10Мам

Қарттарына қамқорлық жасай білетін ел

Тез қартайып әрі азайып бара жатқан халыққа бейімделу жөнінен Жапония әлемде көш басында тұр.

Жапонияда жұмыс істейтін ең кәрі гейшалардың бірі, 82 жастағы Икуко Акасака дәстүрлі өнер – би және клиентпен әңгіме-дүкен құру өнерімен 64 жыл бойы айналысып келеді.

Жапонияның ең ірі аралындағы Тояма шығанағы жағалауындағы маужыраған портты аудан Иуаседегі сенбінің таңы. Көшелерде белгілі бір уақытқа дейін жан болмайды.

Егде жастағы әйел есіктен басын қылтитып, аласа салынған дәстүрлі ағаш ғимараттар тізілген бас көшеге көз жүгіртті. Тағы бір әйел қапталдағы тар жол жиегімен жайлап басып кетіп барады. Бірер минуттан кейін екі кішкентай жүк көлігі келіп тоқтады.

Ауданға кенет жан бітті. Қызғылт сары киім киген бес жұмыскер шығып, бірінші көліктегі азық-түлікті жазылмалы сөрелері мен қызыл шатыры бар шағын дүкенге жеңіл айналатын екінші көлікке көшіреді. Оның тоңазытылатын сол жағында балық, ет, йогурт, жұмыртқа сынды өзге де жылдам бұзылатын азық-түліктің бөлек порциялары сақталған. Көкөніс пен жеміс-жидек оң жақта. Тіскебасар мен піспенандар артқы жақта. Көлікке кимелеп тұрған алты әйел де егде жастағылар. Бүкірейген, шашы қысқа кесілген 87 жастағы Миуако Кауаками таяғын жұмыскерге ұстатып, кішірек себет алды. Кауаками сол маңдағы ғибадатхананың артында жалғыз тұрады. «Бұрын бұл жерде дүкен көп болатын, бірақ қазір жоқ, – дейді ол. – Көкөніс дүкені, балық дүкені – бәрі бес жылдай бұрын жабылды». Ол көше бойымен қалт-құлт етіп, өзіне азық-түлігін кө­­теруге көмекке келген 86 жастағы көршісіне қарай бара жатыр.

97 жастағы Чикайоши Гонда «Oyaki» деп аталатын түшпара пісіріп жатыр, ал 80 жастағы Харуми Окубо түшпара түюде. Огауадағы олар жұмыс істейтін мейрамхана таулы ауылдың халқы қартайғалы бері егде жастағы адамдарды жұмысқа алады. Мейрамхана жұмыскерлерінің орташа жасы – 70.

Иуаседе адам азайған. Жастар көшіп кеткен, ал мұнда қалғандар күннен-күнге қартаюда. Бұндай үрдіс бүкіл Жапония аумағына тән, себебі ондаған жылдарға созылған бала туу деңгейінің төмендеуі жалғасып келеді. Ел халқының саны 2010 жылы 128 миллионды құрап, өз шыңына жетті. Бүгінде адам саны 125 млнға жетпейді және келесі төрт онжылдықта да азая беретіні болжануда. Солай бола тұра, жапондардың өмір сүру ұзақтығы өскен: әйел адамдар орта есеппен 87,6 жыл, ерлер 81,5 жыл өмір сүреді. Монако шағын кінәздігін айтпағанда, бүгінде жапондар – әлемдегі ең кәрі халық.

Бұл сандар қаншалықты нақты болғанымен, демографиялық үрдістің күннен-күнге қандай терең өзгерістер әкеліп жатқанын көрсете алмайды. Қарттардың барған сайын көбеюі мен жастардың азаюы Жапониядағы өмірдің сырт бейнесінен әлеуметтік саясатына, бизнес стратегиясынан еңбек нарығына, қоғамдық орындардан жекеменшік үйлеріне дейінгі әрбір қырын өзгертуде. Жапония қарт адамдарға арналған, қарттары басым елге айналуда.

