Материал Toyota Kazakhstan компаниясының қолдауымен дайындалды.
Қарақұйрық (Goitered gazelle) – ашатұяқтылар отрядының қуысмүйізділер тобына, киіктер туысына жататын сүтқоректі.
Қызыл кітапқа ІІІ санатта қорғау алынған. Ал Халықаралық табиғат қорғау одағының (IUCN) «Қызыл кітабына» осал топ ретінде тіркелген.
ХХ ғасырдың ортасына дейін қазақ жерінде 200 мыңдай қарақұйрық болса, оның 100 мыңға жуығы Маңғыстау облысында тіршілік етті. Бірақ сол ғасырдың 70-ші жылдары олардың саны күрт құлдырап, 10 мыңдай ғана қалғаны аян болды. Азаюға негізгі себептер: броконьерліктің артуы, жұт, эпизоотия, сондай-ақ табиғи жауларының шабуылы. Бүгінде бұл тағылар Үстірт, Барсакелмес қорықтарында, «Алтынемел», «Шарын» ұлттық парктерінде, Ақтау-Бозашы, Қарақия-Қаракөл, Балқаш, Қарой, Андысай қаумалдарында, Кендірлі-Қаясан және Жусандала мемлекеттік қорғау аймақтарында қорғауға алынған. Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша ел аумағындағы қарақұйрықтың саны 2019 жылы 14391 бас болды.
Қарақұйрық тау бөктерлері мен тау аңғарларындағы шөлді және жартылай құрғақ аумақтарда мекендейді. Олар егістік жерден алыста, мал шаруашылығы үшін пайдаланылатын жерлерден аулақта жайылады. Тіршілік ортасы негізгі азығы – сексеуіл, жүзгін, жыңғыл, бұйырғын, теріскен секілді шөл өсімдіктері өсетін сазды және құмды топырақтан базальт шөлдеріне, сортаңды жерлерге дейін созылады. Мекендеріне қойылатын негізгі талап – су көзінің болуы. Қыста олар желді, қар аз түсетін және желден қорғаныш болатын терең аңғарларды, аласа таулы шатқалдарды немесе қалың бұталарды паналайды. Тұрақтары теңіз деңгейінен 3500 м биіктікке дейін болуы мүмкін.
Негізінен 2-9 бастан тұратын шағын топпен жүреді. Көбею маусымы кезінде ұрғашылары мен жас төлдері 10-нан 30-ға дейін жететін үйір құрайды. Ересек текелер жалғыз жортады, күйек кезеңінде өте аумақшыл болып кетеді. Көктемде үйір қайтадан шағын топтарға бөлінеді, ал буаз ешкілер жалғыз жайылады.
Дене тұрқы орташа, сымбатты жануар. Оларда жыныстық диморфизм байқалады: текесінің денесі ұрғашысына қарағанда ірірек әрі көмекейі үлкен болып келеді. Аталық ересектері 20-43 кг болса, аналықтарының салмағы 18 кг-ден 33 кг-де дейін жетуі мүмкін. Құлақтары ұзын, тікірейіп тұрады. Көздері қара, үлкен. Текелерінің ұзындығы 20-34 см болатын сүйірлене қайырылған мүйіздері болады, ал ешкілері негізінен мүйізсіз, тоқал болып келеді.
Жүнінің түсі тіршілік ету ортасына қарай ақтан қоңырға дейінгі әртүрлі реңде болады. Тұмсығындағы ақшыл түгі көбіне жасы ұлғайған сайын көмескіленеді. Құйрығы салыстырмалы түрде келте; қара, қарақоңыр шашақты боп келеді. Осыған орай «қарақұйрық» аталып кеткен. Қысқы түгі жазғы жүніне қарағанда ұзын әрі қалың, ашық түсті болады.
Көбею маусымы мекеніне қарай қыркүйектен желтоқсанға дейін жалғасады. Мәселен, Батыс және Орталық Қазақстанда қарақұйрықтар қарашаның ортасынан желтоқсанның басына дейін күйекке түседі. Күйектен бұрын текелер 2-5 ешкіден тұратын үйір жинайды да, басқа текелерден қорғаштап, өз аумағына дейін қуып әкеледі. Күйек алдында текелері аумақ үшін таласады. Алдыңғы тұяқтарымен шұңқыр қазып, ішіне өз тезектерін тастау арқылы меншікті аумақ шекарасын белгілейді. Егер өз аумағында сондай тезек толы шұңқыр көрсе, дереу қазып шығарып тастайды да, өз құмалағымен қайта толтырады. Ешкілерінің назарын аудару үшін текелер мойнын созып, танауларын жоғары көтереді, алдыңғы аяқтарымен тебінеді, денелерінен феромон бөлінеді. Мұндай жағыну рәсімдері ұрғашы қарақұйрық текенің аумағында бір түнегеннен кейін басталады. Әдетте күйек маусымында текелер аз жайылып, қатты жүдейтіндіктен, жыртқыштарға оңай жем болады не табиғи апаттан өліп кететін жағдайлар кездеседі.
Ұрғашылары негізінен 18-19 айлығында күйекке түседі, бірақ өте сирек жағдайда, туған жылы, яғни 7-8 айлығында да күйекке дайын болуы мүмкін. Аталық қарақұйрықтар 18-19 айында жыныстық тұрғыдан жетіледі, бірақ күйекке бірден қатыспайды, себебі күшті әрі ересек текелермен бәсекелесе алмайды.
Буаздық мерзімі 5-6 ай. Сәуір-мамыр айларында ешкілері туа бастайды. Лақтары 10-15 минут ішінде аяққа тұрып кете алады. Олардың саны 1-ден 4-ке дейін болуы мүмкін, көбіне жалқы не егіз туады. Лақтары өте тез өседі.
Орташа өмір сүру ұзақтығы – 6-7 жыл. Өлім қаупі – жазда төмен, қыста өте жоғары. Өлімге әкелетін табиғи себеп – қалың қар мен мұздың кесірінен қорек тауып жей алмай қалуы. Сондай-ақ өзара айқаста жаралануы, жыртқыштар шабуылы мен антропогендік әрекеттер де әсер етеді.
Табиғаттағы негізгі жаулары – қасқыр, түлкі, қаңғыбас иттер, қарақал секілді аңдар мен құзғын, дала қыраны, бүркіт секілді жыртқыш құстар. Қарақұйрықтар – көптеген паразиттің «баспанасы». Қазақстандағы қарақұйрықтардан паразит құрттардың 18 түрі анықталған, бірақ олардың патогенді әсері әзірге беймәлім. Жазда олар кене, бит секілді паразиттік буынаяқтылардан зардап шегеді. Мекен ету ортасы мен жейтін азығы тұрғысынан негізгі бәсекелестері – ақбөкендер.
Фото: Салтөре Сапарбаев
Материал Toyota Kazakhstan компаниясының қолдауымен дайындалды.