15Қар

Қараман ата жерасты мешіті

Киелі Маңғыстаудағы Қараман ата мешіті – ХІІ-ХVІІ ғасырларға жататын, жердің астында орналасқан ерекше діни-сәулетті ескерткіштің бірі. Киелі орын тау шатқалының төменгі қабатынан табиғи үңгірлерді пайдалана отырып, ойып жасалған.

Жерасты мешіті үш бөлмеден тұрады: кіреберіс бөлме, намаз оқитын зал және Қараман ата жерленген дөңгелек бөлме. Екі бөлменің төбесінен жарық түсетін дөңгелек терезелер ойылған. Киелі жер болғандықтан, Маңғыстауға ат басын бұрғандар бұл жерге зиярат етуге келеді.

Маңғыстаудағы ескі қорымдардың бірі – Қараман ата қорымы Маңғыстау ауданы Шетпе кентінен 35 км қашықтықта, Бекі елді мекенінің батыс жағындағы Қандыбас қырқасына таяу, Қандыбас қыстағының батысынан 5 км жерде орналасқан.

Қараман ата жайында бірнеше аңыз-әңгіме бар. Кейбір деректерге сүйенсек, ол Балқан түбегінен түрікмендерді Маңғыстауға бастап келгендердің бірі болған. Аңыз бойынша Қараман ата әділетті, ілімі жоғары, ақты ақ, қараны қара деп айтатын шыншыл адам болған. Сол себепті ол жерленген орын дау-дамайды шешетін «анттасу» жері болған. Жерасты мешітінің аумағында адай руынан шыққан белді адамдар жерленген. Мұндағы әрбір қорымның өзіндік ерекшелігі бар.

Қазіргі таңда Қараман ата қорымының негізгі бөлігі қоршалған. Қорымның көлемі 4 га. Қорымның оңтүстік батыс беткейінде қоршаудан тыс VIII-IX ғ. тән 40-қа жуық қабірүсті ескерткіш орналасқан.

Қараман ата кешенi – 1982 жылы Республикалық мәртебе беріліп, мемлекеттiк қорғауға алынған тарихи-мәдени ескерткiш.

Әлбетте, «Маңғыстаудың ойында – үш жүз алпыс әулие» деген сөз жайдан-жай айтылмаған. Біріне бірі ұқсамайтын көркем көріністегі әрбір тауы мен тасы Маңғыстауды табиғи мұражайға айналдырып тұрғандай.

Осындай теңдессіз табиғат пен ерекшеліктің үйлесімі болған маңғаз Маңғыстауға бүгінде туристер ағылып келуде.  

Егер өңірге жолыңыз түсе қалса, міндетті түрде Қараман ата мешітіне барып, сәулет өнерінің ерекше туындысын тамашалап қайтқаныңыз жөн.