Жапонияның жағдайы әлемнің көп бөлігін не күтіп тұрғанынан хабар береді. Қытай, Оңтүстік Корея, Италия мен Германия да осыған ұқсас бағытта. Қарқыны баяу демесең, АҚШ та осы жолда. Бес жыл бұрын әлем үрейлі межеге жетті: адамзат тарихында алғаш рет 65 жастағылар мен одан асқандардың саны 5 жасқа дейінгі балалар санынан асып түсті.

Егер Жапонияны қаперге алсақ, қартаю қоғам құрылымына айқын өзгеріспен бірге байқалмайтын да өзгеріс енгізеді. Бұл аса қомақты қаражатты қажет етіп, үкіметтер оны төлеу үшін бар күшін салады. Бұндай сын-қатерді қабылдау оңай болмайды. Бірақ болашақтың бәрі зауал емес. Деталь мен дизайнға ерекше назар аударатын Жапония тәжірибесі барған сайын қарттар үлесі артып жатқан әлемде инновация дәуірін шабыттандыруы мүмкін. Жапонияның Денсаулық сақтау министрлігі 2020 жылы науқастарға күтім жасайтын роботтарды әзірлейтін сегіз «тірі зертхананы» іске қосты. Бірақ кей мағынасында бүкіл елдің өзі жылдам қартаятын қоғам салдарымен күресіп жатқан үлкен тірі зертхана іспетті. Бизнесте, ғылыми орталарда, бүкіл Жапония өңірлерінде сансыз эксперимент жүргізілуде. Бәрі де қоғамның ең әлсіз тобына күтім жасау салмағын жеңілдетуге, қарттар денсаулығын мүмкіндігінше ұзақ сақтауға бағытталған.

Оңтүстік-батыста теңіз жағасындағы Ибусуки қаласында вьетнамдық Ня Ти Нуинь мен Мин Ти Чжан Мифуку Суйсан атты компанияда жұмыс істейді. Компания президентінің айтуынша, бұл екеуі секілді Жапонияда бес жылға дейін қалуға рұқсаты бар шетелдік техникалық тағылымгерлер бүгінде таптырмайды.

Осаму Яманака жалғыздықтағы өлімді болдырмау миссиясын атқарады. 67 жастағы дәрігер аптасына бірнеше рет Иокохамадағы клиникасын тастап, Котобукичоның ескі бір бөлмелік пәтерлерінде жалғыз тұратын зейнеткерлерді аралайды. Жұпыны ауданда жәрдемақы алушы қарттар және Яманака айтқандай, «әлеуметтік міндеттемелерден түрлі себептерге байланысты қашатын» маскүнем, психикалық аурулар, түрмеде отырып шыққандар тұрады.

Кезекті аялдамада Яманаки бұрынғы құрылысшы, 83 жастағы Сейжи Ямазакиге барады. Ол аурухана төсегінде жатыр. Тар бөлмеде төсектен басқа шағын тоңазытқыш, микротолқынды пеш, Уинни-Пух ойыншықтары, т.б. аз-маз нәрсе бар.

Науқас: «Басым ауырады, қан қысымым қалай?» – деді. Яманака оның денсаулық көрсеткіштерін, емін тексеретінін айтады. Келушілер журналын да тексереді. Науқасқа күнделікті тамақ әкелу, дәрі беру және жаялығын ауыстыру үшін санитарлар да келеді.

