15Қар

Бөрте ханым. Ол болмаса, моңғол империясы да болмас еді

Ұлы қағанның сүйікті әйелі ретінде Бөрте үлкен орданың жіп-шырғасын шығармай ұстады әрі саясаттан әскери стратегияға дейінгі мәселелерде кеңес беріп отырды.

Шыңғыс хан мен оның әйелі Бөрте сарай қызметкерлері алдында, тақта отыр. Сурет Рашид ад-Диннің «Жамиғ ат-тауарих» кітабынан алынған.  Бөрте Шыңғыс ханның бәйбішесі әрі қуатты моңғол империясының бірінші ханшайымы болды.
Фотоны ұсынған BRIDGEMAN IMAGES

Шатырлар мен төрт түлік. Жылқылар мен қылыштар. Моңғол империясының бастапқы кезеңі Шыңғыс хан басқарған халықты әлемде үстемдік еткен ең үлкен империяға айналдырған соғыс, басқыншылық, шекараның жылдам кеңеюі сынды ұғымдармен сипатталады.

Дегенмен ұлы хан жалғыз басқармады: оның бәйбішесі – Бөрте ХІІІ ғасырда Моңғол империясының құрылуы тұсында негізгі тұлғалардың бірі болды. Ендеше, алғашқы Моңғол ханшасы – Бөртенің ықпалы, Бөрте мен басқа да әйелдердің империядағы орны неліктен елеусіз қалғаны туралы айтайық.

Бөрте деген кім?

Шамамен 1161 жылы қазіргі ішкі Моңғолия аймағында олхонод тайпасында дүниеге келген. Бөрте кішкентайынан Темүжін ретінде танылған болашақ ханмен бала кезінде атастырылып қойған. Ол туралы көп ақпарат болмаса да, тарихшылар оның боржигін тайпасынан шыққан Темүжінмен ерте отау құрғанын жазады. Алайда қуанышы ұзаққа созылмай, тойдан кейін Бөртені меркіттер алып қашады.

Қалыңдық алып қашу сол заманда жиі кездесетін, бір-бірімен араз тайпалар ондай әрекетке жауының өмірін талқандау немесе есеп айырысу үшін де баратын. Темүжіннің жас қалыңдығын алып қашу арқылы меркіттер ескі кегінің есесін қайтармақ болады. Теміжүннің шешесі – Өөлүн Темүжіннің әкесі Есугей алып қашпай тұрып меркіттерге келін болып кеткен.

Мұндай алыпқашулар әдетте қалыңдықтың сол тайпада қалуымен аяқталатын. Дегенмен Шыңғыс хан күтпеген әрекетке барады. Жақын досы Жамұқамен бірге барып, келіншегін құтқарып алады. Бұл боржигіндер мен меркіттер арасындағы ашық соғысқа жол ашады. Ақырында боржигіндер жеңіске жетеді.  1200 жылы меркіттердің жерін басып алып, әйелдерін күңдікке салады. 

( Моңғолдар кім болған? -ағылшын тілінде оқыңыз)

Бірнеше жылдан кейін Темүжін Шыңғыс хан атанып, бірнеше тайпа бірлестігінен құрылған моңғолдардың қолбасшысына айналады.

Мына жібек портреттерде Шыңғыс хан мен оның әйелі Бөртеден екі ғасырдан кейін Моңғол империясын билеген Гэгээн ханның аты аталмаған екі әйелі бейнеленген. Моңғол ханымдарының өмірі туралы мәліметтер аз болғанымен, деректер олардың ықпалы үй шаруашылығымен шектелмегенін көрсетеді.
Тарихи кескіндер фотосын ұсынған BRIDGEMAN IMAGES

Ықпалды әйел

Темүжін басқа тайпаларға шапқыншылықты жылдар бойы жалғастырды. Осылайша, жаңа жерлерді, бір-бірімен жау тайпаларды басып алып, моңғолдарды қорқынышты күшке айналдырып жатты. Бұл кезде оның әйелі Бөртенің де бәйбіше ретіндегі ықпалы күшейе түсті. 

Жылдар өте хан кем дегенде 6 рет үйленіп, жүздеген күң ұстаған, 13 бала сүйген. Бірақ ең алғашқы әрі сүйікті әйелі Бөрте барлығынан да ықпалды еді.  Ол бәйбіше ретінде ерінің кеңейіп жатқан империясына да бас-көз бола білді.     

Массачусетс университетінің тарих профессоры, «Әйелдер және Моңғол империясының құрылуы» кітабының авторы Анн Бродбридждің айтуынша, Бөртенің маңызы бәріне айқын болды. Бәйбіше өз ордасын не қожалығын басқарған, оларға бірқатар күтуші қызмет еткен. Ханның күңдерінен бастап, тоқалдарына дейін көп мал, оны бағатын малшылар, күтушілер мен күзетшілер, яғни әйелдің қожалығында мыңдаған адам болған.

