«Бойы орта және ортадан жоғары, денесі мығым, арықтау ит, созылу индексі – 103», – делінген Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрінің міндетін атқарушының 2023 жылғы 30 наурыздағы № 101 бұйрығымен бекітілген Қазақы ит тұқымдарының стандартында.
Осы құжаттағы сипаттамаға сүйенсек, қазақ тазысының қаншығы төбетіне қарағанда аласалау, шағындау болады. Төбеттің шоқтығының биіктігі 60-70 см, ал ұрғашы тазының бойы 55-65 см болады. Түсі қара, ақ, сарғыш, қызыл және сұр түстердің барлық реңкі болуы мүмкін. Тұтастай бір өңді де болады, теңбіл түстілері де кездеседі. Кейбірінің тұмсығында, құлағында, аяқтарының ұшында қара дақтар кездеседі. Күшіктер өсу, жыныстық жетілу барысында түсі мен реңін өзгертуі мүмкін.
Жүні жұмсақ, жібек тәрізді, тік, ұзындығы қыста 4,5 сантиметрге, жазда 2,5 сантиметрге дейін өседі. Қысқа жүнді түбіті жақсы дамыған. Құлағының ұшында 5-6 сантиметрдей жұмсақ, ұзындау түк жиналып ары қарай ұйпаланады, алдыңғы аяғының, жамбастарының артқы жағында ұзындау жүн түбітке айналады. Құйрығының төменгі жағына қарай жұқалау ілгек жүні (10 сантиметрге дейін) болады. Башпайларының арасында қысқа әрі қатты түк өседі. «Жарғақ құлақ», «тықыр тазы» секілді түрлері де кездеседі.
Арық, сопақ, бас сүйегі біркелкі жалпақ болып келеді. Үстінен қарағанда сына тәрізді. Желкесі біркелкі, ал төбе сүйегі өте нашар дамыған», деп сипатталған Министрлік бекіткен тазы стандарты туралы құжатта.
Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің сайтында осы құжат туралы төмендегідей ақпарат жарияланған.
«2023 жылдың 31 наурыз күні «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қазақы ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру аясындағы шаралар туралы» ҚР Премьер-Министрінің 2023 жылғы 22 ақпандағы № 34-р өкімін іске асыру шеңберінде, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі қазақы ит тұқымдары – тазы мен төбеттің стандарттарын бекітті. Стандарттар аталған ит тұқымдарының сипаттамасын, өлшемдерін, кемшіліктері мен ақауларын қамтиды.
Заңға сәйкес, қазақы ит тұқымдарының стандарттарын әзірлеу 2023 жылғы шілдеде іске қосылатын Ұлттық орталықтың құзіретіне кіреді. Алайда уақыттың тығыздығына байланысты Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 25 желтоқсандағы № 3-3/1119 бұйрығымен бекітілген стандарттар негізге алынды.
Сонымен қатар, Ұлттық орталықтың стандарттарды әзірлеу жөніндегі құзыретін ескере отырып, қажет болған жағдайда, қабылданған стандарттар ит өсірушілер, қоғам белсенділері, кинолог және тағы да басқа мамандардың пікірлерін ескере отырып пысықталатын болады.
Қазақы ит тұқымдарының стандарттарымен мына сілтеме арқылы танысуға болады: https://www.gov.kz/memleket/entities/forest/documents/details/451114?lang=kk