Жапонияның ұзақмерзімді күтімге қатысты сақтандыру жүйесі – дүние жүзіндегі ең жомарт жүйелердің бірі. Ямазакидің бүкіл қажеттілігі толық қамтылған. Өнеркәсібі дамыған өзге елдермен салыстырғанда, жапондардың алатын жеңілдіктері олар төлейтін салық пен сақтандыру жарнасынан едәуір көп. Бағдарлама табыс деңгейіне байланысты үлкендерге көрсетілетін күтімнің 70-100%-ы аралығын өтейді. Жүйе 2000 жылы енгізілгенге дейін науқас қарттар өмірлерінің соңына дейін ауруханада қалатын. Ал бүгінде олар әдетте өз үйлерінде қайтыс болады. Бірақ бұл жүйе де сыр бере бастаған. Бүгіннің өзінде медициналық қызметкерлер тапшылығы байқалады. Үкіметтің болжауынша, 2040 жылға қарай тағы 700 000 қызметкер қажет болады. Ұсынылған шаралар олардың жалақысын көтеруді, зейнеткерлер мен еріктілер тартуды, мейірбике мансабын ілгерілетуді, робот-техника көмегіне сүйенуді және соңғы шара ретінде шетелдік жұмыскерлерді әкелуді қамтиды. Вьетнам мен Филиппин сияқты елдерден келген иммигранттар қарттар үйінде жұмыс істейді, алайда білікті жұмыскерлердің виза алу санына қатаң шектеу бар. Жапондық ұстамдылық пен тіл үйренудің күрделілігі күтім жөніндегі медқызметкерлер тапшылығын шетел­діктер арқылы толтыруды қиындатады.

89 жастағы Хирому Инада Токио шығанағында орналасқан Тибодағы жаттығу залында шынығуда. Ол 70-ке толғалы 66 триатлон сайысын аяқтаған. 2018 жылы Инада Темір Адам Әлем Чемпионатын аяқтаған ең кәрі триатлоншы болды. «Мен әлденені мүмкін емес деп ойласам да, оны жасап көремін. Ең таңғаларлығы, қолдан келетін дүние болып шығады», – дейді ол.

Сонымен бірге жәрдемақы құны өсіп жатыр. Ішіне қоғамдық денсаулық сақтау, ұзақмерзімді күтім мен зейнетақы кіретін әлеуметтік қамсыздандыру шығыстары 1990-2022 жылдар аралығында үш есе өсті және мемлекеттік қарыз есебінен қаржыландырылады. «Біз енгізген әмбебап жүйенің көп артықшылығы бар. Ел соған үйренген, – дейді премьер-министр Фумио Кишиданың аға көмекшісі Хиротака Унами. – Бұл жүйені сақтау үшін артықшылықтар мен ауыртпалықтар арасындағы теңгерімді қалпына келтіруіміз қажет. Әйтпесе, жүйе тұрақтылығынан айырылады».

Оның айтуынша, шешім төрт бөліктен тұрады: экономикалық өсімді үдету, әйелдер мен қарттарды жұмысқа көбірек ынталандыру, тұтыну салығын көтеру және әлеуметтік қамсыздандыру шығыстарын азайту.

Бұл тізім үрейлі көрінеді. Экономика өсімі өздігімен көтерілмейді. Салықты көтеру оңтайлы емес. 64 жастағы және одан жас жапон әйелдерінің 70%-дан астамы қазірдің өзінде жұмыс істейді. Көбі бала күтімі мүмкіндіктерінің аз болуына, шектеулі қаражатқа, соның ішінде ерлерге қарағанда жалақыны аздау алуына байланысты жартылай жұмыс күнінде істейді.

Үкімет зейнет жасын 65-тен көтергісі келеді, ал халық ұзақ жұмыс істеуде. 2021 жылы жапон компанияларының үштен бірінен астамы жасы 70-тен асқан адамдарға жұмыс істеуге рұқсат берді; 2016 жылы тек 21%-ы ғана рұқсат берген. Демографиялық жағдай басқа таңдау қалдырмады: 2050 жылға қарай жапон халқының 38%-ы дерлік 65 жастағы не одан асқан адамдар болады деп болжануда. Бұл – оларды қолдау үшін еңбек нарығына үлкен қысым түседі деген сөз.

Жапониядағы бүкіл муниципалитеттің жартысынан астамы бүгінде елсізденген. Ондағы халық саны 1980 жылдан бері 30%-ға не одан да көп төмендеген. Солардың көбінде егде жастағы тұрғындар жаңа жағдайға бейімделу үшін ұйымдасуда. Хонсю аралының Иуасенің басқа жағында орналасқан Иокохамадағы тұрғын үй – қартаю үрдісі Жапонияны қалай түбегейлі өзгертіп жатқанының айғағы.

