты көп кезіктірдік.

             Осылайша, күніміз рухани танымға, исламның қазіргі қазақ даласына таралу тарихына арналды. Жерасты мешіттерін көзбен көру ойлануға, әулие атанған тұлғалар неліктен жерасты мешіттерін салғаны, неліктен жалғыз тұрғаны туралы пайымдауға түрткі болды.

Қайтар жолда

Маңғаз Маңғыстаудан Астанаға қайтқан жолда студенттер саяхаттан алған әсерлерін айтып тауыса алмады. Мұның бәрі алдағы сабақ барысындағы эсселер мен бақылау сынақтарында оң септігін тигізері анық.  

KAZGUU баспасөз қызметі