Ашық аспан астындағы мұражай дерлік Маңғыстаудың тағы бір кереметі – Шерқала тауы. Ол – жер сілкіністері салдарынан ерекше пішінде қалыптасқан төрткүл тау. Кейбіреулер төңкерілген кесеге ұқсатып, енді бірі киіз үйдің бейнесіне телитін қырқа палеоген дәуірінің әктасты, сазбалшықты жыныстарынан түзілген.
1851 жылы жүргізілген геологиялық экспедицияның құрамында Маңғыстауға табан тіреген поляк революционері Б. Залесский: “Шерқалаға алыстан қарағанда, Римнің керемет пантеондарын, ежелгі замандардың ескерткіштерін көргендей боласың. Жақындап келгенде, жеке қабырғалардың колонналарын, қираған мүсіндер сияқты ақ таулардың бағандарын көресің”, – деп жазып, Шерқала қырқасының суретін салған. Сондай-ақ әйгілі Тарас Шевченко да бұл жердің көркемдігін қағазға түсірген.
Жергілікті халықтың түрлі аңыздарына арқау болған таудың ең биік нүктесі Астаусалды тауы 332 метрді құрайды. Бұл шыңға көтерілу оңай емес, арнайы киім мен дайындық қажет болады. Алайда беті тегіс, адамның жүріп-тұруына ыңғайлы. Тіпті халық арасында бұрын жаудан қорғану үшін адамдар осы таудың төбесінде тіршілік еткен дегенді де айтады. Ұзындығы 300 метр. Бүгінгідей айрықша формасы жүздеген жылдар бойғы жел мен судың әсерінен қалыптасқан. Алыстан қарағанда қоңырайып, біртекті көрінгенімен, оның әктасты ақ жолағы, төменнен жоғары қарай әртүрлі көлемде тілімделген жыралары бар. Оңтүстік және шығыс бөліктері тік жартасты, ал жоғарғы бөлігі эрозияға ұшыраған. Бір қырынан қарағанда жинақы, дөңгеленіп көрінетін қырқаның келесі беті түрлі ұзындықтағы тас жыралармен үңгір секілді кеңістік қалыптастырған. Бұл шатқалдардан бұрын тау өзендері мен сарқырамалар аққаны байқалады. Осы жақта шағын ғана екінші бір қырқа көрінеді: ол негізгі тауға қарағанда үшкір, қырлы, әктасты болып келеді.
Таудың солтүстік жағы ХІІ–ХІІІ ғ. басындағы шағын бекіністі қоныстың қалдықтарымен жалғасып жатыр. Таудың осы бөлігі өмір сүруге қолайлы болған. Мұндағы су шайған арналардың қабырғаларының бірінде түйе керуенінің ойып салған кескіні сақталған. Археологиялық зерттеулер ертеректе бұл жер көршілес жатқан ортағасырлық Қызылқала қаласымен байланысты сауда бекеті болғандығын анықтады. Ежелгі сауда орнынан алтын тиындар мен тиындар түйірінен тұратын көмбе табылған. Табылған заттай деректер ортғасырдағы түрікмен мәдениетінен хабар береді. Динарлардың негізгі бөлігі Ануштегин әулетінің хорезмшахы – Ала ад-дин Текешке (1193-1200 ж.) және ұлы Мұхаммед ибн Текешке (1200–1220) тиесілі. Жеті тиын хорезм билеушілерінің ресми ақша бірлігіне ұқсас жасалған. Тиындардың ұқсастығынан алтын тиындардың осы жерде соғылғандығы жөнінде болжам жасауға болады.
Жергілікті халық бұл жердің бұрынғы соғыстарда, әсіресе қазақ-түрікмен шайқастарында ерекше рөл ойнағанын, түрікмендерге пана болғанын аңыз етіп айтады. Сондай-ақ басқа бір аңызда қайбір халықтың батырлары осы жерді өздеріне қамал қылып, жауларымен жолбарысша алысқан дейді. Ең соңғы қалған жауынгерлер Шерқаланың астына жасырынып, мәңгілікке сол жерде қалып қойған. Таудың «Шерқала» – «жолбарыстар қаласы» атануы осы себептен деседі.
Аймақтағы аңызға айналған мекен Ақтау қаласынан 170 шақырым, ал Шетпе кентінен 22 км жерде орналасқан. Облыс орталығынан жол талғамайтын көлік арқылы 3 сағатта жетуге болады. Сапар үшін ең қолайлы маусым – көктем мен күз. Бұл жерге шатырмен түнемелге келсеңіз, тіпті тамаша, себебі таудың әр мезілдегі көрінісі бір-біріне ұқсамайды, әрқайсысы да өзінше әдемі. Әрі тауға шығу да біраз уақыт алады, дегенмен сіз жұмсаған күш-жігер зәу биіктегі ғажайып көріністен алатын тамаша әсерлерге татитыны анық.
Фото: Ерболат Шадрахов