Камиго Неополисте биік төбе үстінде 868 жеке үй орналасқан. Жапонияның ең ірі үй салушыларының бірі Дайуа Хаус соғыстан кейінгі бала туу дүмпуінен соң саны күрт артқан жас отбасыларды орналастыру мақсатында 1974 жылы ашылған.

Бүгінде Камигоның 2000 тұрғынының жартысынан көбі 65 жаста не одан асқан. Мектеп баяғыда жабылды. Дүкендер де жоқ. Төрт саябақты арамшөп басқан. Тұрғындар «жаңа қала» дегенді білдіретін «неополис» қазір «ескі қалаға» айналды деп әзілдейді.

Төбеден төмен қарай автобуспен 18 минуттық жолдағы Камигоның теміржол вокзалында Аеон сауда орталығы бар. Онда қарттарды шомылдырғанда қолданатын алжапқыш, үлкендер жаялығына арналған қоқыс қаптары, төсекке іліп қоятын иіс сіңіргіш маталар, шырын мен сорпалардан қақалуды болдырмау үшін қолданылатын «toromi» деп аталатын қою ұнтақ қапшықтары сынды науқастарды күтуге арналған өнімдердің тұтас қатары бар. Камигоның халқы азайып, қартайған сайын тұрғындар өздерін физикалық және әлеуметтік жағынан да оқшауланғандай сезінеді. Бір-бірінің жағдайын тексеретін еркін желі қалыптасты. Ол Камиго Мачизукури деп аталатын комитетке ұласты. Бұл термин төменнен жоғарыға бағытталған ортақ ынтымақтастықтың жапондық түрін білдіреді. 2016 жылы бұл топ сауда мен қарым-қатынас жасайтын орталық алаң құру үшін Дайуа Хаусты ілгерілетуге кірісті. Нәтижесінде минимаркет, шағын дүкен, орындықтары, бес үстелше мен бейнеэкраны бар бірқабатты ғимарат пайда болды. Орталықтың дәретханасында нәжіс қапшығын жоюға арналған терең шұңғылша бар. Бұл – қазір Жапонияда кең таралған құбылыс және жуынатын бөлме есігінде арнайы белгімен көрсетіледі.

«Біз жүре алмайтын адамдарды ауруханаға әкелетін көлік жүйесін құруды ойлас­тырып жатырмыз», – дейді үш баласы бар, 74 жастағы зейнеткер Нобуюки Иошии. Жылдар бойы Иошии таңғы 5-те тұрып, Токиодағы сәулет жобалау жұмысына қатынап, көбіне түн жарымда қайтатын. Қазір ол Мачизукури комитетін басқарады.

Камиго – адам өзі тұрған жерінде қартаюы үшін жапон қауымдары істеп жатқан жұмыс­тың шағын бір мысалы. Құрамына Иуасе енетін 410 000-нан аса тұрғыны бар Тояма бүгінде қала аумағын қайта ойластырудың жарқын үлгісіне айналған.

Орегон штатының Портлендіндегі және Францияның Страсбургіндегі жеңіл­рельсті жүйелер негізінде Тоямада қарттарға арналған трамвай жүйесі жасалды. Бұл трамвайларда қарттар жеңілдікпен жүреді және көлікке баспалдақсыз бірден кіреді. Немерелерімен жергілікті аттракциондарға тегін кіре алады. Қаладағы жабылып қалған мектеп профилактикалық көмек көрсету орталығына айналып, қарттар үшін сауықтыру клубы қызметін атқарады. Онда жаттықтырғыш қондырғылар, сабақтар, белуардан келетін бассейндер бар. Бассейндердің бірінде жаяу жүргінші жолағы мен тұтқыштар орнатылған. Тояманың ауылдық өңірлерінде халықтың 40%-ына жуығының жасы 65-тен асқан. Оларға үй жағдайында күтім жасайтын керемет күтім орталығы қызмет көрсетеді. «Біз қартайған аналарымен бірге тұратын жалғызбасты балалар немесе екеуі де деменциямен ауыратын жұптардың көбейгенін байқап отырмыз, – дейді орталықтағы қартайған науқастар мен олардың отбасыларының бейнетін жеңілдету жолында жұмыс істейтін үш дәрігердің бірі Наоко Кобаяши. – Өлу оңай емес».

