21Июн

«Титан» сүңгуіріндегілерді құтқару мүмкін бе?

Oceangate компаниясының «Титан» батискафының суға сүңгіген бойда түсірілген суреті. Ол көміртекті талшық композиті мен титаннан жасалған және шамамен 4 шақырымға дейін төмендей алады. Білетінімізді баяндайық.
ФОТО: OCEANGATE EXPEDITIONS

Өткен жексенбі таңертең «Титан» сүңгуір құрылғысы Атлант мұхитының солтүстігінде «Титаник» қираған жерде жоғалып кетті. Құтқару шараларын қиындатып тұрған бірнеше фактор бар, соның ішінде аймақтың шалғайлығы мен тереңдігі және бес адамдық экипаж түскен кезде ала шыққан қосалқы ауа қоры ең көп дегенде 96 сағатқа ғана жететіндігі. Сүңгігеннен кейін шамамен 100 минут өткенде болған байланыстан кейін, олардан хабар жоқ.

Порттарға өз күшімен кіріп-шыға алатын сүңгуір қайыққа қарағанда, ұзындығы 6 м, салмағы 9 тонна «Титан» – батискафтың бір түрі болғандықтан, ол оны суастындағы орынға тасымалдайтын су үстіндегі көмекші кемеге тәуелді. Ол бекітілген платформасынан толқынның әсер ету тереңдігінен әрірек, яғни шамамен 9 метрге төмендеп, кейін балласты пайдаланып 4000 метрдей тереңдікке түседі. Су түбінде «Титан» төрт электр қозғалтқышының көмегімен жүзеді. Қайтар жолда құрылғы балласты ажыратып, платформаға қалқып барады да көмекші кемеге көтеріледі.

Неге экипаждан хабар жоқ? Жерсеріктік телефонды пайдалана алмай ма?

Жер бетінде және тіпті ғарышта қолданылатын жерсеріктік байланыс пен GPS сияқты технологиялар судың ерекше физикасы мен экстремал тереңдікте жұмыс істемейді. Көмекші кемеге орналасқан жерін көрсететін сигналдарды жіберу үшін «Титан» акустикалық жүйелерді пайдаланады. Сүңгуір құрылғы дұрыс диапазонда тұрса, «Титаннан» көмекші кемеге «акустикалық модем» деуге келетін құрылғыдан мәтіндік хабар жіберіледі. «Титан» тігінен тұрмаса не су түбінде шырмалып қалса, байланыс үзілуі мүмкін.

«Титаник» жатқан жердегі ахуал қандай?

Қиранды жатқан жер 4000 метрдей тереңде; қараңғы (әдетте мұхит суында күн сәулесі 900 метрден тереңге өтпейді); қатты суық (жылдың бұл уақытында мұхит түбіндегі температура шамамен 2°C-тай, яғни кабинаның ішін жылытып отыру керек); және қысымы аса жоғары – адам теңіз деңгейінде сезетін қысымнан шамамен 400 есе жоғары.

«Титан» мұхит түбінде болса, адамдарды қалай шығаруға болады?

Әуелі экстремалды тереңде жатқан «Титаниктің» жанына бара алатын сүңгуір қайық керек, ал ондай сүңгуір қайық әлем бойынша аз.

Бұл аймаққа бара алатын сүңгуір қайық табылса да, жолаушыларды шығарып, көшіріп, құтқару мүмкін болмас еді, өйткені «Титанның» люгі жоқ. «Титаник» жатқан экстремалды тереңдікке төзуі үшін «Титан» жаңаша көміртекті талшық композиті мен титаннан жасалған, бірақ дәл соның кесірінен жолаушылары қазір «қамалып» отыр.

Кез келген құтқару шарасы су бетінде ғана жүзеге асады. Тағы бір мүмкіндік – қашықтан басқарылатын, яғни экипажсыз бір сүңгуір құрылғы мұхит түбіне түсіп, «Титанға» бекітіліп, оны су бетіне шығара алады.

«Титан» су бетіне шығып қойып, біз оны білмей отырған болуымыз мүмкін бе?

Иә, мүмкін: «Титанда» жүйе ақауы орын алған, я лоцман қабілетсіз болып қалған жағдайда балласт арқылы су бетіне автоматты түрде шығаратын қосымша қауіпсіздік шаралары қарастырылған. Бірақ оның су бетіне шыққаны экипажының құтқарылғанын білдірмейді. Люк болмағандықтан, құтқарушылар сыртынан ашпайынша, жолаушылар әлі де әу баста ала шыққан 96 сағатқа ғана жететін ауаға тәуелді.

Әуеден іздестіру-құтқару қызметі аймақтың айналасын патрульдеп жүр, бірақ олар мұхит кеңістігінен көлемі минивэнмен бірдей нәрсені іздейді әрі ауа райы да жағдайды күрделендіруі мүмкін.

Сүңгуір құрылғы видеоойын контроллерімен басқарылатыны айтылды. Бұл тым қарапайым технология түрі сияқты.

Иә, «Титан» Playstation-ға арналған ойын контроллерімен басқарылады. Бірақ АҚШ әскері де, мысалы, лазер зеңбіректен ату, дрон басқару және тіпті әскери-теңіз күштерінің атом қаруы бар сүңгуір қайықтарының перископтарын басқару үшін Xbox 360-тың контроллерін пайдаланады.

Сүңгуір құрылғыдан бұрын-соңды біреу құтқарылған ба?

2000 жылы болған Курск апаты көпке мәлім. Онда Ресейдің әскери сүңгуір қайығында торпеда жарылып, экипаж мүшелерінің көбі бірден көз жұмған, ал 23 мүшесі полюстік шеңберде 100 метр тереңдіктегі зақымдалған сүңгуір қайықтың ішінде қалып қойған. Британиялық және норвегиялық құтқарушы сүңгуірлер тоғыз күннен кейін келгенде, борттағы 118 адамның барлығы мерт болған.

Бірақ сәтті мысалдар да бар: 1973 жылы «III Пайсистің»  екі жолаушысы Ирландия маңындағы теңіз түбінен 76 сағат бойы шыға алмай, небәрі 12 минутқа жететін оттегі қалғанда құтқарылған, бірақ бұл жағдайда тереңдік бар-жоғы 480 метр еді. Ал «Титаник» 4000 метрде жатыр.

Автор: КРИСТИН РОМЕЙ

Ағылшын тілінен аударған Бибарыс Сейтақ