20Апр

8 миллиард

Халық саны өскен сайын әлем миллиардтаған адамды асырауға, жиілей түскен қоныс аударуға байланысты туындайтын қиындықтарға тап болады.

Жер бетіндегі адам саны ешқашан бұндай көп болмаған, бірақ бұл жаңа ақиқатты жасырып тұр. Бұл ғасырда адам саны шыңына жетіп, кейін құлдырай бастауы мүмкін. Кейбір елдер күрт өсуін жалғастырса, басқалары халық санының төмендеуіне куә болады.

Адамзат сапарының жаңа белесіне жеттік. Өткен қарашадағы БҰҰ мәліметі бойынша жер бетіндегі адам саны 8 млрд-қа жетті.Халық саны 1974 жылдан бергі 50 жылдан аз уақытта 2 есеге өскен. Сол жылы БҰҰ халық санының шектен тыс көбеюіне байланысты мәселені шешуге арналған І үкіметаралық конференцияда әлем елдерінің басын қосты. Халық санының бұлай күрт өсу себебі бәріне аян: медицина, санитария және егін сапасы едәуір жақсарды. Нәтижесінде бала өлімі азайып, өмір сүру жасы ұзарды. Аустриядағы Халықаралық қолданбалы жүйелерді талдау институты адам саны осы ғасырдың соңына қарай 9,4 млрд-қа, ал Сиэтлдегі Денсаулық метрикасы және бағалау институты демографтары 9,7 млрд-қа жететінін болжаса, БҰҰ сарапшылары 10,4 млрд-қа жетуіміз мүмкін дейді. Бірақ осы ғасырдың ортасынан 2100 жылға дейін тоқтаусыз таралуымыз кенеттен тежеледі деп күтілуде. «Әлем халқының саны ғасыр соңына дейін-ақ өз шыңына жетеді деген ортақ пікір бар», ‒ дейді БҰҰ Популяция бөлімінің болжамдарын қадағалайтын маман Пәтрик Герләнд. Жүздеген, бәлкім мыңдаған жылдан бері болмаған халық санының шамалы не күрт түсуіне, оның адам елесте алмайтын салдарына куә болуымыз мүмкін.

Алдағы ширек ғасырға болжанған халық саны өсуінің жартысынан көбі Пәкістан, Филиппин, Үндістан, Мысыр, Эфиопия, Танзания, Нигерия және Конго Демократиялық Республикасы сияқты Азия мен Африканың 8 елінде болатыны күтілуде. Бірақ ғасыр соңына қарай Таиландты, Испанияны және Жапонияны қоса алғанда, 20-ға жуық басқа елдің халық саны 2 есеге азаюы мүмкін. Үнемі дамып жатқан адамзат тарихы үшін бұл өзгерістер нені білдіреді? Диаметральді қарама-қарсы ақиқатқа тап болған Қытай мен Нигериядан көп нәрсені үйренуге болады.

Біріккен Ұлттар Ұйымы осы жылдың бір күнінде Қытай алғаш рет Жер бетіндегі халқы ең көп ел деген атынан айырылады деп болжайды. Үндістан одан асып түседі. 1980 жылы бір бала саясатын енгізгенге дейін-ақ Қытайдағы туу көрсеткіші төмендеп жатқан еді. Елдегі теңдессіз экономикалық өсу әйелдердің білім алу, мансап қуу мүмкіндіктерін кеңейтті. Оған қоса репродуктивті жастағы әйелдер саны көбейгенімен, көбі ана болуды кейінге ысырды не бас тартты. Қытайдағы адамдар ұзағырақ өмір сүргенімен, халық саны (қазір шамамен 1,4 млрд) кеми бастады. Елді әлемдік зауытқа айналдырған жұмыс істеуге қабілетті жастағылар саны 10 жыл бойы қысқарып келеді. 2050 жылға қарай Қытайда 60 жастан асқан 500 млн адам болады. Жас пен кәрі арасындағы бұл теңсіздік Қытай үшін үлкен сынақ болмақ.

Өзге құрлықтағы Нигерияда орташа жас небәрі – 17, бұл Қытайдағының жартысынан да аз. Ол жақта да туу көрсеткіші төмендеп жатыр, бірақ Қытайдағыдан шамамен бес есе жоғары. Қазір шамамен 224 млн халқы бар елдің саны ғасыр соңына қарай үш еседен астамға артуы мүмкін. Нигериялықтардың үштен бір бөлігі кедейліктің төменгі шегінде өмір сүреді. Миллиондаған адам аштықтан қырылудың алдында тұр.

Бір мезгілдегі өрлеу мен құлдырауды қалай еңсереміз? Айтылған болжамдардың ешқайсысы Жердің шектеулі ресурстарының әлеуетіне сәйкес келмейді. Балықтар мен жан-жануарлар қазірдің өзінде тез жойылып барады, ал климаттың өзгеруі биоалуандыққа, азық-түлік қауіпсіздігіне және ауыз су мен ауыл шаруашылығына қажетті судың қолжетімділігіне тарихта болмаған орасан қауіп төндіріп отыр. Бұған қоса аптап ыстық, теңіздердің көтерілуі, ауа-райының қолайсыздығы көші-қонды ұлғайтып, ел ішіндегі үрдістерге де ықпал ететіні айқын. Мысалы, жұмысқа қабілетті жастағы халқы азайып жатқан елдер жұмыс күшін сырттан әкеледі. Бұл елдер арасындағы барыс-келісті үдетуі мүмкін. АҚШ сияқты табысы жоғары елдерде халық саны өсуіне иммиграция ықпал етеді.

1968 жылы, Жерде небәрі 3,5 млрд адам болған кезде биолог Пол Эрлик үрейге толы әйгілі «The Population Bomb» кітабын жазды. Автор халықтың тым көбеюі жүздеген млн адамның аштықтан қырылуына әкелетінін айтып, алаңдаушылық білдірді. Бірақ олай болмады, тыңайтқыштарды, механикаландыру мен өнімді дақылдарды қолдану кеңінен таралып, «жасыл революция» ауылшаруашылығын айтарлықтай өзгертіп жіберді. Бірақ біз әлі де халқы көп болатын болашаққа бара жатырмыз, дегенмен кейбір жерлерде халық аз болуы мүмкін. Адамзаттың тапқырлығы мен миллиардтаған ми иелері жаңа ахуалды еңсере ала ма? Нигерия мен Қытай біз үшін ең үлкен сынақ болуы мүмкін.

АВТОР: КРЕЙГ УЭЛЧ


Крейг Уэлч – National Geographic журналының аға қызметкері.