Ең ірі аралда орналасқан Тояма қартаюға ең қолайлы жер болуға тырысып келеді. Маңызды бас­тамалардың бірі – Кадокауа профилактикалық күтім орталығының ашылуы. Орталықта ыстық бұлақ суымен толатын жаттығу бассейндері бар. Мекемеде күніне 250 қарт адам жаттығады.

Қаланың босап қалған «елес үйлермен» күресі аса бір табысты емес, себебі ол үйлерде, әсіресе жалғыздықта біреу қайтыс болған үйлерде ешкім тұрғысы келмейді. Бүкіл Жапония бойынша ондай үйлердің саны 8 млн-нан асып түседі. Тояманың тек үш үйді бұзуының өзі бес жылдық созылмалы процеске айналды. Ал бұл қаладағы тастанды 7000-нан аса үйдің қатарында болмашы ноқат қана еді.

Осака маңындағы Амагасакиде орналасқан Юме Паратиис атты жаңа қарттар үйінде Хаг, яғни «Құшақ» атты робот 98 жастағы Котойо Ширайшиді арбасынан төсегіне жатқызуда. Жұмсақ шынтақшалары кішкентай әйелді қысыңқырап, сүйеп тұр. 116 тұрғыны бар үй қызметкерлері ­Хагтың арқасында науқастарды көтеру мен түсіру жұмыстарын жалғыз тындыратындарын айтады.

Қарттар үйі индустриясын Жапониядағы тірі зертхананың эпицентрі деуге болады. Хаг – Юме Паратиис сынақтан өткізіп жатқан бөлме мониторларынан бастап, байланыс роботтарына дейінгі 20 технологияның бірі. Роботтардың арасында Теленоид бар. Оның аяқ-қолы бар, ал бет әлпеті сезімсіз болса да, адам түріне ұқсайды. Ол өзін қашықтан басқаратын күтуші көмегі­мен сөйлейді. Теленоид қызғылт сары мен ақ түс араласқан комбинезон және соған лайықты бас киім киеді. Қызметкерлердің айтуынша, кейбір тұрғындар Теленоидпен сөйлеседі, ал басқасы оған қарамайды. Киотодағы Телекоммуникация саласындағы перс­пективалық зерттеулер өкілі, Теленоидты құруға көмектескен Хиденобу Сумиока робот барлығына жарай бермейтінін мойындайды, алайда ол қарттар үйіндегі адамдар үшін роботтар әлеуметтік рөл ойнайтын болашақты елес­тетеді. «Оларды адамдар өздері тұрып үйренген қоғам құру мақсатында пайдаланғым келеді», – дейді ол.

Қартаю мәселесіне маманданған Сомпо Холдингз – 2015 жылдан қарттар үйлерін иелене бастаған Жапониядағы ең ірі сақтандыру компанияларының бірі. Бүгінде иелігіндегі қарттар үйі 400-ге жуық. Осылайша, ол елдегі ең ірі операторлардың бірі саналады әрі 8 зертхананың бірін басқаратын жалғыз коммерциялық ұйым. Қалғанын зерттеу орталықтары басқарады. Сомпоның Токиодағы Болашақ күтім зертханасында екі мінсіз сынақ бөлмесі бар. Еден мен қабырғалардағы қозғалыс сенсорлары біреу құласа, оны бірден байқап, күтушілердің телефондарына хабарлама жібереді. Panasonic өндірген жоғары технологиялық төсектің ортасынан бөлінетін матрасы бар. Науқасты матрастың тиісті бөлігіне жатқызып, ол бөлікті арбаға айналдыруға болады. Біреуі 10 000 АҚШ долларынан аса тұратын матрас арзан емес.

