Материал Toyota Kazakhstan компаниясының қолдауымен дайындалды.
Қоқиқаз құсының түрлері Азияның, Африканың, Орталық және Оңтүстік Американың, Оңтүстік Еуропаның субтропиктік және тропиктік аймақтарындағы су айдындарында таралған. Елімізде тек қызғылт қоқиқаз түрі мекендейді. Олар «Қызыл Кітапқ»а ІІ санат бойынша, яғни саны азайып бара жатқан түр ретінде енгізілген. Ал Халықаралық табиғат қорғау одағының (IUCN) «Қызыл кітабында» жойылып кету қаупі төмен деп көрсетілген.
Қызғылт қоқиқаз (Phoenicopterus roseus) – қырлытөс құстардың қоқиқазтектестер тобына жататын құс. Бойы 90-130 см, салмағы 4 кг-ге дейін жетеді. Қанат құлашының ұзындығы 1,5 метрдей болады. Олар өздері таралған аймақтағы ерекше биік әрі түсі қызғылт жалғыз құс болуы мүмкін. Сондай-ақ олардың ұзын әрі жіңішке иір мойындары мен имек тұмсықтары – бітіміндегі басты ерекшеліктерінің бірі. Түсі қорек қылатын өсімдіктері мен планктондарында каротиноидтердің болуына байланысты қызғылт болып келеді. Осы себепті оны халық арасында «қызылқаз» немесес «қызыл қанат» деп те атайды. Ал қазіргі ресми қолданыстағы «қоқиқаз» атауы тұмсығы орта тұсына дейін түзу болып келіп, бірден төмен қарай иіле қойқиып тұратындықтан қойылған екен. Жұрт оны бір сирағымен ғана қоқиып тұратындығына қарап та солай атап кеткен болуы мүмкін.
Бұл құстарды құрлықтың жылы, сулы аймақтарында кездестіруге болады. Олар керемет жүзеді, бірақ жағалауы батпақты, адам аяғы жете бермейтін жайдақ аралдары бар, таяз, тұзды су қоймаларын мекен етеді. Ұя салатын жерлерін су деңгейінің ауытқуы мен тұздылығының өзгеруіне байланысты таңдайды.
Негізгі қоректері – балдырлар, шабақтар, жәндіктер мен шаяндар және олардың дернәсілдері. Лайлы батпақта немесе таяз суда тамағын тауып жеу үшін олар ұзын аяқтары мен тарамдалған 8 «саусағын» пайдаланады. Қоқиқаздың тұмсығында тамағынан лай мен топырақты айырып беретін сүзгі тәрізді арнайы құрылым бар.
Қоқиқаздар саны көп үлкен топтарға бірігеді. Осылай тіршілік ету арқылы өз қауіпсіздіктерін қамтамасыз етеді. Олардың бір бөлігі бастарын суға сұғып азық іздеп жатқанда, келесілері айналаны барлап тұрады.
Шағылысу кезеңі аяқталғаннан кейін қоқиқаз жұбы жұмыртқасын кезектесіп басады. Балапандары жұмыртқаны жарып шыққанда сұр немесе ақ түсті болады. Әйгілі қызғылт реңге тек 2 жылдан кейін ие болады. Сулы-батпақты жерлер мен тоғандар құрғап, азық-түлік тапшы болатын қуаң жылдары қоқиқаз көбейе алмайды.
Қазақстанда үш аймаққа ғана ұшып келеді: Ақмола облысындағы Теңіз көлі, Шалқар-Теңіз (Торғай ойысы) және Каспий теңізінің солтүстік-шығыс жағалауы. Қорғалжындағы Қорғалжын қорығында қорғауға алынған.
Соңғы, 2010 жылы жарық көрген «Қызыл кітапта» жазылған ақпаратқа сүйенсек, 1958 ж. Теңіз көлінде 50 мыңнан аса, ал 1972-1976 жылдары бар-жоғы 5-9 мың, 1977 ж. – 13,5 мың, 1978 ж. – 35-36 мың, 1979 ж.- 54,6 мың ересек құстар мекендеген. Сондай-ақ Каспийдің солтүстік-шығысында 1976-1982 жылдары 1,5 мыңнан 15 мыңға дейін құс болғаны тіркелген.
Фото: Ерболат Шадрахов
Материал Toyota Kazakhstan компаниясының қолдауымен дайындалды.