Көшпелі халық бір жерден екінші жерге қоныс аударып отырғандықтан, олардың меншігі де мобильді болған болуы керек. Дегенмен ықшам емес-ті. Керісінше, меншік пен иелік шексіз өсіп, кеңейтіле берген. Бұған жылнамашылардың да назары ауып, олар бай әйелдер туралы тарихи жазбалар қалдырған. Мысалы, Шыңғыс ханның немересі Құбылайдың билігі кезінде ханның төрт әйелінің әрқайсысының меншігінде 10 000 адамнан болған. Әйелдер де мыңдаған малымен, жүздеген керуенмен көшкен.

Бродбридждің айтуынша, Бөрте сияқты бәйбішелер хан ордасында ең жақсы орынға үй тіккен. «Ордадағы шатыр иерархиясы – әлеуметтік иерархияның көрінісі».

Басқа бәйбішелер сияқты Бөрте де өзінен туған бес қызды кімге ұзататынын өзі шешіп отырған. Саяси ықпалды нығайта түсу мақсатында оларды жергілікті қолбасшылардың ұлдарымен атастырған. Сонымен қатар ол жаңа империяның байлығы мен тағына ие болатын төрт ұл өсіріп, бірнеше бала асырап алды.

Шыңғыс ханның бәйбішесі ретінде Бөрте ХІV ғасырдағы парсы суретшісі бейнелеген мына суреттегідей үлкен хан ордасының шаруашылығын басқаратын. Сонымен қатар Бөрте күйеуінің сенімді саяси һәм әскери кеңесшісі де болды.
Фото: ТОМ ГРЕЙВС МҰРАҒАТЫ,  BRIDGEMAN IMAGES

Көреген стратег

Бөртенің ықпалы өз үйі мен балаларының төңірегімен ғана шектелмеді. Моңғол иерархиясындағы орны, күйеуінің саясаттан бастап әскери стратегияға дейінгі барлық мәселеде өзімен кеңесіп отыруы оған хан ордасына кез келген уақытта кіруге мүмкіндік берді.

Осы сенімді Бөрте тіпті хан мен оның жақын  үзеңгілестеріне қатысты да тиімді пайдалана білген. Соның бір мысалы – ханның жақын досы, кезінде өзін меркіттерден құтқарып алуға көмектескен, кейіннен Жадаран ханы болған Жамұқаға қатысты жайт. Екі жолдастың арасы суығанын сезген Бөрте күйеуіне онымен ат құйрығын кесу жөнінде кеңес береді. Ал 1204 жылы Темүжін Жамұханы жеңіп, оны өлім жазасына кеседі.

Саясатқа араласуының тағы бір мысалы ханның  жақын үзеңгілестерінің бірі болған бақсы Теб Теңгерімен байланысты. Теб Темүжінге хан болатынын болжап айтқан. Сондықтан оның ордадан ойып орын алатын хақысы бардай еді. Алайда Теб Темүжіннің бауырын жұртшылық алдында кемсіткеннен кейін Бөрте Шыңғыс ханнан бақсыны қатаң жазалауды талап етеді.

Донна Хамил хан бәйбішесінің сөзіне құлақ асып, жұрт арасын жөнге келтіріп, өз беделін нығайта түскенін жазады.

Тасада қалған әйелдер

Бродбридж «Моңғол империясындағы ықпалды әйелдер туралы археологиялық дәлелдер аз болса да, тарихи дереккөздер моңғол әйелдерінің маңызды рөл атқарғанын алға тартатынын» айтады. Еркектер жорықтарда, жаулап алатын жаңа жерлер іздеп жүргенде, әйелдер майдан шебіндегі әскер қосындарында да, империямен бірге кеңейіп отырған тұрақты қоныстарында да күнделікті тұрмыстың көп шаруасын басқарып, мәселелерді шешіп отырған.

Жартылай елші, жартылай кеңесші, жартылай әкімші Бөрте Моңғол ханшасы мәртебесін мықтап бекітті. Ол тіпті тұңғышы Жошыны Шыңғыс ханның емес, алып қашқан меркіттің ұлы деген өсектен де жоғары тұра алды. Өмірінің көп бөлігі әлі белгісіз болса да, ол империяның құрылуы мен дамуында әйелдің қандай рөл атқарғанына мысал бола алды.

Бродбридждің айтуынша, ол Шыңғыс хан сене алатын әйел болған шығар, бәлкім. Бірақ қызмет ауқымы жылдам кеңейіп жатқан басқа әйелдер сияқты, оған ханмен бірге өзге моңғолдар да мұқтаж еді. «Моңғол империясы әйелдерсіз империя бола алмас еді».

Автор: Ерин Блейкәмор