Ерлі-зайыпты 89 жастағы Тайра мен 85-тегі Ичи Катсута деменциямен ауыра­­ды. Олар Токиодағы пәтерлерінде жалғыз тұрады. Жапонияда 65 жастан асқандардың бестен бірінде ақыл-естің кемуі байқалады.

Енді бір құрылғы – үлкен пасха жұмыртқасы мен релаксация капсуласы ортасындағы әлденеге ұқсас ашық күлгін ванна. Арбадағы адам ваннаға енгізіліп, батырманы басқан бетте оған жан-жағынан сабынды көбік шашырайды, одан кейін жылы су ағады. Дегенмен жапондардың суға бүкіл денемен енетін сүйікті салты бар; күту орталығы бұны да жасауға талпынуда. Юме Паратиисте тұрғындарды ваннаға абайлап түсіретін айналмалы кресло көтергіш қолданылады. 85 жастағы Такео Окузоно ваннаға енгенде шалқайып, көзін жұмады. «Ұйқым келіп тұр», – деп міңгірледі ол. Робот техникасы көмектесе алады. Жапон үкіметі оның қолданысын субсидиялайды. Бірақ ол бәріне ем бола алмайды. 2020 жылғы сауалнамаға сәйкес, Жапонияда қарттар үйлерінің бестен бірі ғана робот техникасының әйтеуір бір түрін қолданады. Негізінен, робот техникасын науқасты көтеруге, шомылдыруға және тұрғындармен араласуға көмектесу мақсатынан гөрі, бақылау және байланыс үшін пайдаланады екен.

Иокохаманың кедей бөлігі Котобукичода клиника ұстайтын дәрігер Осаму Яманака 74 жастағы Киичи Такахашиді тексеруде. Ол өзінің науқастарын жиі тексеріп тұрады. Олардың көбі арзан үйлерде жалғыз тұрады. Науқастардың медициналық шығындарын Жапонияның ұзақмерзімді күтімді сақтандыру жүйесі өтейді. «Олар қарттар үйіне барғысы келмейді. Тәуелсіздікке үйренген», – дейді 67 жастағы Яманака. Ол жұмысын әлі келгенше істей беруді көздейді.

Тіпті науқастарға күтім жасаумен тікелей айналыспайтын салалардың өзі «қоғамның қартаю» мәселесіне ден қоюда. Жапониядағы корпорациялардан стартаптарға дейінгі барлық компания қуана тәжірибе жасап жатыр. Кейбір ірі компаниялар қарттардың белсенділігін сақтау үшін маркетинг пен корпоративтік әлеуметтік жауапкершіліктің бір түрі саналатын түрлі ынталандыру шараларын қолданады. Хитачи «әлеуметтік белсенділікті ынталандыру» қосымшасын жасау үшін мемлекет қаржыландыратын Жапония Геронтологиялық бағалау зерттеуімен (JAGES) бірлесті. Адамдардың белсенділігін сақтау арқылы науқастарға күтім көрсету шығынын азайтуға бағытталған бұл қосымша даладағы белсенділікті өлшеп, оны бастауыштан сарапшыға дейінгі төрт санат бойынша бағалайды. Ол сондай-ақ қатысуға болатын іс-шараларды ұсынып, әлеуметтік белсенділіктің қолданушыларға беретін артықшылықтары туралы мәлімет береді. Қосымшаны әзірлеген Хитачи тобының жетекшісі Южи Камата бұл деректер 3 жыл сайын ұлттық зерттеу жүргізетін JAGES-ке де пайдалы болады дейді. Енді ақпарат төмен бағада цифрландырылып, қазіргі уақыт режімінде берілмек. Қосымшаны қолдану тегін.

Киото маңындағы Отсу қаласында орналасқан Active Biwa қарттар үйінде кеш батқанда күзетші робот әр бөлме есігін ақырын ашып, тұрғындарды тексеріп шығады. Егер ол әдеттегіден тыс әлдене байқаса, күтушілерге бірден сурет жібереді. Көптеген қарттар үйі қызметкерлер тапшылығын төмендетуге бағытталған технологияны тәжірибеден өткізуде.

Дайуа Хаус та өзі жоспарлаған қауымдастықтарының тағы онын қартаюға бейімдеу мақсатында «Өміршең қала жобасы» атты жаңа бөлім құрды. «Біз бұны ақша табу үшін істеп отырған жоқпыз. Ол тиімсіз болуы мүмкін, – дейді бөлімді басқаратын Коджи Харано. – Бірақ бұның әлеуметтік құндылығы бар. Брендімізге де көмектеседі». Ол компания өзінің қарттарға арналған тұрғын үй тәжірибесін шетел нарығына шығарады деп үміттенеді. Жалғыздықта өлудің жайсыз әсері мәселесімен айналысатын өзге де қызмет түрлері пайда болды. 2020 жылы Токиода жасы 65-тен асқан 4200-ден астам адам жалғыздықта өлді. Бүгінде көп компания жалдамалы тұрғын үй иелерін өз иелігінде біреудің өліп, оны ешкім білмей қалу қаупінен сақтандырады. Осылайша, жалға берушілердің үйді қарт адамдарға бергісі келмеуі мәселесін шешуде. Қазір мыңдаған компания жалғыздықта өлген адамның үйін толық тазартуға маманданған. Бұл Жапонияда барған сайын кең таралмақ, себебі 65 жастағы не одан асқандардың төрттен бірінен астамы жалғыз тұрады.

Осака маңында орналасқан Амагасакидегі Юме Паратиис қарттар үйінде 89 жастағы Казуко Кори Теленоидпен сөйлесіп отыр. Андроид деменциясы бар адамдармен әңгімені ынталандыру әдісі ретінде зерттелуде.

1990 жылы басталған ұзақ тоқырауға – «Жоғалтқан он жылдыққа» дейін Жапонияның экономикалық кемелдігі мен өнеркәсіптік инновациясына әлем таңданатын. Цифрлық технология тұрғысынан ел біраз артта қалса да, оның қартайып бара жатқан қоғамына бағытталған жасампаз шешімдері бүкіл әлем қартайған сайын басқалар үшін шабыт көзіне айналуы мүмкін. «Сіз жаңа буын таланттары қарттыққа үлкен мүмкіндік ретінде қарайтынын көресіз», – дейді жуынатын бөлмеге арналған және өзге де үйге қатысты өнімдерді сататын LIXIL компаниясындағы жоғары лауазымды Джин Монтесано.

64 жастағы Геню Дайто – Нагоядағы буддисттік храм Банседзидің бас дін қызметшісі. Ол жарық диодты мазарда ғибадат қылып жатыр. Отбасылық бейіт дәстүрінің жоғалып бара жатқанына байланысты жерлеу­дің инновациялық мүмкіндіктері танымалдыққа ие бола бастады.

33 жастағы жылы шырайлы инженер Иошими Уи «Helppad» атты матрас иісі сенсорын ойлап тапты. Ол әжетхана күтімінің тиімділігін арттыру үшін нәжісті байқап, қадағалайды. Уи Токио маңында орналасқан екіқабатты үйден тұратын «Aba» атты өз компаниясын басқарады. Аурушаң, күйзеліске түскен әжесімен өскен ол оның көрген азабына жаны ауыратын. Бұл оны инженерлік ноу-хауды әлеуметтік жағдаймен қабыстыруға итермеледі. Сомпоның Болашақ күтім зертханасында сынақтан өтіп жатқан «Helppad» сенсоры Уидің айтуынша, шамамен жүз жапондық қарттар үйінде пайдаланылуда.

Жапонияның бүгінгі қиындықтары – біздің ортақ болашағымыз.

Нигоро атты халқы азайып бара жатқан ауылда 79 жастағы Шинобу Огура бос тұрған бастауыш мектепті тазалайды. Бұнда оқыған соңғы оқушылар өздеріне ұқсас қуыршақтар тіккен.

Автор: Сара Лабман

Фото: Норико Хаяши